ҚоғамТОП

Жұмыс та, баспана да бар

Биыл облысқа қандастар мен қоныс аударушыларға 641 өңірлік квота бөлінген, оның 269-ы қандастарға, 372-сі еліміздің басқа өңірлерінен қоныс аударатын отбасыларға бөлінген.

Қоныс аудару бағдарламасы бойынша көшіп келушілер мен қандастарды орналастыру үшін өңірдегі елді мекендерге сараптама жүргізілді. Ол жерде әлеуметтік мекемелердің болуы, инфрақұрылымы, қоныс аударушыларды жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері ескеріле келе 13 аудан-қаладағы (Марқакөл мен Үлкен Нарынды қосқанда) 79 елді мекен таңдап алынды. Бұл елді мекендердің 33-і қандастар, 65-сі қоныс аударушылар үшін қолайлы.

2024 жылдан бастап қоныс аударушылар мен қандастарды қоғамға бейімдеу және ықпалдастыру мақсатында еңбек күші артық және еңбек тапшылығы бар облыстардың жергілікті атқарушы органдарының өзара іс-қимылы бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жобаның алгоритміне сәйкес оларды қолдауға қажетті қызметтер кешені бекітілген. Оған қоныс аударушылар мен қандастардың көшіп келуін ұйымдастырудан бастап, материалдық көмек көрсету, тұрақты жұмысқа орналастыру, сондай-ақ кәсіби даярлау немесе қайта оқыту,  баспана іздестіру және оған қол жеткізу, отбасы мүшелерін толық бейімдеу, интеграциялау қызметтері кіреді. Әр отбасымен қажетті  қызметтер жеке-жеке талданады. Атап айтсақ, қандастарға – 23, қоныс аударушыларға – 19 қызмет түрі қолжетімді.

Сондай-ақ қандастар мен қоныс аударушылардың әлеуметтік әл-ауқатына, олардың бейімделуіне бес жыл бойы мониторинг жүргізілді.  Бұдан басқа оларға мемлекетік қолдау көрсетіледі.

Жыл басынан бері облысқа барлығы 299 адам (100 отбасы) қоныс аударды, бұл бөлінген квотаның 47 пайызы. Өңірімізге көшіп келген 76 қоныс аударушы мен 66 қандас жұмыс істеуге қабілетті.

Барлығы 237 млн теңгенің мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді, оның ішінде: 218 адамға көшуге 56 млн теңге көлемінде субсидия, 42 отбасына тұрғын үйді жалға алғаны үшін 12 млн теңге өтемақы төленсе, 48 отбасы 169 млн теңгенің экономикалық ұтқырлық сертификатын алды.

Қанатқақты жоба шеңберінде бекітілген алгоритмге сәйкес қоныс аударушылар толық интеграциялану үшін олармен әңгімелесіп, қажетті қызметтер кешені анықталады. Әңгімелесу нәтижесінде қандастарды  ақпараттық жүйеге енгізе отырып жеке жоспар жасалған. Жеке жоспардың орындалуы FSM-Expert мобильді қосымшасы арқылы бақыланады.

Қанатқақты жобаны толық іске асыру үшін 2024 жылы облыстық бюджеттен уақытша орналастыру және басқа да бейімдеу қызметтерін көрсету орталығының қызметін қамтамасыз ету үшін 55 млн теңге бөлінді. Бүгінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша конкурстық рәсімдер аяқталды.

Алатаудан Алтайға көш түзеді

Біз өңірімізге көшіп келген отбасылармен тілдескен едік. Солардың бірі – Сара Серікбол. Оның отбасы 2023 жылы Монғолия Халық Республикасынан Ұлан ауданының Бозанбай ауылына қоныс аударған. Ал өзі бұған дейін Өскеменге келіп, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатқан. Дипломын былтыр қолына алған Сара қыз қазір Бозанбай орта мектебінде бастауыш сынып оқушыларына сабақ беріп жүр. Айтуына қарағанда, бағдарлама аясында жол ақысы мен үйді жалдау ақысын алып отыр.

Еркежан Жанатқызы – ерікті өңіраралық қоныс аудару бағдарламасымен былтыр көшіп келген отандастарымыздың бірі. Ол Алматы облысының Талғар қаласынан Алтай ауданына қоныс аударды. Жоғары педагогикалық білімі бар Еркежан қазір өзі тұрып жатқан қаладағы мектеп-лицейде биология және жаратылыстану пәндерінен сабақ береді.

– Алтай қаласына көшіп келгенде маған 4 389 180 теңгенің субсидиясы берілді. Оның ішінде 241 500 теңге көшуге, 147 680  теңге  баспана жалдауға төленді. Былтыр наурызда төрт миллион теңге сомасына  экономикалық ұтқырлық сертификатын берді. Тұрған жерім өзіме ұнайды, – дейді Еркежан Жанатқызы.

Былтыр Гузал Иристаева өзіне және күйеуіне тұрақты жұмыс іздеп қоныс аударушылар бағдарламасына қатысуға өтініш білдірген-ді. Нәтижесінде күйеуі екеуіне Шемонайха ауданы Рулиха ауылының орта мектебінен жұмыс табылады. Қазір Гузал осы мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ берсе, күйеуі информатика пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп жатыр.

– Бағдарлама аясында экономикалық ұтқырлық сертификаты бойынша бөлінген қаражатқа Рулиха ауылынан баспана сатып алдық. Бұдан басқа бағдарлама шеңберінде көрсетілетін мемлекеттік қолдаулардың барлығын алдық. Көшу шығыны мен алғашқы кезде баспана жалдау шығыны толық өтелді, – дейді Гузал.

Шемонайха ауданынан тұрақты жұмыс тауып, қоныс аудару бағдарламасының барлық игілігін көріп отырған отбасылардың тағы бірі – Түркістан облысының тумалары Юлдуз Нишанбаева мен Аброр Юлдашев. Ерлі-зайыптылардың үш баласы бар.

Юлдуздың мамандығы жалпы практика дәрігері, сонымен қатар ол жалпы медицина мамандығы бойынша интернатураны тәмамдаған. Қазір Шемонайха аудандық ауруханасынан тұрақты жұмыс тауып,  жалпы практика дәрігері болып істейді. Күйеуі Аброр Юлдашев –Рудненск индустриалды институтының түлегі, электроэнергетика сияқты сұранысқа ие мамандық иесі. Қазір  «Востокцветмет» ЖШС-да  электрослесарь болып жұмыс істеп жүр. Қоныс аударушылардың өңірлік квотасы арқылы көшіп келген бұл отбасына мемлекеттік қолдаудың барлық түрі көрсетілді. Атап айтсақ, көшу шығындарын өтеуге арналған бір ретік субсидия, тұрғын үйді жалға алу ақысы төленген, сондай-ақ экономикалық ұтқырлық сертификаты берілген.

Задагүл Исамберлина мен күйеуі Ахан Құтмамбетов те «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде былтыр Қызылорда облысының Арал қаласынан Күршім ауданының Ақбұлақ ауылдық округіне қоныс аударған. Отбасында бес бала бар. Ақтөбе медициналық колледжін бітірген Задагүл Исамберлина қазір Ақбұлақ ауылындағы медициналық пунктте фельдшер болып істейді. Жолдасы Ахан Құтмамбетов «ГРК МЛД» ЖШС-нің кен байыту фабрикасына жүк тиегіш техникасының жүргізушісі болып жұмысқа тұрған. Бес  баласы Ақбұлақ негізгі мектебінде оқиды. Бұл отбасына да мемлекет тарапын тиісті қолдау көрсетіліп, көшу шығындары өтелген. Тұрғын үй сатып алу кезінде төленетін экономикалық ұтқырлық сертификаты берілді.

Осы айдарда

Back to top button