Дін

Бейіттер біркелкі етіп жиналып жатыр

Бейіттер біркелкі етіп жиналып жатыр


Өскеменнің іргесіндегі Самсоновка ауылының маңындағы мұсылмандар зираты соңғы жылдардан бері ешқандай айырмашылықсыз, бәрі бірдей біркелкі етіліп, бірыңғай тәртіппен тұрғызылып келеді. Біреу бейітті күмбез етіп көтеріп, екіншілері одан да асырып түсіріп, асқақтаған алуан түрлі зират салу сәнге айналып кеткен заманда облыс орталығындағы мұсылмандар зиратында қолға алынып, қалыптасып отырған жаңа жүйе халықтың көкейінде жүрген көп сауалға табылған бір жауап болып, жұртты ойландырып тастады.

Елімізде ең алғаш бірыңғай болып жиналып жатқан Өскемендегі бейіттерді былтыр Астана қаласы әкімдігінің өкілдері келіп көріп, қоштап, көңілдеріне қондырып кетіпті. Былтыр осында болған Павлодар қаласы әкімінің орынбасары да қала шетіндегі бірыңғай бейіттің жобасын алып, бұдан былай ол жақтағы зираттарды осы үлгімен біркелкі етіп жинауға көшпек екендіктерін айтқан.

Самсоновка ауылының жанындағы бейіттерді ретке келтіріп, жұртқа осы мұсылмандар зираты жабдығының қызметін көрсетіп отырған Өскемендегі «Көмек» жеке кәсіпкерлігінің иесі Бауыржан Құсайыновпен жолыққандағы әңгімемізді халықтың бейіттерді біркелкі етіп жинауға деген көзқарасынан бастадық.

– Біздің өз облысымыздың әр аудандарының өзінде жерлеу жоралғылары бірдей емес. Біреулер жердің ыңғайына қарай, енді біреулер құрылыс материалдары түріне қарай қабірді, бейітті әртүрлі етіп қазып, көтеріп жатады. Сондықтан бейіттерді жинауда шариғат талаптарына сай мұсылмандық жоралғылар сақталып, қамтылсын деген шарт ең басты мақсатымыз болды. Зираттарды бірыңғай етіп жинауға кіріспес бұрын Алматы, Павлодар қалаларына барып, ол жақтағы мұсылман зираттарының қалай көтеріліп келе жатқанымен, адамды қабірге жерлеудің қалыптасқан тәсілімен танысып қайттық. Ол жақтікін, бұл жақтікін де бәрін салыстырып, ой таразысынан өткізіп, ақсақалдармен, дін саласының өкілдерімен кеңесіп, бір тоқтамға келдік. Әр жердің салты басқа деген, «мынандай емес, басқадай жиналуы керек, қазылуы керек» деп өз білгендерін айтушылар да болмай қалған жоқ. Мәселен, кейбір аудандарда табыт сияқты етіп, ішіне төртбұрыш кірпіш қалап шығарады. Оның өзіне 300-дей кірпіш керек, біраз шығын да кетеді. Қабір қазуға кететін ақшаны қоса алғанда 70 мың теңгеден астам қаражат керек. Дініміз бір ислам болып келе жатқан мұсылман елдердің адамды қалай жерлейтінін де кітаптардан іздестіріп оқып, сұрастырып білдім. Біз кеңесе келе, ақымдап жерлеу дұрыс деген шешімге келдік. Мұсылмандардың, қазақтардың дені қолданып келе жатқан қазылған қабірдің бір бүйірін аздап ұңғымалап жерлеуді ақымдап жерлеу немесе «жанақым» деп атайды. Қазіргі күні бейітке қойылып жатқан барлық мұсылман баласы осылай жерленіп жатыр, – дейді Бауыржан Құсайынов.

Бейіттерді бірыңғай етіп тұрғызуға алғашқыда бірді-екілі адам қарсы болғанымен, бірте-бірте өмірден өткен жақындарын жерлеуге келген тұрғындардың барлығы дерлік жаңа үлгімен жинауға келісім берген. Бүгінгі күні осы жердегі мұсылман бейіттеріне қойылып жатқан жандардың барлығының соңғы тұрақтары біркелкі етіліп, бірыңғай үлгімен жиналып келеді. Жұрт қабірді жаңа үлгіде жинауға келіскенімен, оның басын үйлеп, қоршауын, мазарын біркелкі етіп орнатуға бәрі бірдей келісе қоймаған көрінеді. Тұрғындарға қарсы келмей, келісім беріліп, дегенмен де қала маңындағы Меновное, Ахмер, Айыртау зираттарындағыдай «бейіттерді күмбез салып, сарай соққандай етіп жібермейік. Алтынмен аптап, күміспен күптеп ысырап қылғанша, оны сауапты іске, ұрпақтың басқа игілігіне жұмсағаны дұрыс» деген өтініш тілек айтылған.

Қазір Самсоновкадағы мұсылмандар бейіті түгелдей дерлік біркелкі болып тұрғызылып жатыр. Өзгеше тұрғызылғандары санаулы ғана.

Бейіттер біркелкі етіп жиналып жатыр

БҰЛ ЖЕРДІҢ ӨЗ «КЕҢСАЙЫ» БОЛАДЫ

Бейітке жерлеуге әкелінген адамдар тіркеліп, жанына олардың қандай аурудан, неден қайтыс болғаны көрсетіліп отырады. Тіркеу журналында қай қатарда, қандай нөмірге қойылғаны да қоса жазылып тұрады.

– Мына мәселеге назар аударыңызшы, – дейді маған Бауыржан аға. – Қайтыс болып жатқан жерлестеріміздің жаман ауру деп атын атамайтын «рак» ауруынан өмірмен қош айтысып жатқаны қатты алаңдатады. Тіркеу журналындағы жазбалар көрсетіп тұрғандай, қайтыс болған 10 мұсылман баласының 7-еуі «рак», «инфаркт», «инсульт» дейтін осы үш аурудан көз жұмып жатыр екен. Олардың ішінде қарттық жетпеген жас адамдар көп. Меніңше, адамдардың денсаулығына бүгінгі экологиялық жағдайымыз да үлкен зиянын тигізіп жатыр.

Самсоновка жақтағы мұсылман бейітінде қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғалар жатқан Алматыдағы Кенсай зираты сияқты аймаққа белгілі болған адамдарды оңаша жерлейтін «Құрметті азаматтар аллеясы» болады. Бошай ата, Асылбек Сәбеков, Қанипа Бітібаева сынды ел құрметіне бөленіп, еңбегі сіңген жандар дамылдап жатқан бейіттер қазір мұнда бір бөлек, оқшау тұр. Қатары көбейіп келе жатқан ондағы зираттардың көпшілігі граниттен тұрғызылып жатыр. Қалалық әкімдіктен, мекемелерден тыл еңбеккерлерін, Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы ардагерлерін де осы жерге жерлеуге өтініштер келіп түсіп жатады екен.

Өскемен қаласы бойынша ресми түрдегі мұсылман зираты болып саналатын Самсоновкадағы бейіттің күтіміне жыл сайын қалалық бюджеттен 500 мың теңге бөлініп келеді. Бұл бейіт күзетшісінің еңбекақысына, қоршаудың ішіндегі тазалақты сақтауға жұмсалып отыр. Салынып біткен бейіттердің жан-жағындағы құрылыс материалдары қалдықтарын тасып, шөп шабуға, оны-мұны жұмыстарға кетіп жатқан қаржы қыстағы қар тазалауға жетпей қалуда. Ал қоршау ішін қар жауып, боран соққан сайын тазалап тұру керектігі айтпаса да түсінікті. Бауыржан Құсайынов қар тазалаушы техникаға үнемі қаржы шығындап жүргенше, зират шаруашылығына жеке трактор болса жақсы болар еді дейді.

«Көмек» ЖК болашақта жерлеу, жаназа рәсімдеріне қатысты басқа да бірнеше іс-шараны қолға алуды ниет етіп отыр. Соның бірі – бейіт басынан мәйіттерді арулап қоюға дайындайтын орынжай ашу.

-Қаладағы бар қазақтың жағдайы бірдей емес, біреулер тар үйде, бір бөлмелі пәтерде тұрады. Қалалық жерде мұндай шараларды атқару өзіндік қолайсыздықтар да тудырып жатады. Басқа да жағдайлар болуы мүмкін. Оның үстіне, бұл туралы тұрғындардың өздері де үнемі айтып жүр. Сол себепті келешекте бейітке таяу тұстан осындай орын ашуды көздеп отырмыз. Ол жақтан қатымхана ашсақ деген ниетіміз де бар. Ол жерде қайтыс болған жанды еске алып, бейіт басына келгендерге құран оқып беретін молдалар да отыратын болса, халыққа өте қолайлы болар еді. Осы шаруаға кірісуге қалалық кәсіпкер азаматтардың бірі келісімін беріп отыр. Алдағы жылдарда ашылып қалады деп ойлаймын, – дейді Бауыржан Құсайынов.

Бейіттер біркелкі етіп жиналып жатыр

ЗИРАТТЫ КӨТЕРУГЕ ҚАНША ҚАРЖЫ КЕТЕДІ?

2009 жылы Самсоновкадағы мұсылман бейіті пайдалануға берілген алғашқы жылы мұнда сегіз кісі, келесі жылы 40 кісі жерленген. Тұрғындар бұрын бақилық болған адамдарды Прапорщиково, Айыртау ауылдары жақтағы бейіттерге апарып жатса, қазір осы бейітке әкеліп жерлейді. Бұл жерде айына 25-30 адам, жылына 300-дей адам жер қойнына тапсырылып жатыр.

Бауыржан Тоқтарбекұлының айтқанындай, Самсоновкадағы мұсылмандар зиратына дүниеден өткен адамды жерлеуге келушілер жерді өздері қазып әзірлеуіне немесе арнайы қызметкерлерді жалдауына болады. Қыста қабір қазуға 31-32 мың теңге, жазда 22 мың, кірпіші мен плитасын қалауға қыста да, жазда да -2 мың теңге, барлығы 30 мың (жазда) және 43-44 мың (қыста) теңге ақша кетеді. Бірақ тұрғындардың көпшілігі, санмен айтсақ, 99 пайызы қабір дайындауға қамыршыларды жалдайтын көрінеді. Қабір дайындаудың ішіне жерді қазу, кірпіші мен плитасын қалау кіреді. Қабір дайындаудың бағасы қыста жаздағыдан гөрі қымбаттырақ. Қыста тоң болып қатып жатқан жер оңайшылықпен қазыла қоймайды, қиыршық тасты бір шұңқырды қазу екі күндей уақытты алады. Кейбіреулер өздері қазатын болып кіріскенімен, соңына дейін жеткізе алмай, қайтадан қамыршыларға тапсыратын кездері де болып тұратынын естідік.

Самсоновка зиратындағы біркелкі етіп жиналып жатқан бейіттерді көтеруге 178 -225 мың теңге көлемінде қаржы кетеді екен. Белгі тасы, басында айы, төрт жағында шарлары бар бірыңғай үлгідегі бейіттерді салуға, материалдарына 225 мың теңге жұмсалады. Бейітке есік, басқа да қосымша сәулеттік нышандар қойғысы келгендер үстіне қосымша ақша төлейді.

– «Жер қатынастары туралы» Қазақстан Заңының 139-бабында өмірден қайтқан Қазақстан азаматына 6 шаршы метр тегін жер берілетіндігі жазылған. Қаза болған адамдарға жер тегін беріледі. Кейбір адамдар қалада жер сатылады дегенді айтып жүреді. Олай емес. Жоғарыда айтқандай, қабірді қазу, жинау жұмыстарына қызметақысын төлейді. Мазарды көтеруге кететін жаңағы 225 мың теңгені де біз жылда көктем сайын қалалық ақсақалдар алқасымен, мүшелерімен, басқа да азаматтармен бірлесіп, кеңесіп тағайындаймыз. Биыл «құрылыс материалы қаншаға өсті, кірпіштің бағасы, тасымалы қанша болып тұр» деген сияқты баға құрайтын барлық жайттарды есептеп, шығарып, нақты бағасын келісіп қоямыз. Бейіттерді тұрғызуға Семейдің сапасы жоғары ақ, сары силикат кірпіштерін пайдаланып отырмыз. Мысалы, граниттің желімі бірнеше жылдан соң ажырап, түсіп кетуі мүмкін, ал кірпіш – 80 жылға дейін шыдас беретін берік материал. Материалдардың бәрі алдын-ала әкелініп қойылып отырады, – дейді «Көмек» ЖК иесі.

15 гектар жердегі Самсоновка маңындағы мұсылман зиратының аумағы 20 жылға дейін пайдалануға жетеді екен. Кейін оның жанындағы бос тұрған 35 гектар жер де зират мақсатында пайдалануға қосылып берілуі мүмкін.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button