Инфрақұрылым

Басты мәселелер бақылауға алынды

Азамат Темірбеков

 

Аққала ауылдық округіне қарасты елді мекендердің жағдайын бақылап қайтқан Самар ауданының әкімі жұртшылықтың басын ауыртып, балтырын сыздатқан бірқатар мәселені назарға алды.

Тоқсан сайынғы халық алдындағы есеп беру кездесулерінің шеңберінде ат басын Аққала ауылдық округіне бұрған аудан әкімі Раджан Сейтқанов Қойтас ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында ауылдық округ әкімінің есебін тыңдап, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ тұрғындардың өтініші бойынша тиісті бөлім басшыларына «Аққала – Қойтас» бағытындағы жолды тегістеп жөндеуді тапсырды.

Ал Аққала ауылында өткен кездесуде жергілікті тұрғындар жол жөндеуге, су құбырларын тартуға, көшелерді жарықтандыруға қатысты сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Жұмыс сапары барысында аудан басшысы Аққала мектеп- балабақша кешенінің жұмысымен танысып, жылу қазандығының жай-күйіне назар аударды. Сондай-ақ кешеннің айналасын абаттандыруға қатысты мектеп директорына тапсырмалар берді. Оған қоса осы ауылда жөндеуден өтіп жатқан ғимараттың құрылыс жұмыстарымен танысты. Алдағы уақытта аталмыш ғимаратта ауыл жұртшылығына қажетті шаштараз, дәріхана, киім тігетін орын ашу жоспарланған.

Бұдан бөлек аудан әкімі аталған ауылдық округке қарасты Жаңажол және Қараөткел ауылдарында да болып, тұрғындарымен кездесті. Жаңажолдықтар жер телімдеріне байланысты  сауалдарына жауап алса, қараөткелдіктер жөнделіп жатқан ауылдық клуб ғимаратының жағдайымен таныстырды.

Осы айдарда

Back to top button