Инфрақұрылым

Қай бағыттағы жолдар жөнделеді?

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

 Биыл облыста 260 шақырымнан астам жол жөндеу көзделген. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлады.

Басқарма басшысы Нұржан Жұмәділовтің айтуынша, өңірдегі жалпы ұзындығы 263 шақырым облыстық және аудандық маңыздағы автожолдарды жөндеуге 14,2 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған.

– Биыл облыс орталығындағы Жібек жолы көшесінен Алматы – Өскемен тасжолы бағытындағы автомобиль жолы толықтай жөндеуден өткізіледі, – дейді басқарма басшысы Нұржан Жұмәділов. – Сонымен қатар 242 шақырымға жуық облыстық және аудандық маңызы бар жолдар орташа жөндеуден өтсе, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 15 шақырым аудандық маңыздағы жол желісі қалпына келтіріледі.

Оның айтуынша, жол жөндеу жұмыстары негізінен Өскемен – Тарғын – Самар бағытындағы 38 шақырым, Сібе көлдері бағытындағы 25 шақырым, Зайсан – Шілікті, Ақжар – Шілікті бағыттарындағы жолдардың біраз бөлігі мен  Жаңа Бұқтырма кентінің, Ақжар ауылының кіреберіс жолдарын қамтитын көрінеді.

Жалпы, өңірдегі облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды күтіп-ұстауға 4,2 млрд теңгеден астам қаражат бағытталып, шұңқырларды жамау жұмыстары маусым айының алғашқы онкүндігінде толық аяқталуға тиіс. Сонымен қатар аталған қаражатқа 1,6 мың шақырым қиыршық тасты жолдар жөнделіп, бес шақырым жол бойына қауіпсіздік қоршаулары орнатылады. Оған қоса, жол жиектері беріктендіріліп, бір мың шақырым жол бойына жол белгілері сызылады.

Осы айдарда

Back to top button