Инфрақұрылым

Өскеменнен Антальяға ұшақ қатынай бастайды

Өскемен әуежайы 60-шы жылдардың ортасынан бастап жолаушы, жүк және почта тасымалдайтын тұрақты әуе рейстерінің қозғалысын қамтамасыз етеді. Бастапқы кезеңде тасымалдауды Ан-24, кейін Як-40 және Ту-154 реактивті әуе кемелері жүзеге асырды. Ұшақтар ішкі және халықаралық бағыттар бойынша қатынады.

Ел тәуелсіздік алғаннан бері әуежай қызметін «Ертіс авиа» және «Үлбі» кәсіпорындары басқарды. Кейін әуежайды басқару «Өскемен әуежайы» кәсіпорнына берілді, ол бүгінге дейін облыс орталығын Астана, Алматы, Қарағанды, Зайсан қалаларымен және шет елдермен тұрақты байланыстыруда.

Соңғы жылдары облыс орталығының әуежайы үшін маңызды болған оқиға – сағатына 200 жолаушы өткізетін жаңа ұшып келу терминалының құрылысы және жақында аяқталған ұшу-қону жолағының жаңартылуы.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өткен жылдың бірінші жартысында әуежайды жаңарту ісі аяқталды. Жаңғырту барысында ұшу-қону жолағының ұзындығы 2100 метрден 2800 метрге дейін ұзартылды, перрон күрделі жөнделді, жаңа тұрақ орындары салынды, бағыттау жолағы, жарық сигнал беру жабдығы, периметрлік бейнебақылау және жарықтандырудың заманауи жүйесі орнатылды. Гараждың, қазандықтың, бақылау-өткізу пунктінің, тәулігіне 30 тонна жүк өткізетін терминалдың және 100 тоннаға арналған уақытша сақтау қоймасының жаңа ғимараттары бой көтерді.

– Өскемен әуе айлағы жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының көмегімен жаңартылды. Қысқа уақыт ішінде, 2021 жылғы мамырдан қазанға дейін «Терезе» ЖШС мердігер ұйымы ескі жабынды бұзып, жер төсемін жайғастырып, ұшу-қону жолағына полимерлі ұсақ түйіршікті тығыз асфальтбетонды төседі. Бұл әуе айлағы жабындарының көтергіш қабілетін арттырды және ұшу салмағы 100 тоннадан асатын әуе кемелерін пайдалануға мүмкіндік берді. Жаңартудың тағы бір артықшылығы ұшу-қону жолағын 2800 метрге дейін ұзарту болды, бұл қонатын ұшақтардың ауқымын кеңейтуге ықпал етті. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарты бойынша әуе айлағының техникалық жай-күйі 4 «D» кодтық белгісіне жатады, сонымен қатар әуе кемелерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етеді, – дейді «Өскемен әуежайы» акционерлік қоғамы әуеайлақ қызметінің бастығы Евгений Белешев.

Жүргізілген жаңарту нәтижесі көрсеткендей, өткен жылдың қаңтар-сәуір кезеңімен салыстырғанда биыл әуежай қызмет көрсеткен жолаушылар саны 25%-ға өсті, жыл басынан бері барлығы 117,8 мың жолаушыға, оның ішінде ұшып шыққан 59,1 мың жолаушыға және ұшып келген 58,7 мың жолаушыға қызмет көрсетілді.

Ұшу географиясын кеңейту мақсатында осы жылдың 19 мамырынан бастап Түркияның Анталья қаласына халықаралық рейстер іске қосылады.

Жаңғырту кезінде орындалған жақсартулардың арқасында Өскемен әуежайынан рейстерді ұйымдастыруға «Эйр Астана», «Скат», «Флай Арыстан», «Қазақ Эйр» сынды еліміздің барлық ірі әуе компаниялары қосылды, олар шет елдерде өндірілген әуе кемелерінің заманауи паркіне ие.

DIDAR ақпарат

 

Осы айдарда

Back to top button