Ауыл арасындағы жолдарға да асфальт төселді
«Жол азабын жүрген білер» дейді. Әсіресе мұны Сөгір мен Ақсудың арасын жалғап жатқан жолда жүретіндер жақсы түсінеді. Аудан басшылығымен өтетін көпшілік жиындарда өңір халқы осы бір жолға түбегейлі жөндеу өткізіп беруді үнемі басты мәселе ретінде көтеріп жүрді.
Өткен жылдан бері аудандағы бірқатар елді мекендердегі (тірек ауылдар) ішінара жолдарға құмтас төгіп, тегістеу, қайсыбіріне асфальт төсеу сияқты жұмыстар жүргізілді. Енді, міне, Сөгір – Ақсу бағытындағы 54 шақырым жолға бұрын-соңды болмаған жөндеу өткізіліп, асфальт төселе бастады. Биыл әзірге аталмыш жол бағытының 14 километріне асфальт төселеді. Бұл жұмысты Дәулетбек Исабаев басшылық ететін «Катонқарағай ПДУ» ЖШС мердігерлік ұйымы қолға алған. Қазіргі таңда Сөгір мен Барлық арасындағы жолдың 14 шақырымдық бөлігіне асфальт төсеп жатқан аталған кәсіпорын жұмысты белгіленген кестеге сәйкес жүргізуде. Республикалық бюджет есебінен салынып жатқан жолға биыл 350 млн. теңгеден астам бөлініп отыр. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі өкілдерінің айтуынша, келесі жылы 13 шақырым жол бөлігіне асфальт төсеу жоспарланған.
– Бүгінге дейін 14 шақырымның тоғызына асфальт төсеп біттік. Тиісті жұмыстарды осыдан бір ай бұрын бастадық. Ең алдымен жолға асфальт төсеуден бұрын оның астын нығыздап алдық. Сосын барып асфальт құйдық. Жұмыстың мерзімінде аяқталуы ауа райының қолайлылығы мен техникамыздың сақадай сай болуына байланысты. Енді екі аптада тиісті жол бөлігіндегі жұмысты толығымен бітіреміз. Қазіргі таңда жол жөндеу жұмыстарына кәсіпорындағы 19 бірлік техника жұмылдырылған. Оның ішінде асфальт бетон төсеуіш, су тасушы техника бірліктері мен жүк таситын Камаз көліктері бар.
Қазір қалған бес шақырымға асфальт төсеп жатырмыз. Қалыңдығы 7 сантиметр, асфальттің ені 6 метр болады. Қажетті материалдарды Үлкен Нарын мен Катонқарағай ауылдарынан, Өскеменнен (битум) жеткізудеміз. Материалдар толығымен жетеді. Одан тапшылық көріп отырған жоқпыз. Жұмысшыларымызға келсек, айлық жалақыларын 200 мың теңгеден алып отыр, – дейді жол жөндеу учаскесінің шебері Асқар Кәрібаев.
Мердігер ұйым өкілдері жаңадан төселген асфальт жолдың еш жөндеусіз 4-5 жыл көлемінде пайдалануға болатындығын сеніммен жеткізді. Иә, сапалы жасалған жол көпке шыдайтынын білеміз. Ал енді Сөгірден Ақсуға дейінгі жолдың қаншалықты сапалы шыққандығын уақыт көрсетері анық.
Жалпы алғанда, аудан бойынша автокөлік жолдарының қашықтығы 775 шақырымды құрайды.
Тимур Смағұлов