Күлге айналған кәсіпорын қайта түледі
Азамат Темірбеков
Құрылыс жұмыстары қызып тұрған өңірде қажетті материалдар шығаруды қолға алған шығысқазақстандық кәсіпорын өңір жұртшылығын сапалы өніммен қамтып отыр.
Орман алқаптары мол Шығыс өңірінің ағаш өңдеу саласындағы әлеуеті өте зор екені белгілі. Еліміз бойынша орман шаруашылықтары ең көп аймақтың бірі саналатын Шығыс Қазақстанда ағаш өңдеумен айналысатын кәсіпорындар саны да жетерлік. Статистикалық деректерге сүйенсек, облысымызда осы бағытта жұмыс істейтін жүз елуге тарта кәсіпорын тіркелсе, олардың отыз пайыздан астамы қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған көрінеді. Осыдан-ақ елімізде дайындалатын ағаш материалдарының басым бөлігін Шығыстың кәсіпорындары қамтамасыз етіп отырғанын білуге болады.
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысын Қазақстанның ағаш өңдеу өнеркәсібінің орталығы ету жоспары да әзірленген. Дей тұрғанмен, өңір жұртшылығы осы саланың қарыштап дамуына әлі де болса тым сене де бермейтін сыңайлы. Өйткені облыс аумағының 30 пайызын орман жамылғысы алып жатса да, еліміз бойынша өңдеуге жарайтын ағаштың 70 пайызы біздің өңірге тиесілі болса да соңғы уақытта бұл іс бізде біраз кенжелеп қалғаны рас. Бір кездері жақсы дамыған ағаш өңдеу өнеркәсібі қазір дағдарысты кезеңді бастан кешуде. Осы ретте саланы құтқарудың жалғыз амалы – оған қомақты қаржы құйып, инвесторлар тарту болмақ. Сол себепті де қазірде ДСП зауытын салу және Қазақстандық жиһаз холдингін құру идеясын дамытуға деген құлшыныс бар.
Бәсекелестердің қарасы көбейді
Соңғы жылдары болған коронавирус пандемиясы мен көрші елдегі саяси дағдарыс облыс аумағында осы істің ілгерілеп кетуіне өзінің кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Өйткені түрлі санкция салдарынан Еуропа нарығы жабылып қалған ресейлік ағаш өңдеуші кәсіпорындар Қазақстан мен Орта Азия нарығына арзан өнімдерімен лап қойды. Нәтижесінде, жергілікті өндірушілердің жағдайы қиындап кетті.
Алайда сұранысқа ие OSB плиталарын өндіріп отырған «УК ЛПК» (Өскемен ағаш өңдеу кәсіпорны) компаниясы осы қиыншылықтарға қарамастан өз өнімдерімен облыстағы сұранысты қанағаттандырып отыр. Өңір халқын отандық өніммен қамтамасыз етіп отырған бұл кәсіпорынның құрылыс материалдары нарығына кіргеніне биыл жетінші жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында өзіндік бренд қалыптастыра білген ұйым қазіргі уақытта табиғатқа зияны жоқ экологиялық жобаны жүзеге асырған.
«Ол қандай жоба» дейсіз бе? Жалпы, көпшілік жұрт ағаш өңдеу саласындағы қай кәсіпорын болмасын табиғатқа зиян келтірмей жұмыс істеп жатыр дегенге сене қоймайды. Бірақ аталмыш кәсіпорын қазіргі уақытта өз өнімдерін құрылыс материалдарына көп жарай бермейтін көктерек ағашынан жасайды. Бұл ағаштың тағы бір ерекшелігі – оның өсімталдылығы. Яғни, кесілген ағаштың орны бес-алты жылдың көлемінде қайта толығады.
– Көктерек өсімтал ағаш. Осындай ағаш өскен алқаптарды белгілі бір кезеңде жаңартып отырудың қажеттігін өткен ғасырдың 60-шы жылдары канадалық мамандар дәлелдеген. Ескі ағаштары уақтылы тазаланбаған орман алқаптары уақыт өте келе табиғи эрозияға ұшырап, ағаш діңдерінде түрлі аурулар пайда болады. Яғни ескі ағаштар құлап, шіру процесі жүреді. Осы аралықта жас талдардың өсуі кешеуілдеп, орманның қалпына келу уақыты ұзарады. Біз жұмыс істейтін орманшылықтар міне, осындай жерлерді анықтап, зауытымызды шикізатпен қамтамасыз ететін кәсіпорындарға ағаш кесуге рұқсат ететін орындарды белгілеп береді, – дейді «УК ЛПК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Виктор Воробьев.
Жұмыс жеңіл емес
Ол бұл ағаш түрінің құрылыс материалдарын жасауға көп келе бермейтінін айтады. Көктеректен жасалған тақтайлар уақыт өте бұралып, сәнін жоғалтатын көрінеді. Сол себепті көп жағдайда ол тек отын ретінде қолданылады.
– Көп шығынды қажет етпейтін кейбір өндіріс салалары бар. Бірақ біздің жұмысымызды шығынсыз әрі оңай деп айтуға келмейді. Өйткені біз отқа жағуға ғана келетін сапасы төмен ағаштарды қайта өңдеп, іске жаратамыз, – дейді Виктор Воробьев.
Ағашты орманнан кесіп, оны дайын өнімге айналдырғанға дейінгі аралықты бірнеше кәсіпорыннан тұратын компаниялар тобы жүзеге асырады. Шикізат OSB плиталарын дайындайтын зауыттың аумағына жеткізілген ағаш қабығы тазартылған соң арнайы ылғалды бассейнде жібітіліп, жоңқалайтын станокқа салынады. Міне, сол кезде ағаштың сапалы материалға айналуы үшін оның дұрыс көлемде жоңқалануы өте маңызды.
Келесі кезекте дайын жоңқалар кептіріліп, сонан соң арнайы станокта желіммен араластырылады. Бұдан кейін нығыздалып, дайын өнім қайтадан кептіруге жіберіледі.
– Сырт көзге біздің жұмысымыз жеңіл болып көрінуі мүмкін, – деп сөзін жалғады Виктор Воробьев. – OSB плиталарын дайындау түк те жеңіл емес. Адамдар үнемі шаңның арасында жүріп жұмыс істейді. Тіптен желім ретінде қолданылатын заттың өзінен адамның денсаулығына біраз мөлшерде зияны бар формальдегид бөлінеді. Бұдан бөлек плиталарды дайындау кезінде жоңқаларды үш қабат төсегеннің өзі де арнайы біліктілікті қажет етеді. Өйткені сапалы материал алу үшін әр қабаттың жоңқалары келесі қабатпен мықты байламда болуы қажет. Нығыздалған плиталарды кептірудің де жөнін білу керек. Егер кептіру цехындағы температура белгілі бір деңгейге жетпесе, я болмаса асып кетсе өнімнің құрылымы бұзылып, біраз уақыттан соң оның сапасының нашарлығы байқалады. Мұндай өнімді сатып алушыға қалай ұсынамыз? Сапасыз тауар сатсақ алушыларды жоғалтамыз.
Жалпы, Виктор Воробьев өнімді дайындап, оны экспорттаудан бөлек, оның сатылымына да ерекше назар аударатын бірегей кәсіпкер. Құрылыс материалдарын дайындап, сататын көптеген өндірісте сатып алушыға жағдай жасалмағанын алға тартқан ол, мұндай қарым-қатынастан кейін клиенттер ол дүкенге қайта айналып соқпайтынын айтады.
– Мен біздің өнімдерді сатып алуға келген клиентке сапалы қызмет көрсетілуіне аса мән беремін. Мысалы, көптеген дүкенге келген адамдар бір затты сатып алуы үшін оны бір жерден көріп, басқа жерде ақшасын төлейді, сонан соң басқа жақтағы қоймадан барып алады. Бұл дегеніміз адамдардың уақытын алу ғой. Сондықтан біз өзіміздің зауыт жанындағы дүкенімізде келген клиенттің осы процестерді бір жерде атқарып, затты бір жерден алып кетуіне жағдай жасадық, – дейді Виктор Воробьев.
Бизнесті тәуекелмен бастаған
Бүгінде 130-ға тарта адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер бұл істі алғаш болып әкесі Александр Воробьев бастағанын айтады. Бастапқыда қыр-сыры белгісіз саланың жұмысын тәуекелмен қолға алған олар кейін келе облысқа танымал кәсіпорын құрды.
– 2016 жылы кәсібімізді бастадық, – дейді Виктор Воробьев. – Біраз уақыт өткен кезде қаз тұра бастаған кәсіпорнымызда қалың өрт болып, үлкен шығынға ұшырадық. Тіптен өзімізді банкрот деп жариялаудың аз-ақ алдында қалдық. Міне, сол кезде біздің жағдайымызды көзімен көруге келген аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қолдауы орасан зор болды. Жекеменшік-серіктестік аясында көмек көрсетіп, күлге айналған кәсіпорнымызды аяққа қайта тұрғыздық.
Ағаштың қабығын аршып, оны дайын өнімге айналдырғанға дейінгі аралықта жұмыс істейтін құрылғылардың басым бөлігі шетелдік аппараттар. Сол себепті кәсіпкер оларды күтіп ұстайтын білікті мамандарды жыл он екі ай жалақысыз қалдырмауға тырысады. Осылайша өз ісіне оң қарым-қатынас таныта білген кәсіпкер өңірдің экологиялық жағдайына кері әсерін тигізбей-ақ кәсібін дөңгелетіп отыр.
Ерекше экологиялық жобалар
Жалпы, біз бұған дейін өңірімізде облыстың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар жоба қолға алғаны туралы жазған болатынбыз. Солардың бірі әрі бірегейі – алдағы бес жылда өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту аясында 76 миллион ағаш отырғызу жобасы болмақ. Яғни, бұл облыста экологиялық жағдайды қалпына келтіруде елеулі үлесі бар көгалдандыру жұмыстарының басшылық назарынан тыс қалмағанын білдіреді. Атап айтсақ, бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп, елді мекендердің айналасында жасыл белдеулер құрылды.
Алдыңғы жылы 127,5 мың түп ағаш отырғызылса, былтыр 149,4 мың түп ағаш отырғызылды. Оған қоса, облыстың 2021-2025 жылдарға арналған орман алқабын кеңейту мен орман өсірудің кешенді жоспарына сәйкес, бес жылда 15 мың гектар аумаққа 76 млн көшет отырғызылатыны белгілі болды.
Осылайша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде соңғы он жылда ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көрсеткішін 13 пайызға азайтуға мүмкіндік туған. Одан бөлек бұл жобалар аймақта ағаш өңдеу өнеркәсібін дамытуға да өз септігін тигізетіні сөзсіз.