Отандық өнімнің үлесі артады
Азамат Темірбеков
Шығысқа жұмыс сапарымен келген еліміздің сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев өңірдің қайта өңдеу саласындағы әлеуетіне оң бағасын берді.
Желтоқсан айының алғашқы аптасында Өскеменге тізгін тартқан бірінші вице-министр қайта өңдеу саласында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Жұмыс сапарын Глубокое ауданының Предгорное ауылында орналасқан «Алтын-Шығыс» компаниясының май экстракциялау зауытынан бастаған ведомство өкілі ары қарай Өскеменде салынып жатқан «Алтай» көптеп-тарату орталығына ат басын бұрып, ол жердегі жағдайды көзбен көрді. «Дос-Нар» сауда орталығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сатылу үрдісіне зер салды. Сондай-ақ өңіріміздегі белгілі кәсіпорындардың бірі «Восток-Молоко» компаниясының ұжымымен кездесіп, жұмысшылардың толғандырған сауалдарына жауап берді.
– Қазіргі уақытта бізге ішкі сауда-саттықты талқылау маңызды бола түсті, – дейді Арман Шаққалиев. – Өйткені, соңғы жылдары еліміз өзінің экспорттық әлеуетін арттырғаны белгілі. Бүгінгі күні барлығымыз инфляцияның рекордтық деңгейге жеткеніне куә болып отырмыз. Бұған кері әсер еткен негізгі үш себеп болса, оның біріншісі – геосаяси жағдай. Қазір әлемдегі геосаяси жағдайдың өзгерістерге ұшырауы сауда жолдарына қатты әсер еткені аян. Осыған дейін Ресей-Еуропа, Қытай-АҚШ сияқты дәстүрлі екі Жібек жолы болған еді. Қазіргі уақытта аталмыш екі жолда да өзгерістер болып, барлық сауда-саттық тізбегі бұзылды.
Түпетеп келгенде осының бәрі импорттық тауарлардың тұтынушыға жоғары бағамен жеткізіліп жатыр. Сонымен қатар инфляцияның қарқынды өсуіне төл теңгеміз бен Ресей рублінің арасындағы айырмашылық та қатты әсер етіп отыр.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, наурыз айында бұл айырмашылық қатты байқалып, инфляция деңгейі 14 пайызға дейін жеткен көрінеді. Бұл ең әуелі теріскейдегі көршіміздің бізбен сыртқы саудадағы ең маңызды әріптестің бірі болуымен байланысты. Осындай қиын-қыстау кезде импорт тауарларды алмастыратын отандық өнімдерге қажеттілік қатты сезілген. Сол себепті ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзімізде өндірілген сапалы өнімдермен ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Ал бұл жерде Өскемендедегі «Восток молоко» кәсіпорнының импорт тауарларды ел нарығынан өз өнімдерімен ығыстыруға әлеуеті бар екені байқалған. Осы орайда министрлік өкілі қазір еліміздегі консерві өнімдерінің 60 пайызының шеттен әкелінетінін алға тартты. Ресейліктер үшін тауардың қымбаттағаны сезілмеуі мүмкін, бірақ қазақстандық тұтынушыға қымбатшылық бірден білінеді.
Енді осындай жағдайлар қайталанбауы үшін ел билігі бірқатар шараны қолға алып жатыр. Қазірде еліміз бойынша қайта өңдеу саласы тауарларының импортты алмастыра алатын әлеуеті бар. Міне осыны ескерген ел Үкіметі аталмыш бағытты шикізатпен қамтамасыз ететін салаларды дамытуға жете көңіл бөле бастады. Яғни, келер жылдың ақпан айынан бастап ел аумағындағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға 25 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлу көзделіп отыр. Өстіп әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар өндірушілермен тікелей келісімшарттар жасасатын болады. Сонымен қатар қаражат тек басты екі бағыт – сүт және құс етін өндіру бағыттарын дамытуға ғана бөлінбек. Жоғарыдан қойылатын талаптардың тағы бірі аталмыш қаражатты бергенде тауар өндірушіден ешқандай кепіл мүлік сұралмауы мүмкін.
Бұдан бөлек елімізде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауардың бағасын қалыпты деңгейде ұстап тұруға бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Бүгінде осы бағытта сәтті жұмыс істеп тұрған «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарасты тұрақтандыру қорының жұмысына оң баға берген бірінші вице-министр аталмыш қорға жинақталған өнімді маусым аралық кезеңде сақтауға да ерекше мән берілетінін жеткізді. Ол үшін аймақтарда жалпы аумағы 25 гектарды құрайтын заманауи көкөніс сақтайтын қоймалар және оларды сатуға арналған арнайы сауда орталықтары ашылмақ. Бүгінгі күні кәсіпкерлерге осындай нысандар салуға жеңілдетілген тәртіпте несие беретін жаңа бағдарлама қабылдау да қарастырылып жатқан көрінеді.
Осылайша өңірдегі бірқатар қайта өңдеуші кәсіпорынның жұмысын көріп, көңілі толған министрлік өкілі тұрақтандыру қорының тізіміне жергілікті өндірушілердің өнімдерін қосудың артықшылық етпейтінін тілге тиек етті. Шетелге тауар экспортын жолға қоймас бұрын ішкі сұранысты қанағаттандыру қажет екенін айтқан Арман Шаққалиев сұраныс пен ұсыныстың арасындағы балансты сақтап отырудың маңызы зор екенін баса айтты.