ҚоғамТОП

Шығыс жұрты 20 мың көшет екті

Елімізде табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясы өтіп жатыр. Экологиялық науқанға тұрғындар жаппай қатысып, туған жерін, тұрған аумағын таза ұстауға үлес қосуда. Өткен «Жасыл аймақ» апталығында әр өңірдегі белсенділер ағаш көшеттерін екті. Елді бірлікке үндеп, тазалыққа насихаттайтын бұл акцияны өткізуге Президент тапсырма берген болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та акция аясында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікке қатысып, елордадағы «Ұлытау» аллеясына ағаш екті.

Бұл сенбілікке волонтерлер, ғылым, мәдениет, спорт салаларындағы белсенді жастар және алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушылар, Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері атсалысып, 430 түп жөке көшетін екті.

– Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан жастарға зор үмітпен қараймын, – деді Мемлекет басшысы.

Таза Қазақстан акциясы аясында облысымызда 20 мың көшет егілді. Жалпы, өңірде көгалдандыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Жыл бойы 123 мыңға жуық ағаш көшетін егу жоспарланған.

Өскемендегі Қазақстан тауының етегінде сенбілік өтіп, көшет егілді. Шараға қала қонақтары, еріктілер, мемлекеттік орган өкілдері, жеке кәсіпорын ұжымдары да қатысты.

– Отанға, елге деген сүйіспеншілік тазалық пен еңбекқорлықтан басталуы қажет. Сондықтан осы бірегей шара жастар арасында дәстүрге айналып қана қоймай, өскелең ұрпаққа жақсы өнеге болады деген сенімдемін, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Сондай-ақ осы апталық барысында Ұлан ауданының жастары, еріктілері мен белсенділері 4 мың көшет екті. Катонқарағай ұлттық паркінің еңбеккерлері тұрғындармен бірлесіп, ауылдарға 3 мың шырша көшетін екті. Зайсан ауданындағы саябақтар мен жолдардың бойына 3 мың көшет, бір ғана Самар ауданының орталығында 300 көшет егілді.

Иә, шығысқазақстандықтар «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысуда. Акцияның алғашқы «Таза өлке» апталығы аясында 21,4 мың аула тазаланып, 6 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған болатын. «Киелі мекен» аптасында 161 қоғамдық орын, саябақ, 136 ескерткіштің айналасы тазаланды. Ал қазір өтіп жатқан «Өнегелі ұрпақ» аптасында облыстағы ардагерлер мен қарттардың ауласы тазалануда. Қорытынды «Мөлдір бұлақ» апталығында арықтар мен бұлақ көздері тазалаудан өтпек.

Осы айдарда

Back to top button