Журналистік зерттеу

Арқарлар неге азайып кетті?

Бауырына алуан түрлі байлықты басқан асқар Алтай ежелден төсінен аңы, төбесінен құсы кетпеген құтты өңір еді. Шұрайлы өңірдің шырайын кіргізген сол құндылықтың бірі секі жартастардан секие қарап тұратын ай мүйізді арқарлар болатын. Бүгінде олардың да қарасы азайып бара жатыр…

Арқарлар неге азайып кетті?

Сүйгенін емес, тигенін атады

«Ит қорыған жерге өш» деп бекер айтпаған-ау дана халқымыз. Бүгінгі таңда бұл мәтелді Қызыл кітапқа енген арқар сынды жануарларды қынадай қырып жүргендер тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Соның кесірінен қоңыр аңы қойдай өретін қоңыр таулар құлазып тұр. Ең аяныштысы, саналатын дала серісі – арқарлардың азаюы.

Тасбұлақтың қайнарынан шөлін басып, алуан гүлдің нәрімен қоректенетін аң серісіне аңсары аумайтындар аз. Өйткені, табиғаты тазалықтан нәр алған бұл аңның еті дертке – дәру, жанға – шипа. Бірақ, біздің қызыл көз, қанды қолдарымыз оны бұл мақсатта емес, бір сәттік желіккен көңілдің құмарын басу үшін ғана қырып жүр.

Нақты деректер өңірімізде мыңға тарта ғана арқар тұқымы бар екенін айтады. Аңның бұл тұқымы еліміздің біраз ғана облысында мекендейтінін ескерсек, жоғарыдағы сан өте аз көрсеткіш.

Бір кездері үйірімен үркіп жүрген бұл жұптұяқтының азайғаны ескеріліп, Қызыл кітапқа да енгізілген-ді. Соның нәтижесінде арнайы қорғаушылар шығып, заң тармақтарынан өздеріне тиісті еншілерін алған. Бірақ, бірақ… арқарлар адамдардан әлі қорқады… Біз оның себебін жануарлар дүниесін қорғайтын мемлекеттік инспекцияның қызметкерлерінен сұрағанбыз.

Он бес жылдан бері облыс көлеміндегі барлық тауларды аралағандықтан, әр сайдың түйір тасына дейін жатқа білетін олардың айтуынша, бұл бейуаз аңға деген ашкөздердің араны әлі де тыйылмай отыр екен. Негізі, белгіленген заңға сәйкес, бір арқардың құны үш миллион теңгені құрайды. Бірақ, қоңыр жонды осынау аң серісіне аузының суы құрыған «аңшы» ағайындар бәрін естен шығаратын көрінеді.

Біздің өңірде аңның бұл түрі негізінен Сауыр, Тарбағатай, Аягөз тауларын мекендейді. Әсіресе, соңғы екі таудың арқарлары «екі аяқты жыртқыштардан» бөлекше қорлық көріп келеді. Себебі, бұл өңірлердің таулары, қырқа-белдері жатаған келеді де, еріккендер жол таңдамайтын темір көлікпен жүріп-ақ арқарларды «тымақпен ұрып алатын» көрінеді. Ал тұлғасы биік Сауыр тауы темір көлікпен келген «қонақтарды» құшақ жайып қарсы ала бермейтіні анық. Атпен барғандарға арқарлар да алдыра қоймайды. Әттең, айлалы аңшының өзін қапы қалдырып кететін аса секемшіл де сезгіш хайуан дамыған техниканың жеміне айналып бара жатыр.

Осы орайда «қоңыр аң – адамзаттың несібесі, бірлі-жарымын ұстап, жегенге табиғаттың тандыры тартылмайды» деп көсемситін кейбір білгіштерге талай жылдан бері құс салып, тазы ертіп жүрген аңшы Әбек Сәлімұлының сөзімен жауап бере кетейік.

– Иә, атам қазақ қиын-қыстау заманда ошарлы отбасын аңмен асырағаны белгілі. Бірақ, оларда өзіндік тәртіп болған. Мысалы, төл ерткен аналық аңға немесе төлдейтін кезінде оларға қарата оқ атпаған. Таңдап тұрып тау ешкінің текесін, арқардың құлжасын атып, қанжығасын майлаған, – дейді ол. – Өкінішке қарай, бұл қағиданы бүгінгі «аңшылар» саналарына сіңіріп жүрген жоқ. Неше шақырымдық жердегі нысананы қапысыз тауып тиетін қолындағы қаруына масаттанып, көзкөрім жердегі көлденең өткенінің бәрін баудай түсіреді. Бұл нағыз мәңгүрттік емес пе?!

Дала синоптигі

Арқар – киелі аң. Еркіндігінен басқа ештеңені қаламайтын, өзі тектес ешбір аңға зәбір көрсетпейтін оның қоңырлығын қазақ мінезімен байланыстырады көзі қарақты аңшылар. Мінезін қайдам, маған сұқталған суық қарудың ұңғысына жұтылып, азайып бара жатқан арқар мен қолдан жасалған қырғындарда қынадай қырылған қазақтың мұң-зары бір, тағдырлары талайлас сыңайлы болып көрінеді де тұрады. Оның үстіне көшпенді бабаларымыз табиғаттың тосын мінезін немесе қылышын сүйреткен қыстың алдағы ахуалын арқардың жүріс-тұрысына қарап біліп отырған.

Мысалы, қыс қатты болатын жылдары арқар тау етегіне ерте түсіп алса, қыс жайлы болатын жылдары тау басында қалып қойып отырған. Демек, ғылым мен техникадан бұрын-ақ дала академиктері күнібұрын күн райын арқарлар арқылы да айқындап отырғаны аян. Бұл сөзімізге дәлел етіп, ел аузында жүрген «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген мәтелді айтуға болады. Бірақ, бүгінгі арқарлардың аяздан қорқып ауып жатқанынан, адамның қолынан азайып бара жатқаны басымырақ.

…Құлжа қазан-қараша айларында үйірге қосылып, көктемге қарай арқарлар төлдейді. Қазақтың төрт түлік малының бірі – қойдың да сол мезетте тұқым жалғайтыны белгілі. Осы байланысты жақсы меңгерген кейбір адамдар арқарды игілігіне жаратып отырған. Айталық, Тарбағатайдың Қытай жақ өңірінде өткен Басбай Шолақұлы деген әйгілі бай қойын күйек мезгілінде арқарларға қосып, тұқым алған деген сөз бар. Жай сөз емес бұл, дәлелденген ақиқат. Өйткені, қазір сол өңірде әдеттегі қойдан гөрі еті тірі, биязы жүнді, шаңырақ мүйіз қой нәсілдері әлі де бар. Бұл тарихта «Басбай қойы» деген атпен қалды.

Осы орайда айта кетейік, арқарлардың ұрпақ қалдыруға кірісетін қазан-қараша айлары өздеріне ең көп қауіп төнетін мезгіл екен. Өйткені, он-он бестен топтасқан үйірлі арқар біріншіден, көзге тез түссе, екіншіден, назарлары тек «махаббатта» болатындықтан, келер қауіптің бәрін ұмытып кететін көрінеді.

Арқарлардың ішіндегі ең бағалысы – Алтай арқары. Бір кездері төрт мемлекет төсін еміп жатқан асқар Алтайдың барлық жерлерінде мекендеген арқардың бұл түрінің өткен ғасырдың басында тұқымы тұздай құрыған. Солардың ең соңғы тұяғы қазір біздің Күршім, Марқакөл өңірлерінде ғана қалғанын айтады арқармен айналысып жүргендер. Ал мамандар болса, шөптің сонысын жейтін текті жануардың құрып кетуін мал жайылымдарының кеңеюінен көреді. Осылайша бұл күнде тек бертін ғана Қызыл кітапқа еніп, қорғауға алынған бұл жануардың халі қыл үстінде тұрған көрінеді.

Неге десеңіз, тура біздің өңірдегідей айлалы «аңшылар» көрші жатқан үш елде де бар екен. Жан сауғалап, қашқан жануардың алдынан тағы да сол «екі аяқтылар» қарсы алып жатады. Сондықтан да Алтай арқарлары үшін «қайда барса да – Қорқыттың көрі» болып тұр. Тіпті, Moscow Times («Москоу Таймc») басылымының жазуына қарағанда, солтүстіктегі көршілер аңды тікұшақпен қуалап ататын көрінеді. Ал Шығыстағы көршілеріміз – арқар етінен дәрі жасаудың шебері. Біздегілерінің сиқын айтып жатудың өзі артық болар. Сонда тағдыры тәлкекке түскен арқардың, тіпті, барлық қоңыр аңның ертеңгі тағдыры не болады? Барлығын бүгін қырып салған соң ертеңгі ұрпаққа суретін ғана көрсетеміз-ау шамасы.

Қорғаушылар қол қусырып отырған жоқ

Қызыл кітапқа енген жануарларды жанын сала қорғап жүрген «Охотзоопром» РМҚК-нің қызметкерлері арқарлардың тыныс-тіршілігін бес саусағындай біледі. Аға инспектор Әсет Сауырбаев бастаған он екі азамат ай сайын екі топқа бөлініп, облыстың барлық тауларын аралап, әр таудың аң-құсының амандығын адақтап жүреді. Және тек амандығын ғана біліп қоймай, жыл сайын арқарларды екі мәрте санап та шығады. Аға инспектордың сөзіне қарағанда, олар өткен жылдың соңына қарай тағы бір мәрте автосанақ жүргізіпті. Нәтижесінде 180-ге жуық арқарды кездестіріп, тізімдеп қайтқан. Айта кетейік, бұл арқарлардың нақты санын көрсетпейді. Өйткені, қылт еткеннен секем алып, қарасын батыратын дала серісін басқа ұрып, санау мүмкін емес. Мөлшерін тек авиясанақ арқылы білуге болады. Олардың айтуынша, соңғы жылдары кейбір арқарсыз қалған жерлерге тау тағысы қайтадан келе бастағанымен, адамдардың жасап отырған кесепаты әлі де тыйылмай отырған көрінеді.

Аталмыш қызмет тобы жетекшісінің орынбасары Ержан Қайырханов мұндай бейбастақтықтарға көбінесе «үлкен адамдар» баратынын айтқаны бар. Тіпті, «азулы» азаматтар өздеріне де күш көрсетіп кететін көрінеді. Ұстаған күннің өзінде олар айласын тауып, құтылып кетеді екен. Бұл сөзімізге нақты дәлел ретінде өткен жылы көктемде екі бірдей төлін маңыратып қойып, екі аналық арқарды жайратып салған өңіріміздің екі лауазымды тұлғасын атауға болар. Бір түсініксіздігі, Тарбағатай өңірінде қылмыс үстінде қолға түсіп, бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарын шулатқан сол екеуінің ісі әлі күнге дейін аяқсыз қалып отыр.

Бір жағымдысы, бұл қоңыр аңға бір жердің суын ішіп, бір таудың ауасын жұтып жүрген жергілікті қарапайым адамдар көп тиіспейді екен. Өйткені, олар біріншіден, арқарға қатысты қатал заңды білсе, екіншіден, туған жеріндегі бейбітшіліктің белгісіндей болып жүрген бейуаз аңның берекесін кетіргісі келмейтін сыңайлы.

Керек дерек

Арқар – жұптұяқтылардың қуысмүйізділер тұқымдасына жататын ірі аң. Қазақстанның таулы жерлерін (Жоңғар Алатауын, Тарбағатайды, Алтайды, Сарыарқаны, Қаратауды, Қызылқұм шөлін) мекендейді. Республикада арқардың алты түрі бар. Олар: Алтай арқары, Қызылқұм арқары, Қазақстан арқары, Тянь-Шань арқары, Қаратау арқары, Үстірт арқары. Дене тұрқы 160-168 см., шоқтығының биіктігі 105-112 см. болып келетін жануардың салмағы 200 келіге дейін жетеді. Құлжасының мүйізі ірі, бұралып иілген, айшықты, ал аналығынікі нәзік, өте қысқа, бозғылт қоңыр түсті болады. Көбінесе көгалды шоқылардың арасындағы далалы өңірде жайылатын олардың жасын мүйізіндегі сақинаға қарап анықтайды. Қыста салқын түссе, таудың етегіне, көктем мен жазда таудың субальпілік белдеуіне қарай ауады. Негізінен көде, бидайық, қоңырбас, бетеге, қияқ, күйреуік, жусан сынды шөптермен қоректенеді. Жайылуға жаздыгүні таңертеңгілік пен кешкілікте, қыста күндіз шығады. Арқар екі жарым жаста жыныстық жағынан жетіледі. Табиғи жағдайда 12-14 жыл тіршілік етеді. Биік тауларда тіршілік етуге бейім, аязға өте төзімді жануардың осы ерекшелігі ескеріліп, Қазақстанда арқар мен меринос қойды будандастыру арқылы қойдың ет пен жүнді мол беретін жаңа тұқымы – қазақы арқар-меринос қойы өсіріліп шығарылды. Арқар бағалы кәсіптік аң болғандықтан, оны аулауға тыйым салынған.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button