Дін

Ақпараттық топтардың жұмысы күшейтіледі  

Бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі – діни экстремизмге және терроризмге қарсы күрес. Бәлкім, кейбір азаматтарға бұл қатерлер тым алыста және бізге қатысы жоқ болып та көрінер. Бірақ «сақтансаң – сақтайды» дейді халық нақылы.

Жуырда Өскеменде өткен басқосуда аталмыш қауіп-қатерлермен күрестің жаңа формалары мен әдістерін әзірлеу, жергілікті атқарушы органдардың алдын алу жұмысы бойынша діни бірлестіктермен өзара іс-қимылын ширату мәселесі талқыға салынды.

Облыстық деңгейдегі семинарға республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Кәкімжан Бишманов қатысып, өңірдің әр түкпірінен жиналған қалалық және аудандық ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне дәріс оқыды.

Ғалымның айтуынша, қауіптің алдын алудың, ел азаматтары арасында радикалды діни идеологияға иммунитетті қалыптастырудың маңызы зор. Еліміздің дін саласындағы саясаты анық, түйткілді мәселелер айқындалған. Сонымен қатар мемлекет заңдарында зайырлы қоғамымыздың болашақ бағыты, дінді жат мақсатта пайдаланудың алдын алу бойынша барлық сұрақтар қамтылып отыр. Тек ақпараттық-насихаттық топтардың жұмысын одан әрмен жетілдіріп, ондағы мүшелердің білімі мен біліктілігін үздіксіз арттырған жөн. Аталмыш жиын – сол бағыттағы жүйелі жұмыстың бір парасы.

Семинарға онлайн режимде қатысқан дін саласының сарапшысы Дулат Жақиянов деструктивті діни ағымдардың нысаналы топтарымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қалай ұйымдастыру қажеттігі турасында мол мәлімет берді. Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мәдениеттану және дінтану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманәлиева экстремизм мен терроризмнің алдың алудағы діни білімнің рөлі жайында сөз қозғады. «Қазислам» интернет порталының үйлестірушісі Жарас Ақан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын әлеуметтік желілер мен сайттар арқылы жүргізудің әдіс-амалдары турасында мағлұмат ұсынды.

(Мақала облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді)

Осы айдарда

Back to top button