Журналистік зерттеу

Қақаған аяздың беті қашан қайтады?

Желтоқсанның 11-інде күшіне мінген аяз, міне аптадан артық уақыт әлі бәсеңдеген жоқ. «Қазгидрометтің» айтуынша, суық күндер енді бірнеше тәуліктерге созылады. Бұрын мұндай аяздар асықпай келетін. Желтоқсанның басында емес, қаңтарды орталап барып қари бастайтын. Биылғы аяз бұрынғы аяздардан өзгешелеу. Ауа райын болжау орталығы мамандарының сөзіне сенсек, бұл соңғы онжылдықтарда тіркелмеген жағдай.

Қақаған аяздың беті қашан қайтады?

–30 градус болса, «күн жылы» дейтін болдық

Алдымен үш айға жететін ақ қарды аямай төгіп-төгіп тастаған «кәрі құдамыз» енді аязымен буып-қысып әкетіп барады. Сынап бағанасы –30-ға түссе, «күн жылынды» деп күлімдейтін жағдайға жеттік, әйтпесе, термометрдің қызылы 40-тың ар жақ-бер жағын аралап жүр.

Облыстық метеостанциясының кезекші синоптигі Галина Сидорованың айтуынша, сақылдаған сары аяздар Сібір антициклонының әсерінен туып тұр. Антициклонның орталығы Батыс Сібір аумағы. Біздің облыстың солтүстік беткейінде термометр бағаналары –49-50-ге дейін жетіп отырған көрінеді. Әсіресе, Шемонайха ауданының ауа температурасы ерекше төмендеген. Бесқарағай ауданының Семьяр ауылында 14 желтоқсан күні –46 градусқа, Шар қаласында –47 градусқа жеткен. Өскемен қаласында ең төмен температура 13-ші желтоқсан күні тіркеліпті, термометр бағаналары –46-49 градусқа дейін төмендеген. Дәл осы уақыттағы мұндай температура тарихта 1944 жылы тіркелген.

– Соңғы он жыл көлемінде желтоқсан айының ортасында ауа температурасының дәл бұлай төмендеуі тіркелмеген болатын. Биыл табиғат-ана ерекше тосын мінез көрсетіп тұр. Әрине, біз ауа температурасын жариялағанда белгілі бір нүктеде көрсетілген градусты көрсетеміз. Сол жердегі тұманның буына, жер бедеріне, күннің тура түсуіне, тағы басқа себептерге байланысты ауа температурасы біз жариялағаннан да жоғары болуы мүмкін. Мысал үшін желтоқсанның 18-інен 19-ына қараған түнінде облыс аумағындағы ауа температурасы былайша төмендеді: Өскемен қаласы –41, Семей –40, Бесқарағай –45, Бородулиха –43, Шемонайха –45, Глубокое –39, Ұлан –45, Жарма –43, Абай –40, Аягөз –36, Зырян –46, Катонқарағай –31, Көкпекті –39, Күршім –39, Тарбағатай –31, Зайсан –32, Үржар –30, – дейді инженер-синоптик Галина Сидорова.

«Сонда күн қашан жылынады?» дейсіздер ғой. Ауа райы маманының айтуы бойынша, желтоқсанның 21-і күні аяздың адуыны қайтып, күн райының беті бері қарай бастайтын көрінеді. «Солтүстік циклоны» деп аталатын жылы дүние біздің аймаққа жайлап жылжып келе жатыр екен. Оның үстіне оңтүстік шығыстан жел тұрып, аязды айдап әкетуге көмектеседі. Ал желтоқсанның 22, 23, 24-і күндері аздап қар жауып, ауада бұрқасын тұрады. Күн райының тамырын басып, болжам жасап отырған мамандар осылай дейді. Айтпақшы, Жаңа жылда күн жылы болатын көрінеді.

Аяз аяқ қолдарды әкетіп жатыр

Аяз қысқаннан бері облыс орталығындағы жедел медициналық жәрдем беру ауруханасына үсік шалғандар шалғымен тартқан баудай болып түсіп жатыр. Әсіресе, травматология бөлімінде қауырт жұмыс. Палаталардың ішінде қол-аяқтарын аяздың азуына іліндіріп алған жандардың қарасы көп. Әсіресе, мереке күндері ішімдік салдарынан далада қалғандар орны толмас өкінішке қалып отыр. Үйіне от жақпай ұйықтап қалғандар, жолда қалғандар, тағы да басқа тағдырдың тәлкегіне ұрынғандар енді мәңгілік мүгедекке айналады.

Аурухана керуетінде жатқан Жансейіт Шайкин аяғын үсітіп алыпты. Ол Күршім ауданының бір жерінде (өзі білмейді) 7 ай бойы қамауда болып, тегін жұмыс істеген. Желтоқсанның 2-ісінде құлдықтан қашқан ол, не болса да тәуекелге бел буыпты.

– Таңғы сағат төртке таман қашып шықтым, нақты қай жер екенін білмеймін, әйтеуір Күршімдегі Ақсуат ауылының маңайы болуы керек. Қойынымда бір бөлке нан, 1,5 литр жанармай, екі қорап сіріңкем бар. Қанша уақыт жүргенімді білмеймін, мұзбен жүгіріп отырып балықшыларға кездестім. Түнде әйтеуір құдай оңдап алдымнан ит-құс кездескен жоқ. Балықшылар жолға шығарып, жолшыбай көліктердің біріне салып жіберді. Аяқкиімімнің біреуі жыртық болатын, оң аяғымның башпайлары үсіп кетіпті. Дәрігерлер әзірге ем-дом жүргізіп жатыр, үндемейді… Кешке аяғымды кесетін болуы керек, – деп қинала күрсінген Жансейіттің көздерінен жас ыршып кетті.

Соңғы екі-үш күнде бұл жерге әртүрлі дәрежедегі үсікпен бірнеше адам түскен, қазір денелеріндегі емдеуге келмейтін үсікпен 12 адам жатыр. Травматолог дәрігер Еркін Дүйсекиннің айтуынша, емделушілердің көбі тұрғылықты мекенжайы белгісіз жандар, яғни, бомждар.

– Үсікке шалынған аяқтың, қолдың ұштары, үсік дәрежесіне сәйкес кесіледі. Біз қазір ағза тканьдеріне жан бітіру үмітімен шама жеткенше жұмыс істеудеміз. Үсікке ұрынатындардың басым көпшілігі белгілі тұрағы жоқ қаңғыбастар мен маскүнемдер. Батыстағы дамыған елдерде аязды күндері арнайы топ құрылып, бомждарды іздеп жүріп, жинап алады. Қыстың суық күндерінде оларды оңалту орталықтарында уақытша ұстап, күн жылынған соң қайда барсаң, сонда бар деп жібере салады. Бұл – өте дұрыс, себебі, біз жыл сайын үсік шалған қаңғыбастардың қол-аяқтарын кесеміз, оның ем-домына қанша қаржы кететінін есептей беріңіз. Мүгедекке айналған олар өмір бойы Үкіметтің мойынына отырады. Бұл қаншама шығын. Жергілікті билік ол бейбақтарды осындай аязды күнде жинап алып, жылы жерде 2-3 ай ұстай тұрса, әлдеқайда арзанға түсер еді. Мен осы мәселені жыл сайын көтеріп келемін, бірақ құзырлы орындардан тырс еткен дыбыс естілмейді. Бізге қоғамға мүгедекті көбейте бергеннен келер пайда жоқ, керісінше қып-қызыл шығын. Жылда қайталанатыны осы көрініс. Айтып келемін, айта беремін де. Осында оңалту орталықтары бар емес пе, неге қыстың басында қоқыс жәшігінің маңайында жүргендерді жинап алмасқа? Ол тым қиын шаруа емес қой, – дейді травматолог дәрігер Еркін Дүйсекин.

Құтқарушылар да қарап отырған жоқ

Аязға қарамай артынып-тартынып жолға шығып кететіндер де жол құрсауының тұтқындарына айналып жатыр. «Күн аяз» деп ауладағы мектепке балаларын жібермеген ата-аналардың автокөлікке мініп, ауылға аттанып кететіндері қызық. Аягөз ауданынан 60 шақырым қашықтықта жол шетіне шығып кеткен жеңіл көлікте екі бала болған. Сақылдаған сары аяздың аранынан жолда қалған көліктегі балаларды Аягөз аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары құтқарып алды.

Тарбағатай ауданының Шетбоғас учаскесінде Алматыдан келе жатқан автобус тоқтап қалған. Қатты аяздың әсерінен көлік істен шығып, құтқарушылар келгенше 42 адам жол тұтқыны болды. Жергілікті төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары жолаушыларды Ақсуат ауылына жеткізген, бұл автобуста да екі бала болған.

Облыс орталығында аяздың алғашқы күні 54 автобус рейске шықпаса, кей күндері 100 автобусқа дейін қаңтарылып тұрған. Аяз күннен-күнге күшейген сайын бұл көрсеткіш тағы да көбеюі мүмкін.

Өскемен қалалық жолаушыларды тасымалдау орталығының бастығы Владимир Панковтың айтуынша, мәселенің бәрі қақаған аяздарға төтеп бере алатын дизель отынының жоқтығында екен.

– Дизель отыны жазғы және қысқы болып екіге бөлінеді. Қысқының өзі –30 градуста қоймалжыңға айналып, двигательдерді бітеп тастайды. Оның үстіне қазір дизель отынының 1 литрінің бағасы 150 теңгеге шарықтап кетті. Ал бізде оны сатып алу бағасы литріне 90 теңгеден деп бекітілген, – дейді Владимир Панков.

Қысқасы, Алтайды аяз қысып тұр. Күні-түні қайтпаған суық тұрғын үйлердің қабырғаларына бойлай еніп барады. Соның есебінен тұрғындар электр пештерін қосуға мәжбүр. Осының әсерінен электр қуатын тұтыну мөлшері 20 пайызға артып, электр желілеріне артық жүктеме түсіп отыр.

Синоптиктердің болжамына сәйкес 21 желтоқсаннан бастап күн жылынуы керек. Қалың көпшілік бұл күнді заманның ақырына теліп, түрлі аңыздар айтып жүргені жасырын емес. Біз бұл күні заманның ақырына емес, аяздың ақырына жетсек деген тілектеміз.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button