Тылсым дүние

Жоқ жерден пайда болған өзен

Өткен ғасырдың бас кезінде Ұландағы Тарғын болысында Наурызбай есімді ғұлама молда өмір сүрген. «Наурызбай жеті жыл Бұхарадан оқып келген» деп отыратын оны көзімен көргендер.

Жоқ жерден пайда болған өзенМенің әкемнің немере ағасы Баймұханбет Тоғызов Науан молданы жақсы білген адамдардың бірі екен. Қазақша-орысша бірдей сауатты сол атамызды ұландықтар Монтай Тоғызов деп білді. Бала күнімде Монтай атам Наурызбай туралы небір әңгімелер айтып отырушы еді.

– Бір жылы жазда демалыс алып, Қарқаралыдан елге келдім. Біздің ауыл жылдағыдай Сандықтас жайлауына шығып кеткен екен. Бірер күннен кейін жайлауға қасында бір-екі жолдасы бар Наурызбай молда келді. Кешкілік төбе басында әңгіме-дүкен құрып отырғанымызда ауылдың азаматтары Наурызбайға бір өнерін көрсетуді сұрап қолқа салды. Ол біраз үнсіз отырғаннан кейін: «Әй, Монтеке-ай, сен де тақымдап болмадың ғой, ендеше екі көздерің анау келіншекте болсын» деді.

Ауылдың бір келіншегі бізге қымыз әкеле жатқанын көріп отырғанбыз. Бір кезде келіншек біраз жүріп келді де, отыра қалып, аяқ киімін шеше бастады. Содан кейін торсық пен ыдыс-аяқ салған дорбасын бір қолтығына, аяқ киімін екінші қолтығына қысты да, көйлегінің етегін көтеріп алып, судан өткен адамдай біраз жүріп барып тоқтады. Содан соң көк шөптің үстіне отыра қалып, аяқ киімін қайта киді де, жердегі нәрселерін көтеріп алып, біз отырған төбені бетке алды.

Тіл-аузымыз байланып қалғандай, аң-таң күйде біз отырмыз. Келіншек келген бойда алдымызға дастарқан жайып жіберіп, қымыз сапыра бастады. Алғашқы тостағанды ішіміздегі ең үлкеніміз молдаға ұсынды. Ол тостағанды қолына алып жатып:

– Қарағым, өзеннің суы суық па екен? – деп келіншектің бетіне тіке қарады.

– Астында кесек тастар көп екен, әрең өттім емес пе, – деді келіншек ештеңе болмағандай төмен қараған қалпы.

– Қайтарыңда жаңағы жерден сәл төменірек жүрсең, тасқа ұрынбайсың, – деп Наурызбай да қаннен-қаперсіз тіл қатып, тостаған толы қымызды бір демде сіміре салды. Жаңағы көріністен кейін біздің ес-ақылымыз шығып кетті, не ішіп, не қойғанымызды білмей, ара-тұра ұрлана төменге көз тастап қоямыз, ешқандай өзен жоқ. Наурызбай молда да жайбарақат отыр.

Сәлден кейін қымызшы келіншек ыдыс-аяғын жинап алып, келген ізімен кері қайтты. Ол етекке түскен бойда манағы әрекетін тағы қайталады. Бірақ, бұл жолы кібіртіктемей, жұмбақ өзеннен тез өте шықты.

Наурызбай молда сиқыршы деп естігенім болмаса, оның мұндай өнерін бұған дейін сірә көрмеген едім. Ал Монтай атамның Наурызбай туралы басқа да әңгімелерін есейген кезімде де сан мәрте тыңдадым.

«Наурызбай молда ерекше қасиет қонған адам болатын. Бірақ, көз байлайтын сиқыршылығын албаты көрсете бермейтін, өте сақтықпен және өзі қапысыз сенген адамдардың алдында ғана көрсететін» деп отырушы еді жарықтық.

Мұрат Әміренов

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button