Тылсым дүние

Жүрегі тарсылдап кеткендей болды

Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

 Таңертең  оянғанында бүгін жұма екені есіне түсті. «Түсте Зылиханың үйіне жұма шайға бару керек» деп ойлады іштей.

Қайғыдан қан жұтып отырған шығар. Азамат болған ұлынан айырылу кімге оңай дейсің.  Өзі де келісті жігіт еді! Көз тиді ме, сөз тиді ме, кім білсін! Ажал деген аяқ астынан. Кәрі өле ме, жас кете ме, бәрі де бір Алланың қолында. Өткенде  аяқ астынан жүрек талмасынан қайтыс болды. Обал-ақ!  Болашағы алда еді ғой. Өзі үйленіп те үлгермеді.  Зылиханың күні енді не болады? Үміт күткен кенже ұлдан айырылу оған оңай тимегені анық.

Түске таяу  Зылиханың үйіне жиналып жатқанында арғы бөлмеден  алты жастағы немересі «Апа-ау, мен де барайыншы» деген қиыла қарап. «Қой, сен неменеге барасың? Той емес қой» деген алдымен. «Апа-ау, үйден ішім пысты. Барайыншы» деді немересі тағы да. Көңілін қимады. Барса, барсыншы деп ойлады іштей. Үлкендердің әңгімесін тыңдап, құлағына құя берсін. Баяғыда өзін де марқұм әжесі жанынан тастамайтын. Дап-дардай  қып бірге ертіп жүретін.

Мұның келгеніне Зылиха қуанып қалды. Немересінің бетінен сүйіп жатыр. Жұма шайға жиналған адам аса көп емес. Дастархан басында өмірден өткен боздақтың аруағына бағыштап құран оқылды.  Немересі үлкендермен біраз отырып, қарнын тойдырып алғаннан кейін дастархан басынан тұрып кетті. Көрші бөлмеге кіріп, домбыра шертіп отырғанын естіді.

Негізі немересінің өнерге қабілеті бар. «Маған домбыра әпер» деп әке-шешесінің құлақ етін жеп жүргеніне де біраз болды.

Немересінің домбыраны тыңқылдатып отырғанын Зылиханың да құлағы шалса керек.

–Айбатырдың домбырасы ғой, – деді. – Кейде кешкісін жұмыстан келгеннен кейін осы домбыраны шертіп, демалып отырушы еді, қарғам!

Дастархан басында отырғандар бір сәт үнсіз қалған.

Жұма шайынан соң, үйге қайтып келе жатып немересі бұған әңгімесін айтты.

–Апа, мен домбыра тарттым ғой…

– Иә, естідім.

– Ана аға жақсы екен, маған домбыраны қалай шерту керек екенін үйретті… Ертең осы үйге тағы келсек қайтеді?

– Қайдағы аға? Ол үйде ешқандай аға болған жоқ қой…

– Болды ғой. Екеуміз сөйлестік, ол маған домбыра шертуді үйретті…

– Қой, балам, ол үйде ешқандай аға болған жоқ…

– Болды, апа! Атым Айбатыр деді…

– Айбатыр деді ме?

– Иә…

Немересінің айтқанына не сенерін, не сенбесін білмей орта жолда тұрып қалған. О дүниелік болған жігіт мұның немересіне қалайша домбыра үйретеді? Ол жігіттің есімінің Айбатыр екенін немересі қайдан біледі? Мына жерде мұның миы жетпейтін бірнәрсе бар. Немересінің жүзіне қараса, ешқандай да өтірік айтып тұрған адамға ұқсамайды.

–Сосын… сосын… Тоқтай тұршы… Айбатыр саған тағы не айтты? – деді немересін өзіне қаратып.

–Талабың таудай екен … Сенен жақсы домбырашы шығады деді… Маған домбыра алып берші, апа!

Тағы да немересінің жүзіне анықтап қараған. Ол өтірік айтып тұрған жоқ. Тіпті ол өтірік дегеннің не екенін де әлі білмейді. Бала деген періште ғой. Айбатырды көрсе, көрген де шығар…

Сонда қалай Айбатырдың аруағы әлі көкке ұшып кете алмай жүр ме?  Осы ой басына келгені сол, жүрегі тарсылдап кеткендей болды…

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button