Интернаттағы елес
Қыстың ызғарлы күндерінде мектептен шыға сала интернатқа асығатынбыз. Ойын баласымыз, кеш батысымен алыса-жұлыса кететінбіз. Тәрбиешілер қанша ескертіп, ұрсып жатса да айтқанды тыңдамай бір сәтке ғана басылып, апай кетісімен қайта бастайтынбыз. Өзім тыныштықты жаным сүйсе де, кей кезде осы шуыл басылмаса екен деп тілейтінмін, себебі бөлмеңде жалғыз қалып немесе түнде дәлізбен жүргенде қандай да бір артыңнан қарап тұрған көзқарас сезілетін.
Сағат таңғы бес. Бұл жолы асханада емес. бөлмемде болатынмын. Кітап оқып жатып көзім ілініп кетіпті. Бір уақытта бөлмедегі айғай-шудан оянып кеттім. Кім екен деп қарайын десем, аяқ-қолымда жан жоқ. Тегі бастырылып жатқан шығармын деп денемді қозғалтып, оянуға тырыстым. Біраздан кейін бөлмедегі шу сап тиылып, бөлмеге біреудің кіргені естілді. Әлгі адам менің төсегіме қарай жақындады, аяғының басқан дыбыстарын естіп жатырмын, бірақ қозғалып түрін көре алар емеспін. Бір кезде қадам баяулап, ақырындап келіп төсекке шықты. Барлығы анық естіледі, бірақ ештеңе көрінер емес. Еңбектеп суық қолдарымен арқамды ұстап, үстіме шықты. Осы кезде денемнен мұздай тер бұрқ ете қалды. Бастырылу кезінде барлығын сезесің, әрине, бірақ мұндайды алғаш көруім. Екі бетіммен жатырмын, көзімді де аша алмаймын. Арқамда әлгі адам біраз отырды, бір сәтте құлағыма тақап келді де арабша сөздер айта бастады, бұл мені одан әрі түршіктірді. Дауысын естіп жатып оның қыз екенін түсіндім. Құлағыма сыбырлап біраз сөйледі де, сықылықтаған күлкімен бөлмеден жүгіріп шығып кетті. Осы кезде денеме жан бітіп, әрең тыныстай ояндым.
Бірақ мұның қарапайым бастырылу емес екенін анық білдім, білгенмен де ешкім сенгісі келмейтін құбылысты басқаларға түсіндіріп, өтірікші атанғым келмеді. Келесі түні тағы да айғайлаған дауыстар естілді, бұл жолы түсім шығар деп ұйықтай бердім. Ертесіне барлығымыз таңғы асқа жиналғанда балалар көрші бөлмедегі, менің қабырғамның арғы жағында жататын ағай туралы айтып отыр екен. «Түндегі айғайы зәремізді алды, шошығаннан не істерімізді білмей де қалдық» деді екінші ауысымдағы тәрбиеші. Сөйтсек, ол кісі де түнде бастырылғанын, бірақ оған ұқсамайтын басқаша құбылыс болғанын айтқан екен.
Бұл тылсым бастырылу іспеттес құбылыстың бастамасы ғана еді. Себебі алдағы жеті күн бойы интернат оқушыларының түгелдей дерлігі осы күйді кешіп шықты. Бір күні кешке жасы үлкен тәрбиеші апайымыз барлығымызды асханаға жинап, бір әңгіме айтпақшы болды. Кешкі шайдың да уақыты жақындап қалған, бәріміз жұмыстарымызды тастай сала үйіліп отыра кеттік.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын, алғаш осы интернатқа орналасқан кезім, бірінші қабатпен көтерілетін сатыға қарама-қарсы бөлмеде жатқан болатынмын, сағат түнгі екі-үш шамасы. Астыңғы есікті ашқан күзетшінің үстіңгі қабатқа шығып келе жатқанынан оянып кеттім. Басымды көтере-көтерместен «Аға, сіз бе? Түнделетіп не істеп жүрсіз?» дей бергенімше болған жоқ үстіңгі қабатқа ақ көйлек киіп, шашын жайып жіберген қыздың көтеріліп келе жатқанын көрдім. Өңім бе, әлде түсім бе деп қарап жатырмын, мүмкін түс шығар деп жата бергенде әлгі қыз есіктен бері өтіп, бөлмеме кіріп келді. Ақырын қозғала төсегімнің бас жағына кеп, мұздай суық, өткір көздерімен маған тесіле қарап тұрды. Қорыққанымнан тұруға да шамам келмей, тілімді кәлимаға келтіре беріппін. Бір сәтте әлгі қыз маған бір қарады да бөлмемнен шығып, астына түсіп кетті. Есімді жинар-жинамастан атып тұрып не істерімді білмедім. Таң атқанша ұйықтамадым. Адамдардан сұрастырсақ, бұл интернатты салу барысында құрылысшылардың адам сүйегін тапқанын естідік. Сүйек қыз балаға тиесілі екен. Бәлкім, сол қыздың рухы бізге тыныштық бермеген шығар. Қорықпай, өздеріңді дұрыс ұстағандарың жөн, – деп әңгімесін аяқтады.
Берік Сәрсеков,
Қазақ-Американ еркін университетінің студенті