КӨРІПКЕЛДІК АҢЫЗ БА, АҚИҚАТ ПА?
Серік ҚҰСАНБАЕВ
Жаратушы иеміздің адамзат баласының бойына берген күллі қасиеттерін санамалап шығу, әй, мүмкін емес-ау?! Егер де бір ғана спорттың түр-түрінен әлемге әйгілі болған спорт саңлақтарының көрсеткен рекордтарынан бастап, сан-салалы ғылым мен білімнің бас айналдырарлық жетістіктері, жүздеген өнер түрі мен бір-біріне мүлдем ұқсамайтын әлемдік әдебиет, адам айтса нанғысыз ғажайыптарға толы емшілік пен бақсылық, жер басып жүрген қаншама ұлт болса, соншама ұлтқа дарыған ақындық пен батырлық, көсемдік пен шешендік деп санамалай берсек, жуық арада санына жетуіміз неғайбыл.
Жекелеген адамдардың бойында болатын сондай ерекше қасиеттердің бірі – көріпкелдік. Көріпкелдікке еш күмән-күдіксіз иланып, айрандай ұйып сенетіндер де, керісінше «Бұлар көзбояушы алаяқтар. Аллаға серік қосушы күнәһарлар» деп жерден алып, жерге салатындар да бар.
Оларға көріпкелдердің айтқан болжамдарына илан деп те, иланба деп те айтуға біздің хақымыз жоқ. Себебі, болашақты қолмен қойғандай, көзбен көргендей етіп болжап бере алатын көріпкел адамдардың айтқандарына сену де, сенбеу де кез келген адамның өз құзырындағы шаруа.
Шыңғыс хан да көріпкелге жүгінген
Алайда осы құзырлы адамдар өздері іздеп барған көріпкелдің көріпкелдік қасиетінің шынайы, иә болмаса жасанды екендігіне жүз пайыз көз жеткізе ала ма?
Міне, мәселенің ең бастысы да осы болса керек?! Олай дейтініміз, кез келген көріпкелдің немесе құмалақшы мен емші-домшы, бақсы-балгердің бірінші қаруы – тіл. Ал тілде сүйек жоқ екендігін басқа білмесе де, қазақ жақсы біледі.
Біз айтып отырған «қасиетті» адамдардың алдына өмірінде бір рет болсын барғандар мұны жақсы біледі. Олар айдаладағы әлдебір жындармен бе болмаса баяғыда сүйегі қурап қалған ата-бабаларымен бе тіпті кейде жаратушы Алла тағаланың өзімен тікелей байланысқа шығып ап, көзі алақтап, тілі салақтап бұрқ-сарқ етіп сөйлеп кеткенде, қасында жайбарақат отыру мүмкін емес. Өне бойыңды қай-қайдағы бір үрей билеп, денең бір ысынып, бір суынып, көз алдыңа қайдағы-жайдағы қорқынышты құбылыстар мен құбыжықтар елестеп, есің бір кіріп, бір шығып, құлағың бірді естісе, бірді естімей, қысқасы, зәрең зәр түбіне кетіп қалады.
Былай шыға бере әлгі көріпкелдің дегендеріне сенер-сенбесіңді білмей, екіұдай күй кешесің. Себебі, «жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей оның сен туралы айтқан жақсы сөздері жаныңа майдай жағады. Соған кәдімгідей иланып, «Айтқаны келсе екен!» деп тілейсің.
Білетіндердің айтуынша, бүгінгі жасанды көріпкелдер алдына келген адамдарға (клиенттеріне) көбінесе біржақты, құлаққа жағымды естілетін: «Болашақта қадамдарың сәтті болайын деп тұр. Сенің ертеңіңнен жарқын күндерді көріп отырмын. Мол ақша, қымбат көлік, зәулім үй көрініп тұр» дегенге саятын өтірік-шыны аралас, үміті басым болжамдар жасайтын көрінеді. Ондағы ойлары жүрген жерінде, «Осындай да осындай, көріпкел бар екен! Айтқаны айдай келеді екен. Маған алай деді, бұлай деді!» деп айта жүрсе, естіген аңқау халық қызығушылық тудырып, келетіндердің саны арта түсері сөзсіз ғой…
Бұларды – бұрынғы шынайы көріпкелдердің образына еніп ап, аңқау елді алдап, мал тауып жүрген бүгінгінің алаяқ-көріпкелдері демеске лажыңыз жоқ. Бір қызығы біздің елде мұндай алаяқтарға от та жоқ, сот та жоқ. Базарға барсаң базарда, вокзалға барсаң вокзалда, отырып алады да өз шаруаларын дөңгелете береді. Айтқандары келе ме, келмей ме, онда шаруаң болмасын. Ең бастысы – ақысын төлеуің керек. Жаныңда ақшаң болмаса «Каспий голды» бар.
Бұрынғы шынайы көріпкелдер демекші, тарихқа үңілсек өз заманында тұлпарының дүбірімен, қылышының жүзімен, әскерінің құмырсқадай көптігімен жердің жүзін тітіренткен Шыңғыс ханның да қасында көріпкел, бақсы-балгерлері болған көрінеді. Олардың бүгінгі көріпкелдерден айырмашылығы өтірік көлгірси алмайтын. Олардың айтқан болжамдары келмесе, басқа емес, тура иығындағы басы кететін. Сондықтан ондай адамдар өз-өзін көріпкелмін деп көпке жарияламас бұрын он ойланып, жүз толғанатын.
Ұлы қаған қасындағы көріпкелдің болжамы арқылы болашақта қандай шайқастардың қай жерлерде өтетіндігін және алда болатын ұрыста қандай соғыс тактикасын қолдану керектігін ақылдасып отырған көрінеді. Мұндай мысалдарды тарихтан мыңдап келтіруге болады. Әсіресе, соңғы жылдары көгілдір экраннан көрсетіліп жүрген кәріс пен қытайдың, түріктің тарихи көркем фильмдерінде ел басшыларының көріпкел-сәуегейлер мен балшылардың көмегіне жүгінетіндіктерін көптеп байқауға болады. Сондықтан көріпкелдер мүлдем жоқ деп кесіп айтуға болмас. Олар сонау ықылым замандарда да болған, қазіргі күні де бар және болашақта да бола беретіндігі сөзсіз.
Ванга апамыз қаңтарды да болжапты
Айталық, әлемге аты мәшһүр болған француз дәрігері, сәуегей – жұлдызшы Мишель де Нострадамус (1503-1566) өз заманында жұлдыздар кестесін жасап, адамдардың, жер бетіндегі мемлекеттердің тағдырын болжап біліп отырған. Осы сала білгірлерінің айтуына қарағанда оның осыдан алты ғасыр бұрын болжап кеткен болжамының 80 пайыздан астамы дәл келуде екен.
Ал болгариялық Ванга (1911-1996) көріпкелдің де, шыққан тегі польшалық Вольф Мессингтің (1889-1974) де бір кездері айтып кеткен қайсыбір әлемдік деңгейдегі айтулы өзгерістер мен табиғи апаттардың, Кеңес одағының өз-өзінен күйреп, ыдырауы, ана жер, мына жерлердегі қарулы қақтығыстар, жекелеген тұлғалардың болашақ тағдыры секілді болжауларының басым бөлігінің осы күнге дейін айна қатесіз дәл келгендігіне әлем халқы куә.
Кезінде қылышынан қан тамған, қаншама елдің көз жасына қалып, жауыз атанған И.Сталиннің өзі Мессингтен Кеңес одағының болашағын болжап беруді талап еткен көрінеді. Неміс басқыншылары мен Кеңес одағының арасында бес жылға созылған екінші дүниежүзілік соғыстың қашан және кімнің жеңісімен аяқталатындығын болжап берген де сол көріпкел Мессинг екен. Бұл, соғыстың алғашқы жылдары болса керек. Кейін, араға үш-төрт жыл салып Кеңес одағы шынымен де жеңіске жеткенінде көріпкелдің болжамына риза болған И.Сталин Мессингке Мәскеудің қақ ортасынан пәтер бергізген көрінеді.
Болгариялық Ванга көріпкел жайлы да деректі-дерексіз аңызға бергісіз ұзақ сонар әңгімелеуге болады. Айтушылардың баянына қарағанда, Кеңес одағының тұсындағы бірқатар лауазымды тұлға (олардың арасында сол кездегі КСРО-ның бірінші хатшысы М.Горбачев пен Н.Назарбаев т.б. бар дейді) былайғы жұрттан жасырынып көріпкелге баратын көрінеді.
Қазір әлеуметтік желілерде небір жазғыштар пайда болды ғой. Солар былайғы аңқау жұртты дүрліктіріп, «Ванга бір кездері алай депті, Ванга былай деп кетіпті» деп сүйегі баяғыда қурап қалған көріпкел кемпірге айтпағанды айтқызып, соның аузымен болмағанды болғызып құлағын шуылдатып жатады.
Абай жарықтық «Қазақтың өзінен де тілі ұзын» демекші, тіпті қызды-қыздымен қайсыбір жазғышбектер: «2019 жылғы Қ.Тоқаевтың билікке келетіндігін де, сол жылы Арыста бүткіл бір қару-жарақ қоймасының жарылып, 2022 жылдың қаңтарында қан төгілетіндігіне дейін Ванга шешей алдын ала болжап кеткен!» деп соғып жүр.
Бұған күлесің бе, жылайсың ба?!
Айтқаны айдай келген Мөңке бабам
Енді өзімізге келсек, қазақта да небір болашақты болжаушылар, көріпкелдер, емшілер көп болған. Олардың қатарына бұдан мыңдаған жыл бұрын ғұмыр кешкен Мөңке би бабамызды, 18 ғасырда өмір сүрген Абылай ханның бас батыры Қабанбай батырды, Райымбек батырды, сонау Маңғыстауда жатқан пір Бекет атаны және басқаларды көптеп келтіруге болады.
Алшын батырдың арғы атасы Мөңке би асқан әулие, көреген, алдын ала бірнеше жүздеген жыл бұрын болатын оқиғалар мен заман әлпетін болжап білетін текті кісі болған екен.
17-18 ғасырларда өмір сүрген Мөңке бидің жыр жолдарымен жасап кеткен болжамының осы заманға айна қатесіз дөп келуі де, жайдан-жай айта салған сөз емес секілді.
«Сонда Мөңке бабамыз не депті?» дейсіз ғой.
Кезінде Мөңке би келешек туралы былай деп болжаған екен. Болжау әжептәуір ұзағырақ болғасын ықшамдап алдық.
«Кер заманның кезінде: –
Адамның жақсысы кетіп, жаманы қалар,
Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,
Сөйтіп, ақылы жоқ санасыздың заманы болар.
Кер заманның кезінде: –
Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады,
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Кер заманның кезінде су тартылар,
Тана мен торпаққа жүк артылар,
Ар-ұяттың бәрінен жұрдай болып,
Қарап тұрған жігітке қыз артылар.
Түзелуі қиын болар!…» деп кете береді.
Кете бергенде, жай әшейін «анау болады, мынау болады» деп не болса, соны термелей бермейді. Сөз ұғатын адамға бүгінгі заманның әлпетін қолмен қойғандай етіп тізбелеп шыққан. Нанбасаңыз Мөңке бидің айтқан болжамы деп интернеттен іздесеңіз толық нұсқасын оқи аласыз.
Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде Мәшһүр Жүсіп Көпеев (1858-1931) айтыпты деген құлаққа жағымды, жүрекке жылы бір болжамдар өріп жүр. Бұл болжамның құлаққа жағымды болатын себебі көріпкел атамыз: «Қазақ халқын 70 жыл құдайсыздар билейді. Одан 30 жыл ұры-қары, обырлар мен жебірлер елді тонайды. Сонан кейін барып қазақ халқы үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман туады. Билік тізгінін елге жаны ашитын азамат алып, елдің әл-ауқаты жақсарады» депті-мыс.
Мәшекең дәл осындай болжам айтты ма, жоқ әлде бұл 30 жылғы жалған уәдеге, жасанды сайлаулар мен сыбайлас жемқорлыққа әбден тойып, мезі болған әлдекімдердің қиялынан туған болжам ба? Оны енді бір Құдай ғана білетін шығар.
Тіпті қиял болғанның өзінде, мұны неге жақсылыққа жорымасқа?! Қазақ мұндайда «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Көріпкел атамыздың айтқаны айдай келіп, еліміз бай-қуатты боп жатса несі жаман? Мың өліп, мың тіріліп жүріп қолы жеткен халқымыздың тәуелсіздікті алғандағы басты арманы да сол емес пе еді?
Ендеше Мәшһүр Жүсіп атамыздың айтқаны келіп, аңыз боп жүрген болжамы тезірек ақиқатқа айналсын.
Еліміз бай-қуатты болсын!
Ал көріпкелге сену-сенбеу өз еркіңізде…