Денсаулық сақтау

Жедел жәрдем шақырдыңыз ба?

Жедел жәрдем шақырдыңыз ба?


Елімізде жедел жәрдем қызметін түбегейлі қайта құру қолға алынғаны белгілі. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл жүйе тұрғындарға жаңаша қызмет көрсетуге тиіс. Бұл реформаға Өскемен қалалық жедел жәрдем стансасы дайын ба? Қандай әзірлік жұмыстары жүріп жатыр? Тұтынушыларды қандай өзгерістер күтіп тұр? Біз Өскемен қалалық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Марат Ластаевтың осы сауалдар төңірегіндегі пікірін білген едік.
Науқастарға ат шанамен қатынаған

Өскемендіктерге алғаш рет жедел дәрігерлік жәрдем қызметі өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының аяғында, бір пункттің аясында көрсетіле бастапты. Ол кезде бір фельдшер мен бір санитар науқастарға ат шанамен қатынаған екен. Қалада тек 1950 жылы ғана жедел жәрдем стансасы ашылып, оған бір «ЗиМ», екі «Шкода» көлігі бөлінген.

Қазір дәрігердің көмегіне қалалықтар мен маңайдағы елді мекендердің тұрғындарына күн сайын 32 жедел жәрдем көлігі көмекке асығады. Бұл, әрине, елуінші жылдармен салыстырғанда тәуір, десек те олардың 80-90 пайызы әбден ескірген көліктер.

-Облыс әкімі стансаның жағдайымен танысқан кезде көліктердің тозығы жеткенін көріп, оларды жаңалауға 398 млн. теңге қаржы бөлгізген болатын. Жыл аяғына дейін стансаға 11 жаңа «Фольксваген» көлігі, екі «мерседес» реанимобилі берілуге тиіс, – дейді Өскемен қалалық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Марат Ластаев. – Сонымен қатар 1952 жылы бой көтерген гараж ғимараты да ескірген, облыс басшылығы оны да жаңалауға уәде берген-ді. Қазір барлық жобалау-сметалық құжаттар толықтай әзірленіп, облыстық құрылыс басқармасы тендер өткізді. Келесі жылдан бастап гараждың құрылысы басталады деп отырмыз.

Жедел жәрдем қызметі орталықтандырылады

Бас дәрігердің айтуына қарағанда, денсаулық сақтау министрінің 2017 жылдың 3 шілдесіндегі №450 бұйрығы бойынша еліміздің жедел жәрдем қызметі біраз өзгерістерге ұшырайды. Ең алдымен облыс орталықтарында облыстық жедел жәрдем стансасы ашылып, оның құрамына аудандардағы стансалар мен санитарлық авиация қызметі де өтуге тиіс. Немесе қалалық стансаға облыстық мәртебе беру үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының қаулысы, облыс әкімінің шешімі болу керек. Одан кейін осы облыстық стансаға аудандардың барлығы қосылып, бірыңғай бағдарламамен жұмыс істейтін болады. Көліктердің барлығы GPS навигаторымен қамтамасыз етіледі. Шақыртулар облыс бойынша орталықтандырылған «103» нөмірі арқылы қабылданбақ. Түскен шақыртуларға жедел жәрдемнің барған-бармағаны бірыңғай Сall-орталық арқылы қадағаланып отырады. Бұдан басқа барлық көліктер орталықтандырылған жөндеу базасында жөнделуі керек. Дәрі-дәрмекпен де бір жерден қамтамасыз ету көзделген.

Жедел жәрдем шақырдыңыз ба?

-Алайда бұл талаптардың барлығы көлемі үлкен біздің облыс үшін жарамайды. Облыс орталығынан Үржар, Абай сияқты аудандардың шалғай ауылдарына дейін 600-700 шақырым жер. Елді мекендердің арасы тым ұзақ. Сонау жақтан дәрі-дәрмек үшін Өскеменге келу немесе көлікті жөндеуге әкелу тиімсіз. Чондай-ақ біздің облыста екі үлкен қала орналасқан. Өскемен мен Семейдің әрқайсысында 300 мыңнан астам тұрғын бар. Жаңа жүйені радиусы 250 шақырым шағын облыстар үшін қолдануға болар. Оның үстіне, ондай аймақтарда бір ғана облыс орталығынан басқа үлкен қала жоқ. Бұл мәселелердің қалай шешілетіні әзірге белгісіз. Қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы тиімді жолдарды қарастыруда, – деген түсініктеме берді Марат Ластаев.

Емханаларда шұғыл көмек кімге көрсетіледі?

Жедел жәрдем қызметі жаңаша құрылады дегелі ел арасында алаңдаушылық пайда болды. Тұрғындарды мазалайтын басты мәселе – енді жедел жәрдемнің тек 1-3 категориялы шұғыл дәрігерлік көмекті қажетсінетін науқастарға ғана келуі.

Жалпы, науқастарға категория бойынша қызмет көрсету жаңалық емес. Бізде бұл тәжірибе бес-алты жылдан бері қолданылып келеді. Түскен шақыртулар алты категорияға бөлінеді. Алғашқы үш категорияға жататындарға жедел жәрдем 10-30 минут аралығында жетеді. Қалған үш категорияға, бұл негізінен созылмалы дерттері қозған пациенттер, емханалардағы учаскелік терапевтер баратын. Жедел жәрдем станциясының диспетчерлері науқасқа қайта телефон шалып, терапевтің келген-келмегенін анықтайды. Бармай жатса, өз бригадасын жіберетін.

Марат Сейтқамзаұлының сөзіне қарағанда, қоңырауларды категорияға бөлуде қателік кетпес үшін екі жылдан бері диспетчерлердің қасында аға дәрігер бар. Науқастың жағдайын осы қызметкер болжайды.

Әрине, қателіктер болуы мүмкін. Бұл – адами фактор. Алайда жұмысты осылайша ұйымдастыру бізге жедел жәрдемді шын қажетсінетін науқастарға жолдауға мүмкіндік бермек. Өйткені шақыртулардың 60 пайызы созылмалы дертпен ауыратындардан түседі.

-Енетін өзгеріс – енді соңғы үш категория біріктіріліп, төртінші санат болады, – дейді бас дәрігер. – Оларға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында барлық емханаларда тәулік бойы жұмыс істейтін шұғыл көмек бөлімі ашылуы тиіс. Қазір дәрігерлер науқастарға жаяу-жалпы барып жүрсе, жаңа жүйе емханалардың барлығында өз көлігі болуын талап етеді. Шақыртуларға шығатын фельдшер мен санитардан тұратын бригада жасақталуы тиіс. Алайда, меніңше, аудандардағы шағын емханаларда шұғыл көмек қызметін ұйымдастыру өте тиімсіз. Қызметтің бұл түрін үлкен қалаларда ғана қалдыру қажет. Біз өз пікірлерімізді салалық министрлікке де жолдаған болатынбыз. Жуықта «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен жиында да ашық айттым. Қалай шешілерін уақыт көрсетер.

Санавиация қызметін жедел жәрдем стансасына қосу да оңай мәселе емес екен. Қазір санавиация қызметі облыстық аурухананың құрамында. Бригадасы сол жердің хирург, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, басқа да дәрігерлерінен жасақталған. Олар шақыртумен шығып, барған жерінде шұғыл операция да жасайды. -Ал біздің ондай мүмкіндігіміз жоқ. Біздің дәрігерлеріміз операция жасамайды. Мамандарымыз ауыр науқастарға реанимациялық көмек жасап, тезірек ауруханаға жеткізуге тырысады, – дейді басшы.

Бас дәрігер бұл өзгерістердің барлығы көптеген қаражатты талап ететінін, қазір оңтайлы шешімдер қарастырылып жатқанын жеткізді.
Мамандарды даярлау қолға алынған

Жедел жәрдем шақырдыңыз ба?

Биылғы желтоқсан айына дейін Өскемен қаласындағы медициналық колледжде фельдшерлерді, келер жылдың шілдесіне дейін Семейдегі медициналық университетте дәрігерлердің барлығын оқыту жоспарланған. Дәрігерлер базалық реанимация, кеңейтілген өкпе реанимациясы, педиатрия және басқа да дағдылар бойынша білімдерін жетілдіруде. Астанадан арнайы шақыртылған мамандар қауіпсіз жүргізу курстарынан өткізіп, жедел жәрдем қызметінің 119 көлік жүргізушісі сертификат алып шыққан.

Тұрғындардан жедел жәрдемнің кешігіп жететіні туралы шағымдар түсіп жататыны рас. Марат Ластаев Глубокое ауданына қарасты Опытное поле, Ушанов, Степное, Каменный карьер елді мекендерінің барлығын қамтуға мәжбүр екендерін айтады. Өйткені бұл жерлерге ауданнан жете алмайды. Ал мына жақта, Меновное ауылдық округі, Самсоновка, Тройницкое елді мекендері, Шығыс ауылы қаланың аумағына кіреді.

– Жедел жәрдем бригадаларының қызметін жақсарту, науқастарға тезірек жетуін қамтамасыз ету мақсатында облыс орталығының әр ауданынан постар ашылып жатыр. Мысалы, Жібек маталар комбинаты ықшам ауданында он көлік, Согра кентінде бір көлігі бар пост жұмыс істейді. Алдағы уақытта әуежай ауданынан, Буров немесе Новаторлар көшелерінің бірінде қосымша бекет ашсақ деген жоспар бар.

-Қазір бізге қолдануға ғимараттар ұсынылып отыр, бірақ әлі барып көрген жоқпыз. Біздің талаптарымызға сай келсе, құжаттарды әзірлеп, өз балансымызға аламыз. Ол жерлерге бір-екі көліктен орналастырсақ, дәрігерлік көмектің науқастарға жету уақыты 10-15 минуттан аспас еді, – дейді бас дәрігер.

Жаңа жүйенің дәл қашан өмірге енетіні әзірге белгісіз. Бір анығы, жедел жәрдем стансасы қызметін бұрынғыдай көрсете береді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button