Денсаулық сақтау

Зейін Мейірманов: Қатерлі ісік қатал үкім болып саналмайды

Сүт безі қатерлі ісігі – бұл әйелдердің ауруы, өйткені ер-азаматтардың тек 1% -да ғана кездеседі. Бұл дерттің қауіптілігі – тек соңғы сатысында, яғни емдеудің тиімділігі ең төмен болған кезде ғана білінеді. Сүт безі обырының алғашқы кезеңдері ешқандай симптомсыз өтеді. Қатерлі ісікті алғашқы сатысында анықтау мүмкін бе? Ол үшін не істеу керек?
Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының онкомаммолог-дәрігері Зейін Қабылбекұлы Мейірманов сүт безі обырын емдеу, оның диагностикасы мен алдын алу туралы Didar ақпаратқа айтып берді.

– Әр әйел өзіне «мен маммолог маманның қабылдауында соңғы рет қашан болдым? Ультрадыбысты зерттеуден, маммографиядан қашан өттім?» деген сұрақ қоюы керек. «Егер менде барлығы жақсы болса, ол не үшін керек?» деп ойлайтын шығарсыз. Қымбатты қыз-келіншектер! Жағдайдың бақылаудан шығып кетуін күтпеңіздер – агрессивті ауру нақты проблемаға айналмай тұрып, одан қорғанудың барлық амалын жасаңыздар! Есіңізде болсын: қазіргі онкологияның тамаша жетістіктеріне қарамастан, сүт безі қатерлі ісігі әлі де өлімге әкелетін ауру,- дейді Зейін Қабылбекұлы.

Маммолог дәрігер сүт безі қатерлі ісігінің қауіп факторларына тоқталды.
Зейін Мейірмановтың айтуынша, біріншіден, 30 жастан кейін сүт бездеріне ерекше назар аудару керек. Ай сайын қыз келіншектер төсін өздері тексеруді сіздің жақсы әдетке айналдырғандары жөн. Жылына кемінде бір рет сүт бездерінің ультрадыбыстық зерттеуін жасаған дұрыс. Жас ұлғайған сайын сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупі де артады. Тұқым қуалаушылық кездеседі. Өкінішке орай, бұл жағдайда ісікке тікелей әсер ету мүмкін емес. Туыстарында обырдың осы түрі кездескен әйелдер денсаулығына мұқият болуы керек.
Маммолог 40 жастан кейін екі жылда бір рет маммографиядан өту керектігін ескертеді. Бұл әсіресе отбасында анасы мен әжесі сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдерге қатысты. Гормоналды препараттарды қабылдағанда абай болған жөн. Құрамында гормоны бар контрацепцияға қарсы препараттарды қабылдаған кезде дәрігермен кеңесіп, сүт бездерінің ультрадыбыстық зерттеуінен өту керек.
Қыз балаларда менструацияның ерте басталуы (12 жасқа дейін), менопаузаның кеш басталуы (55 жастан кейін), бірінші баласын отыз жастан кейін туу осы жаман аурудың факторларына жатады. Емшекпен емізуден бас тарту немесе екі жыл не одан да ұзақ емізу де сүт безіне кері әсер етеді. Кеуде жарақаттарына назар аудару керек. Кез-келген кеуде жарақаты мұқият бақылауды қажет етеді.

— Салмақ қосу және дұрыс тамақтанбау да тәуекелдер қатарына кіреді. Әсіресе, менопауза басталғаннан кейін әйелдерде салмақ қосу пайда болған кезде қауіп жоғары. Фаст-фуд тұтыну, дұрыс тамақтанбау сүт безі қатерлі ісігінің дамуына өте қолайлы жағдай жасайды, — дейді онкомаммолог.

Сондай-ақ, Зейін Қадылбекұлы сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупін азайтуға немесе ісікті ерте сатысында анықтауға арналған профилактикалық тексерулердің, скринингтердің қол жетімділігін ерекше атап өтті. Сүт безі обырын ерте анықтауға арналған скринингтер үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жыл сайын қыруар қаражат бөледі.
Уақытылы тексерулер обырды ерте анықтауға және тезірек емдеуді бастауға көмектеседі. Сондықтан скринингтік тексерулерден өту өте маңызды. 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер екі жыл сайын сүт безі обырын ерте анықтау үшін тексеруден өтеді – маммография екі проекцияда жасалады.

 — Неліктен сүт безі қатерлі ісігінің скринингі үшін дәл осы жас таңдалды? Себебі, сүт безі қатерлі ісігі осы жаста жиірек кездеседі. Бұл скринингтің мәні неде? Әйелді сүт бездерін маммографиялық тексеруден өткізуге шақырады. Содан кейін әйел маммографиядан өткен аурухананың рентгенологтары суреттерді қарап, сипаттайды. Содан кейін барлық суреттер онкологиялық орталықтың рентгенологиялық бөлімінде «екінші рет оқылады». Яғни, онкорентгенология маммографиялық суреттерді қайта сипаттайды және денсаулығы күдік тудырған әйелдердің тізімін жасайды. Олар онкологиялық орталықта қайтадан қосымша тексерулерден өтеді, – деп түсіндірді маммолог.

Облыстық көп салалы онкология және хирургия орталығында сүт безі обырына скрининг жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Біздің орталық цифрлық маммографпен және жоғары дәлдіктегі трепан-биопсия жүргізуге арналған стереотактикалық префикспен, биопсия жүргізуге арналған датчигі бар сараптамалық класты ультрадыбыстық аппаратпен жабдықталған және жоғары білікті мамандары бар.

– Қазір медицинаның жетістіктерінің арқасында қатерлі ісік қатал үкім болып саналмайды. Емдеу көбінесе аурудың сатысына байланысты. Ерте анықталған кез келген қатерлі ісікті 90-91-ден 98% – ға дейін біз емдей аламыз. Сондықтан, ең бастысы – қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау. Бізге көмектесіңіз – скринингтік және профилактикалық тексерулерден бас тартпаңыз. Ал біз өз кезегімізде сізге көмектесеміз,- деп түйіндеді Зейін Мейірманов.

Онкологиялық орталықта 2023 жылғы 7 қазанда ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығында сағат 9.00 пен 13.00 аралығында сүт безі обырының алдын алу және ерте анықтау бойынша Ашық есік күні өтетінін еске салды.

Бұл күні кез келген адам орталықтың білікті онколог-маммологтарының кеңесін тегін және ешқандай жолдамасыз ала алады. Қабылдау үшін жеке куәлік жеткілікті.
Мекен-жайы: Өскемен қ., Потанин к-сі, 6, 1 корпус, облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының консультативтік-диагностикалық бөлімшесі (емхана), +7(7232) 48-91-51, 8 778 003-78-45

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button