Денсаулық сақтауТОП

Шығыстың 12 дәрігері Түркияда білімін жетілдірді

ШҚО-да дәрігерлердің біліктілігін көтеру үшін шетелге оқуға жіберіп жатыр. Жақында ғана 12 дәрігер Түркиядағы озық клиниканың бірінде тағылымдамадан өтті.

 

Облыста медицина қызметкерлерін шетелдегі озық медициналық мекемелерге оқуға жіберу сәтті іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Мұндай тәжірибенің тиімді тұсы бар. Дәрігерлер түрлі сырқаттың диагностикасы, емдеу шаралары және оңалту бойынша әлемдік тәжірибені зерттеп, өз өңірінде қолдана алады.

Түркиядағы ең ауқымды жеке медициналық орталықтың бірі саналатын Medipol клиникасына 12 дәрігер жіберілген болатын. Олардың қатарында Өскемендегі емханалардың мамандары ғана емес, аудандық ауруханалардың қызметкерлері де бар. Олар тағылымдама барысында әртүрлі сырқаттың диагностикасы мен емдеудің озық үлгілерін үйренді. Тек теория жағынан ғана білім алып қоймай, оны іс жүзінде сынап, операцияларда әріптестеріне қолғабыс көрсетті.

– Облыс әкімі Ермек Көшербаев Қазақстанның Стамбулдағы Бас консулы Аманқұл Нұриддинмен келісім жасасты. Келісімге сай біздің мамандар Medipol клиникасында екі апта бойы тағылымдаман өтіп, сертификат алды, – дейді ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Шолпан Мақашева. – Реаниматолог, травматолог, хирург, акушер-гинеколог сынды мамандармен қатар педиатр, жалпы практика дәрігері сынды алғашқы медициналық көмек көрсететін мамандар да біліктілігін көтеріп қайтқаны жақсы болды. Осы жолы Глубокое, Риддер, Самар, Шемонаиха, Тарбағатай, Ұлан аудандарының ауруханалары мен Өскемен қаласындағы емхананың дәрігерлері оқуға барды. Биыл гематология, онкология, ана мен баланы қорғау, анестезиология, реаниматология, нейрохирургия саласының 27 маманы Латвия , Израиль, Германия және Ресей сынды елдердің озық клиникаларында білім алып келді.

Дәрігерлер тағылымдама барысында біраз дүние үйренгенін айтып отыр. Бұл – біздің облыстағы емханаларға диагностика қою, емдеу және оңалту кезінде қолданылатын баға жетпес тәжірибе.

– Біз үшін білімді іс жүзінде сынап көру өте маңызды, – дейді Риддер қалалық ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Константин Фоминых. – Жетекшіміз мені отада көмекші болуға шақырғанда таңғалдым әрі бойымды мақтаныш сезімі кернеді. Медицина саласының осындай майталмандарымен қатар жұмыс істеу – мен үшін құрмет. Менің бағытымдағы оталарды әріптестерім қалай істейтінін көріп қайттым. Алдағы уақытта сонда үйренген көп әдісті өзіміздің ауруханада қолданысқа енгіземін. Бұл – қолдан келетін дүние.
– Қызмет барысында кәдеге жарайтын көп пайдалы ақпарат алдық, – дейді Меновное дәрігерлік амбулаториясының педиатр-дәрігері Асхат Жақсылықов. – Жұмыс тәсілін көрдік, оталарға қатыстық. Әріптестеріміз ерекше ынта танытып, тәжірибесін қуана ортаға салды.

Біліктілігін арттыру үшін мамандарды әлемдегі озық клиникаларға жіберу – ШҚО-дағы денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған шараның бірі.

Аймақта ана мен бала өлімін төмендету мен ауылдарда медицинаның деңгейін көтеруге ерекше көңіл бөлініп отыр. Vanadis Perkin Elmer инвазивті емес пренаталдық тестілеу зертханасының толық қуатта жұмыс істеуі бірінші мәселені шешуге көмектеседі. Жатырдағы баланың жетілуінде паталогияны анықтау үрдісін айтарлықтай жеңілдетеді, тәуекелді 99 пайызға дейін жоғары дәлдікпен анықтайды.

Ауылда денсаулық сақтау саласын жаңғырту жұмысы аудандардағы медициналық инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған. Оның аясында облыста 36 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны салынады. Осының арқасында тұрғындар аудан орталықтары мен қалаға бармай-ақ медициналық көмек ала алады. Бұл медицина қызметін уақтылы алуға мүмкіндік береді. Ол инфаркт, инсульт және түрлі жарақат алғанда аса маңызды.

Сонымен қатар, әкімнің тапсырмасына сәйкес, онкология, кардиохирургия, нейрохирургия, травматология және ана мен баланы қорғау сынды басты бағыттар бойынша озық технологиялы медициналық көмекті дамытудың 2024-2027 жылдарға арналған жобасы құрастырылып, бекітіледі. Оның ішінде медициналық жабдықтармен қамту және жаңа қызметтерді көрсететін мамандарды оқыту бағыты қамтылған.

Автор: Күмісжан Исан

Осы айдарда

Back to top button