Денсаулық сақтау

Жастарымыз жат әдетке қарсы

Жастарымыз жат әдетке қарсы


Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің стадионында «Біз салауатты өмір салтын ұстанамыз» атты ұранмен мектептер мен колледжер оқушылары арасында акция өтті.

Облыстық ІІД есірткіге қарсы күрес басқармасының қолдауымен өткен спорттық мерекеге 12 команда қатысты. Бұл күні спорт десе елең етер жастардың қарасы стадионда көп болғаны қуатты бізді. Әр мектептен, әр колледжден сайдың тасындай іріктелген жасөспірімдердің қай-қайсысы болмасын, жеңіс үшін барын салуға дайын екендіктерін аңғартты.

– Шараның басты мақсаты – жастардың есірткіге қарсы қабілетін арттыру, оларды салауатты өмір алтын ұстануға шақыру, сондай-ақ, халыққа денешынықтыру мен спортты кеңінен насихаттау болып табылады, – дейді облыстық ІІД есірткіге қарсы күрес басқармасының бөлім басшысы, полиция подполковнигі Асхат Рамазанов.

Биыл екінші мәрте өткізіліп отырған келелі шараның төрешілері алдын ала, яғни қыркүйектің 15-і күні қаладағы №36 мектепте өткен жиналыста белгілі болған. Қатысушы командалардың анықтамалық қағаздары, құжаттары дұрыс болмаған жағдайда спорттық жарысқа жіберілмгендігін айта кетейік. Шараның құрметті қонағы ретінде облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов қатысып, сайыскерлерге сәттілік тіледі, әр адам үшін спортпен шұғылдану өте маңызды екендігін айтты. Сөйтіп жарыс та басталды. Күштік көпсайыс, скиппинг, аралас эстафета, мас-рестлинг сынды спорт түрлерінен бәсеке қызды. Әрбір команда сапында 10 спортшы болды, оның бесеуі ұл, бесеуі қыз. Жарыс барысында қаладағы №15-ші және Ахмер орта мектептері, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі (ШҚГК) командаларының жеңіске деген жігері ерекше болды. Шараның шымылдығын түрген аралас эстафетада ШҚГК-нің студенттері үздік шықса, жекелей эстафетада №15 орта мектептің 11-сынып оқушысы Әлішер Молдыбаев жеңімпаз атанды. Дегенмен, бәсеке барысында командалардың кейбірі толық құрамда өнер көрсетпегендіктен жарыстан шеттетілді.

Жалпы сайыс қорытындысына келсек, командалық есепте ШҚГК-нің студенттері жеңіс тұғырының биігіне жайғасты. Екінші орынға Ахмер орта мектебінің командасы табан тіресе, үздік үштікті №43 орта мектеп оқушылары түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал командалық есепте топ жарған ұжымға қосымша арнайы кубок табыс етілді. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, аталмыш спорттық іс-шара жыл сайын өткізілмек.

– Мұндай жарыстардың жиі ұйымдастырылуы жастар үшін маңызды. Оқушыларым жақсы әсер алып қайтты. Бәсеке тартысты өтті. Дегенмен, төрешілер тарапынан сәл бұра тартушылық болған сияқты көрінді маған. Алдағы уақыттарда мұндай олқылықтар жіберілмесе екен, – дейді өз оқушылары үшін жанын сала жанкүйер болған №15 орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Әділжан Рамазанов.

Әділхан Есімханов

Осы айдарда

Back to top button