Білім

Жастарға тағлымды әңгіме айтты

Жастарға тағлымды әңгіме айтты

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да облыстық мәслихаттың бұрынғы хатшысы, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Василий Ахаевпен кездесу өтті.

«Болашақ бүгіннен басталады. Өткенді сақтап, болашаққа бірге қадам басамыз» тақырыбында өткен басқосу барысында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит «Алтын Барыс» төсбелгісінің иегері Василий Ахаевқа облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ Алғыс хатын тапсырды.
– Аймағымыздың білім, ғылым, мәдени дамуына сүбелі үлес қосып, ел игілігі үшін атқарған еңбегіңізге алғыс білдіремін. Әсіресе, сіздің қарт Алтайдың баурайында тұрып жатқан 103 ұлт өкілінің бірлігі мен ынтымақтастығын одан әрі нығайту үшін құрған «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру орталығының жұмысын ерекше атап өткім келеді. Жалпы, Василий Ахаевтың 1997 жылға дейін білім беру саласында еңбек еткен кезінде «Қазақ СКСР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «СКСРО ағарту ісінің үздігі» белгілерімен марапатталып, «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алғанын айта кеткен жөн. Бүгінде бұл кісінің ел үшін аянбай атқарған еңбегі ақталды. Себебі, қазіргі жастар сіздердей қарияларға қарап бой түзеп, үлгі алады, – деді Ирина Смит.

Алғаш рет еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған Василий Ахаев 1997 жылы облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайланып, онда 2012 жылға дейін қызмет атқарған екен. Кейіннен «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру орталығын құрып, бірқатар шаруаны атқарғаны үшін «Астана» медалімен, «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл» сияқты тағы басқа мерейтойлық медальдармен марапатталған. Бүгінде жетпісті еңсерген қария жастарды білім-ғылымға көңіл бөлуге шақыруды бір сәтке де естен шығарған емес.

Кездесу барысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы руханият бірінші орында тұратынын атап өткен Василий Ахаев еліміздегі елеулі өзгерістерді барынша қолдайтынын айтты.

– Біз Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ латын әліпбиіне көшу туралы ұсынысын қолдауымыз керек. Өйткені, бұл – заман талабы. Қазіргі күні көпшіліктің көкейінде: «Бір ғасырға жуық кириллицамен жазып жүріп, қалайша латын әліпбиіне көшіп кетеміз?» деген сұрақтың жүргені анық. Осы орайда жастарға айтарым, бұл біздің ұлттық мүддеге арналған керемет бағдарлама екенін естен шығармаңыздар. Себебі, Елбасының осы шешімі ұлт болашағы үшін өте маңызды, – дейді Василий Ахаев.

Ажар САҒАТБЕКОВА

Осы айдарда

Back to top button