Әдебиетшілер әзілі

Жамбасты жейтін емес, сипайтын уақыт болған жоқ па?

Жамбасты жейтін емес, сипайтын уақыт болған жоқ па?

Қазіргі «Егемен Қазақстан», бұрынғы «Социалистік Қазақстан» газетінде ұзақ жылдар бойы шешен тілді, қалжыңбас Тәжібай Битаев деген майталман журналист қызмет жасаған. Ұжымға аса сыйлы сол ағамыз қатал деген бастықтардан да жасқанбай, айтар сөзін айтып салып, қарап отырады екен.
Қазақстан Компартиясының органы «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметте аса қатал, өмірде дегдар, жүріс-тұрысы аристократ Балғабек Қыдырбекұлы (1929-1995) басшы болып тұрған кез деседі. Редакция ұжымында айтулы даталар мен мемлекеттік мерекелерге орайластырып «Қызыл қалам» атты қабырға газеті шығарылып тұрады. Қабырға газетін шығарушы да, редакторы да Тәжібай Битаев екен.
Сондай кезекті бір мерекеге арнап шығарған қабырға газетінде елеусіздеу бір қате кетіп қалыпты.
Ол қатені Балғабек бастықтың қырағы көзі байқап үлгереді. Содан қабырға газетін шығаруға қатысқан азаматтарды бөлмесіне шақырып, реніш білдіреді. «Неге байқамайсыңдар? Партком қайда, местком не қарап жүр! Олар неге оқып, тексеріп шықпаған?» дегендей жігіттерге жекіп, тығырыққа тірейді.
Сонда ортада тұрған Тәжібай ағамыз алға суырылып шығып:
– Бәке, әркім өзі басқаратын газетіне ие болғаны жөн шығар. Осы мен сіздің «Соцқазақстаныңызды» басқару ісіне араласпаймын ғой. Менің газетімнің шаруасына неге кірісесіз?» – деп, бастықты да, басқаларды да ду күлкіге батырыпты.

***
Жетпісінші жылдары Алматыда «Жеті жетім» аталған жазушылардың пайда болғаны бар. Әдебиет айдынына бірге келген қаламгер достардың шағын тобы.
«Жетімдердің» басын қосқан Оралхан Бөкей деседі. Бұл топқа Орекеңнің өзінен басқа Кәрібай Ахметбеков, Ақселеу Сейдімбеков, Қуанышбай Құрманғалиев, Бексұлтан Нұржекеев, Кәдірбек Сегізбаев, Төлен Әбдіков, Серік Әбдірайымов кірсе керек. Орекеңнен өзге жетеудің әкелері бәрі соғыста шейіт болған. «Жетімдер» деп аталуы да сондықтан екен.
Осы топпен әйгілі киноактер Асанәлі Әшімов те достасып, отбастарымен бірге араласып жүреді.
Бірде Асекең «Үнемі қастарыңдамын, әмпей-жәмпейіміз, қуаныш-тілегіміз ортақ, мені де жетімдерге мүше етіп алсаңдаршы» дейді. «Ой, бұл қиын шаруа, ол үшін сен біраз сыннан өтуің керек» деп достары әзілдеп жолатпайды.
Жылдар жылжып жатады. Өмірден Оралхан Бөкей өтеді. Бірер жылдан соң Кәрібай Ахметбеков дүние салады. Астанаға көшіп кеткен Ақселеу кенеттен қайтыс болады. Ақселеуден соң араға бірер ай салып Серік көз жұмады.
Сол қайғылардың бәрін бірге бөлісіп, оқиғалардың қалың ортасында бірге жүрген Асанәлі:
-Әй, сендердің мына түрлерің жаман екен. «Жеті жетімдеріңе» мені қабылдамай-ақ қойыңдаршы! – деп әзілдепті.

Ысталған ет ұзақ сақтала ма, әлде, ысталмағаны ма?

Ұзақ жылдар бойы еліміздің Парламентін басқарған көрнекті мемлекет қайраткері, дархан жүректі ағамыз Оралбай Әбдікәрімов «Аңшылар қоғамын» ұйымдастырып, өзі соған төраға болады. Қоғам тарапынан «Қансонар» атты журнал шығара бастайды. Бірде осы журналдың редакция алқасын жинап, кеңес құрған басқосуда мына бір әзілді айтқаны бар:
– Жасырып керегі не, аңшылар да, балықшылар да әсершіл, эмоцияға бейім, аздап мақтанғанды ұнататын жұрт қой, – деп Орекең алдымен өзі кеңкілдеп күліп алды. – Бірде сондай үш аңшы әңгімелесіп отыр дейді. Бірінші аңшы – әнеу күні ай мүйізді екі бұғы қатар келіп қалғанда, жалғыз оқпен екеуін де атып алғанын айтып, мақтанады. Оны тыңдап отырған қалған екеуі немқұрайлы ғана: «Иә, ондай-ондай болады» деп мақұлдап, бастарын изейді. Сөз кезегін алған екінші аңшы түнеу күні көк жүзінде ұшып бара жатқан жеті қазды жалғыз бытыра оқпен қағып түсіргенін айтып, бөседі. Тыңдап отырған ана екеуі «Иә, ондай да болады» деп нәумез құптап қояды. Үшінші аңшы да әнгімеге араласып, ана жолы артынып-тартынып аңға барғандарын, тау қойнауына палатка тігіп, от жағып, дастарқан жайғандарын сөз етеді. «Бірақ, – дейді ол, – етті асып, дастарқанды жайып жіберіп қарасақ, арақ-шарап алуды ұмытып кетіппіз». Сонда ана екі аңшы жұлып алғандай: «Жоқ, ондай болуы мүмкін емес!» деп бастарын шайқап-шайқап жіберіпті.

***
Әдебиетіміздің классигі Ғабит Мүсірепов темекіні көп тартқан кісі. Қашан көрсең де мүштігімен темекіні бұрқыратып, әңгіме соғып отырады деседі. Соны білетін бір дәрігер досы:
– Ғабе, темекі тартуды қойсаңыз қайтеді? – деп қолқа салады.
– Неге олай дейсің? Дәрігерсің ғой, дәлелді себебін айт! – дейді жазушы.
– Темекі адамның өмірін қысқартады, ол ғылыми тұрғыда дәлелденген. – дейді дәрігер.
Сонда Ғабең:
-Пәлі… Олай болуы мүмкін емес. Өзің ойлашы, ысталған ет ұзақ сақтала ма, жоқ әлде ысталмағаны ма? – деген екен.

Жамбасты жейтін емес, сипайтын уақыт болған жоқ па?

Қадыр Мырзалиев қаламгер інілерімен ел аралап жүріп, шаршап-шалдығып, кештетіп бір ауылға келеді. Қадыр ақын келгенге кеңшар директоры нөкерлерін жинап, дастарқан жайып құрмет көрсетеді. Даяр еттен қуырдақ қуырылып, арақ-шарап құйылады. Сол екі арада Қадырдың «жол соғып шаршадық, демалсақ жөн еді» дегеніне қарамай, бата жасалып, қой сойылады. Қаламгерлер амалсыз көнеді.
Түн ортасы ауған кезде төре табақ қойдың еті келеді буы бұрқырап. Қадырдың алдына қойдың аппақ майлы жамбасын әкеліп қояды.
Сонда қазақтың қонақ күтісінде кейде артық дарақылық кететініне қынжылыс білдірген ақын:
– Ау, жігіттер, жамбасты жейтін емес, сипайтын уақыт болған жоқ па? – деген екен. Жамбасты жейтін емес, сипайтын уақыт болған жоқ па?

***
«Жазушы Асқар Сүлейменов айтыпты» деген мынандай бір әзіл әңгіме бар.
Өмір бойы қой баққан бір шал суық тиіп, күркілдеп төсек тартып жатып қалады. Кемпірімен арыздасып, былай депті:
– Бәйбіше, мінеки, мен өлейін деп жатырмын. Ақшам алдында шыныңды айтшы, мен қой бағып сыртта жүргенде жылтыңдап келіп-кетіп жүрген әнеу зоотехникпен бірдеңе болып па едің? – деп сұрайды.
Сонда кемпірі:
– Ойбай, шал, мен шынымды айтып… сосын сен өлмей қалсаң өлтіресің ғой мені! – деп баж ете қалыпты.

***
Астаналық жазушы-драматург Жолтай Әлмашев ертеректе, Алматыда тұрған кезінде өзі құрмет тұтатын ағасы Дулат Исабековты қонаққа шақырыпты. Бұл ұсынысқа Дулат аз-кем ойланып тұрады да:
– Сенің үйің қай жақта еді? – деп сұрайды.
Жолтай қаланың шетіндегі «Ақсай» шағын ауданында тұратынын айтады.
Сонда Дулат өкінгендей басын шайқап:
– Бір второй жеу үшін сонау микрорайонға бармай-ақ қояйыншы! – деген екен.

Жобаның жүргізушісі – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров

(Жалғасы. Басы газетіміздің №57 санында жарияланды)

Осы айдарда

Back to top button