Әдебиетшілер әзілі
Сырбай басқа несін жазсын!
Шығыс Қазақстанға Сырағаңдармен еріп жүрген обкомның бір қызметкері соңынан Өскемен қаласындағы бір жиында:
– Біз ақын-жазушыларды, әсіресе Сырбай Мәуленовті құрметтеп, ел мен жерді көрсетіп шапқылап жүрсек, ол кісі еңбек ерлерін жазудың орнына Үлкен Нарын ауылындағы бір кездесуде «Маса» деген өлең оқыды емес пе, – депті мінбеден ренішін айтып.
Бұл сөзді естіген кезде сол кездегі облыстық газеттің редакторы, казақ журналистикасының майталман қайраткерінің бірі Мұқан Әбуғалиев орнынан ұшып тұрып:
– Сендердің алғаш көрсеткен кейіпкерлерің маса болса, Сырбай басқа несін жазсын! – деп залдан айғай салыпты.