Әдебиетшілер әзілі

Оразаны ұстап жүр ем «бисмилля» деп, Бәрін де бұзып кетті Құсмілля кеп

Оразаны ұстап жүр ем «бисмилля» деп,  Бәрін де бұзып кетті Құсмілля кеп

Қазақтың шоң ақыны Ұлықбек Есдәулеттің алпыс жасқа толған мерейтойы кеңінен аталып өтіп жатады. Осы мерейтойға Шығыс Қазақстан облысының әкімі, ұлттық мәдениетіміздің қамқоршы-жанашырларының бірі, мемлекет қайраткері Бердібек САПАРБАЕВ Алматыға арнайы делегация жібереді.
Ақынның туған өлкесінен жасақталған бұл делегацияны Ұлықбектің жан досы Түсіпхан Түсіпбеков бастап келеді.
Түсіпхан өзінің ақын досына арнаған жүрекжарды сөзінің арасында:
– Ұлықбек, сен бүгінде Қасым Аманжолов, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев секілді ақындар қатарындасың! – деп салады.
Сонда Ұлықбек оның сөзін бөліп:
– Түсеке, мені олардың қатарына қоспай тұра тұршы. Әзірше сендердің араларыңда жүре тұрайын! – деп жұртты ду күлкіге батырыпты.

Сен екеуіңнен басқа шоқынған қазақты бұл маңайдан көре алмай тұрмын

Ертеректе, Жазушылар одағының басшысы Ғабиден Мұстафин болып тұрған жылдары ақын Жақан Сыздықов милицияға түсіп қалады.
Қиындау заман, жоғарғы жақтан «дереу қатаң шара қолданыңдар, бұзақыны жөнге салыңдар» дегендей нұсқау хат келеді.
Ғабиден ашуға мініп, жазушы деген атқа кір келтірген Жақанның мәселесін Одақтың бюросында майшаммен қарамақ болады. «Алдымен бұзақының өзінен түсінік хат алдырыңдар» деп тапсырма береді.
Жарлық қатты, жан тәтті, Жақан дереу «Түсініктемені» жазып, екі бүктеп шабарманнан Ғабиденге қоя береді.
Ашулы Ғабаң «Түсініктемені» оқиды да, жадырай күліп жібереді. «Жоғарыға жауабын өзім берем» деп, бюроны шақыртпай, мәселені жылы жауып қоя салыпты.
Сондағы Жақан Сыздықовтың «Түсініктемесі» былай екен:
«Сары сақал, сары мұрт Садықбекті*,
Сансызбай Сарғасқаев салып кетті.
Екеуін ажыратам деп жүргенде,
Өзімді милиция алып кетті».

*Сатирик жазушы Садықбек Адамбеков.
***
Қазақтың айтыс өнерін қайта жаңғыртушылардың бірі, көрнекті ақын Жүрсін Ерман Алматыдағы Кітап музейіне директор болып тағайындалады. Досы Ұлықбек Есдәулет оны жаңа қызметімен құттықтап барайын десе, Жүрсін қайта-қайта тоқтата берген көрінеді.
Бір кездескенде Жүрсін жағдайын айтады:
– Ұлеке, кішкене күте тұр. Мен барған музейдің ғимараты патша заманында наубайхана болған деседі. Содан ба, подвал толы тышқан… сол тышқандармен алысам деп әбден шаршап жүрмін! – деп «мұңын шағады».
Сонда Ұлықбек:
– Сен қыран бүркіттей текті ақын едің. «Қыран қартайса тышқаншыл болады» деуші еді. Соған қарағанда қартая бастағасың-ау! – деп әзілдепті.

***
Халық ақыны Мұзафар Әлімбаев пен профессор Тұрсынбек Кәкішев баяғы бір жылдары, жасырақ кездерінде Алтай өңірін аралапты.
Екеуінің де Түркі жұртының атажұртына келуі алғаш екен, ұзын құлақтан «Алтайда тұратын ойраттар да, хақастар да, кейбір қазақтар да шоқынған» дегенді естісе керек. Содан қызықтап, шоқынған қазақтарды көргісі келіп, биік таудағы Марқакөл ауданына аттанады. Орыс ағайын мен кержағы көп бір ауылға келсе, көшеде ырдуан арбасын ырғалтып бір қазақ кетіп барады екен. Қаламгерлер ол кісіні тоқтатып, амандасып, жөн сұрасады. Сөз арасында Тұрсынбек:
– Ақсақал, сіздер жақта шоқынған қазақтар бар деп естідік, соның бірін бізге көрсетіп жібермес пе екенсіз? – деп сұрайды.
Сонда әлгі шаруа күн салып жан-жағын шолады да:
– Шырақтарым, сен екеуіңнен басқа шоқынған қазақты бұл маңайдан көре алмай тұрмын! – депті де, атын шаужайлап жүріп кетіпті.

Оразаны ұстап жүр ем «бисмилля» деп,
Бәрін де бұзып кетті Құсмиля кеп

Ақын Ұлықбек Есдәулет бір жылдары ел қатарлы ораза ұстап жүргенде іссапармен Семейге баруға мәжбүр болады.
Семей жақта ақынды от ауыз, орақ тілді аға-досы, әйгілі әнші Құсмілия қарсы алып, ел танытып, жер көрсетіп дегендей, бірнеше күн қасында бірге еріп жүреді.
«Ұлықбек келді» дегенді естіп, ақынды Шәкерім атындағы Семей университеті қонаққа шақырады. Студенттермен кездесу кезінде бір жас қыз:
-Ағай, қазір қасиетті Рамазан айы ғой, сіз ораза ұстадыңыз ба? – деп сұрақ қойыпты.
Сонда Ұлықбек:
– Оразаны ұстап жүр ем «бисмилля» деп,
Бәрін де бұзып кетті Құсмілля кеп, – деп жауап берген екен.

***
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары. Жаңадан ашылған «Түркістан» газеті қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, елдік мәселе төңірегінде бұрқыратып мақалалар жариялап жатады. Орыстілді «Караван» газеті бірде сол мақалаларға қарсы сөз айтып, сын материал басып жібереді.
«Түркістанның» бас редакторы Қалтай Мұхамеджанов жұмысқа келген бетте редакция қызметкерлерін жинап алады да:
– Бүгінгі «Караванды» оқыдыңдар ма? – деп сұрайды.
Қызметкерлер мойындары салбырап, міңгірлеп, бастарын шұлғысады.
Сол кезде бас редактордың орынбасары Дидахмет Әшімханов:
– Қалеке, сынның өзі жас газетімізге реклама емес пе! – дейді.
Сонда Қалтай ағамыз:
– Қайдағы реклама, Дидаш-ау, біреу артыңнан тепкілеп жатса! – деген екен.

…»Тірі екен» деген хабарды естігенде қатты ренжідім

Ақын Несіпбек Айтов пен талантты ғалым Тұрсын Жұртбай түйдей құрдастар әрі жастайынан тайталасып бірге келе жатқан айнымас достар. Екеуінің бірін-бірі қажап, сөзбен түйреп, қатты қалжыңдаса беретіні де қаламгерлер қауымына жақсы таныс.
Бірде Несіпбек Астанадан өзінің машинасымен шығып, Семей жаққа жолаушылап бара жатады. Екібастұздың маңайына жақындағанда қалта телефоны шыр етіп, «Тұрсын қайтыс болыпты» деген суық хабарды естиді. Жан досы ғой, ақын машинасын жол жиегіне тоқтатып, жанарынан жас тамшылап, дел-сал қайғырып отырып қалады. Артынша әлгі хабардың жаңсақ екенін айтқан тағы бір хабар келеді. Сөйтсе, Тұрсынның Алма деген қызы ауылдағы кәрі әжесінің – «апам қайтыс болды» дегенін бір ағайыны «папам қайтыс болды» деп естісе керек. Тұрсын туралы жаңсақ хабар содан шығып кетіпті.
Несіпбек шүкіршілік етіп, жолынан қалмай жүріп кетеді.
Семейден қайтып келген соң достары одан:
– «Тұрсын өлді» дегенді естігенде, ай… бір… қатты қуанған шығарсың? – деп қаузайды ғой.
Сонда Несіпбек:
– Өлді дегенде, әрине, қуанғам жоқ. Бірақ «тірі екен» деген хабарды естігенде қатты ренжідім! – деп жауап беріпті.

Жобаның жүргізушісі – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров

(Жалғасы. Басы газетіміздің №57 санында жарияланды. Жалғасы бар.)

Осы айдарда

Back to top button