Ауыл шаруашылығы

Жаңа технологияны енгізіп, табысын еселеді

Біздің облыстың ауыл шаруашылығы саласы еліміз бойынша екінші орында, оның ішінде мал шаруашылығынан – бірінші, өсімдік шаруашылығынан – екінші орында тұр. Дегенмен де, біздің өңірдегі кейбір аудандарда өнім көлемі, мал басы, құс саны төмендеп кеткені байқалады.

Жаңа технологияны енгізіп, табысын еселедіАуыл шаруашылығы мәселелерінің түйінін шешудің басты жолы ауыл шаруашылығының отандық ғылыммен бірлесе жұмыс істеуінде жатыр. Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университеті қазір облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен, «Прииртыш бройлерлік құс фабрикасы», «Камышинское-2», «Приречный Агрофирмасы» шаруашылықтарымен, «Е.Зәйтенов», «Лада» шаруа қожалықтарымен бес жылға консорционалдық келісімге қол қойып, облыс шаруашылықтарына кадрлар даярлау, қайта даярлау, аграрлық сектордың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға кепілдік беретін инновациялық технологияларды әзірлеу және енгізу жолымен индустриялды-инновациялық дамудың әлеуетін арттыру бағытында жұмыс істеуде.

Жуықта университет ғалымдары мен өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері саланы дамытудың болашағы жайында дөңгелек үстел өткізді. Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Тоқаев жүргізген дөңгелек үстелге облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Д.Селиханов және аграрлық салада қызмет істеп жүрген белгілі кәсіпкерлер қатысты.

Жиында «Е.Зәйтенов» шаруа қожалығының басшысы Ерлан Зәйтенов қожалықтың бүгінгі жұмысы мен жетістіктері туралы, өңірдің шаруашылықтарын өркендету мәселелері жайында баяндады. «Е.Зәйтенов» қожалығы – көпсалалы. Қожалық бірінші сортты бидай, кебек нандары, түрлі нан, шұжық, сүт өнімдері, «Гауда» ірімшігі, «Крестьянское» майы, қаймақ, өсімдік майы, бірінші, жоғары сортты бидай ұнын өндіріп жатыр. Сонымен бірге, ірі қара соятын, шұжық өнімдерін, сүтті қайта өңдейтін, өсімдік майын әзірлейтін цехтары және диірмен, наубайханасы бар.

Шаруашылық кейінгі жеті жылдан бері тиімді жұмыс істеуде. Соңғы үш жылдың пайдасы 200 миллион теңге болған. Шаруашылықта жаңа технология, әсіресе, дәнді дақылдарды егудің нөлдік технологиясы кеңінен еңгізілуде. Ол үшін шетелден қажетті құрал-жабдықтар сатылып алынған.

3000-нан артық ірі қара, 300-ге жуық шошқа, 200-ге жуық жылқы, 1000-нан артық қояны бар қожалық жыл өткен сайын шаруашылыққа жаңа технологияларды көптеп енгізіп келеді.

– Өткен жылы «КазАгроФинанс» АҚ арқылы АҚШ әзірлеген дизель сорабы екі айналымда суару құрылғысын сатып алдық. Бұл бізге 200 гектар алқаптан тұрақты мал азығындық дақылдар алып отырумен қатар, қуаңшылық кезеңде, әрі шілде айынан қазанға дейінгі жайылым тарылған кезеңде малдың қоңдылығын сақтай отырып, сауын сиырларынан қосымша 1000 тоннаға дейін сүт алуға мүмкіндік береді. Бұл саланы дұрыс пайдалансақ, қосымша 4000 тонна көк шөп дайындаймыз, – деді Ерлан Зәйтенов.

Қожалық болашақта сиырларды робот арқылы саумақ. Ол үшін 250 сиырға арналған швед фирмасының «ДеЛавель» құрылғысы қойылып, сүт кешені қайта жаңғыртылуда.

Жаңа технологияны енгізудің нәтижесінде табысын еселеп, танымалдылығы артқан ауыл шаруашылығы өндірісінің бірі – «Прииртыш бройлер құсы» ЖШС. «Халал» стандартымен жұмыс істейтін, мамандандырылған кәсіпорын қазір тек облысқа ғана емес, республикаға белгілі.

– Расында, біз еліміздің сауда нарығында жоғары сапалы және экологиялық таза құс етін өндіріп, бәсекеге түсудеміз. Тіпті, ТМД көлемінде, әсіресе Ресейдің Барнаул, Красноярск, Новосібір қалаларының сұранысына ие болудамыз. Мұндай нәтижеге жетуіміз, сөз жоқ, біріншіден, өндірістің озық фирмалар шығарған құс өсіру, жемдеу, суару құрал-жабдықтарымен, желдеткіш жүйесімен жабдықталуында, екіншіден, олармен жұмыс істей алатын маман-қызметкерлерді таңдап, оқытуда болып отыр, – дейді ол ЖШС директоры Бейсенғали Тастекеев.

Мәселен, кәсіпорынға орнатылған сағатына 4000 бас тауық соятын «Meyn Systemate Numafa» фирмасының суыту камерасы бар жабдығы мен жылына 10 миллион жұмыртқадан балапан шығаратын «Пас Реформ» фирмасының автоматтандырылған жүйелері жұмыс өнімділігін арттырып, өнім сапасын көтерді. Өнімдердің сапасы дүниежүзілік стандарттар деңгейіне жеткізіліп, кейінгі 8 жылда өндіріс көрсеткіші 3 есеге жоғарылаған.

Бұл өндіріс орны кадр құрамының қалыптасуына ерекше көңіл бөледі. Жылына екі рет барлық негізгі өндірістік бөлім қызметкерлерінің біліктілігі бағаланады, кәсіби шеберлігі артқан іскерлер мамандығына сай жоғарылатылады. Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетімен жасалған келісімшарт негізінде студенттер өндірістік тәжірибеден өтеді. Кейбіреулері оқуын бітірген соң фабрикада еңбек жолын жалғастырады. Университет түлектері фабрика мамандары мен қызметкерлеріндей жұмыс орындарында жылда іскерлік сараптаудан өтеді және жұмысшыларға берілетін әлеуметтік жеңілдіктерді пайдаланады.

Бүгінде облыс көлемінде Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университеті негізінде аграрлық ғылыми-өндіріс кешенін құру жоспарлануда. Университет ғалымдары осы бағытта жұмыс істеп АҚШ-тың Солтүстік Дакота университетінің іс-тәжірибесін зерттеуде. Алғашқы нәтижелері де бар.

Сонымен қатар, оқу орны аймақтағы ірі ауыл шаруашылығы нысандарымен консорциум құрып, бірігу арқылы ауыл шаруашылығындағы ғылыми-өндірістік проблемаларды шешуге атсалысуда. Мысалы, радиоэкологиялық зерттеулердің ғылыми орталығында «Ромат» фармацевтік компаниясы мен «Прииртыш бройлерлік құс фабрикасы» ЖШС тапсырыстары бойынша зерттеулер жүргізілуде. «Ет, сүт және тамақ өнімдерінің технологиясы» кафедрасында құс етінің сапалық көрсеткіштерін анықтау, тамақ өнімдерінің биологиялық құндылығын зерттеу ғылыми жұмыстары атқарылуда.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button