Саят

Қыранды ұстаған қыран

Қыранды ұстаған қыранБұл әңгімені жазушы Уақап Қыдырханұлы ағадан естіген едім. Әңгіме тағы құсты қолға түсірудің тағы бір айласы туралы.

Қыста адамдардың қолы босайды. Соғым сойылады. Әр үйде қазан көтеріліп, әр түн мәжіліс құрылады. Бұл ауылдың үлкендерінің бәрі діндар, бәрі ділмар. Түкпірдегі төртуылдардың ақсақалы Шәміл ата төңіректің төрт бұрышынан «ұзынқұлақ» жеткізіп, кәсіп-несіпті кесіп-пішіп береді. Сал-серілік пен аңшылыққа қызықсаңыз, бүркітші Бұқатты тыңдайсыз. Аспандағы тағыны жердегі торға түсіріп, баптаудан бастап, құс пірі – Жалайыр-Шораның таусылмайтын хикаяттарын айта береді, айта береді.

– Сол қыста аспанда бір ғажайып құс пайда болды. Оның қанатының сусылын сезсе қолымдағы ұябасарым биялайды сығымдап, томағасын қайта-қайта түсіріп, әлек-шәлек болып кетеді. Ол көрінсе менің де екі көзім аспанда болады. Қызығы, жерге қонбайды, күн еңкейе қарасын көрсетпейді. Қолымдағы құстың құбылысына қарағанда: «сірә, шәулі (еркек) боларсың» деп ойладым да, бір күні құсымның томағасын сыпырып қоя бердім. Мен білсем, не тағыға ілесіп мүлде кетеді немесе аспанда ойнап, өзіне үйірлестіріп, осы өңірден алысқа жібермейді. Кетсе, екеуінен де айырылдым. Кетпесе, ебін тауып, тағыны қолға түсіремін.

Менің құсым атылған жебедей зырқырап, тағының үстіне шығып кетті де қанатын бірақ қақты. Енді анау атылды аспанға. Осылайша алма-кезек жоғарылап, көз ұшында бұлдырап кетті. Шын қырандар аспанда айқасады (шағылысады) деуші еді. Қызықты күтіп, көкке қарап, кекидім де қалдым. Аспан сатыр-күтір еткендей, денем бір леп сезгендей болды. Сол-ақ екен, жұмарланған екі құс менің төбеме келгенде қанаттарын далбырлатып, сәл ауытқыды да, елу қадамдай жерге құлап түсті. Аттан мен де құладым. Бос қанаттарымен қарды осып, ысылдап, далбырлап жатыр. Менің құсым тағыны оң топшыдан бүріп, бір шеңгелді қара санына салыпты. Анау менің құсымның бауырын тіліп жіберген. Ауыр қасқыр ішігімді үстіне тастап, тағыны тас қылып таңып алдым. Қарны жарылған қыранымды құндақтап, бірін бөктеріп, бірін өңгеріп, әрі шығынды, әрі олжалы болып оралдым. Өз құсымның қарнын тігіп, жарасын жазсам да, аңға салуға жарамай қалды.

Тегінде бүркіттің шәулісінен ұябасары ірі әрі ширақ болады. Менің құсым құмтүлек (алты жасар) еді, тағы тірнек (үш жасар) екен. Тұтас тұлғада олпы-солпы жоқ. Топшысы тастай, сирағы сәл ұзындау, тұяғы біздей, қара тұяқтың қобысы қайрап қойған пышақтай, тұғырды тілгілеп тастайды. Ол кейін нағыз «іш жарғыштың» өзі болды. Оның тұяғы тиген аң, қасқыр, киікке дейін тірі қалмайтын.

Қайран дүние-ай, аспандағы қыранды қойып, қара жерде бұт артар бір қылқұйрыққа зар болып қаламыз деп кім ойлаған…

Ашаршылық жылдарындағы осындай қызық әңгімелер күйікпен аяқталатын. Бәрі де «қайран Алтай, қайран Марқакөл» деп күрсінеді. Туған жерден тысқары, томаға-тұйық күн кешіп жатқандарына өкінеді.

Ақтан Бабиұлы

Осы айдарда

Back to top button