Саят

Қыран салғандардың қиқуы екі күн құлақ тұндырды

Қыран салғандардың қиқуы екі күн құлақ тұндырды


Қазақтың ежелден табиғатқа етене жақын екендігінің тағы бір дәлелі – қыран баптап, саятшылық өнерді әспеттеуі. Жабайы құсты жанына серік етіп, баулып, баптап, тастүлек қыран қылып шығару да халқымызға тән қасиет. Жалпы, бабаларымыздың құсбегілігін біздің дәуірімізге дейінгі ғасырлардан хабардар ететін тастағы суреттерден де байқауға болады. Қазақ жерінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыс¬тардан-ақ бабалары-мыз¬дың құс ұстап, тазымен аң аулауды қатар алып жүргенін аңғарасың. Сондай-ақ, тау мен тасқа ойып салынған суреттер мен әлемді таңғалдырып келе жатқан құйма алтындардан да көресіз.

37 бүркіт пен 6 қаршыға жарыстың көрігін қыздырды

Аягөздің іргесіндегі жазық алаңқайда өткен бүркітшілердің ересектер арасындағы XI республикалық чемпионаты шын мәнісінде саятшылық өнерді дәріптеген шара болды.

– Қымбатты саятшылар! Ақындар елі, абыздар елі атанған қасиетті Аягөз жерінде болып жатқан бүркітшілердің республикалық сайысына қош келдіңіздер. Мұндай сайыс өткен жылы ғана Үржар жерінде өтсе, биыл Аягөз өңіріне аяқ басып отыр. Алыстан ат арылтып келіп отырған барша азаматтарға алғысымызды білдіремін. Ел іргесі бүтін болсын. Қазақ халқының осындай ұлттық дәстүрімен ұштасқан мерекелері көбейе берсін. Бұл – Тәуелсіздіктің арқасы. Кейінгі буынға біз осындай құндылықтарымызды дәріптей беруіміз керек, – деп Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Байахметов алыс-жақыннан келген қонақтар мен Аягөз ауданының халқын құттықтады. Ел ағаларының игі тілектерінен соң Азанғали Тұраров ақсақал бата берді. Бұл күнгі үскірік аяз бен жаяу борасын тамашаға жиылған жұртқа әсер етпегендей. Тіпті, бір төбешік басында бір топ жас әлдекімнің дауылдата оқыған өлеңін тыңдап дуылдасады. Байқап қарасақ, осы өңірге танымал әйгілі саятшы, ақын, Үржардан келген Ерзат Байқадамов (Шойтабан) қызыл шырайлы жүзі алабұртып, өзінің бүркітшілерге арнаған жырын оқып тұр екен:

– Бетімді желге тоңдырып,
Қолыма қыран қондырып,
Ат жалын тартып мінгенде,
Ең қызығы осы ғой
Қыраның түлкі ілгенде…

Екі күнге созылған сайысқа еліміздің әр түкпірінен келген саятшылар жиылған. Қарағанды, Атырау, Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар облыстары мен Астана қаласынан саятшылардың алып келген 37 бүркіті мен алты қаршығаның өнерін тамашалады жұртшылық. Чемпионатты ұйымдастырып жүрген кәсіпкер, меценат азамат Әнуарбек Бимұрзин мен өткен жылғы 10-ыншы чемпионатқа мұрындық болған Тәттімбет Кәпұлының айтуынша, республика бойынша мұндай көрсеткіш бұрын-соңды тіркелмеген.

Сонымен, алғашқы күні бүркітшілер жиылған жұртшылық пен әділ қазылар алдында қыранның бабын байқайтын құсты қолға шақыру, еркін ұшыру, шырға салу секілді сайыстарын көрсетті. Қаланың оңтүстік беткейіне орналасқан атшабарда ұйымдастырылған аталмыш республикалық шараға ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті Ерлен Оспанов, ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Сәттібаев, Алматы облыстық «Қыран» федерациясы директорының орынбасары Бағдат Мүптекеқызы сынды тұлғалар келіп қатысты. Белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы мен әнші Тоқтар Серіков те туған жерлеріне ат басын бұрған екен.

Томағасын сыпырған сәттегі қас қағым уақытта әудем жердегі иесін танып қолына қонған құстың алғырлығына сүйсінесің… Атыраулық Арман Қошқаровтың «Нарын» атты бүркіті, үржарлық Ғалым Самғаттың «Тұйғыны», қарағандылық Темірәлі Жапаровтың «Мұзбалағы», Ақмола облысынан келген Қанат Шүленбаевтың «Сақтаны», тараздық Бауыржан Иманқұловтың «Қаражаны», астаналық Күнтуған Арманбектің «Ақбалағы», Алматы облысының тумасы Мұрат Көдековтің «Ақжолы» мен т.б. саятшылардың бүркіттері иесін жазбай танып, қолдарына дөп қонды. Қазылар алқасы тұтастай алғанда саятшылардың құсының бабына, бүркітшінің киім үлгісіне де жекелей ұпай беріп отырды.

Бас жүлде керекулік құсбегіге бұйырды

Сайыстың ертеңіне құсбегілер бүркіттерін қоян, түлкі, қарсақ секілді аңдарға салып байқады. Мұнда да көздеріне қан толған тастүлектер қанды шеңгелдерін ашық алаңқайға жіберілген қоян, түлкі, қарсаққа салды. Рас, бәрі бірдей төменнен сорғалап, құйылып келіп бүрді деуге келмейді. Алайда, Атыраудан келген Арман Қошқаровтың «Нарыны», Алматы облысының бүркітшісі Мұрат Көдековтің «Ақжолы», павлодарлық Бақытжан Мұқашевтың «Найза» атты бүркіті шын мәнісінде қызыққа жиылған жұртшылыққа тамаша көңіл-күй сыйлады. Жарыс қорытындысында Б.Мұқашевтың «Найзасы» бірінші, алматылық М.Көдековтің «Ақжолы» екінші, атыраулық А.Қошқаровтың «Нарыны» үшінші орынды иеленді. Тиісінше кәсіпкер Әнуарбек Бимұрзинның тіккен 150, 130, 120 мың теңгесін қанжығаларына байлады. Қаршыға сайысы бойынша Бабажан Бағдәулеттің «Қанжары», Сейітжан Аян мен Абсалам Қазыбайдың «Көкжендеттері» жүлделерді өзара бөлісті. Сол сияқты, қаршығаларын салған құсбегілер де жүлдесіз қайтпады. Қазақ халқының ықылым заманнан бері ұстап келе жатқан саятшылық өнері жайлы, құсты ұстау мен оның бабы туралы кәнігі бүркітшімен әңгімелескен едік.

– Жалпы, құсбегі бүркітті негізінен 2 түрлі әдіспен ұстайды, -дейді үржарлық Нұғын Қайдар бүркіт жайлы бізбен әңгімесінде. – Құз-жартастан қанаты қатпаған сары ауыз балапан кезінде ұядан қолға түсірсе, екіншілері тормен ұстайды. Алдымен, оны сылап-сипап, мәпелеп, өзіне үйір қылады. Етті суға турап салып, қант бүркіп береді. Сосын балақбау тағып, томаға кигізеді. Кейін әудем жерге барып аяқбаудан тартып биялайға «кәл», «кәл» деп шақырады. Түлкі немесе қоян терісіне сабан толтырып, сыртына ет қыстырып, оны ұзын жіпке байлап, сүйреп қашып үйретеді. Оны «домбай тастау» немесе «шырға тарту» дейді. Сөйте-сөйте балапанды кәдімгі тірі аңға түсіреді. Құсты баптап, күйіне келтірудің өзі бір өнер. Бабы келген қыран ғана аң мен құсқа түсе алады. Ал есейіп кеткен қыранды қолға үйрету кәнігі құсбегілердің ғана қолынан келеді. Оған алдымен аяқбау тағып , томаға кигізіп , бостау керілген арқан немесе екі басы жіпке байланған жіңішкелеу аспа ағаш – ырғаққа отырғызады. Ырғаққа отырғызылған бүркіт құлап қалмауға тырысып, ұйықтамайды. Күні-түні көз ілмей әбден қалжырап, ашыққан бүркіт бірер күндерден соң ырғаққа көніп, жем тартады.

– Мұндай сайысты ұйымдастыру, оған демеушілік жасау – өте үлкен, құптарлық іс, – дейді атбегі, құсбегі Тәттімбет Кәпұлы. – Былтыр менің ұйымдастыруыммен өтсе, биыл меценат ағамыз Әнуарбек Бимұрзинның тікелей атсалысуымен ұйымдастырылып отыр. Саятшылар сайысына Әнуарбек ағамызбен бірге Амангелді Мұстафин, Жайық Жұмаханов, Рысбек Дүйсекеев, Баттал Балғынтаев сынды құсбегілік өнердің жанашырлары, атадәстүрді жаңғыртуға белсене атсалысып жүрген азаматтар бас демеушілер болды. Қуаныштымыз. Аудан әкімі Бақытжан Байахметовке және осынау ұлттық спорт түрін қолдап жүрген барша азаматтарға алғыс айтамыз. Бұл – жеке бір адамның емес, барша қазақ халқының мақтан тұтатын, дәріптейтін ұлттық спорт түрі. Сондықтан барша қауым болып атсалыссақ, құба- құп.

Ақындар елі, абыздар елі атанған Аягөзде өткен екі күндік сайыс шынында да, ұлттық спортымызды дамытуға өз үлестерін қосып жүрген азаматтар үшін де, шараны тамашалаған жалпы жұрт үшін де зор қуаныш сыйлағаны анық.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button