Жақсы тазы мен жүйрік ат бір ғанибет
«Атан өлсе сойылар, атам өлсе қойылар, Енді мұндай қансонар, күнде қайдан табылар» дейтін елдің ұлдары атадан мұра болған аңшылық кәсіптің тек аңыз боп қалуына әсте жол бермек емес. Сондай азаматтың бірі – Мерей Бейбітұлы.
Жас аңшы Ұлан ауданына қарасты Ұлан (жергілікті жұрт Шымқора дейді) ауылының тұрғыны. Жақсы атты серікке алып, тату жолдаспен сейіл құрып жүрген саятшыны ауылына арнайы іздеп бардық. Таңмен таласа облыс орталығынан қозғалған темір тұлпарымыз сүт пісірім уақытта 40 шақырымды артқа тастап үлгерді. Күре жолдан бөліне шығып, ауылға бастаған соңғы бес шақырымда, қысқы күнде маужырай бастаған біз, лезде әм еріксіз есімізді жиып алдық. Алдымыздан күтіп алған аңшы жігіт, аз-кем аман-саулықтан кейін, қысқы мұнтаздай ауаны қақырата ысқырып қоя берді. Сол-ақ екен, үйді айнала бес бірдей тазы шауып келді қасымызға. Тура осылай етіңдер деп үйретіп қойғандай. Жоқ, үйретіп қойған ғой. Қызығы да сонда.
– Тазыларды күшік кезінен баптаймыз. Бір айлығында-ақ олардың тазыға тән белгілері байқала бастайды. Әуелі қарғыбауға үйретіп, сосын жетекке дағдыландырамыз. Көбіне малға үйірсоқ еткен дұрыс. Бес-алты айлық болғанда, бұрынғы сындарлы тазылармен бірге ертіп жүреміз. Екінші қар басқанда өз беттерімен таласқа түседі. Одан әрі қағілез жануар қырандығын өзі таныта бастайды, – дейді итбегі.
Қасқыр соққан түн
Кейіпкеріміз бала кезінен аңшылық кәсіппен әуестенгенін айтады. Ауылдың көп баласындай алты жасында ат жалын тартып мініп, жарысып қоян-қарсақ қуып өсті. Қазақылықтың қаймағы бұзыла қоймаған ауыл, Мерей мен оның достарының ата кәсіппен етене араласып өсуіне ықпал еткен. Әріден кейін бұл үлкендердің көрсеткен үлгілі – өнегесінен деп білдік. Балапан ұшқанда, ұяда көргенін ілсе керек. Ержете келе әуесқой аңшы саяткерлікке діттеп ден қоя бастайды. Күшік асырап, тазы етті. Сондықтан болар балтырын емес, түлкі-қарсақтың таңын қанатты. Уақыт өте достар арасында тазы жүгіртіп, аңға шығу сүйікті дағдыға айналған. Осылайша шымқоралық серілер түнгі клубта емес, түзде жортып түлкі соғуда.
Мерейдің тазылары ауыл жұртшылығына кеңінен белгілі. Ерқұйын, Ұялас, Қара, Борзик есімді тазылары қоясын түсіріп салғанда қоян мен түлкіні құтқарған емес. Бір жылдары қамалап, қасқыр да алған екен. Іңір сала ауыл тіршілігі тынышталып, қыстың ұзақ түнін ұйып күтіп отырғанда, көрші-қолаң тегіс «қасқыр келділеп» шу ете қалған көрінеді.
– Қасқыр ауыл іргесіндегі қызыл тас дейтін жерге келді дегенді ести салып, атымды ерттеп, қаруымды қолыма алдым. Тазыларым да жарау тартып тұр еді. «Жетелеп салған тазы түлкі алмас» деген. Түз тағысын көре салып, жындай қағынды. Төртеуі бірдей тарпа бас салып, тырп еткізбеді. Жүйрік атпен мен де жеттім желкелеп. Соғып алдық. Үлкен іс тындырғандай масаттанып қайттым. Тазыларымның арқасында ауыл адамдарының алдында мерейленіп қалдым. Аңшылықтың ғанибеті де осында жатыр, – дейді кейіпкеріміз.
Жақсы дос әманда тек жақсылығын үйретсе керек. Мерейдің достары да тазы ұстайды. Қазан ұрмай қараша келе қалса, тазыларын ерткен салт атты жігіттер тастан түлкі қағады. «Үйірімен үш тоғызы» келген талай дәуренді кешті бастан. Бұл күнде туған күн, я қандай да бір мереке-мейрамда алыс-жақыннан келген жора-жолдастарына тазының күшігін сыйлау дәстүрге айналған.
Ат құмарлығы атасынан дарыған
Аңшылық десе ішкен асын жерге қояр сейілшіл жігіттің жүйрік атқа қызықпауы да мүмкін емес. Абайша айтсақ, аңшы адамға жақсы ат пен тату жолдас бір ғанибет емес пе? Мерейдің ат құмарлығы да бір төбе екенін көрдік. Баптап бәйге қосқанды жаны сүйеді. Ұлан, Әрсен торы есімді сәйгүліктері осы күнгі бәйгенің алдын берген емес. Ат құмар жігіт жұлдызын биіктен жаққан бәйге аттарының санын еселеуді көздейді. Бұдан бөлек қорасында жүз қаралы жылқы жер тарпып тұр. Жарықтық жылқы жануары тебіндеп жайылатындықтан, жемшөпке келгенде көп қиындық тудыра қоймайды. Оған қоса Ұлан даласының Қамбар ата түлігіне әбден қолайлы екенін көзіміз көрді.
– Әкемнің үлестік жері бар. Қысқы жемшөпті сонда дайындаймын. Көбінесе тебіндікте болады. Алдағы уақытта жылқы санын 500-ге толтырсам, жер алып, шаруа қожалығына айналдыру ойда бар, – дейді сегіз қырлы, бір сырлы азамат.
Мерейдің бойындағы ұлттық өнерге, ата кәсіпке деген ынта-жігері арғы затынан дарыған деуге болады. Кейіпкеріміздің нағашы атасы белгілі ұлттық спорт жанашыры Мэлс Нариманов екенін біреу білсе, біреу білмес. Атпал азаматтың Шымқора спортшыларынан жасақтаған көкпар командасы кезінде облыстың 10 дүркін жеңімпазы атанған. Аталмыш көкпар ұжымы еліміздің үздік бестігінің қатарынан көрінді. Облысымызда ат спорты федерациясын құру туралы алғашқы болып бастама көтеріп, игі істің мұрындығы болған да Нариманов еді. Ол аталмыш федерацияның төрағалық қызметінде де талай тер төккенін айта кету ләзім.
«Жігіттің жақсы болуы нағашыдан» дейді дана қазақ. Ат баптап, тазы жүгірткен Мерей, көкпар тартудан да қалыс қалған емес. Ұлан ауданы командасының құрамында облыстық көкпар додаларында өнерін елге паш етіп жүр. «Жігітке жеті өнер де аз» деушілердің бірі осы азамат. Жылқысы көл жабар болып, жеке кәсібін бастаса, ойға алған игі ісі көп. Ұлттық спорт түрлерінің дамуына, саяткерлік кәсіптің жас ұрпаққа кеңінен насихатталуына қолғабыс етемін дейді. Дәл қазіргі уақытта шығыста ақсап тұрған ат спортының қайта қарқын алуына осындай жастар керек емес пе?
Мерейдің жасы 28-де, яғни дүр жігіт. Түлкі заманын тазы болып шалып жүрген дүр жігіттің дүлдүл арманына ұзамай қол жеткізетініне риясыз сендік.
Оразай Жеңісұлы