Өр Алтайдың жүйріктері
Құланқара
1985 жылғы аламандағы Тайжиреннің жеңісі «Ленин» ұжымшары жүйріктерінің Алматы орталық ипподромындағы тұңғыш биігі емес еді. Осы жеңіс салтанатынан бір мысқал кем емес бұл ипподромдағы алғашқы тұсаукесер 1970 жылы Қазақ КСР-нің 50 жылдық мерейтойына арналған республикалық бәйгеде орын алған болатын. Бұл аламанға әр облыстан іріктеуден суырылып шыққан бір жүйріктен қатысты. Шығыс Қазақстан облысы аңызға айналған Құланқараны қосты. Қазақтың әйгілі жазушысы Ғабит Мүсірепов Құланқараны кейін очерк жанрының классикалық үлгісіне айналған, республикалық «Лениншіл жас» жастар газетінде жарияланған «Бошайдың үш қарасы» шығармасына арқау етті.
Бәйге болатын күннің алдында Алматыда күн ысып, айнала қапырық болып кетті. Б.Кітапбаев жылқы жаратудың жазылмаған заңдылықтары бойынша бәйге басталардан жеті-сегіз сағат бұрын аламанға қосар атқа жемшөп, су беруді тоқтататынын жақсы білді. Десе-дағы, атбегі Қожамсейіт Асантаевқа жарысқа шығар алдында жүйрікке бір шелек су беруді тапсырды. Бәйге кезінде Құланқара екі рет алып қашып, шеңберден шығып кетті. Екі шақырымдық шектеулі кеңістікте ауыздығымен алысқан адуынды сәйгүлікті тізгіндеу он бір жасар шабандоз Валера Мартынге қиынға соқты. Дегенмен, аттың басы қатты екенін білетін тәжірибелі жаттықтырушы Қ.Асантаев екі ретінде де жылқыны шеңберге қайтарды. Құланқара да алға озған бәсекелестерін қуып жету үшін құстай ұшты. Құлашын кеңге жайған жылқы біраз тұлпарды тұтас айналымға артқа қалдырып, бірінші келді.
Жарысқа «Ленин» ұжымшарының Васька мен Санар атты жүйрік қаралары да қатысқан еді. Бұл баран аттар бес шақырымдық тегеурінді жарыста Дегерес жылқы зауытының жүйріктерімен көмбе сызығын құйрық тістестіре аттап, үшінші және төртінші орынды иеленді. Васька мен Санар көптеген жылдар бойы ұжымшар намысын бес, он шақырымдық бәйгелерде қорғап жүрді. Аудандық жарыстарда тұрақты түрде жеңіс тұғырынан көрінсе, облыстық спартакиадада бірнеше дүркін жүлдегер атанды.
КСРО-ның бас газеті «Правданың» спорт жаңалықтарына арналған бөлімінде Алматы қаласындағы ат жарыс жөнінде мақала жарияланды. Жарияланым он алты шақырымдық бәйгедегі Валера Мартынның жеңісіне ерекше назар аударды. Қаракөк Санар тұлпарды Б.Кітапбаев сол жылдары Үлкен Нарын ауданының «Қазақстанның 40 жылдығы» кеңшарының бөлімшесі болған Новополяковка ауылындағы жергілікті май зауытының директоры Максим Санаровтың тақымынан көрген еді. Новоберезовкада тыңнан қосылған атқа айдар тағуға ешкім бас қатырған жоқ. Ал Васьканы қолда өскен деуге де болады. Фрунзе Жақсылықов оны жазда салт мініп, қыста шанаға жегетін. Сол кезде аттың ерен жүйріктігі ұжымшар төрағасының назарын аударды.
Фрунзе Елғазыұлы Жақсылықов – 1931 жылы Катонқарағай ауданының Өрнек ауылында туған, ірі шаруашылық және мемлекеттік жетекшілерді өсірген «Ленин» ұжымшарының көрнекті шәкірттер шоғырының бірі. Ол ұжымшардың таулы белдеуде орналасқан үш ауылды біріктіретін өндірістік аумағына басшылық жасады. Бұл бөлімшенің қызмет ауқымы орта көлемдегі шаруашылықтан кем түспейтін. Яғни, облыстық партия комитетінің Фрунзе Жақсылықовты Самар ауданы Жамбыл атындағы ұжымшар төрағасы қызметіне ұсынуы бекер емес. Ал бес жылдан кейін оны аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына сайлады. 1978 жылы Күршім аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Сондай-ақ 1981 жылы ақпанда республикалық партия ұйымдарының XV съезінде Фрунзе Жақсылықов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелігіне сайланды. Еңбек Қызыл Ту және Құрмет белгісі ордендерімен марапатталды, Катонқарағай, Күршім және Көкпекті аудандарының құрметті азаматы атанды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Майемер кенішінде жұмыс істеген оқушы кезінде алған «Адал еңбегі үшін» медалінің ең жас кавалері атағы өз алдына. Тынымсыз еңбекке үйренген ақсақал Өскеменнің қоғамдық өмірінен әлі де шет қалған емес.
1970 жылы қыркүйек айында Алматы ипподромында ХІІІ Бүкілодақтық ұжымшар, кеңшар және жылқы зауыттары атбегілерінің жарысы өтті. Жарыстың бас төрешісі міндетін азаматтық соғыс кезінде Бірінші атты әскерді басқарған Кеңес Одағының Маршалы С.Буденный атқарды. Ұлттық ат спорты түрлері бағдарламасы шеңберінде бәйгеге арналған ең ұзақ қашықтық 12 шақырымды құрады. Осы жарыста «Ленин» ұжымшарының тағы бір тамаша тұлпары Бұланқара жеңіске жетті. Ал Бұланқараға шапқан Ершок Саханов чемпиондық алтын медальмен марапатталды. Бұланқараның бапкері Огневқа ауылының тұрғыны, белгілі атбегі Тұрған Қыстаубаев болатын.
1971 жылы жазда Семей облысындағы Қарауылдың маңында Абай Құнанбайұлының 125 жылдық мерейтойына арналған ат жарысы өтті. Қазақстанның барлық өңірінен сәйгүліктер қатысты. Бұл жарыс «Ленин» ұжымшары тұлпарларының ғажап жеңісімен аяқталды. Ат спорты жанкүйерлерінің есіне сала кетейік, Құланқара (шабандозы Валера Мартын) өзіне ғана тән шабыспен қарсыластарына қара көрсетпей, жиырма шақырымдық бәйгені ұтты. Сирек те сұлу тұрпатты Желмая (шабандозы Ершок Саханов) жорғаға арналған он үш шақырымдық қашықтықта бәсекелес шақ келтірмесе, отыз шақырымдық аламанда Бұланқара (шабандозы тағы да Ершок Саханов) екінші келді. Ат жарыстың үш түрі де новоберезовкалықтарға жүлде сыйлады.
Ғабит Мүсіреповтің очеркі дәл осы жарысқа арналған болатын. Қазақ әдебиетінің классигі аламан бәйгенің қорытынды кезеңінде жанкүйерлер тарапының күтпеген наразылығын айрықша атап өтеді: «…30 километрлік бәйгеде «Бұланқара» екінші болып құйрық тістесе келді. Отырған жұрт ду ете түсті:
– Озып келген көлденең қосылған ат! Көлденең қосылған ат! – десті. Ертеңіне: «Көлденеңнен қосылған ат екеу екен. «Бұланқара» – соның біреуін басып озып, енді біреуімен құйрық тістесіп қалып еді» деген лақап тарады. Тексере қалған адам болса анығына жеткен шығар. Ешкім тексермесе, шикілік болған екен деп ойлауға да болады…».
Бірқатар куәгерлердің сөзіне қарағанда, халықтың жарыстың әділ өткеніне күмән келтіруіне, наразылық танытуына аламанның жүлдегерлерін марапаттау салтанатындағы жеңімпаз аттың қунақы түрі де әсер етіпті. Расында, бабы келісті аттардың өзін бұрлықтыратын ұзаққа созылған ауыр бәйгеден кейін жеңімпаз жылқының шаршаңқы кейпі байқалмады.
Ленин атындағы ұжымшардың басқа жүйріктері іспетті Құланқараны да кездейсоқ тарту деуге болады. Алпысыншы жылдардың екінші жартысында Новоберезовканың көнекөз атбегісі Сәдуақас (Чауа) Мамырбаевтың қолында қаратөбел ат пайда болды. Алғашқы кезде жергілікті жұртшылық оны «Лесхоз» атап жүрді. Атауында тұрғандай, ұжымшардың төрағасы бұл атты Катонқарағай ауданы орманшыларының мініп жүрген сәтінде кездейсоқ көріп қалған болатын. Орман қызметкерлері үшін аталған аттың құны аса байқала қоймаса керек, олар жылқыны айырбастауға оңай келіседі. Ұжымшар жетекшісіне аттың бітімі алғаш көргеннен ұнайды. Ішкі сезім тағы алдаған жоқ. Келесі көктемде Лесхоздың Үлкен Нарындағы аудандық жарыста тұсауы кесілді. Онымен бес шақырымға шапқан Бекен Раисов осы қашықтықтың мойындалған жүйрігі саналатын Васькадан кейін келіп, екінші орынды иеленді. Екі-үш жылдық үзіліссіз дайындықтан кейін көптеген жарыстарға қатысып, шыңдала түскен орманшының бұрынғы мініс аты сирек кездесетін, аламанда атақты Құланқара даңқымен танылған, алдына қылқұйрық салмайтын теңдессіз жүйрікке айналды. Оның жүлде қоржынында облыстық, аудандық жарыстардың әлденеше дүркін жеңістері болды. Тайжиреннен ерекшелігі, Құланқара сөреден ытырылып шыға сала ауыздығымен алысып, бар пәрменімен алға ұмтылатын. Бұл кезде шабандоз да жүйрікке амал қыла алмайды. Тұлпардың табиғат берген бұла күшін қандай қашықтыққа да іркудің қажеттілігі болған жоқ. Құланқараның Ленин ұжымшарындағы бірқатар бәйге аттарынан ерекшелігі, аяғын зақымдаудан аман өтті. Кәртейіп жарыс жолын аяқтағаннан кейін де құрметпен өзінің жасын жасады.
Самолет
Бұл алпысыншы жылдары болған еді. Ленин атындағы ұжымшар төрағасы бірде көлікпен бұрынғы Катонқарағай ауданы шаруашылықтарының бірінің аумағымен кетіп бара жатады. Жолдың шетінде кеңшардың қойы жайылып жүрген-ді. Үріккен қойды қайыру үшін отар жаққа астындағы атын шоқыта салған шопанды көргенде, Б.Кітапбев жылқы жүрісінен көзін аудара алмай қалды. Құмарлығын жеңе алмаған ол шопаннан атпен шауып өтуін сұрайды. Сонан соң жылқының аяқ алысы айрықша әсер қалдырғанын айтады. Тура жер бетімен ұшқан қанатты пырақтай. Мұндайды ат сырына қанық азамат бұрын байқамаған еді. Ғажап жылқының иесімен әңгіме ұзаққа созылған жоқ. Көп уақыт өтпей, жылқыны Новоберезовкаға құлынды биеге айырбастауға айдады. Осындай да ғажап атпен кеңшардың қойын бағады екен-ау! Бейнебір Күлбике ертегісіндегі сияқты. Бәлкім, қарт Алтайдың әйгілі қос түлегі – Ленин атындағы ұжымшар төрағасы Бошай Кітапбаев пен келешектегі сайыпқыран сәйгүлік Самолеттің кездесуі де кездейсоқ емес шығар! Алтайдың таңғаларлық бай да жомарт жері ақеділ ұлының игілігіне кең төсінде туған шын мәніндегі жүзден жүйрік шыққан сәйгүлігін сыйлады.
Бұл атқа Самолет деген айдар тағылды. Оны ұжымшардың тәжірибелі атбегілері, ақсақалдар Сәдуақас Мамырбаев пен Құлмұхамбет (Құлшан) Қайықов баптады. Самолеттің бір өзінде биік шоқтық пен мықты және мейіздей қатқан түзілім үйлесім тапқан. Жерге дейін шұбатылған құйрық-жалы жарыс кезінде желмен таласа желбірейтін. Түгі жиі кездесе бермес откүрең еді. Бойына лайық көсілетін ұзақ шабысы жылдамдығына жылдамдық қосатын. Куәгерлердің еске алуынша, Самолет сағатына жетпіс шақырымға дейін бағындырды. Жалпы, тұрқы биік жылқылар ұзақ қашықтыққа төзімділігімен ерекшеленбесе де, Самолеттің шыдамдылығы ерек еді.
Сол кездегі ат жарыстарының деңгейі көбіне облыс пен аудан ауқымынан аспайтын. Сондықтан Самолет Өскеменнен ары ұзап шыққан жоқ. Облыстық бәсекелерде, оның үстіне аламан бәйгеде ұту табиғатынан туабітті һәм жақсы жаратылған жылқыға ғана тиесілі бақ. Әр жарысқа бірнеше ондаған тұлпарлар қатысады, әрқайсысының иесі өзі баптаған тұлпарының озып келетініне сенімді де. Самолет барлық бәйгеде көмбеге бірінші жететін дағдысынан таңған жоқ. Онымен алғашқыда Шура Вшивцев, кейіннен Тоқан Зайкин шапты. Ұжымшардағы шабандоздардың атқа отыру мерзімі қысқа қайырылатын, өйткені әр кило салмақ үшін бітіспес күрес жүрді. Самолетке тақымы тиген соңғы шабандоздардың бірі Юра Оразаев сүйікті сәйгүлігін қазіргі кезде былай деп еске алады: «Самолет байсалды еді, шабандозға кедергі келтірмейтін. Алайда өзге жылқының озғанын қаламайтын. Егер Самолет алдында шауып бара жатқан жылқыны көрсе, құлағын жымқырып алып жылдамдығын үдете, алға шықпайынша тыншымайды. Яғни, жаратылысынан жеңімпаз болып туған жылқы». Юрий Оразаев Новоберезовка орта мектебін бітіріп, Саратов ауыл шаруашылығы институты экономика факультетінің дипломын алды. Бүгінде зейнеткерлік демалыста. Өкініштісі, Самолеттің бәйге алаңындағы ғұмыры келте болды. Жаттығулардың бірінде аяғынан ауыр жарақаттанды. Мал дәрігерлері ұзақ уақыт емдегенімен, Самолеттің зақымданған аяғы жазылмады. Үлкен Нарынның жеңіс дәстүрін Самолет жарақат алған соң, Калинин атындағы ұжымшардың Солдатов ауылынан шыққан торы тұлпар жалғады. Шығыс Қазақстанда аламан бәйгеде үш жыл бойы оған тең келер жүйрік болмады. Түр-тұлғасы мен күш-қуаты ерекше, тұрқы да ірі, асыл тұқымды жылқы еді. Солдатовтық торымен Марат Қайрақбаев шапты. Калинин ұжымшарының төрағасы Николай Иванович Лозовой 1922 жылы туған, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, 1966 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алып, 1973 жылға дейін ұжымшарды басқарды. Бұрынғы мәскеулік метро құрылысшысы Н.Лозовой бәйгеге немқұрайды қараушы еді. Бұл ретте оның орнын көп жылдар бойы орынбасары болған, көпшілікті қазақ тілін терең білетіндігімен таңғалдыратын тәжірибелі шаруашылық ұйымдастырушысы, ат десе ішкен асын жерге қоятын Николай Петрович Толстых толтырды. Солдатовтық торы тұлпардың ұзақ жылғы тұғыры бұған дейін сөз болған Құланқараның дәуірімен алмасты. Осы жылдары Калинин ұжымшарында тағы бір қою түсті жылқы үздік өнер көрсетіп жүрді. Бұл атқа отырған Петя Зейферт екі жыл қатарынан Өскемендегі облыстық жарыста он шақырымдық бәйгені ұтып алды. Солдатовтық жүйріктерді Ағзаш Сахаринов баптады.
Самолет туралы әңгімемізді тәмамдар алдында Ленин ұжымшарының командасына енген тағы бір жылқы еске түсіп отыр. Бұл Мальчик атты шоқтығы аса биік емес, жылдамдығы жоғары және төзімді торы құнан болатын. Ұжымшар жетекшісі оны Катонқарағай ауданының Өрнек ауылынан байқапты. Самолеттің аяқталған дәуірін Мальчик алмастырды. Өскеменде өткен аламан бәйгеде солдатовтық чемпионның басты қарсыласы болып, жеңісті оңай бермеді. Алайда, Үлкен Нарындағы жарыстардың бірінде аңдаусызда тиген қамшыдан көзіне зақым келген жылқы көруден қалып, жарыс жолына шыға алмай қалды. Үлкен әлеуеті соңына дейін ашылмады. Ленин атындағы ұжымшардың туы астында өнер көрсеткен Мальчикке де, басқа аттарға да жүйріктердің жағдайы мен көңіл-күйін әрдайым терең түсінетін Мұрат Байқонақов мінетін.
Бас бапкер
Б.Кітапбаев Ленин атындағы ұжымшарды үш онжылдық бойы басқарды. Осы жылдардың барлығында ол ат спортымен айналысудан шаршамады. Жылқышының баласы болған оған бұл өткінші ермек емес-тін. Егер осы тараптағы оның қызметін сараптар болсақ, отыз жылдың бедерінде ұжымшарда даярланған жоғары дәрежедегі спорттық аттардың үш буынын бөліп айтуға болар деп ойлаймыз. Уақыттың белгілі бөлігін кейіптейтін әр буын осы кезеңде республикалық немесе облыстық деңгейдегі аламан-бәйгелерді үздіксіз ұтқан жүйріктердің төңірегіне топталды. Біз соңғы, үшінші, 80 жылдары жеңіске жеткен Тайжирен бастаған жирендердің буынына жатамыз. 60-70 жылдардың ішінде ұжымшарға аты шулы жеңістер сыйлаған екінші буындағы жүйріктер тобының бетке ұстары, сөзсіз Құланқара болды. Бұл жылдары оның қасында көптеген бәсекелерде сәтті өнер көрсеткен Бұланқара, жорға Желмая, орта қашықтықтың ұшқырлары қаракөк Санар, Васька және тағы басқа да жүйріктер болды. Бұл Ленин атындағы ұжымшардың әйгілі қараларының дәуірі еді. Ал біздің ойымызша, новоберезовкалық арғымақтардың бірінші буынында ең үздікке баланғаны – «Ленин» ұжымшарының ат спорты тарихында 60 жылдардың бірінші жартысының жарқын жұлдызы болған, өзінің ныспысына толығымен сай келетін Самолет есімді сәйгүлік дер едік.
Әрине, бөліп алған буындарымыздың арасында бірнеше жылға созылған уақытша үзілістер болды. Бұл кезеңдерде ұжымшардың атынан басқа да жақсы тұлпарлар өнер көрсетті. Республикалық, облыстық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінбегені рас. Алайда, бұлар да шабысына куә болған адамдардың жадында қалды. Әлбетте, ғаламат жүйріктер күн сайын туа бермейді. Б.Кітапбаев өз баяндамаларының бірінде, Қазан төңкерісіне дейін патша генералдарының Ертіс өзенінің бойымен Алтайға асыл тұқымды айғырларды әкеліп, жергілікті үйірлерге жібергенін айтқан болатын. Көптеген жылдар өткеннен кейін ұжымшар атынан сынға түскен Құланқара, Самолет сынды бұрынғы Катонқарағай ауданының аумағында туған танымал сәйгүліктердің солардың тұқымы екеніне шәк келтірмейтін. Дегенмен, бір кездері бұл тұлпарларға Қазақстандағы ең танымал атбегі кездейсоқ кез болмағанда, оларға берілген гендік әлеует мүлдем болмас еді және өздерін көрсете алмас та еді.
Ұжымшарда отыз жыл ішінде жылқымен тікелей шұғылданып, өздеріне жүктелген жұмысты жауапкершілікпен орындаған атбегі-бапкерлердің бірнеше жаңа буыны өсіп шықты. Алайда, олардың арасында төраға ғана ауыспады. Егер заманауи спорт сөздігін қолданар болсақ, ол отыз жыл бойы бас бапкер болды. Ұжымшар үшін сынға түсетін барлық жүйріктерді өз күшімен жинақтаған жаттықтырушы-селекционер де бір өзі еді. Б.Кітапбаевтың жинақтаған тәжірибесі мен ғаламат ішкі интуициясы кездейсоқ көрген жылқының келешектегі чемпиондық жұмбағын тап басып танитын. «Ленин» ұжымшарының жылқы жарату орталығында Самолет, Құланқара, Тайжирен мен басқа да көптеген жүйріктер дәл осылай пайда болған-ды. Ұжымшар төрағасы атты баптаудың әдіс-тәсілін жетік меңгерген және оны атбегілерден де талап ететін. Атбегіліктің алғашқы әліппесін ол бала күнінде әкесі, Алтайдың атақты жылқышысы Кітапбай Мәжіковтен үйренді. Б.Кітапбаевтың әкесі 1942 жылы 44 жасында майданға аттанды. Соғысты 1945 жылдың мамыр айында Прага көшелерін фашистерден азат еткен кезінде аяқтады. Одер өзенінен өтуде көрсеткен батырлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Хас жүйрікті тай кезінен тани білу – талант. Көп адамға беріле бермейтін бұл қасиет Бошай Кітапбаевқа қонды. Сол себепті Үлкен Нарын ауданының Ленин атындағы ұжымшары отыз жыл бойы ғажайып сәйгүліктердің ұстаханасы болды. Мұндай шаруашылық мектебі Шығыс Қазақстанда, тіпті республика көлемінде одан кейін болған жоқ.
Марат Кітапбаев
Өскемен.