Саят

Аюға шалма тастаған Шойтабан

Аюға шалма тастаған Шойтабан

Жыл басында Үржар ауданына жол түсіп, осындағы ұлтжанды азаматтардың бірі, атбегі, құсбегі, қолөнер шебері Тәттімбет Кәпұлымен кездесіп, сұхбат құрып отырып әңгіме арасында «қасқыр туралы айтып беріңізші» деп қолқалағанымда: «Қасқыр туралы Шойтабаннан сұра. Сол көп біледі» деген-ді. «Көк бөрі туралы көп біледі» деп қызықтырған Шойтабанмен ертеңінде кездесудің сәті түсті. Үстіне қасқыр ішік, басына қасқыр тымақ, аяғына саптама етік киген, екі иығына екі кісі мінгендей, еңсегей бойлы, кесек тұлғалы, қызыл шырайлы жігіт ағасын көргенде көкжал туралы көп білетініне еш күмәніміз қалған жоқ. Алпамсадай тұлғасына қарап, қасқыр емес, арыстан алды десе де сенгендейсің.

Аңшы мен ақынның кездесуі

Аюға шалма тастаған Шойтабан

Өзі аңшы, бір кісідей ақындығы да бар Шойтабанның шын аты – Ерзат Байқадамов. Шойтабан деген лақап атты ауылдастары берген көрінеді. Өзінің айтуынша, ауылында елі Шойтабан Мәптіқан деген ақсақал болыпты. Ерзатты кішкене күнінде үнемі атына мінгестіріп, ертіп жүреді екен. Соны көрген ауылдастары «Мәптіқан мен Шойтабан келе жатыр» дейді екен. Содан бері Шойтабан аталып кетсе керек.
Негізгі әңгіме түз тағысы – қасқыр төңірегінде өрбиді деп келіскенімізбен кейіпкеріміз әңгімені өміріндегі естен кетпес сәттерінің бірінен бастап кетті.
-Жайлауда жылқы бағамын ғой. Бір күні үйде отырсам жылқының ішінде бейтаныс екі-үш кісі жүр. Барлығы да аршыған жұмыртқадай әппақ боп киініп алған. «Бұлар кім?» деп атыма мініп, шауып барсам, орталарында қара торы, қысық көзді, ашаң жүзді ақсақал тұр. Аттан секіріп түсіп, сәлем беріп едім: «Ой, сен батыр болатын жігіт екенсің. Көкпаршы емессің бе, өзің?» деп қолымнан қысыңқырап ұстап тұрды да, «атыңның ертоқымын алшы, қане» деді. Алып тастап едім, олай-былай қарады да: «атың жүйрік екен» деді. Сөйтіп, сол жерде таныстық. Қасында Асхат деген үржарлық ағамыз бар. Ол кісі де қарап тұрмай: «Ой, аға, бұл өзі ақын жігіт, сері жігіт» деп мені қолпаштай бастап еді, «қазір не көп, ақын көп емес пе?» деді бейтаныс ағамыз мені менсініңкіремегендей. «Ақында міндетті түрде үш тақырыпта өлең болу керек. Туған жері мен анасына шығарған өлеңі. Үшінші, ер жігіт болғаннан кейін сүйгеніне арнаған өлеңі болуы қажет» деді сосын сөзін әрі қарай жалғап, – дейді Ерзат Байқадамов сол бір сәтті тебірене еске алып.
Бұл – ақынжанды аңшы жігіттің белгілі ақын Қажытай Ілиясовпен алғаш рет кездескен сәті еді. Соңғы кездесуі де боларын ол кезде ойламаған болар. «Әу» демейтін қазақтың жоқтығын жақсы білетін Қажытай ағамыз жайлауда жатқан жігіттің шамасын байқайын деді ме, әлде көңілін қимады ма, «әуелі, туған жеріңе шығарған өлеңіңді оқышы» дейді. 2001 жылы Ерзаттың анасы дүниеден озған екен. Арада төрт-бес жылдай уақыт өткен соң бір күні әкесінің құрдастары келіп: «Әй, Ерзат, әкеңді неге үйлендірмейсің сен?» деп тақымдаса керек. Сонда намысқой Ерзат атына мініп, Тарбағатайдың тауына тіке тартыпты. Таудың басы гуілдеген жел екен. Бір жақпар тастың ығында тұрып, анасына арнап өлең шығарады.
Тауларға шықсам, биіктің бәрі жел деймін,
Әңгіме-өсек қылып жүр мына ел деймін.
«Үйленіп апты әкең сенің» деп-ай-ау,
Тіріліп келсе анама сонда не деймін.

Жата бер, ана, сол жақта тыныш жата бер,
Түсіме кіріп анашым маған бата бер.
Бұл жақта қызық ештеңе де жоқ анашым,
Сол жақта тыныш, сол жақта тыныш жата бер.

Тауларға шықсам, биіктің бәрі жел деймін,
Өзің бір жатқан төсекті ешкімге бермеймін.
Өзің бір жаққан шоқтарың жатыр қызарып,
Өшірмеймін деп үмітпен күнде үрлеймін.

Сағындым, ана, қолыңмен құйған шайыңды
Сағындым, ана пісірген әппақ наныңды
Сағындым, ана шайқаған сары майыңды.

Тауларға шықсам, биіктің бәрі жел деймін,
Менен енді-ай-ау ешкімге де сенбеймін.
Артыңда қалған ұрпақтың бәрі жалынды,
Қолыма алып әлпештеп отырмын шалыңды.

Өшірмеймін ана өзің бір жаққан шоғыңды,
Білдірмеймін ана ешкімге енді жоғыңды.
Осы өлеңді оқып бергенде Қажытай ағамыз риза болып, «енді екі өлеңің қалды» дейді жымиып. Басқа-басқа, сөздің қадірін білетін ақынның өзі демеп, қолдап, қолпаштап отырса, несін аянсын?! Екі өлеңіңіз не, бірінен кейін бірі бірнеше өлең оқылады.

Тіл қатсаңшы, құдаша-ау, тіл қатсаңшы,
Бал тіліңді құдаңа тыңдатсаңшы.
Күнде шық деп мен сені мазаламайм,
Бір күн шығып сырғаңды ұрлатсаңшы, – деп құдашасына,

Қарашы Тарбағатай тауым деймін,
Өтіп барад сіркіреп жауын деймін.
Найзағайың жарқ-жұрқ еткен кезде,
Қозғалатын сияқты тауым деймін.

Табиғаты керемет Үржарымның,
Тау басында жатсаң ғой бір жарым күн.
Бетің жуып, мөп-мөлдір бұлағына,
Бұлбұл келіп, ән салады құлағыңа.

Қарай бергім келеді, қарай бергім,
Таста тұрған арқардың ылағына, – деп туған жеріне арнаған өлеңін оқиды.
-Қанша өлең оқығаным есімде қалмапты. Әйтеуір өлеңдерімнің көбін сол кісіге алғаш рет оқығанымды білемін. Негізі бұрыннан шығарам ғой. Бірақ біреу жүре тыңдайды, біреу күле тыңдайды дегендей. Тыңдаушы болмаса, өлеңді оқығың да, жазғың да келмейді екен, – дейді жырқұмар жылқышы ағамыз.

Қырыққа жуық қасқыр соғыпты

Аюға шалма тастаған Шойтабан

Ерзат Байқадамовты үржарлықтар кәнігі аңшы ретінде жақсы біледі. Түлкі, қасқырыңызды былай қойып, аюдың өзін арқандаған кездері де болыпты.
-2001 жыл ма, 2002 жыл ма? Қателеспесем, 2002 жыл болуы керек. Ауылда жатқам. Жаздың ортасы ауған шақ. Бір күні жайлаудағы бауырларымның біреуі шауып кепті: «Ерзат аға, қасқыр загоннан қой жеп маза бермей жатыр. Көшпесек, болмайды» дейді. Содан қойды ауылға айдап қайтайық деп жайлауға бардым. Ұйықтап жатырмыз. Айдың жарық кезі. Таң алагеуімде ит үреді. Оянып кеттік. Жазық жер болатын. Қарасам, бір аю жүр анадай жерде. Қызбалық қой, атымды шаужайлап тұра шаптым. Қасымда тайыншадай иттерім бар. Жас мөлшері бір жасар аюға келетін секілді. Иттерім бара сап, аюға жабылып, отырғыза кетті. Тау тағысы оңайлықпен беріле сала ма, қайтадан тұрып алып, алдыңғы екі аяғын көтеріп, айбар шекті. Сол кезде шалма лақтырып ем, дәл мойнына түсті. Әріректе өзені бар, талы бар жер болатын. Аюым арқанын сүйретіп, сол жерге жетті. Айғайлап бауырларымды шақырдым. Иттер абалап аюдың жанында жүр. Оның мойнында арқан. Аттан секіріп түстім де, арқанның бір ұшын бір талға байлап үлгердім. Аю бір айналғанда әлгі арқаным лезде қысқара бастады. Содан екінші арқанды алғыздым да, қол-аяғын керіп, ауыздығын салып дегендей, орап-орап мәшинеге тиедік.

Аюға шалма тастаған Шойтабан

Айтпақшы, ұмытып барады екем. Мәшинеге тиемес бұрын екі арқанға керіліп тұрған аюды арт жағынан кеп құлағынан баспақшы болдым. Құлағынан ұстай бергенім сол еді, аюым қос қолымен артқа қарай құлаштап соқсын. Құдай сақтап, соққысы тимей қалды. Әйтпесе мойнымды жұлып кетер ме еді. Содан қол-аяғын матап, үйге алып келдік. Бір-екі күн өтер-өтпесте, құдды, цирк келгендей бүкіл ауданның кісілері осында ағылды. «Мынауың не?» дейді барлығы аң-таң болып. «Атқам жоқ. Жаралағам жоқ. Мұны енді не істеймін? Ертең кісі жейді. Мынау малға әбден үйреніп алған» деймін мен. Содан не керек, әлгіні алты ай бағып, тауына қоя бердім. Сөйтіп, қасқыр деп жүргеніміздің аю боп шыққаны бар, – деп жымия еске алады кейіпкеріміз аюды арқандаған асау күндерін.
Аюды шалмалаған жігіт ағасы негізінен қасқыр аулағанды жөн көреді.

Аюға шалма тастаған Шойтабан

-«Түлкі алдым» десең, ешкім мән бермейді. Ал «қасқыр соқтым» деші, елдің бәрі елең ете қалады. «Қалай алдың?» деп сұрақты қарша боратып, есіңді шығарады. Расында, қасқыр алудың қызығы бөлек қой. Қасқырды атпен жүріп, ит қосып немесе сойылдың көмегімен соғып алған жақсы. Ең қызығы – осы. Биыл қансонарда бауырым екеуміз үш қасқыр алдық. Бір күнде. Жылқының жанынан жеті қасқыр кездесті. Әуелі барлығын қарды омбылатып, сілікпесін шығарып, тырқырата қудық. Төрт-бес шақырымнан кейін үшке бөлінді. Тоғайдың арасына тығылған біреуін ит қосып, сойылмен соғып алдым. Одан кейін қалың бұтаның арасына кіріп алған екі қасқырды да иттермен қоршап, соғып алдық. Енді қасқыр алғандағы адамның қуанышын, тебіренісін, көңіл күйін сөзбен айтып жеткізу қиын. Қасқыр алғанда дүниенің бәрін ұмытасың. Дауысың қарлыққанша айғайлап, киімің бір жерде, қамшың бір жерде қалады шашылып. Тағыны қуып жетіп ұстағанша тағатың қалмайды. Жығылып та жатасың. Осының бәрі қызық емей немене, – дейді аңшы.
Үржар ауданының Бестерек ауылдық округіне қарасты Қазымбет ауылында тұратын Ерзат Байқадамов 40-қа жуық қасқыр соғыпты. Әлдебір аңшылардай тікұшақпен, моторлы шанамен емес, барлығын да атпен жүріп, ит қосып, сойылмен соғып алған.

Ашыққаннан емес, ашынғаннан шабады

Аюға шалма тастаған Шойтабан

Дархан даланың серісі – қасқырдың біз білмейтін құпиясы көп. Талай қасқыр соққан кәнігі аңшы бөрі келгенде иттердің дауысы бөлек шығатынын айтады. Өңі қашып, адамнан пана іздеп, аяғыңа оралады дейді. Бір қызығы, аю келгенде иттердің көбі қорықпайды екен. Өйткені, иттер аюдың қасқыр секілді қумайтынын, қуса да, жете алмайтынын жақсы білетін болса керек. Аңшының айтуынша, қасқыр ауылға жалғыз келмейді. Екі-үшеуден жүреді. Біреуі дыбыс беріп, иттерді шақырып алып, адамнан аулақтаған соң қоршап, ту-талақайын шығарып, жеп қоятын көрінеді.
-Шабуылға арландарынан гөрі ұрғашылары жиі шығады. Қасқырлар түнде ауылға немесе қыстаққа келгенде, ең әуелі қаншық қасқырды жібереді. Қаншық иттерге дыбыс беріп, өзін жараланған, әлсіз, ауру секілді кейіпте көрсетіп, қыңсылайды. Өтірік қашып, аунап дегендей, түрлі қулық жасайды. Аңқау иттер арбауға түсіп, соңынан ергенде арландары жыра, тал-тоғайдың арасынан шабуылға шығады. Бірде түн ішінде иттерім шулап қоя берді. «Ит-құс шығар торуылдап жүрген» деп алаңсыз жата бердім. Таңертең тұрсам, қара ауыз итім жоқ. Қасқырлар ертіп алып кетіп, жеп қойыпты, – деген аңшы ағамыз бұған дейін қаншама қасқырды қанжығасына байласа да, көкжалға ерекше құрметпен қарайтынын айтып, тікұшақпен, моторлы шанамен түз тағысын қынадай қырып жүргендердің әрекетіне қынжылысын білдірді.
– Обал ғой. Бұған өз басым қарсымын. Ит-құс – ежелден қазақпен бірге жасасып, біте қайнасып келе жатқан тіршілік иесі. Қазақ қасқырдың атын да атамайды, ит-құс дейді. Қасқыр бар жерде малда ауру болмайды. Ата-бабаларымыз ен далада отырды ғой. Сол кезде қасқыр кісі жеген жоқ қой. Жесе, жайылымнан жеді, ақсағын жеді, ауру-сырқауын жеді, кәрісін жеді. Бұрын Аягөз ауданында тұрғанда 17-18 қасқырдың топталып жүргенін көрген кездерім де болды. Ол кезде кісіге қасқыр шапты дегенді естімейтінбіз. Қазір тікұшақ, моторлы шана мінген аңшысымақтар қасқырдың бәрін шошындырып бітті. Шошынған қасқыр қайда тығылады? Ауыл-ауылға тығылады. Содан кейін еріксіз кісіге шабады. Ашыққаннан емес, ашынғаннан шабады. Бәріне адамдардың өздері кінәлі. Қасқыр бекерден-бекер қорадағы қойыңа тиіспейді. Жайылымда да солай. Әрине, балаға бақтырсаң жейді, өзің бақсаң, жоламайды. Ақылды аң ғой. Апаны бар жердің маңындағы жұрттың малына тиіспейді. Керісінше қорғайды. Басқа жерлерден жейді. 15-16 жылдың жүзі болды, жайлауда мал бағып отырмын ғой. Көріп, біліп жүрмін. Мәселен, менен 7-8 шақырымдай жерде қойшылар тұрады. Солардан қозы, қой алып жүреді. Бірақ менің малыма тиіскен кезі жоқ. Айта берсек, қасқырдың қасиеті көп қой, – дейді бөріні бес саусағындай білетін кейіпкеріміз.
Бес саусағындай біледі демекші, Ерзат өзі отыратын жайлаудың маңындағы қасқырлардың апанын жатқа білетін секілді. Және бұл апандарға өзге қойшыларды тиіскізбейді екен. Қасқырлар да өздеріне жанашыр қойшының малына соқтықпайтын сияқты. Яғни, «құда да тыныш, құдағи да тыныш».

Аюға шалма тастаған Шойтабан

– Қасқырға да басқа аңдар секілді ерекше ықыласпен қарап, көңіл бөлген ләзім. Қасқырға құрмет көрсетсең, қасқыр да қас қылмайды. Қойдың ішінен өтіп бара жатқанын да көрдік. Тиіссе, тиіспей ме? «Ойбай, қойдың ішіне кіріп кетті» деп шулап жатсақ, сабазың бізге қарап қойып, түк болмағандай кетіп бара жатыр, – деп бір сырдың ұшығын шығарған аңшы қасқырдың да түрлі-түрлісі болатынын, тіпті, жайлауға көшетін қойшылардың соңынан еріп келетін қасқырлардың да кездесетінін айтты.
Осыдан біраз уақыт бұрын интернетте «Джип» мінген бір кісінің қасқырды көлікпен қағып, таптап, өзі жаралы аңды бастан тепкілеп, әбден қорлаған, онымен қоймай, ерлік жасағандай масаттанған кейіптегі видеосы жұртшылықтың наразылығын тудырып еді.
-Бұл – азаматтыққа жатпайтын әрекет. Өзің суын ішіп, жерін басып жүрген табиғатқа деген құрметтің жоқтығы. Машинамен басып, өзі жаралы байғұсты бастан тебу мақтаныш па? Атсаң, атып ал. Малыңа тиіскен жоқ, машинаңа шапқан жоқ. Өз жөнімен жүрген аңда нең бар? Екінің бірі осындай боп кетті қазір. Тікұшақпен шығып, «100 қасқыр, 200 қасқыр алдым» деп мақтанады. Мақтаныш емес қой бұл. Шабандар малын дұрыстап бақсын. Дұрыстап бақса, қасқыр жемейді ғой. «Звондадық. Тікұшақпен келіп атады» дейді де, малын қараусыз қоя береді. Қараусыз малды қасқыр жемегенде қайтеді? «Қарамасаң, қатын кетеді, бақпасаң, мал кетеді» дегенді атам қазақ бекерге айтпаған болар. Тауға шыққанда бір қырда арқар жайылып жүрсе, бір жотада қонжығын жетелеп аю кетіп бара жатса, бір сайда қасқыр жортып бара жатса, қандай ғажап! Табиғат осынысымен табиғат. Ертең тұқымы тұздай құрып кетеді ғой. Біле-білсек, қасқыр табиғи байланысты сақтайды. Аңдарды үркітіп, өрісін жаңартып отырады. Қасқырдың қасиеті сонда ғой, – дейді Ерзат Байқадамов.

Аюға шалма тастаған Шойтабан

Табиғи байланысты сақтап отырады дегеннен шығады, «National Geographic» па, әлде «Nat Geo Wild» телеарнасынан ба екен, бірде қасқырлар туралы көрсеткені бар. Ғалымдардың зерттеуінше, қасқырдың ой-санасының дамығаны сондай, тіпті, үлкен иттердің ойлау жүйесі бөрінің бөлтіріктерімен бірдей болады екен. АҚШ-тың атақты «Йеленстоун» қорығында бір жылдары бұғылардың саны тым көбейіп кеткен деседі. Сол кездері табиғи тепе-теңдік бұзылып, қорықтағы өсімдіктердің өсуі баяулай түскен көрінеді. Бұған қатты алаңдаушылық білдірген ғалымдар қорыққа бірнеше қасқырды жіберуге шешім қабылдайды. Расында да, ғалымдар болжағандай, қасқырлар келгеннен кейін қорық аумағындағы өзендер мен тал-теректер, өсімдіктер түрленіп, жаңаша кейіпке енген деседі. Ағаштардың саны 5 есеге дейін артыпты. Судағы құндыздардың саны да еселене түсіпті. Тағы бір дерек, қасқыр бұғыларды қанша қырса да, олардың соңына түсу арқылы өрістерін жаңартып отыруына мүмкіндік береді екен. Міне, қасқырдың құдіреті!
«Моңғолиядағы Тәңір тауының жоталарының бірін тормен қоршап, маралдарды әкеп қамаған деседі. Бір жыл өтеді, маралдардың ешқайсысы бұзалаумайды. «Бұларға не болды? деп алаңдаған маралшылардың бірі көпті көрген бір қариядан: «Ақсақал, айтыңызшы. Бір жыл болды. Маралдар бұзауламай жатыр» деп сұрапты. «Қасқырды жібердіңдер ме?» деп өзіне қарсы сұрақ қойыпты дейді сонда ақсақал. «Жоқ». «Онда келесі жылы қасқырды жіберіңдер» депті ақсақал. Айтқанындай қасқырды жіберген кезде маралдар бұзаулай бастаған екен. Мұндағы құпия неде? Қасқырлар кәрі бұғыны жейді екен. Ал кеудесін көтере алмайтын кәрі бұғылар маралдарды жас бұғыларға бермейтін көрінеді.
Апам жарықтық айтады: «Қораның ішінде түннің бір уағында, шамасы 3 жарым, 4-тің кезінде қой дүрк етіп үркеді де, қайтадан тып-тыныш бол қалады». Сөйтсе бұл түнде күшігіне келіп жүрген қасқыр екен. Қораның түбіндегі жартасқа күшіктеген ғой. Қойды бұзып жарып шығып, қайта кіреді екен. Қойлар да үйреніп алған ғой. Дүр етіп бір рет үркеді, қояды. Бірақ қойға тиіспейді екен. Бөлтіріктерге қоректі басқа жақтан әкеледі екен».
Бұл – Тәттімбет Кәпұлы ағамыздың айтқандары. Осы мысалдардан кейін қасқырдың ақылды аң екеніне қалайша шүбә келтіресіз?!

Аюға шалма тастаған Шойтабан

Ерзат Байқадамов досы Тәттімбет Кәпұлымен бірге

Аңшы әңгімесінен бір үзік

Аюға шалма тастаған Шойтабан

…Қасқырдың қозы ұрлаған сәтін дүрбімен көргенім бар. Қызық енді. Әуелі қойшыны аңдиды. Асықпай күтеді. Қойшы қойды қалдырып кеткен кезде отардың шетінен бір қозыны алады да, апанына қарай тартады. Қозыны өлтірмейді, күшігіне тірідей әкеледі. Әкеледі де қоя береді. Бөлтіріктері айызы қанғанша ойнайды, ақыр соңында өлтіріп, жеп тынады. Қаншығы да, арланы да қозыға тиіспейді, қарап жатады.
…Қасқырдың жылқы ішіндегі құлындарды жегенін де өз көзіммен талай рет көрдім. Соның ішінде екі қасқырдың қулығы әлі күнге дейін есімде. Жайылымда жүрген үйірлі жылқы қасқырды көргенде әдетте бәрі бір жерге жиналады. Осы кезде қасқыр жылқыға жақындап, әрі-бері аунап, әлсіз, ауру секілді кейіп танытады. Ана жерге барып жата қап, мына жерге барып жата қап дегендей. Жылқылардың бойы үйреніп, қайта бытыраған кезде шабуылға шығады. Үріккен кезде жылқы өз-өзіне тоқтау бере алмай қалады. Осы кезде шетте жүрген бір құлынды бөлектеп алып, кәдесіне жаратады. Бұл негізінен күз мезгілінде, қасқырлардың бөлтіріктерін ауыздандыратын уақытында болады.
…Жайлауда не істейсің? Аңға үйренген адаммын ғой. Кейде қасқырдың апандарын қараймын. Қасқырлар менің келіп жүргенімді біледі. Күшіктерін тықпайды. Мылтық асынып жүрсең, көрінбейді. Мылтықсыз жүрсең, бір белестен шыға келеді де, жылт етіп көрініп жүреді. Сен екеніңді біледі. Әйтпесе көрінбейді ғой. Сондай көріністерге талай рет куә болдым.
…Ұйықтап жатқан арланның үстінен түскен кездерім де болды. Байқағаным, қасқыр ұйықтағанда қорықпайды екен. Төрт аяғын көкке көтеріп, шалқасынан түсіп ұйықтайды екен. Бес метрге дейін жақындаған да кездерім болды.

Төбелескіш төбеттер

Ерзат Байқадамов төбет иттер де ұстайды. Ит болғанда, төбелескіш төбеттер.
-Төбелескіш төбет итттерді ұстап келе жатқаныма 8-9 жылдың жүзі болып қалды. Мақтанғаным емес, Үржарға үлкен иттерді алғаш мен әкелдім. Осындағы жұрттың бәрі біледі. Әуелде бір қаншық пен бір үлкен төбет әкелдім. Қазір балалары чемпион болып жүр. Жақында Семейдегі чемпионатта жеңімпаз болды. 86 келіде Үшарал мен Талдықорғанда ит шақ келтірген жоқ. Бауырларым күтіп-баптап, қарап жатыр, – дейді Ерзат.
Ит таластырудың да өзіндік тәртіптері бар. Әуелі алдын-ала келісім жасалады. Бағасын белгілейді. Ерзаттың айтуынша, жүлде қоры 100 мыңнан 500 мыңға дейінгі аралықты қамтиды. Алдын ала келіскен бір ғана итпен таластырады. Былайша айтқанда, қарсыласын алдын ала белгілеп алып, әзірленетін кәсіпқой боксшылар секілді.
-Алты төбелескіш төбетім бар. Бойка деген төбетім ең ауыр, 70 келіден жоғары салмақта таласады. Оның әкесі Арлан қазір Мақаншыда тұр. Төрт жыл болды, әлі жеңілістің дәмін татып көрген жоқ. Бұл иттерді кәдімгі спортшылар секілді дайындаймыз, шынықтырамыз. Жазда жайлауға алып кетіп, жүгіртіп, тынысын ашамыз. Қыста етке қоямыз. Мойнына ауыр дөңгелек байлап, омбы қармен жүргіземіз. Етін қатырып, бұлшық еттерін шығарамыз. Жарысқа үш-төрт күн қалғанда еттен аламыз да, жеңіл тамақтар береміз, – дейді аңшы.
Кейіпкеріміздің көпшілік көп біле бермейтін тағы бір өнері бар. Жылқыны алдыңғы аяғынан көтеріп, жетегіне ертеді.
-Көктем уақыты болатын. Бауырларым барлығы жабылып жабағыларды жығып, күзеп жатыр екен, – дейді Ерзат. – «Өй, былай тұрыңдаршы, барлығың жабылмай, біреулерің ғана жыға бермейсіңдер ме?» десем, күледі. Бұрын ұсталынбаған, құрық тимеген жабағылар екен. Қораға кіріп, далаға алып шықтым да, алдыңғы аяғынан ұстап, үш-төртеуін жығып бердім. Бауырларыма «алдыңғы аяқтан ұстасаңдаршы» десем ұстай алмайды. «Сіз әлсіздерін ұстап алдыңыз» деп өзімді келеке етеді. Содан қораның ішіне кірдім де, үш жасар ту биені көрсетіп: «Мынаны арқандап далаға алып шығыңдар, сосын арқанды босатып жіберіңдер» дедім. Жігіттер сыртқа алып шықты, алдыңғы аяғынан ұстап, оны да жығып бердім, – дейді Ерзат.
«Аяғынан ұстасаң, өзі жүре бере ме?» деймін мен құдды бір жүргізіп әкететіндей.
-Жүргізуіңе байланысты ғой, – деп күледі ағамыз. – Бірақ жүргізу оңай емес. Шапшаң ұстау керек. Бел мықты болуы қажет. Күш керек. Қарама-қарсы тұрсаң тарпып жіберуі де мүмкін. Көтерудің өзіндік әдіс-тәсілдері бар.

Тақырыпқа тұздық!

Тәттімбет Кәпұлы, атбегі:
-Қасқыр жүйрік болатын құлынды сезеді деседі. Сезіп қана қоймай, сол құлынды таңынан тартып кететін көрінеді. «Таңын тартып кетіпті. Мынау жүйрік болады екен» деп қазақ содан кейін айтса керек. «Келесі тұқымымды қуып жетіп, құртатын осы жылқы болады» деп қауіптенетін қасқырды бұдан кейін қалай ақылды аң демейсің?! Жүйрік болатын құлынды жеп те кетеді кейде.

Р.S. Жырға құмар жігіт ағасы бүркіт те баптайды, ат та жаратады. Бұл мақаламызда Ерзат Байқадамовтың аңшылығына ғана тоқталуға тырыстық. Өзге де қырлары жөнінде алдағы уақытта сөз қозғала жатар.

Азамат Қасым

Осы айдарда

Back to top button