Денсаулық сақтау

Өтте тас жиналмас үшін не істеу керек?

Өтте тас жиналмас үшін не істеу керек?


Соңғы жылдары гастрит, панкреатит, холецистит, тіпті өт жолына тас байлану ауруларын егде адамдардан ғана емес, жастар арасында да көп кездестіретін болдық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемдегі әрбір бесінші адам бауыр мен өт жолдары ауруларынан зардап шегеді екен. Ал сол өттегі тасты отасыз алуға бола ма? Өңірімізде отаның қандай түрлерін жасайды? Өтте тас жиналмас үшін не істеу керек және ауруды ертерек анықтауға бола ма?

Гастроэнтеролог мамандардың айтуынша, негізі өт жолындағы тас ағзадағы зат алмасуының бұзылуынан пайда болады. Ал оған дұрыс тамақтанбау, майлы тағамдарды жиі қолдану, аз қимылдау және асқазан, ішек аурулары себеп болып жатады. Соның салдарынан өттің қозғалу қызметі нашарлап, онда біртіндеп тас түзіле бастайды. Ондай тастар ұзақ жылдар бойы ешқандай белгі бермей жата беруі мүмкін. Науқас өт жолында тас бар екенін ауырсыну белгілері байқалғанда бірақ біледі.

Дәрігерлер пікірі екі түрлі

Өкінішке қарай, бұл мәселеде дәрігерлер пікірі екі түрлі. Гастроэнтеролог мамандардың сөзіне қарағанда, егер тастың көлемі 15-20 миллиметрден аспаса, ота жасамас бұрын арнайы дәрі-дәрмектердің көмегімен оны ерітіп түсіруге болады. Бірақ тастар толығымен еріп кетуі үшін бұл дәрілерді бірнеше жыл бойы ішеді. Мұндай препараттарды асқазанында жарасы бар адамдар мен ішек ауруларымен сырқаттанғандардың, жүкті әйелдердің қолдануына болмайды. Сол себепті дәріні қабылдамас бұрын маман дәрігерге қаралып, кеңесіп алған жөн.

Ал хирургтердің айтуынша, өт тасынан құтылуға міндетті түрде хирургиялық отаның көмегі қажет болады. Отадан кейін адам жақсы күтінуі керек. Ас қорыту жүйесі бұзылатындықтан ота жасатқан адам диета сақтап, оны жақсартатын дәрілер ішіп жүруіне тура келеді.

Өтте тас жиналмас үшін не істеу керек?

Өт тасы ауруынан сақтану үшін әрбір адам жыл сайын дәрігерлік тексеруден өтіп тұрғаны абзал. Дұрыс тамақтанып, холестеринге бай тағамдарды, қуырылған, ащы, ұннан жасалған дәмдерді азайту арқылы аурудың алдын алуға болады. Есесіне жеміс-жидек пен көкөністерді, өсімдік майларынан жасалған тағамдарды көбірек пайдаланған жөн.

Өт тасын ерітіп түсірудің түрлі халықтық емдеу тәсілдері де бар. Бірақ өт айдайтын шөптерден кейін ұсақ тастардың өт өзектерінде тұрып қалу қаупі басым болғандықтан, дәрігерлер халықтық ем-домды қолданбауға кеңес береді.

-Адамдар оң жақ қабырға тұсы ауырса да, онша елемей көп уақыт өткізіп алады. Ауырсынуға шыдап жүріп, дәрігерге келген уақытында ұсақ құмдар тасқа айналып үлгереді. Өт қабына тас байлануды холелитиаз деп те атайды. Өт қабы – бауырдың алдыңғы жағында орналасқан қапшық тәріздес ағза. Ол – бауырда түзілетін және майларды қорытуға қатысатын сұйық өттің «ыдысы». Өт қабындағы тастар холестерин кристалдарынан немесе сирек жағдайларда тұздардан түзіледі. Бұл тастар құм тәрізді ұсақ немесе грек жаңғағының көлеміндей үлкен болуы да мүмкін. Өтті өт қабынан аш ішекке жеткізетін жолды тас бітеп тастағанда холецистит немесе өт қабының шаншуы білінеді. Аурудың себептері де әртүрлі,-дейді білікті гастроэнтеролог Ғалия Құсайынова. – Негізінен өт қабындағы тастар өт түзілетін заттардың тепе-теңдігі бұзылғанда пайда болады деп есептеледі. Сондай-ақ өттегі холестерин мөлшерінің көп болуы да тас байлануға әкеліп соғатын факторлардың бірі. Өтке тас байланудан болатын ұстама көбіне майлы тағамнан кейін байқалады.

Өт қалтасына тас байлануға жол бермес үшін қуаттылығы төмен тағам жеп, дене жаттығуларын жасау және майлы тағамнан тартынған жөн екенін айтады мамандар. Ал өт қабында тастың бары анықталған жағдайда әйел адамдардың эстрогендермен емделуден сақтануы тиіс, өйткені эстрогендер тастың пайда болуына ықпал етеді. Сонымен қатар ағзаға холестериннің түсуін шектеу қажет. -Адамда бір-ақ өт бар. Оның өзінің атқаратын қызметі бар. Оны бірден алып тастайтындай артық орган емес. Сондықтан ем-дәм ұстанып, қалыпты өмір сүруге болады. Аз-аздан күніне 4-5 рет ауқаттанған абзал,-дейді дәрігер Ғалия Құсайынова.

Операция үш әдіспен жасалады

Өскемен қаласының №1ауруханасының тәжірибелі хирургі Базар Нұрмұханов айтып өткендей, өтте тас байланған жағдайда міндетті түрде хирургиялық шаралар қолдану керек. Өйткені тас өт жолында тұрып қалса, механикалық сарғаю байқалып, бауыр зақымдануы мүмкін. Өт жолы таспен бітелген жағдайда өт қабы, бауыр және ұйқы безі қабынады. Өт қабының тесілуі немесе жарылуы перитонитке алып келуі мүмкін.

Тастар әдетте ультрадыбыстық зерттеу арқылы анықталады. Олар басында еш белгі бермеуі де мүмкін. Ал егер ауырсыну ұстама түрінде болса, холецистоэктомия (өт қабын операциямен алып тастау) жасалады. Яғни өт қабы алынып тасталады. Кей жағдайларда терапевт дәрігерлер өт тастарын ерітетін препараттар тағайындайды. Алайда бірнеше жылдан бері жиналған тастың еріп, өт өзегінен шығуы екіталай. Ұсақталып шыққан күннің өзінде өт жолдарын бітеп тұрып қалса, оның қауіптілігі тіптен жоғары.

Білікті хирург Базар Маратұлының айтуынша, бүгінгі таңда Өскемен қаласының №1 ауруханасында өт қабын алу үшін үш түрлі операция жасалады. Біріншісі – бұрыннан келе жатқан әдіс, отаның ашық жолы. Ал екінші әдіс бойынша, «Мини ассистент» аппараты арқылы 3-5 сантиметр тілім жасалып, өт қабы алынады. Ал ең тиімді, науқас тез қалпына келетін түрі – заманауи құралдармен жасалатын лапароскопиялық ота. Бұл әдісте бір сантиметр мөлшерінде ғана төрт тесік жасалып, ота арнайы монитор арқылы жүргізіледі екен. Ота жасау портал бойынша тегін. Ол үшін науқас өзінің учаскелік терапевт дәрігеріне барып, тиісті анализдерді тапсырып, порталға кезекке тұрады. Отаның ақылы түрлері де бар. Шаруашылық жүргізу құқығындағы аурухана болғандықтан, жоғарыда аталған заманауи құрылғылар лизингке алынған.

-Өт қабына тас байлану ауруларының жылдан-жылға жасарып бара жатқаны рас. 17 жастағы, жуықта тіпті 14-15 жастағы балаларға да ота жасадық. Бұл аурудың жастар арасында белең алуы олар тұтынатын тамақтың құрамына да байланысты. Жартылай фабрикаттар, неше түрлі химиялық қоспалары бар тағамдар, газдалған сусындар дегендей… Ас қорыту жүйесінің қызметі, зат алмасудағы тепе-теңдік бұзылған соң қою өт тасқа айналады.

Қазір адамдар, тіпті жастар да өте аз қозғалады. Қозғалыстың аздығы, артық салмақ сияқты нәрселер өт жолы ауруларының белең алуына алып келеді. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану тәртібін қадағалап, қимыл-қозғалысты көбейту арқылы бұл аурудың алдын алуға болады,- дейді Базар Маратұлы.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button