Ауылдың айтқыштары

Түрмеде Ленин де отырған, мен де отырғанмын

Түрмеде Ленин де отырған, мен де отырғанмын

Түрмеде Ленин де отырған, мен де отырғанмын

Үмітжан мен Алтынның жалғыз ұлы істі болып, қамауда жатса керек. Екеуі жылап-сықтап, не істерлерін білмей отырса, Кәкім деген замандастары кіріп келеді.
– Неғып тұнжырап отырсыңдар? – дейді ол даңғырлап. – Әй, Алтын, жүз грамың жоқ па, әкел, тамақ жібітейік!
– Жүз грамы несі? – деп бұрқ ете қалады Алтын апамыз. – Жалғыз ұл түрмеде отырса, неменемізге жетіспекпіз?!
– Ой, құдай-ай! – деп жұбатқан екен сонда Кәкім ағамыз. – Онда не тұр? Түрмеде Ленин де отырған, мына мен де отырғанмын…
Мен оянып кетсем не болар еді?!
Сәдірхан деген ағамыздың бойы шынашақтай болғанымен, сөзі түйеден түскендей кесек, өзі шамасына қарамай шалқып сөйлегенді жақсы көреді.
Бір күні тойдан қызып келіп, ұйықтап қалған Сәкең басын көтерсе, бәйбішесі бұрқылдап әлдекімге ұрсып жүр екен. «Не болды?» – демей ме.
– Әлгі Мұқан мен Серікке ыза болып жүрмін, – дейді жеңгеміз. – Сен ұйықтап жатқанда, сол екеуі келген. Жайларына отырмай, ерегісті ме, төбелеспек болды ма, әйтеуір екі масты әрең шығарып салдым.
– Мыналар шынымен жынды екен, – деп басын шайқаған екен Сәкең. – Сонда мен оянып кетсем не болды?!

Жұрттың бәрі таниды

Сәкең бірде жолы түсіп, Алматыға барса керек. Көшеде келе жатса, ойда жоқта өз ауылының екі баласы жолығып қалады. Аналар мұны біледі, ал Сәкең болса көптен бері осында оқитын студент балаларды танымайды екен. Шұрқырай амандасқан екі жас жігітке үңіле қараған ол:
– Әй, сендер мені қайдан білесіңдер? – деп сұрайды. Сонда ағаларының мінезіне жақсы қанық екеуі:
– Ой, Сәдірхан аға, сізді Қазақстанда кім танымайды? – деп жүре беріпті. Ауылға келген соң Сәкең: – Мені Алматыдағы жұрттың бәрі таниды! – деп талайға дейін кеудесін ұрып жүрген екен.

«Мен күршімдікпін»

Әйтөк пен Манарбек деген екі құрдас бірде әлдеқандай шаруамен Өскеменге барыпты. Қала ішіндегі автобусқа мінгенде екеуі де билет алмай отырса керек. Кондуктор келіншек Әйтөкке жақын келіп:
– Неге билет алмайсыз? – деп сұрайды.
– Алмаймын, – дейді анау гүр етіп. – Мен – афганецпін!
– Сіз ше? – дейді ол енді Манарбекке қарап. – Сіз де ауғандықсыз ба?
– Жоқ, – деген екен сонда Мәкең абыржымастан. – Мен күршімдікпін!

Жинастырған – Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button