«Дидардың» қонағы

Талғат МҰҚЫШЕВ, сыбызғышы: – «Сыбызғышы» дипломы бар тұңғыш қазақпын

Талғат МҰҚЫШЕВ, сыбызғышы:  - «Сыбызғышы» дипломы бар тұңғыш қазақпын
Біздің өлкеде бұл аспапты қамыс пен қурайдан жасап, ойнайтын кісілер болды

– Қазақтың ғажап ұлттық музыкалық аспаптарының бірі – сыбызғы. Сыбызғы туралы көркем әдебиеттен оқығанымыз болмаса, Тәуелсіздік жылдарына дейін жете таныс болмадық. Кешегі кеңестік уақытта мүлдем ұмытылып қалған ұлттық аспабымызды тоқсаныншы жылдары өзіңіз сахнаға алып шықтыңыз. Әрине, Моңғолияда, Қытайда тұратын қандастарымыз арасында белгілі сыбызғышылар бар. Десек те, сыбызғышылықты Уфа қаласында оқып келуіңіз бабалар мұрасының елімізде қаншалықты кенжелеп жатқанын көрсетеді…

– Сыбызғы туралы енді ғана айтылып жүрген жоқ. Кезінде академик Ахмет Жұбанов атамыз сыбызғыға да үлкен көңіл бөлген. 1934 жылы Құрманғазы атындағы оркестрді құрған кезінде, оркестрдің бір мүшесі ретінде бұрынғы Орал облысынан Ысқақ Уәлиев есімді сыбызғышыны алып келді. Оркестрге өнерпаздарды ел ішінен таңдап алатын. Алайда, сегіз жасынан бастап сыбызғыда ойнаған Ысқақ Уәлиев 1944 жылы соғысқа кетіп, майданнан қайтпады. Оркестрде оның орны ойсырап тұрды, көп жылдар бойы ұжымда сыбызғышы болған жоқ. Ел ішіндегі сыбызғы тартушылардың көбі соғысқа кеткендіктен, бұл салада шәкірттер де даярланған жоқ. Алпысыншы жылдары Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданынан белгілі сыбызғышы Оспанғали Қожабергенов Алматыға шақырылды. Оспанғали ақсақал сыбызғыны консерваторияда жеке класс ретінде ашпаса да, республикалық халық шығармашылығы үйінде қосымша аспап ретінде жастарға екі жылға жуық үйреткен. Алайда зейнетке шығатын болғандықтан, Алматыда ұзақ тұрақтамай, туған жеріне кетіп қалды. Оспанғалидың ісін Болат Сарыбаев ағамыз жалғастырды. Бөкеңнің сыбызғыға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сарыбаевтан кейін сыбызғы өнері тағы тоқырап қалды. Себебі, сыбызғыда арнайы оқыған кәсіби маман болмады. Аты аталған азаматтардың барлығы өздігінен ізденіп, қазақ сахнасынан сыбызғы да орын алса деген үмітпен еңбек етті.

Мен бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданында туып-өстім. Біздің өлкеде сыбызғыны қамыс пен қурайдан жасап алып, керемет қылып тартпаса да, бір әуеннің басын, бір әуеннің ортасын шалып ойнайтын кісілер болды. Әкемнің ағасы болып келетін Рақымжан есімді атам домбыраны да, сыбызғыны да тартатын. Бала кезімде тыңдаған сыбызғының сазы маған қатты ұнады. Сыбызғы ойнауды үйренсем деп армандайтынмын. Әлбетте, қазақтың кез келген баласы өнерге алғашқы қадамын домбыра шертуді үйренуден бастайды ғой. Ауылда қобыз, басқа да музыкалық аспаптар класы жоқ болғандықтан, алыс ауылдардағы музыкалық мектептер мен үйірмелерде негізінен домбыра үйрететін. Көбей деген нағашы ағам болды. Ол да домбырамен қоса, сыбызғының түрлі сазын сызылтатын. Өсе келе Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищеге оқуға түстім. Кейін Германияның Шверин қаласында әскери борышымды өтеп жүргенде екі жыл әскери үрмелі аспаптар оркестрінде болдым. Осы жылдары үрлемелі аспаптарға деген құштарлығым арта түсті. Әскерден келген соң, Талдықорғанда үрлемелі аспаптар бойынша білім алдым. «Сазген сазы» оркестріне орналасып, сыбызғыда ойнай бастадым. Қанымызда, туып-өскен жерімізде бар дүние болғандықтан, сыбызғыны шама-шарқымыз жеткенше тарта бастадық.

– Сыбызғы аспабын кәсіби түрде үйретуші ұстаздар болған жоқ па?

– Кәсіби тұрғыда үйрететін маман болған жоқ. Мен өз-өзімді дамыттым десем болады. Егеменді ел болған соң консерватория ректоры Дүйсен Қасейінов, бөлім меңгерушісі Айтқали Жайынов, Досмұхамбет Тұяқбаев деген ағаларымыз «Осы сыбызғы аспабын қайта жаңғырту керек болып тұр. Башқұртстанда сыбызғының үлкен мектебі бар екен. Сонда оқуға сенің ыңғайың келетін сияқты. Оқуға қалай қарайсың?» деп, маған Башқұртстанға бару жөнінде ұсыныс жасады. Әке-шешемізбен, ағайын-туғанмен ақылдаса келе, башқұрт еліне оқуға аттандым. Нақты айтқанда, Алматыдан Уфаға ауысып, консерваторияны Башқұртстанда тәмамдадым. 1995 жылы қазақ тарихында «сыбызғышы» деген дипломды алғаш алған азамат ретінде елге оралдым. Осылайша, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында алғаш рет сыбызғы класын ашу қолға алынды.
Шығыс өңірінде сыбызғы өнері өгейдің күйін кешіп отырТалғат МҰҚЫШЕВ, сыбызғышы:  - «Сыбызғышы» дипломы бар тұңғыш қазақпын

– Ел арасына шығып, өнер кештеріне қатыса бастаған кезде алғашқы кәсіби сыбызғышы ретінде тыңдарман қалай қабылдады?

– Шынын айту керек, сол жылдары басқаны былай қойғанда, консерватория қабырғасында оқып жүрген жастардың өзі сыбызғы мен сырнайды ажырата бермейтін. Менің қолымдағы аспапты көріп: «Сырнай ма, сазсырнай ма?» деп сұраушы еді. Ректорымыз Дүйсен Қасейінов мен Башқұртстаннан келген бойымда консерваториядан сыбызғы класын ашты. Кәсіби деңгейде дайындайтын класта мектептен бастап, жоғары оқу орындарында да сабақ беруге қабілетті, кез келген ансамбль мен оркестрде ойнай алатын білікті сыбызғы маманы даярланады. 1995 жылы ашылған сыбызғы класында бүгінге дейін дәріс беріп келемін. Қазіргі кезде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында сыбызғы мамандығының доценті болып еңбек етемін. Осы уақыт аралығында сыбызғы тарихына арналған ғылыми еңбектер жаздым. Біраз жыл бұрын баспадан «Сыбызғы сазы» деген кітабым шықты. Ахмет Жұбанов, Болат Сарыбаев, Уәли Бекенов, Абдулхамит Райымбергеновтің зерттеу еңбектерінде сыбызғыға арналған 5-10 күй болса, бұл кітапта сыбызғыға арналған 40 күй жинақталды. Бұған дейін сыбызғыға арналған жеке күйлер жинағы болған емес. Ал бұрын сыбызғы күйлері көбінесе салыстыру ретінде әр еңбектерде пайдаланылып келді.

Дүйсен Қасейіновтің көмегімен ашылған сыбызғы класында бірқатар шәкірт тәрбиеледім. Сыбызғының арқасында көп ел араладым. Қай жерде болмасын, халық жақсы қабылдады. Консерватория ұстаздары да, олардың ішінде теория білгірлері үлкен қолдау көрсетті. Себебі, сыбызғы – зерттеу саласынан тыс қалып қойған еді. Тыңдарман да әдебиет пен тарихтан естігендері болмаса, нақты орындаушысын көрмегендіктен, өте жылы қабылдады. Сондай-ақ, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аспирантурасын бітіргеннен кейін, сыбызғы туралы ғылыми еңбек жазуға біршама дайындалдым. Моңғолия, Қытай қазақтарының ортасына барып, сыбызғы күйлерін жинадым. Шығыс Қазақстан өңірінен де бірқатар күй жиналды. 2010 жылы көп жылдар бойы жиған күйлерім «Қазақтың сыбызғышылық дәстүрі» атты кандидаттық диссертация ретінде жарық көрді.

Сыбызғы мектебі қазақ даласының әр өңірінде кездескенімен, кең таралған жерлері бар. Мәселен, Батыс Қазақстанда Ахмет Жұбанов, Ысқақ Уәлиев, Сарымалай мектебі бар. Сыбызғы өнері, әсіресе, Шығыс Қазақстанда кеңінен дамыған. ХVI – XVII ғасырларда Тілекеден бастап, Оспанғали Қожабергенов, Шанақ Ауғанбаев, Катонқарағайда Шерубай ақсақал мен оның балалары, шәкірттерінің барлығы бір-бір мектеп болды. Іздей берсек, Шығыс өңіріндегі сыбызғы дәстүрі тым тереңге кетеді. Бұл дәстүр бүгінге дейін жалғасып келді. Бертінде Шерубайдың ұлы Биқан Шерубаев есімді сыбызғышы болды. Шанақ ақсақал өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін сыбызғыда ойнап келді. Бұл – үлкен мектеп. Моңғолия мен Қытайдағы қазақтардың басым бөлігі – Шығыс Қазақстан өңірінен көшкен халық. Сыбызғы өнері көшкен халықпен бірге аталған мемлекеттерге жетті. Мәселен, қарап отырсаңыз, Шығыс Қазақстандағы «Аққабаның толқыны», «Ертіс толқыны» деген күйлер Қытайда да, Моңғолияда да бар. Моңғолияда қайдағы Ертіс, қайдағы Аққаба? Олардың бәрі – осы Шығыс өңірінен тараған күйлер.

Дегенмен, Шығыс өңірі өзіне тән сыбызғы дәстүрін жаңғыртуға келгенде кежегесі кейін тартып отыр. Былтыр Шанақ Ауғанбаевтың 80 жылдығы болды. Моңғолиядан келген ұстазым Кәлек Құмақайұлы да былтыр 80 жасқа толды. Аталған атақты сыбызғышылардың аты елеусіз қалды. Егер сыбызғы мектебі еліміздің басқа өңірлерінде болса, әлдеқашан гүлденіп кетер еді. Мысалы, Оңтүстікте Шәмші Қалдаяқов өз дәрежесінде ұлықталды. Батыс Қазақстан жұрты төкпе күй десе, қалай жанын береді?! Сол сияқты Шығыс өңірінде де өте талантты сазгерлер, музыканттар бар. Бірақ, солардың дәріптелуі кемшін соғып жатыр. Қазақ даласында домбыра мен қобыз, сыбызғы кең таралған. Соның ішінде, сыбызғы мектебі Шығыс Қазақстанда бүгінге дейін сақталып жетті. Сыбызғышылық – шығысқазақстандықтардың топырақпен бірге қанына сіңген қасиетті өнер. Биыл «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форумға қатысқанымда Катонқарағай ауданының әкіміне осы мәселені айттым. Облыстың мәдениетіне жауапты қызметкерлер де бұл мәселені жіті назарда ұстауы тиіс. Өйткені, өзіміздің осындай рухани құндылықтарымызды, байлығымызды бағалай алмай отырмыз.

– Уфада оқып келдіңіз. Сол елдің өнерімен таныстыңыз. Башқұрт қурайының үні мен әуені қазақтың сыбызғы сазымен үндесе ме?

– Олардың қурайы басқаша. Қурай – көбінесе бес дыбысты, музыка тілімен айтсақ, пентатоникалық ладта құрылған. Қытай мен жапонның ұлттық аспаптары секілді. Ал бізде толыққанды, жеті дыбыстық диатоника. Сыбызғы күйлерінде бүгінге дейін пентатоникалық ладта ойнау жиі кездеседі. Жалпы ұқсастығы болғанымен, әуені мен әуезі жағынан айырмашылығы бар. Бір қызығы, бізде әлі күнге дейін жаңа заманғы сыбызғы күйлері жоқ. Барлығы – аңыз, тарихи күйлер. Мәселен, домбырада Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» сынды жаңа күйлері шығып жатыр. Сыбызғыда заманауи күйлердің болмауы 1940 жылдардан кейінгі тоқырауға байланысты ма деп ойлаймын. Сол кезге дейін жеткен күйлер сақталды да, бері қарай жаңа күй туған жоқ. Өйткені, шәкірт дайындалған жоқ. Домбыра алға шыққан соң қылқобыз бен сыбызғы кенжелеп қалды. Моңғолияда жаңа күйлер бар. Дегенмен, онда да аңыз күйлер басым. Десек те, башқұрттармен аспапта ойнау тәсіліміз қатты ұқсайды.

– Өзіңіз жазған күйлер жоқ па?

– Жоқ. Сазгерлігіміз әлі оянбай жатыр. Шабытымыз оянса, жазамыз (күлді).

Репертуарымда жүзге тарта ән-күй бар

– Сіздің орындауыңызда қанша күй бар?

– Мен сыбызғыда кітапқа енгізілген қырық күйдің барлығын ойнаймын. Жалпы, репертуарымда жүзге тарта ән-күй бар. Оның ішінде, өзім оқыған кезде үйренген башқұрт күйлері, қазақтың әндері, шығыс өңіріне тән әуендер, Қытай және Моңғолия қазақтарының күйлері бар.

– Мұның бәрі сыбызғыға тән күйлер ме? Әлде, басқа аспаптарда ойналатын күйлер ме?

– Кәсіби орындаушы ретінде сыбызғының табиғатына қандай күй жарасымды, сол күйді орындай беремін.

– Қазір қазақтың ұлттық аспаптарымен еуропалық классиканы орындау белең алып тұр. Мәселен, Венада концерт қойылса, домбырамен классикалық музыкаларды орындайды. Ал сыбызғы еуропалық әуенді жатсына ма?
– Бұл үшін сыбызғының 5 ойығын домбыра секілді 22 ойық қылып жасау керек. Мұны дамытуға болады. Оған арнайы шебер мен шеберхана керек.

– Сіздің сыбызғыңызды қандай шебер жасайды?

– Қазақстанда сыбызғы жасайтын шебер жоқ. Мен Башқұртстанға тапсырыс беремін. Елімізде сыбызғы жасаушылар кездескенімен, олардың тауары кәсіби орындаушы үшін жарамай қалып жатады. Сыбызғыны бүгінде Башқұртстанда қурайға жақын үндестігі бар деп ағаштан жасайды. Сарыағаштан, жезден, қурайдың өзінен жасап алып, ойнап жүрген сыбызғышылар бар. Болат Сарыбаев сыбызғыны жезден жасаған. Дегенмен, ең тәуірі, дауысы табиғи шығатын сыбызғы қурайдан жасалады. Бірақ, қурай – осал. Тез сынып қалады. Сондықтан, табиғаттың ыстық-суығына, ылғалдылығына, оқушылардың күнделікті пайдалануына ағаш қурай қолайлы деп табылып отыр.

– Шығыс Қазақстаннан шыққан өнер иелері мен кәсіпкерлер, белгілі қоғам қайраткерлерінің туған елімен жүздесіп тұруына арналған «Туған ел – алтын бесігім», «Туған жерге тағзым» акциялары, өнер кештері, әр аудандардың облыс орталығындағы күндері сынды түрлі мәдени-рухани іс-шаралары бар. Елге жиі келіп тұрасыз ба?

– «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты фестиваль екі мәрте өтті. Екеуіне де қатыстым. Жуырда Өскеменде Тарбағатай ауданының күндері өтті. Оған шақырған. Бірақ, бара алмадым. Болашақта шақырып жатса, қалмауға тырысамыз. Елге қызмет еткенге не жетсін?! Кейде еленбей жатамыз. Шығыс Қазақстанның тумасы екенімді ел-жұрт біле бермейтін де сияқты. Шығыс Қазақстан өңірінің күйлерін жинадым. Басқа да еңбектер бар, елдегі азаматтар қолдаса, ел тарихын, жер тарихын насихаттауға, танытуға болады.

– Сыбызғы класында оқуға ниет танытушылар көп пе?

– Консерваторияда талапкерлер сыбызғы класына екі жылда бір мәрте қабылданады. Сыбызғыға халықтың сұранысы жоғары. Оркестрде көбінесе флейта отырады. Өйткені, кейде еуропалық классиканы орындау керек. Оған сыбызғының мүмкіндігі жетпейді. Сыбызғы – күй аспабы. Күй аспабы мен оркестр аспабын шатастырмау керек. Бас домбырамен қалай күй тартпақсың? Сыбызғының тартқан күйін үрмелі аспаптар оркестрінің бір аспабы тарта алмайды. Өйткені, бұл – табиғи аспап. Ахмет Жұбанов: «Сыбызғы – табиғаттың тылсым әні» дейді. Яғни, сыбызғы – табиғаттан жаралған дыбыс. Маман жетіспейтіндіктен, сыбызғыда оқыған балаларды оқу бітірмесе де, түрлі ансамбльге шақыру жиі кездеседі. Заңнама бойынша консерваторияға орта оқу орындарын бітіріп келіп, түсу керек. Бүгінге дейін сыбызғыда 15-ке жуық қана бала бітірді. Екі жылда бір қабылдайтын болғандықтан, кейбір балалар кетіп қалады, кейбірі естімей қалады. Биыл Ж.Елебекұлы атындағы Эстрада және цирк колледжінде сыбызғы класын аштым. Осы орта оқу орнын бітірген соң, консерваторияға келеді.

– Сыбызғыны эстарадаға қосуға бола ма?

– Эстрадаға сыбызғы аспабын қосып жүрген жастарды байқадым. Бірақ, сондай жарқын емес. Тиіп-қашып ойнайды. Болашақта бұл бағыт кеңінен дамиды деп ойлаймын. Жалпы, сыбызғыны эстрадаға қосып ойнауды құптаймын. Насихаттау үшін керек. Сүйемелдеп ойнаса да, жекелей ойнаса да, сыбызғы сахнадан да, эфирлерден де көп көрінуі қажет. Консерваторияда кейінгі жылдары сазсырнайға, жетігенге арналған жеке сыныптар ашылды. Бұл аспаптардың жағдайы да сыбызғының ахуалы сынды. Өзбек, ұйғыр ағайындардың ансамблін қарасаңыз, 10-15 аспаптың түрі тұрады. Ал біздің ансамбльдерде музыкалық аспаптар саны екі қолдың саусағына жете қойған жоқ.

– Сирек өнер иесі болғандықтан, сыбызғышыға гонорар қалай төленеді?

– Ел қатарлы аламыз. Эстрада әншілері сынды той-томалақтан қалмай жүрген жоқпыз. Ақордада Мемлекет басшыларының кездесулерінде қазақтың ұлттық дәстүрлерін көрсету үшін шақырады. Үкіметтік концерттерге қатысамыз. Ал ақша табудың көзіне жете қойған жоқпыз. Дегенмен, өзіңіз айтқандай, сыбызғыны эстрадаға қосып ойнайтын, барлық сахнаға шыға беретін «жанкешті» музыканттар көп күттірмей шығады. Өмірдің өзі соған ыңғайланып келеді. Оған күмәніңіз болмасын. Өйткені, сыбызғы адамның жан-дүниесін тез баурайды.

Сұхбаттасқан – Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button