«Дидардың» қонағы

Арыстанбек Какеев, әнші, сазгер, кернейші, Мәдениет саласының үздігі: – Әкемнің жүрегі даладай кең еді

Жақында Өскемендегі «Ертіс концерт» залында есімі өңірімізге ғана емес, бүкіл Қазақстанға кеңінен танымал әнші, кернейші, сазгер Арыстанбек Оразұлы Какеевтің шығармашылық кеші  өтті. Шығыстың өнерін өрге сүйреген Ораздай біртуар әншінің артындағы тұяғы Арыстанбектің өнері шынында да жұртшылықтың көңілінен шықты. Осы орайда талантты өнерпазбен болғанАрыстанбек Какеевпен сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

Бәріміз даланың перзентіміз

Арыстанбек Оразұлы, жақында ғана «Ертіс концерт» залында сіздің шығармашылығыңыздың 30 жылдығына арналған «Далам менің» атты жеке кешіңіз өтті. Кешіңізді «Далам менің» деп атауыңыздың сыры неде? Дала сіз үшін қандай ұғым?

– Шынымды айтсам, менің шығармашылықта жүргеніме 30 жылдан да көп уақыт өтті. Титтей бала күнімнен өнерде жүрген адаммын ғой. Оның үстіне әке-шешем – өнер адамдары. Ол заманда өнер адамдары шөпшілерді, малшыларды аралап жүріп, концерт қоятын, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін еді.  Әкем мені де өзімен бірге ала кететін еді. Жанынан тастамайтын. Кішкентай кезімнен бастап музыкалық мектепте оқыдым. Фортепиано бойынша Ләйлә Закиева дейтін  кісінің сыныбын бітірдім.

Ал бұл жолғы шығармашылық  кешімнің атын «Далам менің» деп қоюым тегін емес. Барлығымыз дарқан даланың перзентіміз ғой.  Қазақтың кең даласын жүректің жомарттығымен, көңілдің кеңдігімен теңестіруге болады. Дала деген – кеңдік, дарқандық, жомарттықтың символы ғой. Менің әкемнің де жүрегі үлкен, кең адам еді. Өнерде де,  өмірде де өте кең болды. Ақкөңіл, ашық адам болатын. Тура бала секілді таза еді. Тез қуанып, тез ренжіп қалатын.

Концертіңізде әкеңіздің үкілі домбырасын ұстап, шапанын киіп шықтыңыз… Бұл көрініс  көрерменнің көңілін толқытып, жүрегін тебірентті. Аты аңызға айналған әкеңіз туралы айтып беріңізші…

– Мені әкем ешқашан бетімнен қаққан емес. Емін-еркін өстім. Тіпті кейін өсе келе студент болған кезімде  мені тең тұтып, құрдасы секілді қалжыңдасатыны бар еді. Жалпы әкемнің өмірбаяны өте қызық. Анасының аты  Насихат. Ол кісі  Жарма жақтың қызы, Шардың уағы. Суырыпсалма ақындығы бар.  Менің Кәкей атам да  ақын болыпты. Гармонь тартатыны бар екен. Екеуі бірін-бірі  айтыста тауыпты. Атам  өзімен айтысқа шыққан апама ғашық болып қалыпты. Бірақ апамды айттырып қойған жері бар екен. Содан шарт қояды ғой. «Егер мына қызды жеңсең аласың, жеңбесең, өз обалың өзіңе» дейді. Кейін әкем апама «Өтірік жеңіліп қалғансың ғой» деп қалжыңдап отыратын. Әкемнің Қорлығайын, Шамшібану атты  екі қарындасы болыпты.  Біреуі кішкентай кезінде шетінеп,  екіншісі ши арасында шөп шауып жүргенде қорқып қайтыс болыпты. Атам 1941 жылдың тамыз айында, әкемнің 3 жасында  соғысқа аттанады. Ал  1943 жылы іс-түссіз жоғалды деген қағаз келеді.  Апам ол кезде  бір ғана баласы бар жас келіншек қой.  Кейін тұрмысқа шығады. Ол кезде әкемнің  ержетіп  қалған кезі. Өгей әкенің қолына барғысы келмей,  Зайсандағы интернатта тұрып, оқиды.  Әкем сондағы естеліктерін маған үнемі айтып отырушы еді.   «Жеті шақырым жердегі орталықтағы мектепке жаяу  барамыз. Аяқ киім жоқ. Бір аяқ киімді бәріміз кезек киеміз. Күздің суығынан аяқ-қолымыз жарылып, домбығып ісіп кететін» деуші еді.  Апамның екінші күйеуін  «өте жақсы адам  еді, шеттетпейтін» деп айтып отыратыны есімде.

Жастайынан «Әнші Ораз» атанған

Әнші ретінде әкеңіздің есімі кішкентай кезінен елге мәшһүр болыпты ғой

– Ол рас. Әкем кішкентай кезінен-ақ базарда ән айтады екен.  Сонда  халық  жас Ораздың  дауысына таңғалады екен. Сөйтіп,  «Бала Ораз», «Әнші Ораз» атаныпты.  Әкем  17-18 жасқа келген  кезінде апам «бұл бұлай жүріп, бұзылып кетеді, аяғын тұсайық» деп, үйлендірмек болады.  Ол кезде әкем  Жарсуда тракторист болып жұмыс істеп жүрсе керек. Оның үстіне әскерге әне кетем, міне кетем деп жүрген кезі.  Негізінде әкемнің өзінің  ұнатып, сөз байласқан қызы болыпты. Соған үйленемін деп ауылдағыларға айтып та қойған көрінеді. Бірақ жеме-жемге келгенде ана қыз уәдеден тайқып кетеді. Содан әкем ыза болып, «үйленбеймін» дейді ғой. Бірақ әкемнің Көгедайдағы туыстары Ғайни апайды алып беріпті. Жап-жақсы отбасы болады, Ғайни апам бес баланы дүниеге әкеледі.  Бірақ қанша дегенмен  әкем өнердің адамы ғой. Үйден гөрі түзде көп жүреді. Бұл Ғайни апайға ұнамайды. Ұрыс-керіс көбейеді дегендей. Кейін әкем өзінен тоғыз жас кіші менің анама ғашық болады.   Анамның апайы әкемнің кластасы.  Анамды алып қашқаннан кейін әкем Марқакөлге қоныс аударады.  Анам да өнерден қара жаяу емес.  Анамның өзінің де ән салатыны бар.  Тума талант. Тек  әкемнің көлеңкесінде қалып қойған. Өмір бойы  әкеме қызмет етті. Бір жерге байқауға барса, бірге барып, шайын қойып, киімін дайындап жүрген. Әкемді сәйгүліктей баптаған. Ол да оңай шаруа емес.

Сіздің әкеңізді Манарбек Ержанов, Сәбит Мұқанов секілді белгілі адамдар Алматыға шақырыпты ғой…

– Иә, менде ол кісілердің фотосы бар. Тіпті заманымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов те шақырыпты. Бірақ ауылда өскеннен соң болар, кішкене  тартыншақтаған ғой. Тіпті Бекен Жылысбаевтың өзі әкемнің дауысына тәнті болған  ғой. Анам да, әкем де тума таланттар.   Менің анамның да арнайы музыкалық білімі жоқ. Бірақ олар оқыса не болар еді?

Не болар еді?

– Айтыңызшы Құрманғазының арнайы музыкалық білімі бар ма? Жоқ. Бірақ консерватория соның атында. Әкем музыкалық білім алса, мүмкін дауысы бұзылып кетер ме еді деп ойлаймын. Өйткені дауысты (постановка) қойып тастайды ғой. Әр әнші шәкірттерін  өзі секілді ән салуға үйретеді. Ал кейбір шәкірттер  өзінің ерекшелігін жоғалтып алады. Мысалы, мен кейде кернейді (трубаны) өзімнің   ұстазымның нақышымен ойнаймын.

Ұстазыңыз кім?

– Ұстазым Валентин Георгиевич Макшаев. Ол кісі осы колледжде 47 жыл еңбек етіпті. 1961 жылдан 1970 жылға дейін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1970-1975 жылдары Өскемен музыкалық училищесінің директоры, ал 1980 жылдан бастап «Үрлемелі және соқпалы аспаптар» пәндік-циклдік комиссиясының меңгерушісі болған. Валентин Георгиевич – Өскеменде ғана емес, бүкіл Қазақстанда ең мықты, ең үздік трубашыларды даярлаған ұстаз.

Кернейшілік – менің мамандығым

Жалпы сізге қай аспапта ойнау жеңіл? Домбырада ма, әлде кернейде ме?

– Домбыра кішкентайымнан-ақ қолыма ұстаған аспап қой. Домбыраның орны мен үшін ерекше бөлек. Ал керней (труба) – менің мамандығым.   Керней аспабының қыр-сырын осы колледжде оқып, арнайы білім алдым.  Украинада әскерде жүргенде  екі жыл оркестрде ойнадым. Әскерден келген соң Зайсандағы шекарашылар отрядында,  20/17 әскери  бөліміндегі оркестрде төрт жыл жұмыс істедім. Университетте сабақ бердім. 2011 жылдан бері осы колледжде  кернейшілерді даярлаймын. Қазір шәкірттерім халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары атанып жүр.

Керней (труба) аспабының қазаққа жақындығы бар ма?

– Бұл аспап адамзат баласына ортақ деп ойлаймын. Негізінде трубаға ұқсас үрлемелі аспап барлық халықта бар. Тек аталуы, жасалуы бөлек.    «Қыз Жібек» фильмін көрдіңіз ғой. Сонда Бекежан керней тартады. Ата-бабаларымыз  кернейді көбіне  жаугершілік заманда белгі беру үшін пайдаланған. Ал еуропалықтар, әсіресе югославтар көбіне аң аулағанда пайдаланған.

Педагог ретінде сіздің ұстанатын негізгі қағидаңыз қандай?

– Ұстаздық тәжірибемнен түйгенім, баланы тәрбиелеуде көп сөздің керегі жоқ екен. Алдыңдағы студентке сөзден гөрі,  тәжірибе көп керек. Менің ұстазым    Валентин  Макшаев та сондай адам болған еді. Мен де теориядан бөлек тәжірибеге көп мән беремін. Білсеңіз, кейде колледжге  труба тұрмақ нотаны білмей келетін балалар түсіп жатады.  Олар тек  1-курсты бітіріп, 2-курсқа келгенде ғана  қайда келгенін, кім болатынын  ұққандай болады…

Енді сіздің сазгерлігіңіз туралы әңгіме өрбітсек…

– Сазгерлік туабітті қасиетім ғой,  34 әнім бар. Шынымды айтсам, атақ үшін ән жазып көрмеппін. Барлығы өзімнің жүрегімнен шымырлап шыққан дүниелер. Кейде әннің сөзін де өзім жазамын. Бұл мен ақынмын деген сөз емес. Кейде ақындардың жазған мәтіні көңілімнен шықпай жатады. Сондай кезде әннің сөзін өзім жазамын.

Ән жинағыңыз шықты ма?

– Ән жинағым шыққан жоқ. Оны не істеймін?  Кімге керек?

Әнімді әншілер ұнатып айтса, маған сол жетеді.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button