«Дидардың» қонағы

Серік Бабаханов, әнші, сазгер: – Өнер – өзім сүйген  әлем…

 Заманға сай айлық жоқ

Серік, сізді облыс, тіпті республика жұртшылығы әнші, сазгер ретінде жақсы таниды. Бірақ соңғы уақытта сахна төрінен көрінбей кеттіңіз. Қазір қайда жүрсіз?

– Қазір  жеке кәсіппен айналысып жүрмін.  Өзімнің «Бабахан» атты  шаруа қожалығым бар.  Мал шаруашылығымен, одан бөлек арнайы техникамен су шығару  жұмыстарымен де айналысамын.

Кейде өнерім шет қалып қалды-ау деп уайымдайтын кезіңіз бола ма?

– Болады.  Әнші Рамазан Стамғазиев, Толғанбай Сембаев секілді жігіттермен басымыз  бір жерде қосылып қалғанда, Алматыда, Нұр-Сұлтанда өтетін концерттерге шақырғанда, көштен қалып қалғандай біртүрлі сезімде боламын.

Филармониядан неге кеттіңіз? Айлығыңыз шайлығыңызға жетпеді ме?

– Мәдениет саласында қазіргі заманға сай айлық жоқ қой. Сосын дәл біздің  Шығыста өнерге, оның ішінде дәстүрлі өнерге  қолдау мүлдем жоқ. Көңіл бөлмейді. Халықтың да тұрмысы төмен. Ал ішерге асы жоқ адам әнді қайтсін. Мысалы,  бірде теледидардан Италиядағы үлкен алаңда симфониялық оркестрдің  концерт беріп жатқанын көрдім.  Сіз алаңға жиналған адамды көрсеңіз. Тып-тыныш отырып ұйып тыңдап отыр. Ал сіз Өскеменнің орталық алаңына симфониялық оркестрмен концерт қоя аласыз ба? Қоя алмайсыз. Тегінде «Сананы тұрмыс билейді» деген рас. Өнер саласынан кету себебім, өзімнің тұрмысымды түзегім, балаларды аяғынан тұрғызғым келді.

«Жас өрен» атты оркестр құрдым

Уақытша бұл саладан алыс жүргеніңізбен, сіздің өнердің өз адамы екеніңізге ешкімнің таласы жоқ. Айтыңызшы,  өнерге келуіңізге кім ықпал етті? Жалпы, өзіңіз қай жердің тумасысыз?

– Мен Марқакөлдің Ақбұлағынанмын. Кезінде сол ауылдың шағын ғана  Бөкенбай деген бөлімшесі болды,  кейде Кәкім ауылы деп те айтатын. Сонда туып, өстік.

Жалпы,  біздің үйдегі он баланың   барлығы  өнерге жақын болдық. Бірақ ішіндегі өнер жолын ұстағаны мен ғана. Әкемнің өзінің де   ән айтатыны бар еді.

Мұқатай деген нағашы атам да күйші болған кісі. Ол кісіні бала кезімде көрдім. Басын шайқап қойып Тәттімбеттің күйлерін шертіп отырушы еді. Сол кезде небары 5-6 жастағы бала болсам да, шерткен күйлері құлағымда жатталып қалыпты. Кейін домбырада ойнап отырсам, шешем «атаңның күйін қайдан үйреніп алғансың» деп таңғалды. Кейін ол күйдің Тәттімбеттің «Көкейкестісі» екенін білдім.

Әкемнің Сейітсұлтан есімді інісі де кәдімгідей ақындығы әрі әншілігі бар адам еді.

Бірінші сыныпта оқып жүрген кезімде-ақ мектептегі оркестрдің мүшесі болдым. Кенжехан дейтін мұғаліміміз үйреткен «Қосалқа», «Келіншек» дейтін күйлерді орындайтынбыз. Жалпы өнер дегеніңіз өзім жақсы көрген әдемі әлем ғой…

Мектепті бітірген соң совхозда жұмыс істедім. Жұмысшы болдым,  трактор айдадым. Ауылда жүргенде Нұрлан, Арғынбек деген жолдастарыммен қосылып трио құрдық. Ауылдың, тіпті көрші ауылдың тойы бізсіз өтпейтін еді. Тек сегіз жылдан кейін Өскемендегі музыкалық училищеге оқуға түстім. Оны тәмамдаған соң  университетте білім алдым. Кәкім ауылында,  Ақбұлақ ауылындағы мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып қызмет істедім.   Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болдым.  Мен Кәкімдегі мектепте жүргенде  «Жас өрен» атты оркестр құрдым.  Сол оркестріміз облыс орталығы Өскеменге келіп, телевидение арқылы  концерт берді. Сол концерттің пленкасын әлі  таппай жүрмін.  «Жас өреніміз» аудан орталығында  концерт бергенде, залда ине шаншар орын болмайтын. Сондай-ақ  мектептің автобусымен ауыл-ауылды аралап, концерт қоятынбыз. Ал 1997 жылы Өскеменге қоныс аудардым…

Ауылдан неге кеттіңіз?

– Ол кез аумалы-төкпелі заман еді ғой. Балалардың болашағы үшін қалаға  жақындау керек деп шештім.

Қалаға келгенде жұмыс бірден табылды ма?

– Табылды. Ұлан ауданының Мәдениет үйінде,  қалалық мәдениет бөлімінде, Металлургтер сарайында, одан кейін «Өрлеуде» әнші, сырнайшы, әкімші болып қызмет істедім. Өскеменнің іргесіндегі Сағыр ауылындағы Мәдениет үйінің басшысы да болдым. Сосын облыстық филармонияда әнші болдым. Биыл филармониядан кеткеніме бес жыл болыпты.

Сіз кезінде «Абаш-думан» театрының негізін қалаған өнерпаздардың бірісіз ғой…

– Иә, «Абаш-думан» театры біраз дүрілдеді.   Сонда тұрақты алып тұратын айлығымыз жоқ,  бірақ бүкіл облысты аралап жүре беретінбіз.  Ол кезде тіпті бізге бере қоятын  елде де ақша жоқ. Сосын  тойда асаба болдым. Қайтесің енді,  бала-шағаны оқыту керек дегендей.   Ол кезде мәдениет саласының ақшасымен балалардың жағдайын жасау мүмкін емес еді.  Тойға бармасам, аш қалатын едік.

Әндерімнің арқауы – туған жер

Сіз әншілігіңізден бөлек, 30-ға тарта әннің авторысыз. Қарап отырсақ, әндеріңіздің дені  туған жерге арналған екен…

–Иә, менің әндерімнің негізгі арқауы – туған жер.  Туған жерге арналған «Марқакөлім», «Шығыстың Шолпан жұлдызы», «Ауылым – бағым», «Алтын тау – Алтайым» атты әндерім бар. Былтыр «Алтай» телеарнасының басшысы Нұртас Солтанұлының өтінішімен «Жиделім» әні жарыққа шықты. Жиделіде де көп болғанмын. Жақсы білемін.  Жалпы,  менің есімімді композитор ретінде елге танытқан әнім «Марқакөлім» болса,  ал республикаға  танытқан әнім «Қос бәйтерек».

Бір күні маған таңғы сағат жетіде ақын Мұрат Тастағанов ағамыз қоңырау шалды. Үйдегілердің барлығы ұйықтап жатыр. «Серік, «Алтайым» деген өлеңімді оқып көрші» дейді Мұрат ағамыз. Оқысам, өлеңнің сөздері ғажап!

«Алтын тау – Алтайым-ай,

Бақ мерей, байтағым-ай.

Қарайсың күллі әлемге,

Асқақтап шалқайып-ай.

Сүйініп өр тұлғаңа

Жүрейін марқайып-ай.

Кел, досым, құт мекенге

Бір барып қайтайық-ай!».

Өлең  шумақтары менің жанымды қатты тебірентті.   Нәтижесінде «Алтын тау – Алтайым» әні дүниеге келді. Он шақты әнімнің мәтінін осы Мұрат  ағамыз жазды. Жалпы, Мұрат аға әнге мәтін жазуға өте шебер ақын ғой.  Мәтіннің ішінде бір артық сөз болмайды.

Ауылыңызға жиі барасыз ба? Жағдайы қалай?

– Айына бір рет барып тұрамын. Көшкен елде қандай жақсы көңіл-күй болсын. Құлазыған жұртты көргенде жаным жабырқайды. Ауылды сағынамын.  Сағынғанда, ауылымның бұрынғы адамдарын, қарияларын сағынамын. Қазір ауылда қария жоқ.  Шіркін, бұрынғы қариялар ерекше еді ғой. Төбеде малдас құрып, әңгіме шертіп отыратын қариялар қайда бүгін? Қандай әңгіме шертетін еді. Қазір ауылда  әңгімелесетін ақсақал жоқ. Тіпті кейде тойда бата беретін ақсақалдың жоқтығын көргенде, көңілің қатты жүдейді екен. Мен кейде кәрілікті ауылда қарсы алсам деймін. Таяғымды тықылдатып, есіктің алдында бірдеңеңді істеп жүрсем деймін.

Атақ дегенге көп мән бермеппін

Атағыңыз бар ма?

– Атағым жоқ. Бірақ кейде ол да керек екен деп ойлап қоямын. Қазақ «киіміне қарап қарсы алып, кісілігіне қарап шығарып сал» дейді ғой. Мен осы уақытқа дейін атақ дегенге көп мән бермей келіппін. Тіпті, бұрын өзімді композитор деп таныстырғанда, ұялатынмын. Қазір оған құлағым үйреніп қалыпты. Сөйтсем, қоғамда өзіңнің орның, салмағың болғаны дұрыс екен.

Кейде өнерде жүрген адамдардың соншалықты  аласарып қалғанына ішім ашиды. Тек әншілер ғана емес, ақындар мен жазушылардың,  журналистердің де  беделі түсіп кетті. Бұрын «Сәбит Мұқанов келе жатыр», «Мұхтар Әуезов келе жатыр» дегенде облыстың бірінші хатшылары құрақ ұшып жүгіруші еді ғой. Тіпті алысқа бармай-ақ осыдан он шақты жыл бұрын талантты режиссер Рүстем Есдәулет қайтыс болғанда, Асанәлі Әшімов ағамыздың Өскеменге келгенін білемін. Асанәлі ағамыз тұрған бір алып қой! Салмағы сезіліп тұр.  Ал қазір ақындар мен жазушыларда, әншілерде ондай салмақ бар ма? Алысқа бармай-ақ   осы біз Абаш Кәкеновті бағалай алып жүрміз бе?   Қазақтың қай түкпіріне бар, бәрі Абашты жақсы таниды. Бірақ Шығыста оның салмағын ешкім білмейді.   Қайбір жылы филармония әншілері Семейде өткен Тұрсынғазы Рахымовтың концертіне бардық.  Сонда Абаш бармай қалды. Өйткені әншілерді мәдениет басқармасының басшысының өзі іріктеп, Абашты сызып тастаған болатын. Сонда  Тұрсынғазы ағамыз «Абаш Кәкенов дегеніңіз Шығыс Қазақстанның өнер кітабының бетіндегі мұқабасы ғой» деп еді. Сәбидей көңілі кіршіксіз ағамыздың сол сөзі әлі көкейімнен кетпейді.

Әндеріңізді қай кезде жазасыз?

– Бірде маған Орал деген жолдасым «сен композитор емессің» деп айтты. Неге десем, «композитор ішіп, қуу керек» деп қарап тұр. Өзім де өткенде Шәмші Қалдаяқов туралы кино көрдім. Ұнамады. Өйткені шынайылық жоқ. Кинодағы Шәмші мінсіз ғой.  Сондықтан өз басым аса сеніңкіремедім. Мысалы,  көзі тірісінде Оралхан Көшеровтің қасында талай жүрдім ғой. Әні бүкіл республикаға таралған сазгер болса да, кейде ол кісінің қасында жүру мүмкін емес болатын. Бір кісідей мінезі бар болатын және сілтейтіні де болды.

Мен өзім әндерімді шараптан ұрттап отырып жазбаймын. Кейде шабыт өзі келеді. Сол кезде ұстап қалуға тырысамын.

Әніңізді сатасыз ба?

– Әнімді сатып көрген жоқпын. Бірақ  «Қыз ұзату» атты  әнімді өткенде өскемендік бір қарындасым болмай сатып алды. Орысша сөйлейді екен. Өзі бір би тобының жетекшісі.  Бір биді сахналауға керек екенін айтты.

Ұлдарыңыздың ішінен өнер жолын қуғаны бар ма?

– Ілияс дейтін ұлым қазір  ремикс жазып жүр.  «Қазақтелекомда» жұмыс істейді. Бірақ талабы жақсы.

Әңгімеңізге көп рахмет. Шығармашылық табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button