Альмира Дюсупова, Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің директоры: – Жақындарым мен ұжымымның қолдауы болмаса, қиындықтарды еңсере алмас едім…
Облыс әкімінің мәдениет саласындағы сыйлығының лауреаты, «Әйел басқаратын үздік ұйым» облыстық байқауының жеңімпазы, «Тәуелсіздікке 20 жыл» медалі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерінің иегері Дюсупова Альмира Оралбекқызымен әңгімелесудің сәті түскен еді.
«Менің қызым министр болады!»
– Альмира Оралбекқызы, жұртшылық сізді білікті басшы ретінде танығанымен, өмірбаяныңызды біле бермейді. Қандай отбасында дүниеге келдіңіз?
– Мен 1964 жылы Өскеменде қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келдім. Апам төртінші баласын дүниеге әкелгенде қайтыс болған. Ал атам халық жауы ретінде атылған соң, жетім қалған балаларын Зайсан ауданы, Көгедай ауылының балалар үйіне жібереді. Сол балалар үйінде өскен әкем Оралбек соңғы оныншы сыныпты Өскемендегі Жамбыл атындағы мектеп-интернатында оқып бітірген. Содан кейін сол кезде бригадир болған атақты Ахат Күленовтің қол астына, цехқа жұмысқа орналасады. Қорғасын-мырыш комбинатында 40 жыл аппаратшы болып жұмыс істеп, өндіріске бірқатар тиімді ұсыныстар енгізген. Жаңа аффинаж өндірісі ашылған кезде басшылық зейнеткерлікке шыққан (ол кезде зиянды өндірістегі жұмысшылар 53 жастан зейнеткерлікке шығатын) әкемді білікті маман ретінде қайтадан жұмысқа шақырып алады. Осылайша тағы он жыл бойы кәсіпорында еңбек етіп, жас мамандарды баулыды.
Әкем бокспен, гір спортымен, күреспен айналысты. Шахматты керемет ойнайтын, кітапты көп оқитын. Тазалық, адалдық, әділеттілік – өмірлік қағидасы еді. Өз мінезі де сондай болды, бізді де соған тәрбиеледі.
Мен Ресейде оқып жүргенде кейбір курстастарым оқудан бөлек қосымша жұмыс істеп жүретін. Бірақ әкем «Көзім тірі тұрғанда оқуың бітпейінше жұмыс істемейсің, тек оқу оқы, білім ал. Кейін жұмыс істеп үлгересің. Менің қызым әлі мәдениет министрі болады!» деп айтатын. Өзі зиянды өндірісте жұмыс істеп жүріп, маған ай сайын ақша салып жіберетін.
Нағашы атам Қайырбек танымал ұста, нағашы апам Сақыпжамал әңгімеші, ақын, үй шаруасына мығым кісі болды. Әжемнің арқасында халық шығармашылығына қанық болып өстік. Әжемнен естіген көптеген аңыз-әңгімелерді өзімше аударып, құрбы-құрдастарыма айтып беретінмін.
Анам Күлжиян тоғыз баланың үлкені болды. Анам мейірімді, ақкөңіл, қолы ашық жан еді. «Басың алтын болса да, ер-азаматтың абыройын жоғары ұста. Қанша жерден қызметкер болсаң да, ерің жұмыстан келгенде дастарханың жаюлы болсын» деп тәрбиеледі. Анам «Өрнек» фабрикасында 26 жыл экспедитор болып жұмыс істеді. Жаздың шіліңгір ыстығына, қыстың қытымыр аязына қарамастан, жоспарды уақытында орындау үшін ауыр заттарды да көтерді. Соның салдарынан буындарына зақым келіп, науқастанып қалды.
Әкем мен анам өмір бойы жұмыс істеп жүріп, үш баласын жеткізді, оқытты-тоқытты, дүркіретіп үйлену тойларын жасап берді. Бауырым Азамат Украинаның Польшамен шектесетін жерінде әскери борышын өтеп келген соң бірден Қарағандыдағы Букетов атындағы мемлекеттік университетінің заңгер мамандығына оқуға түсті. Үздік оқуының арқасында емтихандарды жеделдетіп тапсырып, еңбекке ерте араласты. Қазір облыстық прокуратурада аға прокурор болып қызмет етеді. Сіңлім Анара – тарих пәнінің ұстазы. Анам маған «Фатиха», «Ықылас» сүрелерін жаттап ал, бауырларыңа қамқор бол» дегенді жиі айтатын.
Өнер училищесінің директоры лауазымына тағайындалған жылы небір ауыр сынақтарды бастан өткердім. 2008 жылы асқар тауым – әкем мезгілсіз дүниеден өтті. Әкемнің қырқын өткізген соң анамның науқасына (қант диабеті) байланысты екі рет ота жасалды. Анамыз бірнеше жыл төсек тартып жатты.
Ананың мейірімі шексіз ғой, шіркін… Бір күні анама «Жұмыстан шығайыншы, жаныңда күтіп отырайыншы» десем, «Әлмән, сен кішкене шыда, мен де шыдайын. Жұмыстан шығу деген бір-ақ минуттық шаруа ғой. Бұл сенің сүйікті ісің, қызметің, әкеңнің арманы, мақтанышы. Жұмысыңнан шықпа, тәуірмін» деп өзі ауырып тұрса да, мені жұбататын. Қасиетіңнен айналайын, мейірімді анашым. Өмірден өткен күні әлі есімде, жастыққа сүйенген арқасынан сәл көтеріп, сәби сияқты құшағымда отыр еді. Көзі ілініп кеткендей, үнсіз қалды, «шаршап ұйықтап қалған болар» деп ойладым. Бірақ дәрігер анамның бақилық болғанын айтты.
Егер жақындарымның және ұжымымның қолдауы болмаса, осы ауыр күндерді, қиыншылықтарды жеңе алар ма едім, кім білсін…
Мәскеу Олимпиадасында өнер көрсеттік
– Өнерге деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды?
– Төртінші сыныпта сынып жетекшіміз бізді үйірмелері мен секциялары көп болған мәдениет үйіне апарды. Хореограф Валентина Кондакова мені топқа алып, толықтау болғандықтан соңғы қатарға қойды. Небары бір жылдың ішінде мен соңғы қатардан бірінші қатарға шықтым.
Сегізінші сыныпта оқып жүргенде құрбым Марина мені кәсіби ән-би ансамбліне шақырды. Ансамбльге өнерпаздарды іріктейтін оның әкесі– директор және хормейстер Геннадий Загуменов пен балетмейстер Виктор Выдрин еді. Дарынды өнерпаздардан құрылған ұжым бір жылдың ішінде керемет жетістіктерге жетіп, нәтижесінде Мәскеудегі 1980 жылғы Олимпиада ойындарында өнер көрсету мәртебесіне ие болдық. Онда біз Горький атындағы саябақта, Луначарский атындағы Мәдениет сарайында және басқа да алаңдарда өнер көрсетіп, шетелдік делегациялардың қошеметіне бөлендік. Бұл мен үшін үлкен сахналық тәжірибе болды. Өнерден ажырай алмайтынымды сол жолы түсіндім. Осындай сапарлардың бірінде радиодан сол дәуірдің кумирі болған әнші Владимир Высоцкийдің өмірден өткені жайлы естідік.
№9 орта мектебін бітірген соң Өскемен мәдени-ағарту училищесіне түсіп, оны 1983 жылы қызыл дипломмен аяқтадым. Ары қарай кәсіби білімімді жалғастыру үшін Кемерово қаласындағы мемлекеттік мәдениет институтына түстім. Омск, Томск, Новосибирск, Барнаулдан келген үздік студенттердің арасында жалғыз қазақ едім. Институт жанындағы «Кузбасс» би ансамблінің құрамына кіруге ниет білдірген 30 үміткердің 17-сі училищені үздік бітіріп келген жастар. Байқауда бір орынға 2-3 үміткерден болды. Ақыры қатаң іріктеуден өтіп, ансамбль құрамында КСРО-ның қалаларымен қатар, Кремль сарайында, Рига, Юрмала, Братск, Иркутск, Югославияда өнер көрсеттік.
Алғашқы еңбек жолымды Өскемен қаласының мәдениет бөліміне қарасты «Колос» мәдениет үйінде хореограф болып бастадым. 1988 жылдан бастап жұмысымды Одақаралық көркемөнерпаздар шығармашылық үйінде жалғастырдым. Кейінірек Өскемен мәдени-ағарту училищесінің хореография бөлімінде оқытушы, меңгеруші болдым, пәндік-циклдік комиссиясын басқардым. 2007 жылы мені Өнер колледжі директорының орынбасары Сергей Косачевтің ұсынысымен оқу ісі жөніндегі орынбасар, ал келесі жылы училищенің сол кездегі басшысы Владимир Романюктің ұсынысы бойынша директор лауазымына тағайындады. Мұндай ұсынысты мүлде күтпеген мен алғашында абдырап, «Мен мансапшыл емеспін, мінезім жұмсақ, оның үстіне анам ауырып жатыр…» деп едім, директор Владимир Романюк «Директор қатал болу керек деп кім айтты? Басшы – ұжымның айнасы, бет-бейнесі. Ал орынбасарлар қатал, талапшыл болу керек» деді.
Бұл жаңалыққа әкем қатты қуанды, құптады, батасын берді. Әкем әрқашан биікке ұмтылуымды қалайтын.
– Балаларыңыз да ізіңізді басып, өнер жолына түскен болар?
– Жоғары оқу орнын бітірген соң тұрмысқа шықтым. Жолдасым Ербол – «Казцинкте» инженер-механик. Таныстығымыз да қызық болды. Сәуле деген құрбымның альбомындағы естелік суретімді әскерден келіп, Өскемендегі құрылыс-жол институтында оқып жүрген студент қайнысы Ербол көріп, бір көргеннен ғашық болған. Танысып, достасып, кейін отбасын құрдық. Отасқанымызға отыз жылдан асты. Аллаға мың да бір шүкір, бақыттымын. Алтынай, Әйгерім есімді екі қызымыз, олардан тараған немерелеріміз бар. Екі қызымыз да музыкалық мектептің фортепиано класын бітіріп, кейін Д.Серікбаев атындағы техникалық университеттен жоғары білім алды. Алтынай бала кезінен өнерге жақын, облыс әкімдігі өткізетін жыл сайынғы Президент шыршасында Ақшақар рөлін сомдады. Президенттің атаулы стипендиясының иегері. Қазір Неке сарайында жас жұбайлардың некесін тіркейді. Кенжеміз Әйгерім статистика басқармасының маманы, қазір бала күтімімен айналысып отыр.
– Үлкен шығармашылық ұжымды басқару оңай емес болар?
– Қазір ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесі еліміздегі осы үлгідегі 22 білім беру мекемесінің ішіндегі ең мықтыларының үштігіне кіреді. Ұжым үлкен, 170 мұғалім, мыңға жуық оқушы мен студент бар. Балалардың ата-аналарымен де тығыз байланыстамыз.
Өнер ордасы аттестациядан, халықаралық аккредитациядан сәтті өтті. Шәкірттеріміз республикалық, халықаралық деңгейдегі көптеген байқаудың жүлдегері. Оның сыры – сапаны бірінші орынға қоямыз. Бізде «Бармақ басты, көз қысты», тамыр-таныс деген түсінік жоқ, талап бәріне бірдей. Соның нәтижесінде түлектеріміз Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына, Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына қиындықсыз түседі. Өйткені негізгі білімді «үйірме-мектеп-училище» деген үш сатыда жүйелі түрде кәсіби мамандардан алады.
Атақты жерлестеріміз – ағайынды Абдуллиндердің 100 жылдық мерейтойында жақын туыстары Әлібек Дінішев, Сағынай Абдуллин, Карина Абдуллина Өскеменге арнайы келіп, мұражайға құнды жәдігерлер тапсырғанын шәкірттерге мақтанышпен айтып отырамыз.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан – Айжанат Бақытқызы