Тылсым дүние

Сырымбет батырға Алла аян берген екен

Найман Қаракерей ішінде Шағырдың баласы Байқозы батыр қалмақтармен бір қақтығыста қайтыс болған. Одан қалған жалғыз ұл Сырымбет те ел қорғаған батыр, атақты бай, Алла аян берген қасиетті адам болған екен.

Сырымбет батырға Алла аян берген екенСырымбеттің жылқысы неше мыңнан артып жығылған. Ол екі әйел алса да, сол әйелдерінен өзі қырыққа келгенше бала болмапты.

Бірде Сырымбет жылқысын суармақ ниетпен оларды Жырақұдық бойындағы Сорқұдыққа айдап әкелсе, өзі шамалас, жеті ұлы бар немере ағайыны Қарақозы (Шақантай) мұның жылқысын қауғамен үркітіп, қуалапты. Тіпті, жанына келген Сырымбетке «малыңды әкет, қу бас» деген көрінеді. Сырымбет немере ағайынының бұл сөзіне ренжіп, Сорқұдықтың оң жағындағы Ашудастың бір жотасының басына шығып, қамығып ұзақ отырады. Кешке үйіне де бармай, сол арада түнеп қалады. Ой меңдеген ол түннің бір уағында көзі ілініп, ұйықтап кетсе керек. Түсінде ақ сақалды, ақ киімді, ақ атқа мінген бір қарт адам келіп: «Балам, неғып жатырсың, көтер басыңды, жай қолыңды» депті.

Ол орнынан абың-күбің тұрып, қолын жая берсе керек. Сонда әлгі ақсақал: «Жылқыңды жинап, көк қасқа айғырдың (Бөрібас) үйірінің артынан ер, ол қай жерге тоқтаса, сол жерді мекен ет, үбірлі-шүбірлі боласың» деп, бата беріп, бетін сипапты да, ғайып болыпты. Бұл таң жаңа қылаң беріп келе жатқан уақыт екен. Сырымбет атына мініп, жылқысын жинап алып, олардың соңынан ере беріпті.

Бірер күннен кейін жылқысы шығыстан батысқа қарай ағып жатқан кішірек өзені бар жерге келіп тоқтайды. Ол сол жердегі үлкен жалпақ тастың үстіне түсіп, сонда түнейді де, ертеңінде сол маңға үйін көшіріп әкеледі. Осында келісімен «Осы жер менің ұрпағыма мекен болады. Жердің аты Терісайрық болсын» депті.

Арада біраз уақыт өткен соң екі әйелі бірдей жүкті болып, бір күнде босанады. Екеуі де ұл тауыпты. Сырымбет Аллаға ақсарбас айтып, Баршадан туған ұлдың атын Қожамберді, ал Қысбикеден туған ұлдың атын Қожабек деп қойыпты. Бірақ көп ұзамай Қожамберді қайтыс болады. Оған Сырымбеттің өзінің күпіршілігі себеп болған деседі. Себебі, бір жерде мақтанып әрі «қу бас» деп кекеткен ағайындарына қыр көрсетіп: «Еркектің еркегі мендей-ақ болар, екі әйелді бір күнде жүкті қылған» депті.

Алла оның бұл күпіршілік сөзін қош көрмесе керек. Алайда, Сырымбет кейін он ұлды болған. Осы он ұлдан тараған ұрпақтары Қожамбет ішінде бір рулы ел болып, өсіп-өнді, небір мықты һәм қасиетті адамдар болды. Сырымбеттің бүгінгі ұрпақ-жұрағаттарынан шыққан азаматтар еліміз Тәуелсіздік алып, аруақтарға тәу етер еркіндік қолға тиген 1990 жылдары қасиет қонған бабаларының басын көтеріп, естелік тақта орнатты.

Әзірлеген – Бодаухан Тоқанұлы

Осы айдарда

Back to top button