Аймақтар аухалы

Сүт өнімдерінің оннан астам түрін шығарады

Хасен ЗӘКӘРИЯ

Күршім ауданының Марқа өңірі біртіндеп өз аумағындағы тіршіліктің ырғағын қалыпты деңгейге жеткізіп, қанағаттанарлық қарқынмен алға басып келе жатыр. Бүгінде ол жақта бірқатар өндіріс нысаны іске қосылып, жұрт нәтижелі қадамдарға ұмтылыс жасауда.

Мәселен, өткен жазда Марқакөл ауылындағы «Нұралы» шаруа қожалығының сүт өнімдерін өңдейтін заманауи цех ашқаны туралы ақпарат жолдағанымыз оқырмандардың есінде болар. Аталған ауылға арнайы барған сапарымызда біз сол цехтың жай-жапсарына ден қойып, жұмысына мұқият көңіл бөлген едік.

– Бұл цех қазір жұмысқа сақадай сай тұр, – деп түсінік берді Марқакөлдегі белгілі кәсіпкерлердің бірі Амантай Иқамбаев. – Оны біз толықтай сынақтан өткіздік. Цех қазір 12 түрлі сүт өнімдерін шығарады. Ол үшін, әрине, сүт молшылығын жасауымыз керек. Ал бұл мақсатты жүзеге асыру бағытындағы тиянақты қадамдар жасалып жатыр. Тура осы цехтың жанынан тауарлы-сүт фермасын салып жатырмыз. Сауын базасы нық болуы үшін осы фермада жоқ дегенде 50 сиыр тұруға тиіс. Олардың жемшөбін, қора тазалығы мен жылылығын өзіміз қамтамасыз етіп отырамыз. Мал қиын уақтылы тазалап отыру үшін арнайы транспортер салынады, ал сауын сиырларға құнарлы азықты шөп ұнтақтағыш механизмнің көмегімен үзбей беріп отырамыз. Фермадағы жұмыс толықтай механикаландырылады.  Қазірдің өзінде қолда бар сиырлардың тұқымын асылдандыру жұмыстары қолға алынып, сиыр       сауатын аппараттар сатып алынып жатыр.

– Міне, – дейді Амантай Шорманұлы, – мына мұқият қоршалған аумақ – 4 гектар. Өздеріңіз көріп тұрғандай, осы аумақтың ішінде тауарлы-сүт фермасымен қоса мал бордақылау алаңы салынып жатыр. Ал мал  сойылатын қасапхананы өзімізге қарасты «Марқакөл жолдары» ЖШС-нің ішіндегі барлық талаптарға сай етіп арнайы даярланған жерден салмақпыз.

Сүт өнімдерін өңдеу цехында жұмыс істейтін жұмысшыларды үйрететін мамандарды қожалық басшылығы Ресейдің Барнаул қаласынан алдырып, олар «шәкірттерін» екі апта оқытқан екен. Бүгінде мұндағы тұрақты жұмысшы болып саналатын операторлар цехтағы күрделі техниканы жетік меңгеріп, кез келген операцияны өз беттерінше атқаруға әзір.

– Елу сиырға төрт сауыншы қажет, – дейді Амантай Шорманұлы. – Техниканы күтіп-баптайтын бір адам, малды азықпен қамтып отыратын бір адам керек. Мал бордақылау цехы мен қасапхана салынып біткен соң, оларға қосымша жұмысшылар аламыз. Сонда жиыны 10 адамды жұмыспен қамтитын боламыз.

Қожалық жетекшісінің айтуынша, алдағы уақытқа межеленген жоба-жоспарлар жеткілікті.

  • Енді оларды іске асыру үшін басшылық тарапынан қолдау жасалып, қажетті несиеге қол жетсе, көп ұзамай жұрт біздің сапалы өніміміздің дәмін тататын болады, – дейді ол.

«Құлақ естігенді көз көреді», – дейді қазақ. Сол айтқандай, осы жоспарлардың барлығы бірдей уақтылы  жүзеге асып, дәмді де сапалы өнімдер өзімізде дайындала бастаса, нұр үстіне нұр емес пе.

Күршім ауданы.

Суреттерде: Сүт өңдеу цехы; А.Иқамбаев келушілерді

цехтыңжұмыс тәсілімен, жабдықтарымен таныстыруда

Осы айдарда

Back to top button