Ауыл шаруашылығы

Шыңғыстауда қыстама қалай өтіп жатыр?

Қазір аудандағы қойдың саны үш жүз мыңға жуықтап қалды. Ал тоқсаныншы жылдары шаруашылықтар таратылып жатқан шақта олардағы жалпы жылқы саны 11 мың болса, қазірде жеке шаруаның қолындағы жылқы 19 мыңға жуық. Кеңес заманында шаруашылықтардағы сонша жылқы тек мал бағуға ғана пайдаланылса, ал бүгінде Саржалдың сары қымызының даңқы республика көлеміне мәлім. Осы орайда, тоқсаныншы жылдары шаруашылықтарда төрт мыңның үстінде ғана сиыр болса, қазірде бұл түліктің саны қырық мыңнан асып отырғанын айта кеткеніміз жөн болар.

Шыңғыстауда қыстама қалай өтіп жатыр?«Жә, сан бар екен, сапа қалай?» деген біздің сауалымызға аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков пен аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Думан Нариманұлы кезектесе отырып, байыппен жауап берген. Шындығында мұнда мал басын асылдандыру, соған орай ауданның мал шаруашылығы саласына субсидия тарту ісі ойдағыдай. Нақтылап айтсақ, өткен жылы ауданда қой, жылқы, сиыр түліктерін асылдандыру, селекциялық жұмыс жүргізу, қымыз өндіру жұмыстарына тартылған субсидия жоспары артығымен орындалған.

Нақтылап айтсақ, аудан бойынша жыл ішінде осы шаруаның бәріне 216 миллионнан астам субсидия тартылды. Өткен бір жыл ішінде 33 миллион теңгеге асыл тұқымды үш жүзден астам ірі қара, 76 миллион теңгеге он мыңнан астам қой, 15 миллион теңгеге бес жүзге жуық жылқы сатып алынды. Бұл көрсеткіштер оның алдындағы жылмен салыстырғанда біршама артық.

Өткен жылы сондай-ақ, субсидия есебінен ірі қараға селекциялық жұмыс жүргізуге 50 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, отыздан астам сиыр өсіріп жатқан 85 шаруа қожалығына 24 миллион теңге бөлініп берілді. Облыс бойынша субсидия тарту жөнінен бұлардан Аягөз, Тарбағатай секілді бірер ауданның ғана алда тұрғанын облыстық ауыл шаруашылығы баcқармасының бастығы Дүйсембай Селиханов мырзадан да естіп білдік. Дүйсембай Мағзұмұлы сонымен бірге ауданға облыс тарапынан жасалып жатқан көмек жайын айта кетуді де ұмытпаған. Айталық, ақпан айында бұларға қосымша 250 тонна кебек босатылса, наурызда оның мөлшері 300 тоннаға жетпек. Ал өткен жазда ауданда 150 мыңға жуық қатаң мал азығы дайындалып, жоспар 130 пайызға орындалғанын, одан бүгінде 38 мың тоннадан астам қатаң мал азығы қалып отырғанын ескерсек, бұл өңірде қыстама қалай, қайтіп аяқталады деп орынсыз байбаламға барудың қажеті жоқ.

Десек те, ауданда өз шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ деген ұғым тумаса керек. Мәселен, ауылдық несие серіктестігінің жұмысы соңғы бір-екі жылдан бері қағаз жүзінде қалып отыр. Бұрын мұнда ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының өкілі де болған. Қазір ол да жоқ. «Сыбаға» қорының өкілдігі ашылып жатса да еш артықтық етпейді. Осындай себептерден соң елдің облыс пен аудан арасында сабылып жүргені рас.

Мұны бір десек, екіншіден, осыдан үш жыл бұрынғыдай қыс аяғы созылып, қыстақтарға бару қиындап сала берсе қолдағы техниканың аздық ететіні рас. Сондықтан осындағы жол жөндеу мекемесінің паркін қажетті техникамен одан әрі жарақтандыра түсу облыстық тиісті мекемелердің міндеті деп білеміз. Бірақ бұлар бәрін жоғарыдан күтіп қарап отырмай шаруа қожалықтарымен келісімшартқа отырғандықтарын естіп білдік. Айталық, алдыңғы жылғы жұтта Көкбай ауылындағы Айдар Көкебаев сынды шаруа қожалығының басшысы қолындағы техника күшімен басқаларға да жан аямай көмектескенін мұндағылар жыр ғып айтуда.

Сол жолы Қарауыл өзені тасып, ауылдың ішіне дейін кіріп кеткені бар. Мұндағылар ондай қауіптің алдын алуды ойластыруда. Сол мақсатпен республикалық Төтенше жағдайлар министрлігінен елу миллион теңге қаржы сұрастырып отыр. Сондай мөлшердегі қаржы қолға тие қалса тасқын болады-ау деген басқа жердегі қауіптің де алдын алу жоспарда бар көрінеді. Ал енді ауыл ішін қардан тазалау мәселесіне жергілікті шенеуніктердің өздері бас болып кірісіп жатқанын құптамасқа болмайды.

Қыстақтар арасындағы жолдарды тазалау мәселесін жоғарыда айттық. Ал екінші бір күрделі мәселе жарық па дейміз. Тоқсаныншы жылдары шаруашылықтар тараған соң көп нәрсе ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті емес пе! Сонда қазағының емес, қазанының қамын ғана ойлағандар әр қыстаққа барып тұрған электр сымдарын бағаналарымен қоса сыпырып әкеткен болатын. Содан қайтіп ұзақ жылдар бойы бұл мәселені ешкім ескерген жоқ-ты. Солайша малшы қауымының үйінде XXI ғасырда тастүнек орнаған.

Бертінде Нысанбек Дінсіләмов сынды бірер шаруа қожалық басшыларының өз күштерімен өз қыстақтарына жарық тартып, тіпті телефон байланысын да орнатып алғандықтарын естіп қуанып қалған едік. Бұйыртса алдағы уақытта сол қуаныш қуанышқа жалғасатын секілді. Яғни, Думан Нариманұлының айтуынша, болашақта «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша алғашқы он шақты шаруа қожалығына жарық тартылмақ. Бірақ ауданда бес жүзден астам шаруа қожалығы бар екендігін ескерсек, бұл мәселенің шешімі қай кезге дейін созылмақ? Қасқабұлақ ауылындағы мал болдақылау алаңын қайта жаңғырту ісіне, оның ішінде жарық пен су да бар, Үкімет тарапынан 19 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп отырғаны да қуаныш.

Көмек дегеннен шығады, ана бір жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, аудан мал соятын көшпелі қызмет көрсету орталығына ие болды. Екі үлкен арнайы «КамАЗ» автокөлігіне орналастырылған бұл орталықтың мүмкіншілігі де үлкен еді. Бірақ сол орталықтың қызметі бүгінде тоқтаңқырап тұр. Яғни, ол жеке шаруаға соншалықты тиімді болмағаны ма? Айталық, сойылған малдың терісін қажетсінбейді екен.

Аудан орталығындағы тері өңдеумен айналысуы тиіс «Дерикар» серіктестігінің қашан іске қосылатыны белгісіз. Әйтеуір, жоғарыда айтқандай, мұнда жүн өңдейтін цех қатарға қосылайын деп жатыр. Бұл тек бір ғана Абай ауданына ғана емес, іргелес жатқан өңірдің бәріне тиімді іс болар еді. Аталған серіктестіктің басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Тасболат Битеновке абайлықтардың артып отырған сенімі зор.

Мал шаруашылығына қатысты әңгіме қозғап жатқандықтан мына жайттарды да айтпай кетуге болмас. Айталық, мұнда малдың түрлі ауруларына қарсы тұрақты түрде егу, дәрі қолдану арқасында мал арасында төтенше кеселдер жоқ. Сонымен бірге мал ұрлау оқиғаларының да біртіндеп азая бастағаны көңілге сеп.

Енді екпе шөп өсіруді қолға алмақшымыз дейді мұндағылар. Сол мақсатпен бұлар субсидия алуға ұмтылуда. Екпе шөп өсірумен айналысатындарға Үкімет тарапынан әр гектар үшін бір жарым мың теңге көмек көрсетілмек. Ал одан кейінгі екі жылдағы көмек мөлшері – бір мың теңгеден. Сондықтан осыны шаруа қожалықтарының басшыларына дер кезінде ұғындырып жеткізе білу жөн.

Тағы бір айтпасқа болмайтын жайт, абайлықтардың жүгері өсірумен неге айналыспайтындығы түсініксіз. Сонау алпысыншы жылдары мұнда жер-жерде жүгеріден сүрлем жасап, бордақыда тұрған малға қажетінше беріп жататынын көзіміз көрген. Мал шаруашылығы сондай мүмкіндіктердің бәрін іске қосқанда ғана дамитыны белгілі.

Дәулет Сейсенұлы

Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button