Саят

Шығыста Сабаштың алдына түсер деген жүйрік жоқ

Шығыста Сабаштың алдына түсер деген жүйрік жоқ

Катонқарағайда өткен Оралхан Бөкейдің 70 жылдық мерейтойына арналған аламан бәйгеде өзгеден оқ бойы озық келген жүйрік туралы білгілеріңіз келе ме?

Алысы Астанадан, Қарағанды, Алматы облыстарынан, берісі өз өңірімізден қосылған өңшең аузымен құс тістеген қылқұйрықтар көсілген бұл аламанда Катонқарағай ауданының жүйрігі бірінші келді. 25 шақырымдық қашықтыққа бабы келіскені болмаса, анау-мынау жүйріктердің шыдай бермесі анық. Мәреге маңдайы жарқырап алғашқы болып келген жүйріктің аты Сабаш екен. Жылқының иесі үлкеннарындық кәсіпкер- Мәлік Мусин. Атқұмар азаматтың айтуынша, сәйгүлік жуықта Еуропадан әкелініпті, поляк тілінен аударғанда, «сабаш» сөзі жеңімпаз деген мағына беретін көрінеді. Атына заты сай жүйрік туралы оның иесінен біршама мәлімет те алып үлгердік.

Сәбіз жеп, айран ішеді

Жалпы, атбегілер жай жүрген күннің өзінде бір-бірінен сұрау салып, «пәлен жерде осындай құлын бар екен» дегендей ұзынқұлаққа салып, қазіргі заманда интернет арқылы жақсы жылқы іздеп жүреді екен. Мәлік ағамыз да Сабашты сонау Еуропадан сұрау салып жүріп тауып әкелгенге ұқсайды.

– Біз жақсы жылқы көрсек, оған кәдімгідей құда түсеміз. Оның жеті атасына дейін зерттейміз, әкесі немесе атасы бәйгелерде топ жармаған қамбар атаның тұқымы жақсы өнер көрсете алмайды. Бұлар да адам баласы сияқты,–дейді Мәлік Мусин. Сабаш — таза қанды ағылшын жылқысы. Қаны асыл арғымақ болғаннан соң ба, жануардың бабы өте қиын. Біздің жақтың жылқыларындай емес, тым нәзік және сезімтал.

Қазір жүйріктің бабымен Семейдегі кәсіби бапкер Оралбек Түлкібаев айналысып жүр екен. Оның айтуынша, жылқының тамақтану рационы, жүріс-тұрысы, су ішуі барлығы қатаң диета мен нормаларға негізделген. Күнделікті дәрумендер берілумен қатар Сабаш күн сайын сәбіз, қант араластырылған жұмыртқа, айран сияқты адам тұтынатын азықтармен қоректенеді. Бірақ бапкер жүйрік баптаудың өзі айтқандай «коронный» әдістерін айтқан жоқ.
– Әр кәсіби маманның ат баптауда өзіндік құпиялары болады, кешегі Ақанның Құлагері де адам көзіне түспейтін жерлерде ерекше тәсілдермен бапталған болатын,-дейді Оралбек Түлкібаев.

Мәлік ағамыз өзінің жүйрігі туралы әңгімесін одан әрі сабақтай түсті. Атбегі жүйрік баптаған сегіз жылдың ішінде 5 автокөлік алып үлгеріпті, ал Сабаштың бұл иесіне мінгізген екінші темір тұлпары екен.

– Жылқықұмар адамдар жүйрікті пайда тапсам, бизнес көзіне айналдырсам деп баптамайды, бұл қанымызда бар құмарлық. Осы шынайы құмарлықтан барып жеңіс туындайды, ал жеңіс пайда әкеледі дейді,- Сабаштың иесі.

Бұл сәйгүліктің бағасы қанша?

Бізді Еуропадан әкелінген жүйріктің бағасы қызықтырғаны рас, иесінен сұрағанымызда ол жай жымиып: «қымбат» деді. Мәлік Мусиннің айтуынша, ата-бабаларымыздың «аттай қалап» дейтін сөзді атбегілерден қалған. Ол жылқының бағасы арзан болмағандығын, аттай қалаған асыл тұқымды арғымағыңа қанша төлесең де қымбат болмайтындығын айтты.

Жүйріктің ерекше мінезі бар. Сабаш топқа түсетінін алдын ала сезіп, кәдімгі сахнаға шығып, өнер көрсеткелі тұрған әртістердей қобалжитыны және бар көрінеді. Бірақ бапкердің айтуынша, жүйрікке ең алдымен жүрек керек екен.
– Сабаштың бойында ерекше батырлық бар, «шүу» деп тақым қысылғаннан- ақ ол өзгеріп сала береді, бәйгеде өзін мүлдем басқаша ұстайды. Қазір шығыста Сабаштың алдына түсер жүйрік жоқ, ал республикада бап пен бақ көрсетеді,-дейді бапкер.

Аттарын Семейде баптап отырған Мәлік Мусиннің Фантастика атты сәйгүлігі де осы тойдағы 15 шақырымдық бәйгеде топ жарды. Бұл арғымақ жергілікті жүйріктердің тұқымынан алынған қолтума екен.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button