Білім

Шұғыла шығар шыңдар көп

Шұғыла шығар шыңдар көп

Б.Сахариев атындағы Бақты орта мектебінің дарынды шәкірттерінің бірі – 10 «а» сынып оқушысы Шұғыла Сұлтанмахмұтова.

Шұғыланың қанатқақты өлеңдері 2014 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Жас ақындар жырлайды Жеңіс тойын» атты Үржар ауданы жас ақындарының жыр жинағына енген болатын. Ал 2016 жылы желтоқсан айында ол ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған аудандық жас ақындардың арасында өткен «Тәуелсіздік толғауы» атты жыр мүшәйрасына қатысып, III орынды иеленген. Сол жылы Шұғыла дарынды жастарға арналған «Жас дарын» төсбелгісімен де марапатталды. Талапты шәкіртіміз жақында тағы бір халықаралық дүбірлі додада топ жарып, жеңістің биігінен көрінді.

Семейдегі «Бизнес және сервис колледжі» ұйымдастырған «Оқушылардың білімдері мен ынталары еліміздің қарқынды дамуына қызмет ету жолында» деген тақырыппен өткен халықаралық конференцияға қатысқан Шұғыла әнші, сазгер, ақын Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойына байланысты «Арғынмын, атым – Әсет арындаған…» деген тақырыпта баяндама жасады. Оның Әсет атасы жайындағы баяндамасының мазмұндылығы қазылар тарапынан жоғары бағаланып, Шұғыла Талғатбекқызы I дәрежелі дипломмен марапатталды. Ізденімпаз шәкіртін осындай ғылыми жұмыс жазуға жетелеп, қорғауға даярлаған ұстазы – мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қанат Мұхамадиев. Әрдайым осындай талапты да талантты шәкірттер даярлауда ұстаздарымыз абырой мен алғыстарға бөлене берсе дейміз.

Марат Ботаханов,
Б.Сахариев атындағы Бақты орта мектебінің мұғалімі

Осы айдарда

Back to top button