Тылсым дүние

Шыңғай бақсының құдіреті

Өткенде «Дидар» газетінен Шыңғай бақсы туралы мақаланы оқыған едім. Өз басым ол кісіні екі рет көргенім бар.

Шыңғай бақсының құдіреті1936 жыл. Мен 6-7 жастамын. Ауыл жұрты Ахмет атаның үйіне Шыңғай бақсы келетінін айтып, шуласып жатты. Ахмет атаның жиені Кәрібай деген 20 жасар жігіт желігіп ауырған-ды. Әке-шешем мені де ерте барды. Бірталай адам жиналған үйге кірісімен ата-анам оң жақтағы ағаш төсектің алдына қатар жайғасты да, мені төсектің астына кіргізіп, бетімді шешем көйлегімен жауып отырды. Төрде көлденеңдей Кәрібай жатыр. Кісілердің арасында домбыра шертіп, әңгіме айтып, бір жас жігіт отырды. Орта бойлы, жауырынды, көзі үлкен, өңді жігіт екен.

Кенет әлгі жігіт өзгере бастады. А деп орнынан атып тұрғанда, бет бейнесі құбылып кеткен ол қабырғада ілулі тұрған сарала қамшыны алып, Кәрібайды екі рет тартып жіберді. Ол «Ағеке, ұрмашы» деп, басын көтере бергенде бақсы «жат» деп ақырып еді, қайта жата қалды. Мен қорыққанымнан төсектің түкпіріне тығыла түстім…

Бақсы бір кезде арқан мен балта алдырды да, екі жігітке беліне оралған арқанды тартқызғанда белі құмырсқаның беліндей жіңішкерді. Тағы бір жігітке балтаның жүзін кеудесіне тіретіп қойып, шүйдесінен тоқпақпен ұрғызды. Міне қызық, балта кеудесін кесу былай тұрсын, кері серпілді. Бақсы онымен тоқтаған жоқ, оттан қып-қызыл темір алып шығып, үйдегілерге жалата бастады. Мен әкеме кезек келгенде шыдай алмай жылап жібердім. Әкемнің тіліне тиген темір шыж ете түсті. Бір уақытта Шыңғай бақсы зікір айтып жүріп, «осы ауылдан үш үй өртеніп, үш адам өледі» деді. Содан кейін-ақ оның арыны басыла бастады. Халық тарады, бірақ, әркімнің көңілінде қорқыныш пен күдік кетті.

Бақсының айтқаны айдай келіп, сол жылы үш үй өртеніп, үш азамат қайтыс болды. Солардың біреуі менің әкем Сүлеймен еді. Ал бақсының емінен сауыққан Кәрібай 1941 жылы майданға аттанып, қайта оралмады.

1947 жылы Шыңғай бақсыны екінші рет тағы көрдім. Бұл жолы Жаңа Қанай ауылында жұмыста жүргенбіз. Сол жерде Мырзахан деген ағайдың Мәрзия деген әйелін емдеуге келіпті. Барып көрдік. Ол тура бала күндегі көргенімді қайталады. Бірақ, сұм соғыс оның бір қолын жалмапты. Домбырасын Мәуітхан деген жігіт шертті. Бақсы ойнап болған соң Мәрзия апаға: «Жазғытұрым іңірде суға барыпсың, содан бұқпажын пайда болыпты» деді. Бірақ, ешқандай зияны жоғын да ескертті.

Отырғандардың бірі бақсыдан қолынан қалай айырылғанын сұрап еді, бір қатты ұрыста жындарының қорқып қашып кеткенін, артынан емделіп жатқанда тек жартысының ғана қайтып келгенін айтты. Бұл жолы Шыңғай әйелін де бірге ерте келіпті. Әйелі сондай көрікті, өзінен әлдеқайда жас адам екен. Біздің ауылдың қыз-келіншектері одан бақсыға қалай тигенін сұраған ғой, сонда әлгі келіншек: «Мен бастабында Шыңғайдың бақсы екенін білмедім. Артынан білгесін төркініме неше рет қаштым. Бірақ, енді үйге кіре берсем, алдымда Шыңғай отырады. Осы жағдай бірнеше рет қайталанғасын «Алланың жазғаны ғой» деп тоқтадым» депті.

Бұл оқиғалар – менің көзіммен көріп, құлағыммен естігендерім.

Нұржамал Сүлейменқызы

Ұлан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button