«Дидардың» қонағы

Серік ЖАНБОЛАТ, «Алаш айнасы» республикалық газетінің бас редакторы: Журналистиканы сыйлық алудан емес, сыйлық беруден бастадым

Серік ЖАНБОЛАТ, «Алаш айнасы» республикалық газетінің бас редакторы:      Журналистиканы сыйлық алудан емес, сыйлық беруден бастадым

Журналистиканы сыйлық алудан емес, сыйлық беруден бастадым

– Серік Мейрамбекұлы, сіз үшін биыл жемісті жыл болған сияқты. Жуырда Президент сыйлығына ие болдыңыз, Қазақстан Журналистика академиясының толық мүшесі – академигі атандыңыз. Жақында ғана сіз жетекшілік ететін «Алаш айнасы» газетінің сайты «Авард» сыйлығын жеңіп алды. Қуаныштарыңызбен жерлестеріңіздің атынан құттықтаймын!

– Рахмет!

– Сыйлық деген дүниеге екіұдай пікір бар. Алғандар қуанып, алмағандар назаланып жатады. Сый-сыяпатқа қалай қарайсыз? Бұл кәсіби майталмандар үшін қаншалықты қажет?

– Шынында, биыл сый-сыяпат тұрғысынан жемісті жыл болды. Аталған сыйлықтар аяқ астынан беріле салды дей алмаймын. Өйткені, атақ-даңқ қууға жоқпын. Ең бастысы, көңілімнің қалауын істеймін. 1981 жылдан бастап журналистика саласында келе жатырмын. Еңбек жолымды Абай ауданының газетінде бастағанмын. Яғни, маған берген марапатқа 32 жылдық журналистік қызметімнің жемісі тұрғысынан қараймын. Мен сыйлықтың ешқайсысын сұрап алған емеспін. Алдыңғы жылы Мәдениет қайраткері атағын берді. Тағысын тағы жалғасып жатыр. Алған сыйлықтарға асып-тасқаным шамалы. «Сыйлық керек пе, әлде, майталман шеберлік керек пе?» деп сұраса, әрине, маған шеберлік керек. Бірақ шеберлікке талпынып жатсақ та атақ-даңққа жету іспетті көрінуі мүмкін. «Сен лайықсың» деп берген соң үдеден шығуға жанталасасың. Әйтпесе, сыйлық алғаннан өзгерген дүние жоқ. Мені елдің журналист ретінде тануынан артық атақ жоқ. Марапаттан бас тарту ыңғайсыздық тудырады. Бір мезет еңбектің жемісін көрген де дұрыс секілді.

– Журналист ретінде алғаш сыйлық алған сәтіңіз есіңізде ме?

– Журналист ретінде алғаш сыйлық алған сәтім есімде жоқ. Бірақ алғаш сыйлық берген сәтім есімде. Тоқсаныншы жылдардың басында апай-топай заман басталып кетті. Сол кезде қазақ телевизиясының жастары бірлесіп, «Ар» жастар студиясы» атты жастар бағдарламасын құрдық. «Ар», біріншіден – «Алаш рухы» деген сөзді білдірсе, екіншіден, «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген ұстаным. Бағдарламаның қол жеткізген танымалдылығына қазіргі тележүргізушілер таңғалар еді. Телеарналардың аз кезі ғой. Сенсеңіз, сол жылдары көшеде келе жатып түкіруге ұялатынмын. Түн ортасында танып қоятын. Жанымызды салып жұмыс істедік. Лапылдап тұрған жастық, тынымсыз ізденіс, тауаның қайтпаған кез. Қоғамның да бүгінгіден басқаша кезеңі. Міне, біз сол уақытқа сай болдық. Қазақстан Журналистер одағының жыл сайын берілетін сыйлығы бар екен. Мені сыйлықты беру комиссиясына шақырды. 28-29 жаста болсақ та танымал кезіміз. Қазақстан Журналистер одағының сыйлығы биік беделге ие жылдар. Талқылау кезінде ұсыныс жасадым. «Біз сыйлыққа ұсынылған журналистерді дұрыс білмейміз. Жақсы болсақ та, жаман болсақ та комиссия құрамындамыз. Ешкім қолымызды қақпайды. Комиссияның әр мүшесі бір журналистен үміткер ұсынсақ қайтеді? Қоғамда танылып, өндірте жұмыс істеп жүрген нағыз журналист ретінде кімді көрсете аламыз?» дедім. Осылайша, бір-бір адамнан ұсынып, бұрын ұсынылған үміткерлермен салыстырып қарадық. Қызу талқылау болды. Мен сырттай Серік Аббас-шахты ұсындым. Серік сол жылдары Жамбыл облыстық телеарнасында Желтоқсан оқиғасы, Асанбай Асқаров туралы жақсы деректі фильмдер түсіріп жүрген. Бүгінде танымал болған бірқатар публицистер сол кезде сыйлық алды. Яғни, журналистиканы сыйлық алудан емес, сыйлық беруден бастадым.

Диджейлер әлемді билетіп отыр

– Елімізде \”Егемен Қазақстаннан\” кейінгі мемлекеттік тілде күнделікті жарық көретін \”Айқын\” және \”Алаш айнасы\” сынды екі ірі жобаны жүзеге асырып, медианарыққа үкілеп қостыңыз. Осы жылдарда қазақ баспасөзі қаншалықты сұранысқа ие болды?

– Медианарықтың бүгінгі бейнесін, кейпін қоғамнан бөліп қарауға болмайды. Қоғам қандай болса, баспасөз базары да сондай. Қоғамның мемлекеттік тілге деген сұранысы – қазақ баспасөзіне деген сұранысы деп білемін.

– Естуімізше, \”Алаш айнасы\” алдағы уақытта газет форматынан сайт форматына көшеді. Бұл жүйе арқылы алыс ауылдардағы оқырмандарыңызды жоғалтып алмайсыздар ма?

– Лениннің «Бір қадам артқа, екі қадам алға» деген сөзі іспетті, әр заманда жаңа бағытқа жылжысаң, бір нәрсе жоғалтасың, екі нәрсе табасың. Бұл – технология заманы. Бүгінде әннің өзін диджейлер туғызады. Қазір әлемдегі ең мықты композиторлар – диджейлер. Олар ырғақ табады. Сол ырғаққа бүкіл әлемді билетеді. Ырғақ дегеніміз – робот жасайтын дүние. Есептеп, іздеп отырып ырғақты табады. Біраздан соң сен де ырғаққа бейімделесің. Бұрын ән адамның жүрегіндегі ырғаққа бейімделетін. Енді адам сырттағы техника жасаған ырғаққа бейімделетін болды. Дүние робот болып келе жатыр. Музыканы робот жасағаннан кейін адамдар да робот сияқты болып барады. Сондықтан технология заманына үйренуіміз керек. Әйтпесе ұтылып қаламыз. Кезінде Алаш арыстары, ұлы тұлғаларымыз заманға, технологияға бейімделу туралы армандады. Шынында бізді көшпенді елден отырықшы елге бірден күштеп айналдырды. Осының салдарынан қазақ ғылымы, жан дүниесі заманға ілесе алмай қалды. Ұлттық физика, биология, технология дамыған жоқ. Капиталға деген көзқарасымыз көшпенді көзқараспен қалып қойды. Енді компьютердің заманы келгенде, тағы кенжелеп қалсақ, тағы ұтылатынымыз анық. Сондықтан бүгінде біраз газеттер электронды форматқа көшейін деп жатыр. Несі бар, көшейік. Бұл да заманның ұсынып отырған дүниесі шығар. Біздің газет шығару тәжірибемізді ешкім қанжығасына байлап кетпейді. Қажет болса қайтадан газет шығарамыз. Зымырап бара жатқан заманға ілесіп көрейікші деген ой. Тәжірибе жасап, өзімізді бейімдеп көрейік. Біз кәсіби журналистиканы әлі пісіре алмай жатырмыз. Экономикашы, саясатшы, әлеуметтанушы, өркениеттанушы сынды салалық журналистер жоқ. Осы олқылықтың орнын «Айқын» газетінен бастап толтыруға тырыстым деп ойлаймын. Бұл жұмысты «Алаш айнасы» газетінде түбіне дейін тиянақтадық. Бағытымды ары қарай жалғастырамын. Заман ұсынған кез келген дүниеден қорқудың қажеті жоқ. Қазақы дүниеге, қазақы идеологияға бейімдеуіміз керек. Бейімдей білмесек, өзімізге кірпіш қалпында келеді. Ортамызға трактор сияқты итеріп кіреді. Ұлттық қалыбымызға салмай қорқып отырамыз. Бір уақытта жұтып жібергенде, ішімізге кесек қалпында еніп кетеді де қорыта алмай қаламыз.

Ауылда «Қаламқас» ансамблінде ойнадым

– Тележурналистиканың жарқырап көзге түскен жүргізушісі, талай тележобаларды жүзеге асырған кәнігі телемамансыз. Тіпті, газеттің бас редакторы болып жүрген кезіңізде де \”Көкпар\” бағдарламасын жүргізіп, аудиториясын қалыптастырдыңыз. Мерзімді баспасөз бен тележурналистиканың, интернет журналистикасының қайсысы өміршең деп ойлайсыз? Бүгінгі қазақ тележурналистикасының бағыт-бағдарына көңіліңіз тола ма?

– Бұл – бәріміздің көкейімізде жүрген мәселелер. Халыққа қажет, заманға сай баспасөз өміршең болады. Журналистика қазір синкретті дүниеге айналып бара жатыр. Бәрі бір-біріне кірігіп, жанрлар араласып кеткен. Ертең интернеттің өзі телеарнаға, телеарнаның өзі интернетке әсер етеді. Айналып келгенде газетке әсер етеді. Бәрінің түп негізі – журналистика. Қайсысы дамыса да халыққа ақпарат беруді бірінші орынға қояды, осы жолда жұмыс істейді. Және идеологияның қызметін еріксіз атқара береді. Блумберг жасағаннан кейін телевизия киноға айналды, кино телевизияға айналып бара жатыр. Интернеттің өзі киноға айналып барады. Осылай жалғаса берсе, бәрі ортақ формаға келеді. Сондықтан, жіліктеудің керегі жоқ. Әрқайсысының өз үлесі бар.
Ал тележурналистика бүгінгі заманға бейім бе? Бұл – әлемге ортақ мәселе. Мен Ресейдің де телеарналарын көремін, сараптаймын. Басқа шетелдік арналарды да мүмкіндігімше қарап отырамын. Технологияның дамуы телевизияға қарағанда тез. Бұрын телевизияға идеологиялық құрал ретінде қарайтын және телекеңістік қоғамды жасайтын. Бүгінгі телеарналар заманға ілесіп қана келеді. Қазір қым-қуыт, тартысты заман. Бірақ теледидарда «Көкпар» сияқты тартысты бағдарламалар аз. Уақыттың өзі ұсынып отыр емес пе? Біз неге бейімделе алмай отырмыз? Жеке тұлғалар қоғамның дамуында керемет рөл атқарған. Тарихты жасайтын солар. Біздің телеарналарда мемлекетке әсер ете алатын керемет тұлғаларды айтыңызшы?.. Қоғамдағы осындай үдерісті ескермейтін болсақ, телеарналарды заманға бейімдей алмаймыз.
«Алаш айнасы» газеті нарықта тез арада қалай танылып үлгерді? Өйткені, біз бағыт-бағдарымызды зерделеп, қай бағытта жүретінімізді ескердік. Елімізде 1300-ден астам газет бар. Не істеу керек, қалай көрінуіміз керек? Есебіміз былай болды. Біздің қоғамда дилетанттар көбейіп кетті. Дәрігер маманы бизнесмен болады, бизнесмен дәрігер бола салады. Журналист – агроном. Қолымыздан не келуі мүмкін, соны істей береміз. Бірақ, қолымыздан келе ме, келмей ме, ешкім ескермейді. Сондай-ақ, журналистер ақыл үйреткенді жақсы көреміз. Журналист мақала жазғанда бизнесмен, дәрігер немесе ғарышкер орнына сөйлеп кетуі мүмкін. Міне, «Алаш айнасы» жобасын қолға алған кездегі мақсатымыздың бірі – дилетанттықты тыю. Журналистің басты мақсаты – қоғамдағы керемет дүниені тауып, мамандардың талқысына салу. Олардың ойы сіздің ойыңызға қайшы келуі де, қолдауы да мүмкін. Мәселе онда емес. Мәселе – көтерген тақырыбыңды кәсіби мамандар арқылы талқылата білуде. Осылайша, кішкентай дүние жазсақ та, мамандардың аузына салып беріп отырдық. Сондықтан айтар дүниеміз нысанаға дөп тиіп жатты. «Айқын» газеті де осы мақсатта құрылды. Бірақ «Айқын» нарыққа шыққан кезде мерзімді баспасөзде ақпараттық дүние жоқ болатын. Ақпараттық хабарлар телеарналарға жеткенімен, газеттерде құлашын кеңге жайған етектей материалдар, «күлдір-күлдір кісінеген», «қайран, шалқар далам» деген «толғаулар» басым еді. «Айқын» газетінің редакциялық құрамы: «Біз ақпараттық заманға келдік, ақпаратқа жұмыс істеуіміз керек» деді. Газет – ақпарат көзі, ақпарат тасымалдаушы. Осы бағытта жұмыс істей бастадық. «Айқын» осы үдеден көріне білді. Заманның ағымын дәл біліп, қоғамның диагнозын қоя алсаң газеттің ісі алға басады. Телеарнада да осылай.

– Сіздің бір кісідей әншілігіңіз бар екенін білеміз. Балаларыңыз музыкалық білім алған көрінеді. Әнге әуестігіңіз қаншалықты, әлде, уақытыңыз жете бермей ме?

– Менің өмірдегі ұстанымым журналистика болғандықтан, негізгі ойым мен күш-қуатымды журналистикаға жұмсаймын деуге болады. Бірақ өнер о баста туған топырақтан, жерден, әулеттен, ата-анадан даритындықтан, саған маза бермейді. Сонау сексенінші жылдары ауылдағы мектеп ансамблінде және «Қаламқас» ансамблінде ойнадым. 9 сыныптан бастап ақырындап ән шығарып жүрдім. Сол бәле ішіме бір кіріп алғаннан кейін… «Бәле» деп отырғаным, оған «шайтан» деп қарауға болмайды. Мүмкін «жын» шығар, үнемі ішіңнен түртпектеп тұрады. Баяғыда сал-серілерге «жын қуған әулие» деп тегін айтпаған ғой. Студент кезімде ақырындап ән шығарып жүрдім. Бірақ түпкілікті соңына түскен емеспін.
Жалпы, біздің әулеттің, ағайын-туысқанның бәрі шетінен әнші, күйші. Маған да солардан қонған, дарыған болар. Балаларым да музыкаға жақын. Үлкен қызым Әйгерім – фортепиано, екінші қызым Елдана – скрипка бойынша білім алды. Ұлым Әлішер скрипка класын тастап кетті де, өзінің таңдауымен домбыра сабағына барды. Қазір домбырада, пианинода, гармонда, гитарада да ойнайды.
Менің әндерімді «Серілер» тобы, «Қоңыр» тобы, Роза Әлқожа, Сержан Әли және тағы басқа өнерпаздар орындап жүр.

– Қанша әніңіз бар?

– Санап көрмеппін. Елу шақты әнім бар шығар.

– Әндеріңіздің жанры қай бағытқа бейім?

– Әртүрлі. Романс та, марш та бар. Көңілдің қалауына байланысты. Қандай көңіл күймен келесің, қай аспапқа отырасың, соған байланысты ән шығады. Музыкалық аспаптардың барлығында ойнай беремін.

Шығыс кенге ғана бай емес, өнердің кеніне бай өлке

– Әкеңіз елге белгілі адам болған екен. Ол кісінің өнері туралы бүгінгі тыңдаушы біле бермейді. Осы туралы толығырақ айтсаңыз?

– Әкем Мейрамбек Жанболатов – елге белгілі композитор. Әкемді бүкіл шығыс өңірі жақсы біледі. Алпысыншы жылдары оның «Сарыарқа-сағыныш» әні бүкіл Арқаның гимні болған. Одан кейін «Ән-домбыра» дейтін әні әншілердің өз бабына келіп тұрғанын білетін барометр сияқты дүние еді. Әндері өте көп. Дәстүрлі әншілер әкемнің шығармашылығын жақсы біледі.
Әкеміздің негізгі мамандығы – журналист. Журналистика факультетін бітірген. Абай ауданына келіп, аудандық газеттің редакторы болды. Сосын аудандық партия комитетінің хатшысы болды. «Қаламқас» ансамблін құруға атсалысқан адамдардың бірі. Сөйтіп, бүкіл Абай ауданының өнері мен мәдениетін дамытуға еңбек сіңірген. Сонымен қатар, композитор. Бірақ композиторлықтан гөрі сол кезде елге партиялық тұрғыдан қызмет ету бірінші орында тұрды. Әттең, ол кісінің талантындай талантым болса ғой… Әлі күнге дейін әндерін тыңдап отырып таңғаламын. Ат үстінде көп жүріп қалды. Елге қызмет етіп, біраз уақытын өткізіп алды.

– Әкеңіздің әндерінің насихатталуы қандай деңгейде?

– Көп дүние қаржыға тіреледі ғой. Әттең, қолымда қаржы болса, әкемнің әндеріне аранжировка жасатып, әншілерге берер едім. Республика сарайында концертін өткізіп, бірталай іс-шара атқаруға болушы еді. Ән жинағы сексенінші жылдары шыққан. Кейін жекелеген әндері тағы бір ән жинақтарға енді. Осыдан бес-алты жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының басшысы болған Кенжеғали Мыржықбаев әкемнің ән жинағын шығарып берген еді. Бұл – үлкен қолдау.
Жалпы, Шығыс өңірінде таланттар өте көп. Мысалы, қараңызшы, кешегі Жәнібек Кәрменов, Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Келденбай Өлмесеков, бүгінгі Тұрсынғазы Рахимов, Баян Сағымбаева, Болатқазы деген әншілер бар. Амангелді Жікенов – Жүсіпбек Елебековтің ең сүйікті шәкірті болған. Ғажап әнші. Тыңдап көрсең құлайсың. Ол Қасқабұлақта қой бағып жүр. Айтайын дегенім, ел ішінде осындай талант иелері бар. «Қаламқастың» өзі неге тұрады?! Қазір Өскемен қаласында Әділ Тұрғамбаев, Толы сынды тамаша өнерпаздар бар. Оларға қолдау керек. Шығыс Қазақстан облыстық әкімшілігі жақсы қолдау көрсетіп отырғанына ризамыз. Осы қамқорлық барынша түбірлі болса деймін, шіркін. Өйткені, олар елдегі нағыз өнердің ұрығын шашып отыр. Өнерлі жастар теледидар қарап өспейді. Ауылдағы азаматтардың қасында жүріп, өнерін сіңіріп өседі.
Шығыс өнер кеніші ғой. Шығыс – кенге ғана бай емес, өнердің кеніне бай. Біздің ең үлкен капиталымыз – халқымыздың таланты. Шығыста «Шығыс шынары» ақындар мүшәйрасы, әндер байқауы, айтыстар, фестивальдар көп өткізіліп жатыр. Былай қарасаңыз, бұл жай өтіп кететін іс-шаралар сияқты. Бірақ олай емес. Бұл – Шығыс өңіріне себілген дән.
Ел-жұрт облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВҚА әртүрлі тұрғыдан қарайды ғой. Әртүрлі іскер басшы болады. Бірі мәдениетті, бірі экономиканы, шаруашылықты жетік біледі. Менің Бекеңе риза болатыным, ол Шығысқа ұлттық рухты алып келді. Нағыз азаматтықты Өскеменнің ортасына Абайдың ескерткішін қойған кезде көрсетті. Адамның табанының бүрі болуы керек. «Шығысқа рух алып келді» деуімнің тағы бір себебі, өңірден шыққан азаматтардың өздеріне өз қолдарымен іс істету арқылы оның туған ауылы үшін үлкен азамат екенін, басқалардан артық екенін өзіне дәлелдетті. «Туған жерге – тағзым» акциясы арқылы ауылымның біраз мықты жігіттерін таныдым. Олардың басқа жақта мықты кәсіпкер екенін, зауыттар салып жатқанын, дүйім елге көмектесіп жүргенін туған жеріме барып білдім. Облыс басшысы: «Су ішкен қайнарың осы жерде, кіндік қаның тамған жерге көмектес» деді. Бірақ алақан жайған жоқ. «Міне, мына шаруаны істей аласың» деп сенім білдіріп, бағыт-бағдар беріп отыр. Осының өзі неге тұрады?! Сондықтан Бердібек САПАРБАЕВ бастаған Шығыстағы іскер азаматтардың барлығына шын ризашылығымды білдіремін. Біз елде жұмыс жасалып жатқанын басқа жақта жүрсек те, көріп отырамыз. Өйткені, елдегі тырс еткен жаңалыққа елең ете қаламыз.

– Шығыс Қазақстанда өтетін іс-шаралардан сізді жиі көреміз. Туған өлкеңізді өркендету үшін журналист ретінде қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Журналист ретінде ойымда жүрген ұсынысымды «Шығыс-Ақпарат» медиахолдингінің жетекшісі Нұржан Қуантайұлы бауырымыз жүзеге асырып қойды. Өскеменнен республикалық «Отүкен» әдеби-көркем журналын шығарды. Бұл – оның азаматтығы. «Түркі әлемі» деген сияқты журналды шығара беруге болады. Бірақ «Отүкен» журналы өзінің нағыз шығуы тиіс өлкесінен оқырманына жол тартты. Түркілердің ата қонысында тұрғандықтан бұл орнын тапқан журнал болды. Мінеки, осы журнал әлемдік түркологияның базасына, түркітанудың, түркі әлемінің қайнар көзіне айналса деген тілектестігім бар. Журналист ретіндегі тағы бір ойым, бүкіл әскерді азық-түлікпен қамтамасыз етуді Семей қаласындағы ет комбинатына жүктесе қандай ғанибет болар еді. Бұрын қандай комбинат еді?!. Бүкіл Кеңес Одағының Қарулы Күштерін қамтамасыз ететін. Әлі де кеш емес. Еліміздің Қарулы Күштерін қамтамасыз ету тендерін осы комбинатқа берсе, комбинат қасындағы жүн-тері, мақта-мата, медициналық дәрі-дәрмек цехы сынды ұсақ кәсіпорындар да жанданар еді. Әскерді консерві, етпен қамтамасыз ету міндеті комбинатқа берілсе, аймақтағы мал шаруашылығы да жанданады. Мал шаруашылығы жанданған соң жемшөп өндірісі жолға қойылады. Бір өндіріс барлығына әсер етеді.

– Шығыстың тумасы ретінде балалық шағыңыз өткен ауылға жолыңыз түсіп тұра ма?

– Туған ауылым – Абай ауданының Қарауыл ауылы. Қала берді, Шыңғыстау, Ертіс. Жалпы, мен үшін бүкіл Шығыс қымбат. Әрине, туған ауылдың, кіндік қаның тамған жердің жөні бөлек. Бірақ бүкіл Шығысты тұтас ағза ретінде көремін. Біздің жақта айтылатын әндер де бөлек. Алтай мен Тарбағатайдың мақамы бар. Туған ауылыма келетін болсақ, Шыңғыстау – алтынды жер. Алтынның рухы сіңген шөпті мал жейді. Малдың етін адам жейді. Осылайша, алтынның рухы адамдарға қонады. Шыңғыстауда Абай, Шәкерім, Мұхтар сынды ұлыларды туғызған генофонд бар. Осы генофондты сақтау керек. Оны сақтау үшін оларды қоршап тастаудың қажеті жоқ. Ол жерде генофондты дамытуға мүмкіндік керек. Неге бізде ертең тағы да Абай, Шәкерім тумасқа?! Біз мәңгілік халық болсақ, мәңгілік ұлыларды туғыза беруіміз керек. Әрине, бір Абай аздық етеді деп айтпаймын. Бірақ Абайдан кейінгі Абайлар да туылуы керек. Осы генофондтың көзін аша білсек қой… Осы – менің арманым. Еліме, ауылыма қазір осы тұрғыдан қараймын. Ауылымды қазақ генофондының қайнар көзі деп есептеймін. Шіркін, соны әрі қарай жайната берсе ғой!.. Жалпы, адамды алға ұмтылдыратын туған ауыл. Ауылың сені демеп, тіреп тұрған сияқты болады. Ауылға арсалақтап бала болып барып, еркелеп қайтасың. Бірақ ауылдан шыға бере қайта күшейесің, қатаясың. Менің арқырап жүретінім осыдан. Өйткені, артымда Шыңғыстауым, Шығысым тұр!
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Думан Анаш.

Осы айдарда

Back to top button