«Дидардың» қонағы

Өсерхан РАҚЫМҰЛЫ: – Бәйтерек тұрсын дін аман

Өткенде Өскеменге Баян-Өлгейдегі аймақтық музыкалы драма театрының директоры Өсерхан Рақымұлы келді. Наурыз мейрамы қарсаңында облыс орталығында ұйымдастырылған «Құс жолы» халықаралық ұлттық би фестиваліне өнерлі жастарды баптап, алып келіпті. Алыстан ат терлетіп келген еңбек зая кеткен жоқ. Баянөлгейлік бишілер бас жүлдені қанжығасына байлады. Байқаудан соң Өсерхан Рақымұлымен әңгімелесудің орайы келген болатын. Төменде сол сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

Өсерхан РАҚЫМҰЛЫ: – Бәйтерек тұрсын дін аман

Театр табалдырығын бимен аттадым


– Аға, Сіздің өнердің өз баласы екеніне титтей де күмәніміз жоқ. Десе де бүгінгі әңгіме тиегін театр табалдырығын қалай аттағаныңыздан бастасаңыз деймін…

– Алғаш театр табалдырығын мен бимен аттадым. Жалпы, адам баласының өзімен бірге пайда болған өнердің бірі би ғой. Ол кезде от жоқ болған. Алғашқы қауымдық құрылыс дәуіріндегі адамдар найзағайдан болсын, әйтеуір, от пайда болғанда сол отқа өлердей қуанып, қол ұстасып билейтін болған. Әлемде бидің түрі көп, әрине. Мен сол билердің біразын биледім. Ол уақытта біздің театр аймақтық музыкалы драма театры деп аталғандықтан, театр бишілерге өте зәру болатын. Бұл 1970 жылдардың шамасы еді. Содан 1980 жылы өзіміздің Ұлан-Батордағы жоғары өнер мектебінің актер класын тәмамдап, 1989 жылы көмекші режиссер болдым. Жалпы, осы Баян-Өлгейдегі театрда жүргеніме қырық жылдан астам уақыт болыпты.

– Елге оралсам, өнерімді Қазақстаныма барып, өркендетсем деген ой мазалаған жоқ па?

– 1970-1980 жылдар арасында Қазақстанға бару – әр қазақтың ең үлкен арманы болды ғой. Жасыратыны жоқ, Қазақстанға баруды мен де қиялдадым. “Шіркін-ай, анау Абай атындағы опера және балет театрында, мынау М.Әуезов атындағы драма театрында жәй ғана көрермен болып отырып, қазақ өнерінің жарық жұлдыздарының ойынын тамашаласам ғой” деп іштей тәтті бір қиялға берілетінмін. Менің білгенім, қиял деген алдамайды екен. 1991 жылы Әзербайжан Мәмбетов ағамыздың режиссерлік тәжірибеден өтуге шақырған жеделхатын алдым. Қазір бар ма, жоқ па, білмеймін, ол кезде Қазақстан өнер және мәдениет мамандарының білімін жетілдіру институты деген бар болатын. Сол институттың директоры, профессор Рахман Алшановтың шақыртуы қоса қолыма тиді. Сөйтіп, осылайша 1991 жылдың сәуір айында ата жұрттың топырағын аттадым. Ол ол ма, маған Ғ.Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” спектакліндегі Қодардың рөлін сомдау бақыты бұйырды. Сөйтіп, талай тарландардың тері төгілген “әкемтеатрдың” құдіретті де киелі сахнасына шықтым. Тұлғасына тәнті болып, өнеріне бас иіп, еліктеп жүретін Асанәлі Әшімов ағаның маған көңілі түсті. Мен барғанда ол кісі ауруханада жатыр екен. Жалпы, театрда ол кісінің киімін ешкім кимейді екен. Бірақ, Асағаң театрдың киім меңгерушісіне өзі звондап, “Моңғолиядан келген бауырыма менің киімімді бер” деп тапсырды. Асағаңның киімін киіп тұрып, қатты толқыдым. Төбем көкке жетті. Менен бақытты жан болмады. Сол жылы күзде Қапшағайдың жағасында “Қозы Көрпеш – Баян сұлудың” фильмі түсірілді. Асағаң ол уақытта “Елім-ай” киностудиясының президенті болатын. Маған шағын ғана жылқышының рөлі бұйырды. Осылай жыл жарымдай М.Әуезов театрынан тәжірибе жинақтап, мен өзімнің театрыма қайта оралдым.

Асанәлі ағаның көзқарасының өзінен
көп нәрсе үйренуге болады

– Айтыңызшы, Әзербайжан, Асанәлі ағаларыңыздан не үйреніп, нені көңіліңізге түйдіңіз?

– Көп нәрсе үйрендім. Асағаңның көзқарасының өзі актер ғой. Ол кісінің көзқарасының өзі Ұлы. Ал Әзекең режиссер ретінде автордың мәтінінің астарымен ерекше жұмыс жасайтынын білдім. Кейде қолжазбада айтылмаған, тек меңзеп қана берілген тұстар болады. Әзекең осындай құпияны әрекетке айналдырып жіберудің шебері.

– Сөйтіп, туған елден ерекше бір шығармашылық қуат алып оралған соң өз театрыңыздағы жұмысыңыз жемісті болған шығар?

– Абай атамыздың “болмасаң да, ұқсап бақ” дегені бар емес пе? Әзербайжан Мәмбетовтей режиссер болып кетпесем де, өз шама-шарқымша біраз дүниелерді сахналадым. Олардың ішінде “Ақан сері – Ақтоқты”, “Еңлік – Кебек” бар. Алматыда өзім ойнаған “Қозы Көрпеш – Баян сұлуды” жаңалап қойдым, “Кермеу – Айдай” атты керей қазағының музыкалы операсын сахнаға алып шықтық. Музыкасын Мүрсейіт деген ағамыз жазған болатын. Кейін Талдықорғанға қоныс аударып кетті. Не керек, біраз жұмыстар істедік.

– Сіздің ойыңызша, актер қандай болуы керек?

– Станиславский актердің бір рөлді сахнаға шығару үшін төккен еңбегін бір баланы дүниеге әкелген анамен қатар қояды. Көрдіңіз бе, актер үшін бір рөлді сомдаудың өзі үлкен күш. Бір рөлдің өзі қиындықпен шығады. Біліп қойыңыз, актер ойнаған барлық рөл сәтті шыға бермейді. Меніңше, нағыз актер адамның жаны таза, сезімі мөлдір болуы керек. Шын қарай білуі, шын ұстай білуі, шын бере білуі керек. Сонда ғана ол сахнада ойнайтын образға ене алады. Сезімі мен көзқарасын сахнадағы серігіне дұрыс бере алады. Осыдан барып екі партнер арасындағы қарым-қатынас үйлесім табады. Осыдан барып шынайы рөл, шынайы өмір сахнаға келмек. Кейде кейбір актерлер сахнадағы партнерін сыйлауды ұмытып жатады. Осыдан барып бүтіндей бір қойылымның шырқы бұзылады. Мен сізге қарапайым ғана мысал келтірейін. Бір отбасын алайық, әкесі, әрине, автор, шешесі – режиссер, баласы – актер. Ал осы үшеуі үш жаққа тартса, не болмақ? Отбасының ойраны шықпай ма? Бұл сахнадағы актерлерге де қатысты. Жалпы, біздің Моңғолияда да, сіздің Қазақстанда да сырттай ойнайтын актерлер бар. Ол – дұрыс емес. Ішкі сезіммен ойнау керек.

– Қазақстан театрларымен арадағы қарым-қатынастарыңыз қандай?

– Керемет бір байланыс бар деп айта алмаймын. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Қазақстан театрлары ішінде Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театры 40 жылдық үзілістен кейін Моңғолияға ат басын бірінші тіреген болатын. Ол кезде облыстық Жамбыл атындағы драма театрының директоры әрі режиссері Рүстем Есдәулет тірі еді. Сол сапар Рүстемнің жүректілігінің арқасы еді. Осыдан кейін бізге келетін өнер адамдарының саны артып, Қазақстанмен жақсы бір байланыс орнағандай.

Бұл да біздің жеріміз

– Өзіңіз тізгінін ұстап отырған Баян-Өлгей аймағындағы театрдың тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз деймін…

– 1949 жылы Қобда аймағында театр құрылған. Ол кезде оны қызыл үй деп атайтын. 1955 жылы Өлгей театрының негізін салушылар сол Қобда аймағынан курс бітіреді. Сол курсты бітіргендердің көмегімен Баян-Өлгей театрының шымылдығы 1956 жылы Құрманхан деген ағамыздың “Жасыл дөң” атты пьесасымен ашылады. Сөйтіп, Баян-Өлгей қазақтары театр деген үлкен әлеммен қауышты. Содан бері аймақтық музыкалы драма театры халыққа қал-қадірінше қызмет көрсетіп келе жатыр.

– Моңғолияда биліктің өнерге деген көзқарасы қандай?

– Осы елде жастайымнан туып-өскеннен соң “асын ішіп, аяғын тебуден” аулақпын. Десе де өнерді қолдаушылардың азайып кеткенін жасырмаймын. Енді-енді ғана аяқтан тұрып келеміз. Бұл театрда 1991 жылға дейін 120 адам бар еді. Шығармашылық ұжымның өзі 100-ге жуық болатын. Небір өнер майталмандары қысқартудың құрбаны болып кетті. Құрамында 45 адам ұлт-аспаптар оркестрінің өзінің атағы алысқа дүркіреп тұрды. Қазір театрда жұмыс істейтіндердің саны бұдан әлдеқайда аз.

– Алдағы уақытта елге оралу ойыңызда жоқ па?

– Көшу шарт емес. Бұл да – біздің жеріміз. Қазақ елінің Астанасында Бәйтерек монументі тұр. Нұрекең жақсы істеді. Біле білген адамға оның мән-мағынасы терең. Сол бәйтеректің тамырлары – алыста жатқан ағайын – бізбіз.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button