Саят

Құсбегілік өнердің қадіріне қашан жетеміз?

Кеңестік дәуірде қазақтың қанына сіңген құсбегілік өнері елімізде некен-саяқ, оның өзі қарттар ғана жалғастырған дәрежеде дамып, өшу алдында күн кешкен болатын. Қыран бүркітті киелі деп санағандар да, «діни сенімнің бір пұшпағы» дегендер де болды. Ал «Бүркіт бір сілкінсе, мың пәле кетеді» дегенді естіген кей орыс шенеунігі қасиетті құсымызды «таза ислами қағида» деп, бізге күдікпен қараған еді.

Құсбегілік өнердің қадіріне қашан жетеміз?Сонда да қазақтың құсбегілік өнерін қалайда сақтап қалып, оны өсіруге өз үлестерін қосқан ұлтжанды азаматтар – Қуаныш Сұлтанов, Мұхтар Шаханов, Камал Смайылов, Құсман Игісінов сынды ағаларымыз елімізде тұңғыш рет «Қауырсын» құсбегілер клубын құруға, құс өнерін республикалық «Жігер» фестиваліне қатыстырып, үлкен сахнаға шығаруға, «Дәурен», «Алтыбақан» секілді әртүрлі хабарларға қатыстыруға, сол арқылы қазақтың құсбегілік өнерін өзіміз тұрмақ, шетелдерге де танытуға айрықша үлес қосқан еді.

Тіпті, сол кездері билік басында тұрған осы ағаларымыз Америкаға, Болгарияға, Венгрияға апарып, өзіміздің дәстүрімізді жаңғыртуға тікелей басшылық жасаған болатын.

Осындай ұлағатты істердің арқасында бүгінде еліміздің әр аймағында жас құсбегілер орталығы құрылып, қарқынды өсіп келеді. Бұл – бәріміз үшін зор мақтаныш.

Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған, ешкімге жалтақтамайтын бүгінгі таңда қазақ халқының құсбегілік атамұрасы әр жердегі спорт бөлімдері беретін азын-аулақ тиынға алданып, ұлттық өнерді әлем халықтарының бәріне ортақ еркін спорт деп насихаттап жүргені жүйкені жұқартады. Ал үлкен өнердің иесі де, киесі де бары шындық.

1990 жылы Алматы қаласындағы орталық стадионда құсбегі-саятшылардың халықаралық «Бүркітші-90» мереке-көрмесі өткенде шетелден келген қонақтар саятшы-құсбегілеріміздің қолдарындағы қырандары мен жетегіндегі құмай тазыларын көріп: «Шындығында да саятшылық пен құсбегіліктің отаны Қазақстан екен ғой» деп таңғалған болатын. Бірақ, қазақтың құсбегілік өнері жайында шетелдердің көпшілігінде қазір басқаша ой қалыптасып отырғаны қынжылтады. Рас, «Ауруын жасырған өледі» демекші, бізде аң-құстың құқығын қорғап, пайдаланудың әлемдік стандартқа сай нормасын білетін маман-төрешілер жоқ. Осының салдарынан кейбір халықаралық жарыстарда өркениетті елдерде өрескел көрінетін жағдайлардың орын алатыны шындық. Бұл – мықтап ойланса, мінсіз түзетуге болатын кемшілік.

Мәселе онда емес, негізгі проблема жақында өзге ұлттың ғалымдарының бізден «қазақ тарихында ежелден ат жарысы болған екен, ал құс жарыстары неге болмаған?» деп сұрағанында болып тұр. Тіпті, олардың: «құсбегілік қазақтарға кірме, кеш келген өнер ме?» деп сұрағаны жанымызға қатты батты. Бұл шетелдіктердің түпкі ойларында не жатқанын аңғартса керек. Әрине, құсбегіліктің алғаш бастауы қазақ жерінде басталғанын олар білсе де, білмегендей болып тұрғаны өкінішті. Сондықтан соңғы кезде ескерусіз қалып келе жатқан қазақ құсбегілігін көненің көзі, ұлттық өнер деп қабылдап, Мәдениет және ақпарат министрлігі мұны «Мәдени мұра» бағдарламасына кіргізіп, жеке өз қамқорлығына алатын кез жетті деп ойлаймыз.

Жаппар Сатылғанов

Осы айдарда

Back to top button