«Дидардың» қонағы

Сара ТОҚТАМЫСОВА, айтыскер ақын: – Күйеуім Жиенқұлға қарағанда ақылды

 Сара ТОҚТАМЫСОВА, айтыскер ақын:    - Күйеуім Жиенқұлға қарағанда ақылды

Облыс орталығы – Өскеменде өткен Тарбағатайдың мәдени күндерінде, сол өңірдің тумасы, белгілі айтыскер ақын Сара Тоқтамысовамен қазақтың төл өнері – айтыс төңірегінде біраз ой бөліскен едік. Оқырман назарына сол сұхбатты ұсынып отырмыз.

Семейлік жас ақындар ақындардың жолын ашқан – Ринат Зайытов

– Әңгімеміздің әлқиссасын айтысқа қалай келгеніңнен бастасақ.

– Мен – Тарбағатай өңірінің тумасымын. Бірақ, Семей қаласында өсіп, сондағы дарынды балаларға арналған мектепте оқыдым. Қолыма 7 сыныптан бастап домбыра ұстап, айтысқа әуестене бастадым. 9 сыныпта оқып жүргенде алғаш рет облыстық оқушылар айтысына қатысып, бас жүлдені еншілеген едім. Бұдан кейін сәтіне орай өрлей бастадым. Осы орайда айта кетейін, менің алғаш рет Жүрсін ағаның (Ерманов) көзіне түскен кезім ешқашан есімнен кетпейді. 2003 жылдың мамыр айы болатын, мектеп бітіргелі жүргенмін. Сол кезде Жүрсін ағаның ақындарымен бірге республикалық айтысқа қатысуға мүмкіндік алдым. Шыны керек, қатты толқыдым. Өйткені, тұңғыш рет өзім көгілдір экраннан ғана көретін, аузымен құс тістеген азулы ақындармен өнер бәсекесіне түскелі тұрмын әрі «Хабар» арнасы түсіргелі тұр. Ол түсірілімді бүкіл қазақ елі көреді. Қорқыныш пен қуаныштың жетегінде жүрген мен сол жолы жақсы өнер көрсеттім-ау деймін. Айтыс соңында Жүрсін аға: «Тұсаукесерің жаман болған жоқ, ары қарай дайындал, мен сені тағы да үлкен айтыстарға қатыстырамын» деді. Бұл сөз маған кәдімгідей қанат бітірген еді.

– Бірден Жүрсін Ерманның көңілінен шығам деп өзің де ойламаған боларсың?

– Әрине. Семейде «Наркескен» атты ақындар мектебі бар, өкінішке қарай, қазір ол жұмыс істемейді. Жетекшісі Сиязбек Сүлейменов деген ағамыз-тын. Сол кісі біздің басымызды қосып, ақындарды бір-бірімен қағыстырып отыратын. Ал біздің жолымызды ашқан Ринат Зайытов болды. Жүрсін ағаға алдымен сол көрінді, республикалық аламандарда жақсы өнер көрсетті. «Семейден жақсы ақындар шығып келеді екен» деген пікір қалыптастырды. Артынан мен, Қарлығаш Әубәкірова, Фархат Маратұлы, Әсем Ережеқызы сынды ақындар шықтық. Жүрсіннің көңілінен шығуға ықпал еткен сол кездегі ұстазым Сиязбек болатын.

– Сенің ойыңша, өткенмен салыстырғанда айтыстың бүгінгі деңгейі қалай?

– Өте керемет. Өйткені, азулы ақындарды айтпағанда, бесіктен белі шығып үлгермеген бүгінгі жастардың суырып салып айтқан жырларын көрсеңіз, тіпті, суырып салмай-ақ қойсын, дайындықпен айтқан өлеңдерінің өресі өте биік. Олардың ел алдында айтқан сол өлеңдеріне таңғалмасқа шараң жоқ. Ал айтысқа жетпей жатқан ең үлкен мәселе – қолдау. Қазір айтысты телеарналардан көрсетпейді. Содан болса керек, барған жеріміздегі жұртшылықтан «Сіздер неге көрінбей кеттіңіздер?» деген сауалды жиі естіп жатамыз.

Сіздің жаңағы жаттандылық пен суырыпсалмалыққа қатысты сұрағыңыздың астарын түсіндім. Мен «мынау жаттанды», «мынау суырыпсалма» дейтін адамдарды түсінбеймін. Жалпы, кез келген адамға ел алдына шығып, екі ауыз сөздің басын қосып айтудың өзі оңай емес. Соған қарағанда жаттап алып шығу да – ерлік. Өйткені, ол басқа біреудің емес, жаттаса да, өз өлеңін жаттап алып айтады ғой. Әйтпесе, өлеңге бейімі жоқ адамдар тәуекелмен тас жұтып, ел алдына шықпайды. Өнерге бейімі бар болған соң ғана ел алдына шығады.

Айтыстың ұзын-саны 17 көлік міндім

– Бүгінгі айтысқа не жетіспейді?

– Бүгінгі айтыс өнеріндегі ең үлкен әттеңайымыз, айтыстың мәдениеті төмендеп кетті. Сахнаға шығу, қарсыласты сыйлау деген сияқты айтыс дәстүрін ұмытып бара жатқан сияқтымыз. Мұндай кемшілік соңғы буынның арасында көп кездеседі. Бұған себеп «Аламан айтыс», «Жастар жырлайды» деген сынды айтыстардың көбейіп кетуі дер едім. Осындай айтыстарға араласқан балалар отырып алады да «ауылдың алты ауызындағы» сөздерді, қазан-ошақ мәселесін айтады. Ал мұндай төмен деңгейлі дүниелер айтыстың қадір-қасиетін төмендетпей қоймайды.

– Тоқтамыстың Сарасының Тастанбектің Сарасынан артықшылығы қандай?

– Бұл бұрын-соңды кезікпеген сұрақ екен. Өз басым «қай жерім артық?» деп, ойланып көрмеппін. Сондықтан да «менің мына жерім артық» деп айта алмаймын. Қайта «Тастанбектің Сарасының сарқытымын» дегенім дұрыс болатын шығар. Бір айтыста: «Тастанбектің қызына қонбаған бақ, Тоқтамыстың қызына қонар ма екен?» деп айтқаным бар болатын. Бірақ, бұл тұрмысқа шықпаған кезімде айтылған. Ол Сарадан ең үлкен артықшылығым – мен Тәуелсіз елдің Сарасымын. Күйеуім Жиенқұлға қарағанда ақылды, аузыма қақпақ, өзіме тоқпақ болып көрген жоқ.

– Сұхбат сайын күйеуіңді мақтайсың, құпия болмаса, ол азамат қандай жұмыс істейді?

– Қазақ «Барыңмен мақтан» дейді ғой (күлді). Жолдасым бұрын «Шымкент-шоу» театрының продюсері болатын. Қазір жеке кәсіпкер.

– Сенің айтыстағы әуеніңді «Қырғыздың жоқтауы» деп жататындар да бар. Бұған не дер едің?

– Шынында, бұл қырғыз ақыны Тоқтағұлдың әуені болатын. Кенен (Әзірбаев) атамыз қос ұлынан айырылып, қапаланып жатқанда, Тоқтағұл осы әуенмен келіп көңіл айтып, Кенен атамыздың төсектен басын көтерткен екен. Ардақты атамыздың басын көтерткен бұл әуенді мен елімнің еңсесін көтерсем деген ырыммен таңдағам. Бірақ, зер салып тыңдаған адамға менің айтып жүрген әуенімнің ол әуенге ұқсамайтын жерлері де бар. Мысалы, иірімдері мүлде бөлек деп айтуға болады.

– Бұл әуенді қалай таңдадың?

– Бұл әуенді таңдауымның да өз себептері бар. Мен басында осы әуенді ыңылдап жай айтып жүретінмін. Сондай күндердің бірінде Қытайдағы қандастардың алдында өнер көрсетудің сәті түсті. Сол сапардағы айтыстың екінші айналымында осы әуенмен айтып көрдім. Бір айта кетерлігі, ол жақта менің жанкүйерлерім ерекше көп болатын. Олардың айтысқа деген көзқарасы, сөзіңнің астарын түсінуі мүлде бөлек. Осы жағын ойластырып, әлгі әуенді таңдаған едім. Қателеспеппін, айтқан жерден-ақ халық керемет қошеметпен қолдады. Содан қайтып келгеннен кейін, еліміздегі «Қазақ хандығының 550 жылдығы» атты республикалық айтысқа осы әуенмен шығып, халықтан қолдау таптым. Қазір мен бұл әуенмен айтпасам, халық сағынатын деңгейге жетті. Ол әуен менің айтыстағы қолтаңбам болып қалыптасты. Тіпті, маған еліктейтіндер де шықты.

– Қазірге дейін қанша көлік міндің?

– Ұзын саны 17 көлік болды ғой. Бір мәшинемді өнердегі ұстазым әрі ағам Дәулет Сметовке мінгіздім.

– Қазір тұрақты жұмысың бар ма?

– Шыны керек, бұған дейін жұмыс істеген жоқпын. Оқыдым, айтысып жүрдім, тұрмыс құрдым, балалы болдым дегендей. Қазір Астана қаласына қоныс аударып жатырмыз. Алла қаласа, жуықта Лев Гумилев атындағы Еуразия университетіне оқытушы болып жұмысқа орналаспақпын.

Кейде бап емес, блат шабатын кездер де болады

– Қыз күніңдегі бір айтысыңда: «Қытайға тиіп кетсем де, Қырымнан асып кетсем де, Семейдің атынан шығамын» деуші едің. Бірақ, ұзатылып барған соң Алматының атынан шықтың, ендігі жерде Астананың шашбауын көтересің бе?

– Қайда барсам да, осы сөз алдымнан шығатын болды. «Айтылған сөз – атылған оқ» дегендей, ол қызуқандылықпен ауыздан шығып кеткен шығар-ау. «Қыз мұраты – кету» деген ғой. Барған соң күйеуімнің қалауы солай болғаннан кейін «Семейдің атынан шығамын!» деп, шалқақтай алмадым. Қазір Аллаға шүкір, атымды қалыптастырдым, сондықтан мен үшін қай жақтың атынан шығу маңызды емес.

– Соңғы жылдары Семейдің ақындары іркес-тіркес Алматы мен Астанаға қоныс аударды. Бір-екі ақын болса, әдеттегі ауыс-күйіс дер едік. Десе де, бұл жайында не айтасың?

– Қазір ақындарға жағдай жасалмаған. Шынын айтқанда, ақындардың да нәпақа табуы керек. Оларда да бала-шаға бар. Ал олардың негізінен Семейдің ұл-қыздары екенін барлық ел біледі.

– Сеніңше, айтысуға ең ыңғайлы ақындар кімдер, ыңғайсыздары ше?

– Ең қолайлысы әрі жаныма жақыны – Жандарбек Бұлғақов. Ол екеуміз жеті-сегіз мәрте айтыстық. Жандарбек те бір сұхбатында мен жайында: «төрт тұяғын тең басқан тұлпар Сарамен айтысқан қолайлы» депті. Бұдан бөлек, қызылордалық құрдастарым Мұхтар Ниязовпен, Нұрмат Мансұровпен айтысым өте жақсы шығады. Ал жаңадан шыққан, танымайтын жас ақындармен айтысу ыңғайсыздау болып келеді.

– Сараның ойынша, айтыста бақ шаба ма, бап шаба ма?

– Бақ шабады. Бірақ, бақ шабады екен деп, айтысқа бапсыз келуге де болмайды. Дайындық міндетті түрде қажет. Кейде бап емес, блат шабатын кездер де болады.

– Жазба поэзияң бар ма?

– Жоқ. Жазба поэзиямен айналыспаймын.

– Сенің ойыңша, мықты ақын болудың алғышарты не?

– Біріншіден, иманың, екіншіден, білімің болуы шарт.

– Жалпы, айтысқа қанша пайыз дайындықпен шығасың?

– 100 пайыз деп айта алмаймын. Дегенмен, жақсы дайындаламын. Өйткені, өнерімді сыйлайтын, мен үшін айтысқа келетін көрермендеріме өрелі өнер көрсетуім керек қой. Ең бастысы, ақыретіме пайдалы сөздер айта алсам екен деп дайындаламын.

– Шыққан отбасың туралы білгіміз келеді.

– Мен әскери отбасынан шықтым. Әкем – әскери адам. Қазір зейнеткер.

– Әңгімеңе көп рақмет. Алар асуларың мол болсын!

Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button