Ауыл шаруашылығы

Сапалы тұқым мол өнімнің негізін қалайды

Облысымызға екі күндік жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВ өңірдегі ауыл шаруашылық өнімдерін өндірумен, қайта өңдеумен шұғылданатын ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Таяуда ел Үкіметі мақұлдап, қабылданған «Агробизнес – 2020» бағдарламасының жай-жапсарын, түпкілікті мақсатын шаруаларға жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қатысуымен Шығыс Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласының дамуы мәселелерін кеңінен талқылаған кеңес өтті.

Сапалы тұқым мол өнімнің негізін қалайдыМинистр Асылжан МАМЫТБЕКОВ алдымен ат басын Глубокое ауданының Солнечное кентінде орналасқан «Майлы дақылдар тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-не бұрды. Бұл серіктестік майлы дақылдардың тұқымдарын іріктеп, асылдандырумен шұғылданатын еліміздегі санаулы кәсіпорындардың бірінен саналады. Ауыл шаруашылығы, оның ішінде егін шаруашылығы саласындағы кәсіпорындар үшін мол өнімнің негізі бірінші кезекте сапалы тұқымға байланысты екенін ескерсек, аталмыш серіктестік бұл бағытта біршама шаруаның басын қайырғанға ұқсайды.

Министрге атқарып отырған шаруаларын таныстырған «Астана-бизнес» ЖШС-нің директоры Фарид Әбітаевтың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда қолданыстағы отандық тұқымның сапасын мол өнім беретін шетелдік астық тұқымдарының түрлерімен теңестіруге әсте келмейді.

Оның сөзінен ұққанымыз, мұндағы жергілікті майлы дақылдардың сұрыптары шетелдік нұсқаларға жол бере қоймайды екен. Алайда, жиналатын өнім көлемі аз. Басты қолбайлау – қажетті техникалардың болмауы. Егер аталған мәселе оң шешімін тапса, майлы дақылдардың жаңа сұрыптары топырағы құнарлы Шығыс өңірінде мол өнімнің негізіне айналып, май өндірудің көлемін арттыра түспек. Мәселен, облыста рапстың егістік аумағы айтарлықтай деуге келмейді. Оның ірі қара малды азықтандыруда құнарлы жемшөп болатындығын ұмытпағанымыз жөн. Жемшөп бағытындағы рапсты сұлыны орып алғасын, тамыз айында да себуге болатын көрінеді. Ал оның жүгерімен теңдей араластырылған мал азықтық қоспасының құнары кез келген жасанды концентраттардан әлдеқайда артық екен. Енді осыны қолға алуға ниет пен білім жеткілікті болса да, өндірісті толықтай жаңалап алуға қаржы қолды байлауда.

Мұндағы іске асырылмақ тағы бір жоба – жайылымда бағылып, күтілетін 1200 басқа арналған сүт фермасының құрылысы. Жаңа жобаға шетелдік озық тәжірибелер, оның ішінде климаттық жағынан ұқсастығы басым Беларуссияның тәжірибесі қарастырылған екен. Мал ұсталынатын ғимарат пен сүт сауатын құрылғылар да заманауи технологиялармен жабдықталмақ. Қазір ірі қара малының лайықты тұқымы іздестірілуде. Тіпті, алғашқы асыл тұқымды сиырлар Иран мемлекетінен табылғанымен, құжаттарын рәсімдеуде қиындықтар туындап тұрған көрінеді. Ирандық сүтті сиырлар тәулігіне 42-46 литрге дейін сүт бермек.

Айта кетерлігі, аталмыш ЖШС-нің мамандары сүтті мал шаруашылығы институтын қалыптастыруға база болатын консалтингтік компания құру идеясын бірнеше жылдан бері алға тартып келеді. Егер ол мүмкін болса, әр екі жыл сайын 1200 басқа арналған осындай фермалар құрылып, жаңа экспорттық деңгейге көтерілуге жол ашылмақ. Жобамен мұқият танысқан министр малдарды біздің климаттық жағдайда ұстап тұруға, оларды бағып, күтуде қолайлы жағдай туғызуға байланысты бірқатар ұсыныстар айтты.

Бұл жоба Шығыста ғана бар

Министрге таныстырылған Глубокое ауданындағы тағы бір тың жоба – «Бобровка плюс» шаруа қожалығы болды. Шаруашылық базасында орнатылған жаңа жүйені еліміз бойынша алғашқы жобалардың бірі деп айтуға толықтай негіз бар. Қазір мұнда тұрған жүз бас сиырды жұмыс істеп тұрған алты робот аппарат санаулы уақытта сауып шығады, ал осыншама сиырды бір-екі адам ғана компьютерлік жүйенің көмегімен еш қиындықсыз бағады. Мұндағы әрбір қадам компьютер арқылы мүлтіксіз қадағаланады. Сиырлар тәулігіне екі-үш рет сауылады. Маусымнан бастап, мұнда 400 басқа дейін сауылмақ. Шаруашылықтың жұмысын министрге «Шығыс-сүт» ЖШС-нің бас директоры Сейілжан Сайлаубаев таныстырды.

Шаруашылықтың жұмысымен танысқан Асылжан МАМЫТБЕКОВ Шығыстағы мал шаруашылығымен айналысушылардың жұмысын жоғары бағалады.

Жұмыс сапарының барысында министр облыс орталығында орналасқан жылына 100 мың тонна шикізатты өңдеу мүмкіндігі бар «Май» АҚ-ның май зауытының жұмысымен танысты. Зауыттың техникалық директоры Сергей Молчанов өндірістің технологиясы туралы әңгімелеп, министрге өткен желтоқсанда іске қосылған май сығу цехын, майды құтыға құю, дайын өнімді орау желісін таныстырды. Сапалы күнбағыс майының дәмділігінің басты құпиясы – әр құтыға азот тамшысының арнайы қосылуында. Ол оттегін ығыстырып, майдың қышқылдануына жол бермейді. Кәсіпорынның басты мәселесі – қажетті шикізат қорының аздығы. Зауыт басшылығының айтуына сенсек, керекті шикізат облыстың шаруаларын былай қойғанда, көршілес Ресейдің іргелес аймақтарынан да тасымалданады.

Жаңа бағдарлама жаңа белеске жетелейді

Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен селекторлық режимде өткен, қалалар мен аудандардағы ауыл шаруашылық бөлімдерінің басшылары, агробизнес, агроөнеркәсіптік кешендер өкілдері қатысқан кеңейтілген кеңесте Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВ жиналғандарға Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тапсырмасы бойынша әзірленген «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.

Кеңесті ашқан облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ өңірде жыл сайын пайдаланылмаған жыртылатын жерлер есебінен егістік алқаптарының көлемі бес пайызға ұлғайтылып келе жатқандығын атады. Сонымен бірге рапс, қарақұмық, бұршақ секілді дәнді дақылдардың да үлес салмағы артуда.

– Мал шаруашылығында мал басының санын тұрақтандыруға қол жеткізілді. Ет өнімдері көлемінің экспорттық мақсатта көбеюіне жұмыс істеудеміз. Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу, ет, сүт түрлерін ұлғайту басты мақсат ретінде қала береді. Жермен айналысатын шаруаларға республикадан да, облыстық бюджеттен де қаржылай қолдаулар көрсетілуде. 1,5 млрд. теңгенің көлемінде тұрақтандыру қоры құрылған, – деді облыс басшысы.

Жиында облыстың аграрлық саласының жағдайы жөнінде облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелев баяндады. Ол қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды жаңғыртудың нәтижесінде еттің үлес салмағын 32, сүтті – 26,6, қарақұмық пен күнбағыстың үлес салмағын 100 пайызға дейін жеткізу мүмкін болғандығын атады. Ал жалпы агроөнеркәсіп кешенінде 11 млрд. теңгенің 119 инвестициялық жобасы жүзеге асырылған. Биыл жемшөп бағытындағы дақылдардың көлемін арттыруға баса мән берілмек. Өсімдіктерді химиялық қорғауға республика қаржысына қоса, облыстық бюджеттен де ақша салынбақ. Баяндамада шалғай жатқан отарлы мал шаруашылығының жұмысшыларын ынталандыру жайы да қозғалып, оларға жеңілдікпен несиелер беру, баспана салуға көмекқаржы беру мәселелері айтылды.

– Біз «Агробизнес – 2020» бағдарламасына қосылуға дайынбыз. Оның іске асуының нақты тетіктерін тосудамыз,– деді В.Кошелев.

Кеңесте сөз алған «ВостокАгрохолдинг» ЖШС-нің бас директоры Ержан Нұрбаев аталған бағдарламаның тауарлы-сүт фермасының құрылысын қаржыландыратын тармағын қолдайтынын білдіре келе, осындай қаржылық қолдауға ие болу үшін мал басын мың баспен ғана шектеу жөн болмайтындығын атады.

Сонымен бірге ол тыңайтқыштар мен гербицидтерге кететін шығынға да (50 пайызға дейін) тоқталып, республикадан бөлінетін қаржының біздің облыстың оларға кететін шығынын жабуға жетпейтіндігін жеткізді. Соған орай «Субсидия өсімдіктерді қорғайтын химиялық заттардың барлығына да беріле ме, әлде шетелдік, қазақстандық болып бөліне ме?» деген сауалын жолдады. Оның сұрағына жауап ретінде субсидия аса сұраныстағы ауыл шаруашылық дақылдарына қайтара бағытталатыны айтылды.

«Мұздыбай-1» шаруа қожалығының жетекшісі Т.Баймұрынов министрге «Көкөніс сақтау қоймаларын салуға неге субсидия қарастырылмайды?» деген сауалын жолдады. Бұл маңызды стратегиялық нысан болып саналады. Статистика бойынша, елімізде көкөніс сақтау қоймалары көп болғанымен, көбі 40-50 жыл бұрын салынған, ескірген нысандар. Ал қазір заманауи, техникалық жақсы жарақталған қоймалар керек-ақ.

– Алдымызда жаңа кедергілер пайда болмақ, – деді министр Асылжан МАМЫТБЕКОВ «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасын түсіндіре келе. – Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің алдында тұрмыз. Қазірдің өзінде шетелден келген тауарлар қаптап кетті. Соған орай қарама-қайшылық пайда болмақ. Яғни, өзіміз шетелден азық-түлік аламыз да, өзіміз өндірген өнімді сата алмай қаламыз. Неліктен бізде ет пен сүт қымбат? Себебі, техникалық жарақтандырылу нашар. Содан еңбек өнімділігі төмен. Бізде ірі қара мал етінің орташа таза салмағы 154 келі ғана, ал ол 240 келі болуы тиіс. Мұндай стандартқа сай емес малдың тұтас етін ешқайда сата алмайсың. Соған орай, айтпағым, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бейімделу қажет. Асыл тұқымды малдың сапасын жақсартып, жайылымды игеру керек. Жалпы, бағдарлама агроөнеркәсіптік кешенде тиімді экономикалық жұмыс істеуге қолайлылық туғызады. Бағдарламаға бөлінетін қаржының көлемі 2020 жылға дейін үш триллион 122 миллиард теңгені құрайды.

Бұрын несие алғандарға да бағдарламаның айтарлықтай көмегі бар. Пайыздық мөлшерлемені төмендетіп, несиені арзандатуға болады. Бағдарламадағы бұл тармақ әзірленіп, талқылауға жіберілген. ҚазАгро капитал 2 млрд. доллар қаржыны бағыттап, банктерді қорландырмақ. Қарыз алушылар аталған банктерге хабарласып, 7 пайызбен 7 жылға несие алатын болады (бұрын 14 пайызбен 3 жылға беріліп келген).

Бағдарламаның тағы бір бағыты субсидиялаумен тікелей байланысты болса, бағдарламаға бөлінген бүкіл қаржының 76 пайызы осыған жұмсалмақ. Оның 95 пайызы әкімдіктер арқылы беріледі.

Жиынды қорытындылаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ барлық қалалар мен аудандар әкімдеріне ауыл шаруашылығымен шұғылданатын құрылымдарға бағдарламаны егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, сол мақсатта насихат топтарын ұйымдастырып, елді мекендерге шығуды, бағдарламаның мүмкіндіктерін толық пайдалануды тапсырды.

Кәсіпкерлерге аса қажетті орталық жұмыс істейді

Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Глубокое ауданындағы Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының агроөнеркәсіп саласындағы «Өскемен» білім тарату орталығында болды.

Осы орталықта облыстағы шаруаларға өсімдік шаруашылығындағы жаңа сорттарды таныстырып, тиімді тәсілдерді, технологияларды, сұранысқа байланысты қандай дақыл өсіруді, қалай жоғары сапалы өнім алуды, қалай пұлдап, сатуды үйретеді.

Министр оқыту орталығын аралап, көріп шыққаннан кейін мәжіліс залында институттың ұжымымен, шаруалармен кездесті. Кәсіпкерлер біздің аймақта бал өндірісі өркендеп келе жатқанын айтып, балды сатып алу жағын мемлекеттік деңгейде реттеу қажеттігін жеткізді.

– Балды шетелге шығару үшін инфрақұрылымдарын жетілдіріп, сертификаттау керек. Балды әртүрлі көлемдегі ыдыстарға құйып шығару арқылы саудалауға болады. Сол үшін арнайы зертхана ашуды қарастырып жатырмыз. Қызылордадағы жәрмеңкеде Шығыс балы тез өтіп кеткенін де айтып отырсыздар. Енді Қазақстанның Оңтүстік облыстарында бал жәрмеңкесін ұйымдастыру, фирмалық дүкендер ашу қажет, – деген министр 2014 жылдан бастап ғылыми-зерттеу институтының өсімдік шаруашылығын шағын әрі қолайлы техникалармен қамтамасыз ету мәселесі де шешіліп қалатындығын, лизингке техника алу жағын да осы бастан қарастыруды атап өтті.

«Багратион» сапалы тағамдар шығарады

Ауыл шаруашылығы министрі Ұлан ауданы, Привольное ауылына келіп, Воропай әулетінің иелігіндегі «Багратион» шаруа қожалықтарының бүгінгі таңдағы атқарып жатқан жұмыстарымен танысты.

Василий Воропай өздері өндірген өнімдерін өңдеуден өткізіп, сауда орындарына жөнелтіп жатқанын айтып берді. Шаруашылықтың өз диірмені, жармалау цехы, наубайханасы, май сығымдайтын, кондитер, макарон, тұшпара цехтары, бордақылау алаңы, қасапханасы бар. Привольное ауылында, Өскеменде өнімдерін делдалсыз сататын сауда дүкендері жұмыс істеп тұр.

Бұл шаруашылық ет және сүт бағытында асыл тұқымды ірі қара малын, сондай-ақ, жылқы, түйе, марал, ара өсірумен, өсімдік шаруашылығымен айналысады. Асыл тұқымды ірі қара малын, соның ішінде қазақтың ақбас сиырын көптеп өсіріп жатыр. Сауылған сүтті өз зауытында өңдеп, ірімшік, қаймақ, сары май, жалпы 19 түрлі тағам әзірлейді.

Осы шаруашылық 10 мың басқа лайықталған бордақылау алаңының құрылысын бастапты. Бұқаны сатып алғандар оның төлдерін өздері бордақылап семіртетіндей мүмкіндіктері жоқ. Тайыншаларын бордақылау алаңы бар шаруашылықтарға сатуы керек. Багратиондықтар осы алаңды толтыру үшін солардың тайыншаларын сатып алып, бордақылауға қоймақшы. Ол үшін шаруалардың қызығушылығын тудырып, демеуқаржы беру керек. Сонда ғана олар беріліп жұмыс істейді. Ал қолдау, ынталандыру болмаса, малы арық болса да сойып тастайды, Онда еліміздің ет қоры азайып кетеді. Василий Воропай өз ойын министрге осылайша жеткізді.

– Осы облыста ауыл шаруашылығы жан-жақты дамып келе жатыр. Багратиондықтар бәсекеге қабілетті, сапасы жоғары өнім өндіріп жатқанына көзім жетті. Жаңа көрген пастерлендірілген сүттің сақталу мерзімі 4-5 күндік, бұл – табиғи таза, қоспасыз сүт. Тұтынушылар дастарқанына осындай сүт керек. Өкінішке қарай, біздің дүкендердің сөрелерінде сақталу мерзімі бір немесе бір жарым жыл деп көрсетілген сүттер тұр. Соларды сөреден алып, құрамын тексеру, айыппұл салу қызметі бізде реттелмеген. Осыған орай тұтынуды қадағалау қызметін күшейту жағын қарастырып жатырмыз, – деп түйіндеді сөзін Асылжан МАМЫТБЕКОВ.

Дәурен Аллабергенұлы,
Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button