Айтылмай жүрген ақындар

Салық Өскенбайұлының өлеңдерін жұрт біле ме?

Тарбағатай тауының күңгейі мен теріскейін мекендеген қалың Қаракерей елінен талай дүлдүлдер мен сөз шеберлері, ақындар шыққан ғой. Сондай өзіндік бет-бейнесі бар, айтқыш ақындардың бірі – Салық Өскенбайұлы.

Кең жауырынды, кеудесі есіктей жан екен

Белгілі айтыскер ақын Қалихан Алтынбаев көзі тірісінде облыс аймағына танылмай, елеусіз қалған өнер иелерінің өмір жолдарын зерттеп, аз да болса жинақтап, деректер қалдырып кеткенін біреу білсе, біреу білмес. Сол Кәкеңнің деректеріне сүйене отырып, Салық ақынның қысқа да болса, біраз өмірі мен ақындығы жөнінде баян етсек артық болмас. Кейінгі ұрпақ біле жүрсе деген тілек қой біздікі.

Ақынның өмір жолымен таныстырмас бұрын оны жастау күнімде қалай көргенімді айта кетейін. Ұлы Отан соғысы аяқталып, ел есін жия бастаған жылдары мен көршілес «Алғабас» колхозынан «Көкпекті» кеңшарына қарасты Биғаш ауылына барып, сол аймаққа әйгілі Қауқардың Қамзасы атанған атамның үйінде тұрып, жеті жылдық мектепте оқып жүргенмін.

Күз айы. Түс ауа сабақтан үйге келсем, есік алдында екі аяқты, қарапайым жұрт «трешменке» деп атап кеткен арба тұр. Ат доғарылып, басына дорбамен жем іліп қойыпты. «Япыр-ау, бұл кім болды?» – деп, таңдана үйге енсем, төрде алпысты алқымдаған, кең жауырынды, төсі есіктей ақсақал алдында шай, қолында домбыра, шалқып отыр. Қасында, одан сәл төмендеу жұпыны әйел бар. Кейін білдім, ол Сәкеңнің екінші әйелі, яғни, тоқалы екен. Үй іші қызу, көршілер де өлең естуге, ақынды көруге келген болуы керек, бірсыпыра адам жиналып қалыпты. Мен ауыз үйге оқу құралымды қоя салып, төрдегілерге сәлем бердім. Сәлемімді алған ақын «бұл қай бала?» дегендей, Қамза атама қарады. Ол ишараны ұға қойған атам: «Сәке, бұл менің туысымның баласы, осы үйде тұрып, оқып жүр. Мұның да аздап ән салып, домбыра тартатыны бар» деп таныстырып жатыр. Сол-ақ екен, қонақтың: «Ә, солай ма, кәне, бері жоғары шық, бір ән салып көрші» дегені домбырасын ұсынып. Балалығым ғой, ұялыңқырап әрі аздап қысылып барамын. Ақыры «айт, айт!» деп үлкендер жағы қыстаған соң, қолыма Сәкең ұсынған домбыраны алып, өзім үнемі айтып жүретін «Көгершін», «Құлагер» және тағы екі-үш әнді шырқап бердім.
– Әй, Қама, – деді Сәкең мен әнді аяқтаған соң, – мына баладан бірдеңе шығады. Талабы бар, үні де жақсы екен, оқыт, – деп ықыласын білдірді. Міне, сол күндер әлі көз алдымда.

Киелі өнер 25 жасында дарыпты

Енді ақынның өмірдерегіне үңілейік. Ақын қалың Найман ішіндегі бес Байыстың бірі – Мұрын (Сарымырза) еліне қарасты Көнші руынан. Бұл ру негізі үш атаға бөлінеді. Олар: Берді, Бегі, Өтей. Сәкең Берді ұрпағынан. Ол 1885 жылы облысымыздың Тарбағатай ауданына қарасты Белдеу шеңгел деген жерінде дүниеге келген. Кейіннен Кеңес өкіметі тұсында Көкпекті ауданы, «Большевик» кеңшарының Тассай бөлімшесінде тұрып, сонда еңбек еткен. Ақынның екі әйелі болған. Бәйбішесінен туған Қабытай деген баласы әкесінің інісі Жақияның бауырында тәрбиеленіпті. Ол Ұлы Отан соғысының ардагері. Көп жыл Ақсуаттың «Сұлутал» кеңшарында зоотехник болып қызмет атқарған. Салық ақын болса, Абайдың 100 жылдық тойына осы Ақсуат ауданының атынан қатысқан көрінеді. Көптің айтуына қарағанда, оған өлең есейген шағында, 25 жасында дарыпты. Өлең де адам бойына бітетін ерекше қасиет болса керек. Ол жөнінде ақынның өзі былай дейді:
– Бұл өлең 25-те жын боп соқты,
Ылди, өр аңдатпады, барды, жоқты.
Тер болған көйлегімді бұрап сығып,
Қақ жардым ащы айғаймен шаршы топты…

Айтса айтқандай екен. Ақынның екінші бір ел есінде қалған қасиеті – қияпас мінезі. Ол көзі тірісінде, дүниеден өтерінен үш жыл бұрын ескі Сұлутал ауылының тұсындағы ши ішінде зират тұрғызып, алдына қойған ескерткіш-тасқа қашап отырып, бір ауыз өлең жаздырып қойғызған деседі. Өлең былай жазылыпты:
– Дүниеден өтер, кетер арман емес,
Өйтпесе, оның өзі жалған емес.
Мен түгіл, Абайды алған арсыз ажал,
Өмірде мәңгі ешкім қалған емес.
Бір өкініштісі, көзі тірісінде құдайдай сыйлаған ұлы Абайдың 100 жылдық тойына арнайы барған ақынның арнау өлеңін айтуына той комиссиясының басшысы, белгілі ғалым Есмағамбет Ысмайылов тыйым салыпты. Ақынның ондағы бар айыбы Абайды танытуда ескі сүрлеумен жүрмей, өзінше, жаңаша бағыт-бағдармен жырлауы болса керек.

Салық ақын 70 жасында дүние салды. Артында Қабытайдан өрбіген Хасен, Әсима атты немерелері бар. Әсима менің Тұрысбек деген жездемнің Кәдірхан атты інісіне тұрмысқа шыққан. Солайша ол маған құдағи болып табылады. Ал екінші әйелінен үш ұл сүйген. Ендігі жерде оның немере, шөберелері ақынның ел аузында жүрген жыр-мұрасын жинақтап, тиісті орындарға тапсырса деген тілектеміз.

Жанынан өлең шығарып, қиссаларды жатқа айтқан дүлдүл

Сондай-ақ, ақын Ашид Жақияновтың айтуынша, «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Тәуке батыр», «Балқия-Жиенбай», тағы басқа қиссаларды жатқа айтатын болған. Оларды да жинастырып, жас ұрпаққа таныстырса, артық болмас еді.

Салық ақынның ерекше бір шығармасы – Абайдың 100 жылдық тойына арнаған өлеңі. Сол өлеңді тұтасымен беруді жөн көрдік.

Баласы Өскенбайдың, атым Салық,
Мен өлсем қайтер еді осы халық.
Асығыс үйді-үйіне тарасар ед,
Үстіме топырақты үйе салып.
Неғайбыл басыма бейіт тұруы да,
Күйзелген елдің бата қылуы да.
Хабарым «өлді» деген жетер-жетпес,
Өзге түгіл, Көншінің руына.
Жылар ед бәйбішем мен балам ғана,
Басқалқамыз кетті-ау деп, алаң бола.
Қырқым өтіп болған соң ұмытылармын,
Тәйір-ай, кім қайғырсын маған бола.
Абайдың 100 жыл өтті туғанына,
Не дауа артық туған жырғалыға.
Аруағын Қазақстан тебірентіп,
Айналды дүйім елдің думанына.
Айнала төгілген жыр, жүйткіген күй,
Қарақұрым қалың топ, тізілген үй.
Орыс, қазақ, барлығын табындырған,
Дарынды неткен тумыс, не деген ми?!
41 жыл бұдан бұрын Абай өтті,
Артына сөз қалдырып, өнеге етті.
Арғын, Найман дегенің мұнда қалып,
Бар қазаққа, Мәскеуге даңқы кетті.
Елдің бәрі Абайдай жаралмас дүр,
Өзімен ала кеткен көп жұмбақ сыр.
Абай тірі, ұрпағы сөзін жаттап,
Суреті әрбір үйдің төрінде тұр.
Жалтырауық жез басқа, алтын басқа,
Жабыдан жүйрік озып, артылмас па?
Тіршілік өмір түгіл, өлгенде де,
Жақсы менен жаманның нарқы басқа…

Міне, бұл арада ақын Абай мен өзін салыстыра келіп, Абай даналығы өмірлік, мәңгілік екенін және оның өлеңдері әлемдік мұра болып қалатынын тамсана жырлап, елге жеткізе білді деуге толық негіз бар. Ақын өзінше жол тауып, жаңаша сүрлеумен кетіп отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, арнауды аяғына дейін тыңдамай, асығыс шешім айтқандарға не дауа?!

Десек те, ақыннан қалған мол мұраны ел ішінен жинақтап, қалың оқырманға жеткізу келешек ұрпақтың парызы болар. Жақсының атын да, мұрасын да ұмытпауымыз керек қой. Артына өлмейтұғын сөз қалдырған Салық Өскенбайұлының өлең-ғұмыры ұмыт қалуға тиіс емес!

Мәуітқазы Зүкенов
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button