Айтылмай жүрген ақындар

Қос жанарынан айрылса да, жырымен жұртты мойындатқан

Қос жанарынан айрылса да, жырымен жұртты мойындатқан


Еліміз тәуелсіздік алғалы тарихымызға тереңдей үңіліп, жоғымызды іздеп, барымызды барынша зерттеп, тарихтың терең қойнауынан аршып алып, халыққа жеткізуге еңбектене бастадық. Оның ішінде әсіресе халықтан шыққан өнер иелері, ақын-жырауларымыздың әдеби мұраларын тарихшылар, ғалымдар қалың оқырманға жеткізуге айтарлықтай еңбек сіңіруде.

Бұл үрдіс бұрын да болған. Бірақ кеңестік дәуірде біржақты солақай саясаттың негізінде жүргізілгені көпке мәлім. Бұқар, Үмітай, Дулат, Жанкісі, Байтоқ, тағы басқа да көптеген ақын- жырауларымыздың шығармаларына кінә артып, ескі хандық дәуірді аңсаған феодализмді қолдаушылар деп сынға алғаны бар. Бірақ заман талабы оларды жабылған жаладан ақтап, нағыз халықтың мұңын жоқтаушылар деп таныды. Өйткені, олардың қоғамдық-саяси көзқарастары мен тәлімгерлік ой-толғамдары көшпенді елге рухани бағыт-бағдар бере білді. Айтпағымыз, 19 ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ақын-жыраулармен қатар қазақ даласында айтыскер ақындар да көпке таныла бастады. Сол кезеңде шаршы топта іркілмей, белдерін буып, ақ білегін сыбана, ел намысын қорғап, айтысқа түскен қыз- келіншектер де болды. Солардың бірі – біз сөз еткелі отырған әйгілі суырыпсалма ақын қыз Зейнеп Қошқарбергенқызы. Зейнеп туралы алғашқы дерек 1994 жылы «Рауан» баспасынан шыққан «Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясының» 1- томында жарық көріпті. Ондағы дерек бойынша ақын Зейнеп 1888 жылы, бір деректе 1881 жылы Семей губерниясы, бұрынғы Қарқаралы уезі Бөрілі елінде дүниеге келіпті. Әкесі Қошқарберген, шешесі Айкеш екеуі де беделді, ауылына қадірменді адамдар екен. Ата- ана қуанышы көпке бармаған. 1890 жылы сол төңірекке жайылған шешек дертіне 2 жастағы Зейнеп те ұшырап, қос жанарынан айырылып, «Соқыр Зейнеп» атанады. Әйтсе де, жастайынан өлең-жырға, әңгіме-кеңеске үйір боп өскен қыз ел ішінде көпшілік бас қосқан жиын той, шілдеханаларда, қыз ұзату, келін түсіру тойларда топқа түсіп, ысылады, таланты аймағына танылып, шыңдала түседі. Сөйте-сөйте домбыра, сырнаймен ән салуға машықтанып, өнер жолына, ақындыққа біржолата бет қояды. Оның өлеңдерінің тақырыбы сан алуан. «Жігіттер, жігіт күнде гаућар тассың» деген өлеңі жастарды адамгершілікке шақырады.

Жігіттер, жігіт күнде гаућар тассың,
Жарқылдап жауға тұрған ақ алмассың.
Отыз бен жиырманың арасында,
Кесесің жігін тапсаң қара тастың.
Сол күнде от перідей өрлеп тұрсаң,
Орын бар қайда барсаң қор болмассың.
Нарқы бар ерліктің де аңғарсаңыз,
Азырақ ақын өнер аралассын.
Қиынсыз өткірсініп өршеленсең,
Оп-оңай өкінуі ғазиз бастың.
Ысылып іс көрмесең жігіттікке,
Бозбала қапыл көрмесең құр далбассың.

Сондай-ақ, ақын жастарды адам бойындағы келеңсіз қылықтардан сақтандырып, іргелі ел болуға шақырады. «Талпынған зерделіге кедейлік жоқ», «Серттен тайма», «Ана-дария, әке – кеме» деген өлеңдері жастарды еңбекке баулуға үндейді. Бұл өлеңдерінен ұлы Абайды ұстаз тұтып, оның өлеңдерін жұртқа таратқаны байқалады.

Құрбылар жақсылыққа көп талаптан,
Талаппен атың шықса сонда мақтан.
Дауа жоқ бармақтай бақ қонған жанға,
Жетерлік аз басыңа өнер тапқан…
Біреудің ішкі сырын айтпай білер,
Ащыны тұщыменен бірдей татқан.
Арамызға құлқы жаман қара көңіл,
Табылар сондай мінез кей ақымақтан.
Суайтпен жолдас болсаң дауасыз дерт,
Жігіттер ақыл білсең сонан-сақтан –деп, ашық уағыз айтады. Зейнеп ақын ХІХ ғасырдың екінші жартысында танымал болған айтыскер ақындар Доскеймен, Қылышпекпен, Елеусізбен сөз қағыстырып айтысқа да түскен деген деректер бар. Әттең не керек, аса талантты суырыпсалма айтыскер ақын 32 жасында о дүниелік болған. Ақынның «Пенденің қайтарғанда тәңірім бағын» деген дастаны 1906 жылы жазылып, ел қолына тиген. Ерте қаза тапқан ақынның мұрасы түгел жинақталмаған сияқты. Сонда да сол кездегі қоғамның сипатын анық танып, көптің көзін ашып, оқырманға ой салуының өзі қоғам дамуына қосқан үлкен үлесі десе артық болмас. Өмірден жас кеткен ақынның алдағы туғанына жүз жылдығына орай тарих қойнауында жатқан еңбектерін жинақтап, ел кәдесіне жаратса, бұл да бір қайырымды іс болар еді-ау!

Мәуітқазы Зүкенов

Осы айдарда

Back to top button