Айтылмай жүрген ақындар

Ақшәуліден түлеп ұшқан жыр дүлдүлі

Ақшәуліден түлеп ұшқан жыр дүлдүлі


Семей қаласына Жармадан қоныс аударғаныма біраз жылдың жүзі болып қалған. Түс мезгілі еді. Үйге келген кезекті газет-журналдарды ақтарып отырғаным сол еді, есік қоңырауы шыр ете қалды. Тұрып барып есікті ашсам, бір жас қыз бала «Аға, сізге хат» деп конвертті қолыма ұстатты. Рахметімді айтып, орныма жайғасқан соң, хатты ашсам, бір бет өлең жазылыпты.

Келіп жүр, жақынырақ танысайық

Конверт сыртында «Семейдегі журналист бауырым Мәуітқазы Зүкенұлына» деген жазу бар.
«Бұл кім болды?» деп, таңдана отырып, өлеңді оқыдым.

Бауырым Мәуітқазы, халің қалай,
Семейге мен келгелі болды талай.
Естідім мән-жайыңды Серікханнан
Жүріппін сізді бұрын абайламай.
Мен-дағы Мәмбетқұлдан тарағанмын,
Базарға анда-санда бара аламын.
«Бар ма?»- деп, туыс-бауыр бұл арада,
Әркімнен сұрастырып қарағанмын.
Іні деп Мәуітқазы сізге нақты,
Серіктен естіген соң жаздым хатты
Келіп жүр, жақынырақ танысайық,
Ағаңмен 85-те Самал атты.

Осылай «танысайық» деп шақырған ағаны бірер күннен соң, әдейі іздеп барып, сәлемдестім. Сөйтсем, Самал ақсақал бұрынғы Семей облысының оңтүстік өңіріне танымал саңлақ, еңбекшіл ақын екен. Қазақ халқы ежелден біреумен жөн сұрасып, танысса, арғы тегін сұрап, егер елге танымал азамат болса, «Е, шөп шыққан жерге шығады, арғы тегі жақсы еді» десіп жатпай ма. Сол дана халқымыз айтқандай, біз сөз еткелі отырған Самал Зейтенұлы да текті жерден шығып, өз ортасына танымал ақын атанған екен. Олай дейтініміз, Тарбағатай тауының күнгей, теріскейін мекендейтін Қаракерейдің Байыс руынан тарайтын бес Байыстың бірі атанған Мәмбетқұлдың Жирен табынан шығыпты. Бұл аталарымыздың ежелгі ата-қонысы Ақшәулі тауының батыс, оңтүстік жағын қамтитын тарау-тарау аққан бұлақ, өзенше. Қарақол өзенінің бойын алып жатқан кең алқап, елдімекенді өлке ежелден Үржар мен Аягөз аудандарына қарайды. Елімізде кеңес өкіметі орнап, алғашқы ұжымшарларға біріккенде, отызыншы жылдары Самалдың аталары да «Қарашіліктегі» ағайындармен бас қосып, колхозға кірген. Колхоз «Красный дозор» деп аталыпты. Соның белді мүшелері Аққозы Шорғабай балалары болды. Тұрсынжанның ағасы Зейтеннің (Зейтенғали) баласы болмай, інісі Тұрсынжанның Самал деген ұлын атына жаздырған. Сонымен Самал ақын өмір бойы Зейтенов болып кетті. Тұрсынжан бәйбішесі Тоқмейіл Мәлғаждарқызы екеуінің тұңғыштары Самал 1925 жылы мамыр айының 20-шы жұлдызында дүниеге келген. Адам мінезі туған айына сай келеді деген сөз рас болар, Самал қария бала күнінен жадыраңқы, жаймашуақ, сәби мінез, бала сияқты сенгіш, аңқылдап өмір кешіпті. Не деген жақсы қасиет, бал мінез десеңізші. Тегі ақынжанды адамдардың дені солай болар. Ақынжанды демекші, Сәкең өлең сөзге бала күннен құмар болып өскен. Оның үстіне өз шешесі Тоқмейіл қолма-қол өлең шығарып, ауыл-аймақта той-думан болса, әдейілеп барып, ауыл кештерінің сәнін келтіріп, құда-жекжат жігіттермен айтысқа түседі екен. Сол күндерде бала Сәкең анасының етегіне оралып, ән-күй тыңдап, қызықтап жатып, ұйықтап та қалады екен.
Тұрсынжаннан туған 3 ұл Самалғажы, Сіләмғажы, қызы Күлғайша да осы қызықтарды бөліссе де, Самалдың орны бөлек болған. Ол тіпті мектепке дейін-ақ өлеңге бейім болып өскен.

– Бала күнімізде:
Асу салған тас бұзып,
Тарбағатай белінен.
Қол қондырған қос тігіп.
Борлы деген көлінен.
Қалмақты шапқан шулатып,
Ақшәулінің өрінен.
Қоныс қылған Найманға
Бәрін қуып жерінен.

Батырың өтті, Бөгенбай,-деген ұзақ жырды үлкендерден естіп, жатқа айтушы едім. Онда ол кімнің өлеңі, кімге арналғанын білмедік. Кейін естісем, бұл жыр Бұққар жыраудың Бөгенбай батырдың өлімін Абылай ханға естірту, жоқтау өлеңі екен, – дейді Сәкең.

Міне, бала күннен Дулат, Бұқар сияқты жыр алыптары жыр еткен Ақшәулі өңірінде өсіп, өлең сөзбен нәрленген Самал Тұрсынжанұлының ақындыққа бет түземеске қақысы да жоқ еді. Ол Үржар ауданына қарасты «Теректі» мектебінің табалдырығын 1934 жылы аттап, 1-ші сыныпқа барады. Содан белгілі бір себептермен 1935 жылы көршілес «Карл Маркс» колхозына ауысып, сол жерде оқуын жалғастырады. Мектеп мұғалімі әрі басшысы Жүніс Алпысбаевтан дәріс алады. Содан 1941 жылы соғыс басталып, оқудан қол үзеді. Әскерге денсаулығы жарамай, 1944 жылы 19 жасында Қарағанды қаласындағы ФЗУ-ға алынып, курста оқып, шахтаға жұмысқа түседі.

«Мұндай өлең жазба, басың кетеді» деп ақыл айтқандар да болыпты

Шахтаның жұмысшыларға арналған жатақханасында өзіндей жастармен ойын-сауық кешіне қатынасып, концерттер қоюға араласады. Сол жақта жүргенде туған ел-жұртты, жерін сағынып, «Ақшәулі» деген өлең шығарады

– Ақшәулі қасиетті жер мекенім,
Білемін далаң жомарт кең екенін.
Табиғат тамашаңа қарап тұрып,
Жырымның ақ жаңбырын селдетемін, – деп, сағынышпен ата қонысын жыр етеді. Бозбала жас ақын қашанда шындықты жырлауға құштар еді. Сол Қарағандыда шахтада жүргенде не бір қиындық, тапшылықтарға кезігеді. Албырт жас болған оқиғаны жыр етіп, көпке жеткізсем деген мақсатта «Қарағанды шахтасында» деген өлең шығарып, таратады. Ауыр жайды суреттей келе:

Ақшәуліден түлеп ұшқан жыр дүлдүлі

Айына беретіні бір кило май,
Үш килодан еті бар, үш кило дән.
Екі күн прогул боп бармай қалсаң,
Ұстайды 30 процент жалақыңнан, – деп, бар шындықты жария етеді. Бұл өлеңді естіген жанашыр үлкендер жас ақынға: «Мұндай өлең жазба, басың кетеді» -деп, ақыл береді.

Бірақ өршіл жас оған тоқтамайды. Түрлі тақырыпта жаза береді. 1945 жылы соғыс жеңіспен аяқталып, Самалға елге оралуға мүмкіндік туады. Елге келе колхоздағы жұмысқа белсене кіріседі. Талапты жас жұмыс істей жүріп, Семейден бір айлық механизаторлар курсын бітіріп, тракторшы-комбайншы атанады. Қайратты жас еңбек етуде алдына жан салмай озат механизатор атанса, өлең жазуды да бір сәт есінен шығармаған. Ол еңбек туралы «Бәрінен де еңбек күшті» деген өлеңінде:

– Жерді көркем ететін еңбек екен,
Шын көркемдік ойласаң еңбекте екен.
Жер мен көкті жайнатқан еңбек күші,
Не бар сонда еңбектен жеңілмеген, -деп, дүние жаратылыстың шырайын кіргізетін, адамға абырой-атақ әкелетін еңбек деп, еңбектің қадір-қасиетін заман талабына сай жырға қосады. Ақынның еңбек туралы шығарған жырларының бүгінгі күні де мән-мағынасы жойыла қойған жоқ.

Сәкең ата-ана тілегімен 1947 жылы үйленеді. Жанұя құрып, тынымсыз жұмыста жүрсе де, жасынан өлең- жырға жаны құмар талантты жас түрлі тақырыпта өлең жазып, өзімен замандас, әрі аға буын ақындармен айтысқа түсіп, мерейлі тойларда арнау өлеңдер шығарып, өз өңіріне ақын Самал атанады.

Әсіресе, ауыл азаматтарының қыр-сырына, еңбек жолына, жақсы-жаман мінез қылықтарына әбден қанық ақын солардың іс-әрекетін жырға қосып, жария етіп отырады. Ақын жастарды әдепсіз қылықтардан, ішімдікке салынып, бұзық жолға түсуден сақтандырады. Ондайларды сатираның ащы уымен түйрейді. Мысалы, «Арақтың қасиеті» деген жырында:

Өрімдей білімі бар нелер жастар,
Ішіп ап жүрген жерін күнде ластар.
Адамды аздыратын маскүнемдік,
Бұл арақ игілі іске деме бастар, –деп ескертеді. Ақынның 2010 жылы баспадан шыққан «Жыр өзегі –Ақшәулім» атты жинағының тақырыбы сан алуан.
Негізгі тараулары арнау өлеңдер, туған жер, салауатты өмір салтын насихаттайтын өлеңдер болса, енді бір шамасы айтыс өлеңдері. Кезінде ауыл механизаторы, ауыл басшысы болған сыйласымды ағасы болған Қалтай Сүйінжіковпен жазбаша түрде айтысса, Жамбылдың 150 жылдығында, ұлыстың ұлы күні 22 наурызда Тыныбай Үсенов пен Дәулет Тайжігітов, Ғазез Оңғаров пен Самал Зейтенов аудандық айтысқа түседі. Айтыста Самал ақын ауылдық, аудандық әкімдер тарапынан жіберілген кемшіліктерді жасқанбай сынға алады. Жекешелендіру кезеңіндегі кемшіліктерді айта келіп:

Осыған нұсқайтұғын басшы қайда,
Көбінің іздегені боп жүр пайда.
3-4 жыл жекеше боп бөлінгелі,
Быж- тыж боп дүние мүлік кетті жайға.
Көбейді малды ұрлар баукеспелер,
Сүті жоқ кейбіреудің қатар шайға.
Заң да бар, басшы да бар,сақшы да бар,
Шіркіндер елдің қамын ойламай ма? -деп, күйінеді. Самал ақын 1960 жылдары Таскескен ауылында ашылған ауылшаруашылық училищесіне ұстаздық қызметке ауысып, сол мекемеден 1994 жылы зейнеткерлікке шығып, құрметті демалысқа кетеді. Ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, Үкімет тарапынан көптеген марапатқа ие болады. Еліміз тәуелсіздік алып, дінімізге, салт-дәстүрімізге еркіндік тигенде, Сәкең Меккеге барып, қажы атанды. Аягөз ауданына қарасты Ақшәулі ауылдық округінің ортасында Сәкеңнің балалары мен туыстарының қолдауымен 2006 жылы 25 қазан айында «Самал ата» мешіт үйі салынып, дінсүйер қауымға есігін айқара ашып, тұрғындарды қуанышқа бөлейді. Сондай қуанышты күндердің бірін ақын былай жырға қосады:

Ел болып егеменді құралғалы,
Қауыштық қадір тұтып бір Алланы.
Жастар да мұны ұғып біліп жатыр,
Мешітке құлшылық қып кіріп жатыр.
Таныған бір Алланы қауымына,

Жақсылық болар анық түбінде ақыр – деп, жастарға сеніп, болашақтан үлкен үміт күтеді. Сөз жоқ, бұл күнде ақын тілегі орындалып, егеменді еліміз өркендеу үстінде.

Ендігі айтарымыз ақынның мол мұрасы жинақталып, жарық көріп, ел кәдесіне жараса деген тілектеміз.

Мәуітқазы Зүкенов

Осы айдарда

Back to top button